Түркістан – күллі қазақтың мақтанышы!
10.07.2020
1777
0

Түркістанның Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, Түркістан облысы атанғанына да екі жыл толып отыр. Аз уақыт ішінде атқарылған іс те аз емес, атқарар дүние де жетерлік. Еліміздің рухани астанасы, түркілердің екінші Атажұрты атанған киелі өңірдің маңызы жайлы елге белгілі қоғам белсенділерінің пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Мәрзия АСЫЛБЕКОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:


Түркі дүниесінің ордасы

 Түркістан жаңа дәуірімізде ұлтымыз бен ұлттық болмысымызды сақтауда ерекше үлес қосатын еліміздің мақтанышы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Бұл қаламен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Он ғасырдан астам тарихтың қолтаңбасы жатқан қала өткен жылы жаңа құрылған Түркістан облысының орталығы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан болып, орталығының Түркістанға көшуі – стратегиялық тұрғыдан да, саяси-экономикалық жағынан да, бастысы рухани-мәдени жағынан өте орынды шешім болды. Бұл Шымкенттің республикалық қала мәртебесін иеленуіне, Түркістан облысының басқа аудандарының дамуына жаңа серпін бермек. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін, әрі геосаяси мәселеде ұтымды шешімдер қабылдауда Түркістанның облыс орталығы болғаны дұрыс. Көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі елдерімен етене араласуда Түркістанның маңызы зор. Себебі түркі дәуірінің даму сатысының екінші көшпелі кезеңінде түркі жұртының атажұрты атанған дәл осы Түркістан еді. Жиырмадан аса хандарымыз бен атақты батырлардың қорымы жатқан жерде атақты Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Орта ғасырдың керемет сәулет ғимараты бүгінде көпшіліктің жыл сайын ағыла келетін тарихи-мәдени кешеніне айналды. Ежелде Шавгар деп аталған көне қалада ЮНЕСКО-ның қорғауындағы ғимараттар да жетерлік.

Бүгінде облыс орталығы атанған шаһар қайнаған құрылыс ортасы. Жаңа бас жоспар бойынша қалада бой көтеретін барлық нысандар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынады екен. Оның өзі көңіл қуантады. Ұлттық бейнемізді жоғалтпай, жаңа дәуірдің жаһандану кезеңінде дамудың келесі сатысына батыл қадам басуға мүмкіндік беретін мұндай бастама әлі талай игілікті істерге әкеледі деп есептеймін. Мемлекетіміз үшін саяси-экономикалық тұрғыдан да, рухани-мәдени жағынан да пайдалы бұл шешім өз жемісін берсе, Тәуелсіз Қазақстанның картасында жаңа, келбетті әрі сәулетті дамыған өңірдің пайда болғандығын дәлелдейтіні сөзсіз.

 Есбол МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ,  философия ғылымының кандидаты, доцент:

 Атауының өзі түркілікті еске түсіреді

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір көреген саясаты Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан деп өзертуінде жатыр. Осылайша, аймаққа үстемдік еткісі келетін күштер ұмыттыруға тырысқан тарихи Түркістан атауы тағы да тарих сахнасына шықты. Бұл жаңалық Түркі әлемінде «Түркістан» концепциясын ұлттық жадта ояту белгісі деп түсіндірілуде. Түркістан облысы өз атауымен түркілікті еске түсіреді. Бұл тұрғыда Түркістанның көптеген артықшылықтары бар. Осы артықшылықтардың бірі – туристік табысты қамтамасыз ету. Түркістанда тарихи туризмді жетілдіру үшін, көне түрік әдет-ғұрыптары бойынша миниатюралық жазықтарды салуға болады. Тек қана тарихи емес, үстірт туризмін кеңейту арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағынын жинай аламыз. Әлем жұртшылығы шатырлы қалаларда тұрып, өзгерістерді іздеуге талпынатынын  бейім екендіктерін білеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО)  Әлемдік мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі, тарихи орындар, жыл сайын миллиондаған туристердің көзайымына айналып, сонымен бірге діни орталыққа айналуы тиіс деп ойлаймын.

Түркістан қаласы мен Ясауи кесенесінің көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан сияқты туысқан елдер үшін ұлттық және рухани маңызы бірдей. 2002 жылы Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азия Одағы туралы идеясы құпталып, Түркістан облысының осы одақтың орталығына айналуы турасындағы бастама  көршілес елдер тарапынан да үлкен ықыласпен қабылданды.

Түркістан – Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі, Шымкенттен 160 шақырым жерде, Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстанның шекарасында орналасқан. Өзбекстанмен шекаралас болудың артықшылығының бірі – бірлескен жобалардың жасалу мүмкіндігін береді. Ендігі кезекте облыс туризмі мен экономикасы, демографиялық көрсеткіші тоқтаусыз өседі деп сенеміз. Түркістаннан халықаралық теміржолдар мен автокөлік жолдарының Ескі Жібек жолы трассасы арқылы өтуі қалаға стратегиялық маңыз беруі тиіс. Түркістанда жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы, құрылыс және тоқыма фабрикалары облыста жеңіл өнеркәсіптің дамып келе жатқандығын айғақтайды. 1992 жылы Қазақстан және Түркия елдері арасындағы келісім қорытындысы бойынша құрылған Ахмет Ясауи Қазақ-түрік университетінің ұйымдастырған әртүрлі ғылыми және қалалық мәдени іс-шаралары Түркістанның әлеуметтік және мәдени дамуына өзіндік ықпал етуде. Бүгінде әлемде елдер емес, қалалар бәсекелеседі. Сондықтан да Түркістан басқалардан дәстүрлі туризммен ерекшеленсе деймін.

Түркістанды қайтадан түркі әлемінің астанасы деңгейіне көтеруіміз қажет. Дұрыс жасалған әрекеттер мен оң бағыттағы бастамалар арқылы осы міндетті орындай аламыз. Мысалы, Қазақстандағы шетелдік білім алушыларға жазғы экскурсиялар жүргізіп, қазақ тілін үйретіп, домбыраға қызығушылығын оятсақ, рухани дүниемізді танытып, олардың таным көкжиектерін кеңейтіп, елімізге деген қызығушылықтарын арттыра аламыз. Қасиетті Түркістанымыздың бір жылдығы мың жылдық болып, әрбір қазақстандықтың мақтан тұтар өңіріне айналады деп сенім білдіремін.

Оразғали СЕЛТЕЕВ, саясаттанушы:

 Өзгелердің қателігін қайталамау керек

  Қазақстан картасының оңтүстік бөлігінде тарихи өзгерістер орын алғанын білеміз. Бұл, әрине, объективті себептерге байланысты туындаған стратегиялық дұрыс шешім.

Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан облысы халықтың саны мен тығыздығы жөнінен ең ірі аймақ. Оның үстіне алдағы уақытта да солай қала беретінін ескеруіміз керек. Сондықтан Шымкент қаласының бөлініп шыққандығы елдің оңтүстігін басқару тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Екіншіден, Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы тиімді. Өйткені республикалық бюджеттен мегаполисті дамытудың жаңа жобаларын қаржыландыруға байланысты ерекше мүмкіндіктер алып отыр. Үшіншіден, Түркістан қаласының облыс орталығы болғаннан бері жағдайы едәуір жақсарып қалды деуге болады.  Сонымен қатар, облыстың жақын аумақтарындағы аудандардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып келеді.

Ол осы ретте жылдам өсу әрдайым экологиялық мәселелердің көбеюімен бірге жүреді. Еңсесін тіктеп, өсіп келе жатқан қалалардың проблемасы әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым болары сөзсіз. Сондықтан басқалардың қателіктерін қайталамау маңызды. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың, демалыс орталықтарының және көлік желілерінің балансының болмауына қатысты. Жылдам өсу әрдайым экологиялық мәселелердің көбеюімен бірге жүреді. Бұл ретте мегаполис болған Шымкент пен облыс орталығына айналған Түркістан қалаларының басшылары осы жағын ескеру керек.

Бірінші кезекте өңірдегі жұмыссыздық, білім беру салалаларындағы проблемаларды сосын халықты ауыз субен толық қамтуды қолға алу керек.

 Түркістан облысының өзіне келетін болсақ, стратегиялық шешімді қажет ететін мәселелер бар.  Бұл өңірдің 80 пайызы дотацияда отырған аймақ болғандықтан ең төменгі атаулы табысқа ие азаматтардың үлесі көп. Айтпақшы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың ең жоғары үлесі 46 пайыздан асады. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш кем дегенде соңғы бес жылда жақсы жаққа өзгерген жоқ. Аталған проблема білім беру саласындағы кемшіліктер және табысты жұмысқа орналасудың шектеулі мүмкіндіктеріне байланысты.  Сондықтан жастардың көбі Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге қалаларға жұмыс іздеп кетеді. Енді бұл мәселе біртіндеп шешімін табар. Ауылдық жерлердің 27 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Осы жағын басшылық ескерсе.   

Дәулет ЕСТАНОВ, экономист-сарапшы:

 Киелі өңір – күн сайын түрленуде

 Түркістан – бабадан қалған, ұлтымыздың тарихымен етене сабақтасқан қасиетті мекен. Қаншама батырларымыз қызғыштай қорғап, хан-сұлтандарымыз ордасын тіккен құтты аймақ саналады. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әрине, бұл көптен бері айтылып, талқыланып жүрген мәселе еді. Дегенмен соңғы нүктесін қойып, батыл бастаманы қолға алған Елбасы шешімі көпті қуантып, халық ризашылығын алды. Себебі Түркістан тек халқымыздың емес, түркі дүниесінің рухани ордасы, мәдени шаһары саналады. Ғасырдың үнін шертіп, ұлтымыздың айрылмас бөлшегі аталатын қаланы жаңаша түрлендіріп, өзгеше образда танытуда біздің де міндетіміз бар деп есептеймін. Түркістан ешқашан елеусіз қалған емес. Ол – ескерткіш қала, ежелгі жердегі ежелгі қала. Енді тек тарихи шындықты қисынды қалпына келтіре алсақ, бізді алда Түркістанның қайта өрлеу дәуірі күтіп тұр.

Түркістанда бір жыл ішінде елеулі өзгерістер орын алды. Қаланың келбеті өзгеруде. Жаңа құрылыс нысандары пайда болып, ірі жобалар іске асырылып жатыр. Тыныш қана қаладан көп ұзамай әлемнің төрт бұрышынан туристерді қызықтыратын көзтартарлық шығыс орталығына айналатынына күмән келтірмейміз. Келешек алда, сеніміміз де мол.

Шаһардың алдағы уақытқа межелеген міндеттері де аз емес. Нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екен. Керемет нысандар бой көтеріп, ерекше ажар бермек. Көне шаһарды жаңа дәуірдің озық қаласы атандыруда жастардың да белсенділік танытқанын қалар едім. Қарапайым әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, насихаттап отырса, оның өзі тамшыдай болсын үлес болар еді. Осы орайда, сол бір мекенде туып-өскен әрбір азаматы Түркістанды бірге түлетіп, жаңашыл бейнеде танытуға шақырамын.

Қорыта айтқанда, Түркістан  қаласы қазақы қалпын сақтап, ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңарып келеді. Облыс көлемінде де атқарылып жатқан жұмыстар легі жетерлік. Алдағы уақытта атқарылар ауқымды шаралар арқылы киелі мекеннің тамсана жырлар мақтанышымызға айналатынына сеніміміз кәміл. Шаһардың әсемсал көркі одан сайын ажарлана түсіп, ұлтымыздың айшықты аймағына айналсын деген тілек білдіреміз.

 Тимур АТАБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір