АБАЙҒА ҒАШЫҚ ҒАЛЫМ
2000 жылдары Әдебиет институтына келдік. Сол жылдары Абай дүниетанымына қатысты эксперименттердің өршіп тұрған кезі еді. Сонда көрдік, Абайға ғашық ғалымдардың күрескерлік түйсігін. Әсіресе, абайтанушы Жабал Шойынбеттің қарқыны алабөтен. Қашан көрсең «бұлардың Абайда несі бар әй-а, ай осылардың Абайда ісі жоқ, сол баяғы, қазақты тұқыртудың амалы ғой бұл» деп шиыршық атып жүргені. Абайтану мен теория бөлімі қарама-қарсы дәліздің екі бетінде орналасқан. Ондайда марқұм академик Зәки ағайдың нұрлы жүзі қарауытып ойланып отырып қалатын. Үстінде мұндаздай аппақ көйлегі бар. Мекемтас ағай болса бөлімге келіп асықпай жайланып отырып: «Жабал сен аптықпа, бәрі реттеледі, «алдымен көрейікші өзі на что они способны», көздегені не, бәәәрін біліп, зерттеп, сосын жанды жерлерінен дәлелмен соққы беру керек», – деп жібектей нәзік дауыспен бір қайырып, аз кем уақыттан кейін: «Жо-жоқ, болмайды. Мұндайдың бетін бір түріп тастамаса болмайды, масқара ғой мынау», – деп шұғыл әрекетке көшетін.
Жабал ағайда мүлде тыным жоқ. Шиыршық атып бөлім меңгерушіміз Айгүл апайдың жанына келіп отырады. Сөзінің біссімілләсі «Оқыдыңдар ма жігіттер? Оқыдың ба Айгүл?». Ашуға мініп белдеске тастүйін дайын отырған бөлімге мына кісінің «оқыдыңдармасы» несі деп үнсіз ұғысатынбыз кіші ғылыми сардарлар. Апай: «Жабал сені әдейілеп күтіп отыр едім. Отыр», – дейтін де: «Әй, мұнысы несі бұлардың, басынғаны ма сонда», – деп телефонын қолға алатын. Осы картина күнде дерлік қайталанатын. Жоғарыдағы күрескерлік түйсік дегенді бекер тілге тиек етпедік. «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?», «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Абай мұрасына жауапсыздық – ұлт мұрасына жауапсыздық», «Қазақ философтары қайда қарап отыр?», «Ұлылар үндестігін кім қалай түсінеді?», «Ұлттық философияны ұйықтан кім шығарады?» «Қазақты, Абайды қорлап, докторлық диссертация қорғамақ» – бұл сол жылдары бұқаралық ақпаратта «мылтықсыз майдан» айдарымен ұдайы шығып тұрған Жабал ағайдың көп мақалаларының бір парасы ғана. Мұндайда жалаң күрескерлікпен де іс бітпес, ғылыми тереңдік те керек.
Әйтеуір не керек, «болды қызық, болды тоймен» ол кезеңді де артқа тастадық. Алайда, уақыт өте келе, сол оқиғалар да абайтану тарихының бір белесі болатынын бағамдай бермеген екенбіз. Зердеге тоқығанымыз Абайға ғашық ғалымдардың батыр, ұлтшыл келетіні.
Бұл туралы академик Серағамыздың пікірі салмақты: «Баспасөзде Жабал Шойынбет ұлтшылдығымен танылып жүргенін білеміз. Жабал Абай қара сөздерін 90-шы жылдардан бастап зерттеп келеді. Абайдың 150 жылдығы кезінде дайындық тобының жұмысына белсене қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Асықпай зерттеді. Сондықтан Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдардың арасында қай жағынан да пікір айтуға құқы бар абайтанушы деп білемін».
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ақын қай кезеңді мөлшерлеп отыр? Өзінен кейінгі Алаш зиялыларының дәуірі деуге әсте келмес. Олар ұлт үшін ойланбастан өлімге бас тікті. Советтік кезеңнің де бір басына жетерлік өз сынағы болды. Абайдың ұлт келешегін ойлап қамығуы бүгінгі тәуелсіздіктің жастарына да үлкен ой салса керек-ті.
Абай қара сөздері жайлы кандидаттық диссертациясын Жабал ағай 15 жыл зерттеп, 2006 жылы қорғаған. Алғаш бұл тақырыпқа Ханғали Сүйіншәлиев барған. 1956 жылы ғалымның «Абайдың қара сөздері» атты еңбегі жарық көрген. Арасы аттай жарты ғасыр. Неге? Бұл туралы марқұм профессор Әбдулхамит Нарымбетов ағай былай деп жазады: «Шындығын айтсақ, мұның себебі – біреу. Ол кезде Х.Сүйіншәлиев бұл тақырыпты қорғағанда көсіліп сөйлей алған жоқ. Совет өкіметі дінге қатты тыйым салды. Әуезовтің өзі де мұны жұқалап-жұқалап айтты», – дейді. Сөйтіп, мұның мәнісін зерттеу еңбектен дәйекті деректер негізінде түсіндіреді: «Мұқтар Әуезовтің Абайдың «күшті азаматтық сындарын қара сөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны» деген сөзді М.Әуезовтің өзіне де қатысты деп алсақ, әрі ол Абай қара сөздері жөніндегі пікірін әдейі «оңайлатып, азайтып, қысқартып» айтты десек, шындықтан тым алшақ кете қоймаспыз. М.Әуезов Абай өлеңдерінің қара сөздері «төмендеу еді» деген ой ұшқынын да байқатады. Мұнысы Абай – байшыл, Абай – діншіл деген кезіндегі улы жыландай зәрін төккен «төпелеген сыннан» «өзі мұсылман, исламды терең меңгерген данышпан Абайды әл-әзірге өлеңдерімен ақын Абай деп қана зерттеуді жалғастыра берудің мүддесінен, ақылдың «айласынан» шыққан сөз қолданыс деп ұқтық», – дейді.
Хәкім Абайдан бір ғасыр кейін туып, хәкімнің сыншылдық, күрескерлік рухын бойтұмар етіп, дана ақынды қазақтың тағдырына балап, қызғыштай қорғап келе жатқан Жабал ағамыздың қоғамдық, ғалымдық, ұстаздық жолының ұзағынан болуын тілейміз.
Ұлан Еркінбай,
әдебиеттанушы.
ПІКІРЛЕР4