«ТАУПІСТЕЛІ ТАҒЫЛЫМЫ»
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының жаңа жобасы
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылған үш-төрт жылдан бері өзге ұйым, мекемелермен, әсіресе әкімдіктермен, мәслихаттармен және «Нұр Отанның» жергілікті ұйымдарымен бірге жұртшылықты, айрықша жас ұрпақты патриоттық рухта, Мәңгілік Ел мұраттарына адалдыққа тәрбиелеу, көркем әдебиетке, кітапты талғап оқуға бетбұрыс жасау, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. «Шырайлым – Шұбайқызылым» жобасы бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқаулар, өзге де тақырыптарда оқулар, конференциялар, кездесулер өткізілді. «Жеңістің және жазушының жетпіс жылдығына жаяу жүру жобасы» жүзеленді.
Енді қоғамдық қор «Таупістелі тағылымы» жобасын қолға алып отыр. Пістелі ауылы – қазақ еліндегі ерекше елді мекендердің бірі. Табиғаттың таңғажайып төрі. Кеңестік кезеңде көп күйзеліске ұшыраған, ашаршылықта жартылай қырылған, алпыстан астам азаматы соғыстан оралмаған. Хрущевтың тұсында асыл тұқымды жүздеген жылқылары етке айдалып, қылқұйрықсыз қалған. Ауылдың жүз елу үйі жиырмашақты түтінге дейін азайған, көбісі жан-жаққа көшіп кеткен.
Пістелінің бұрынғы аты – Таупістелі. Қаратаудың Алатауға жақындай бастайтын тұсында. Бөкейтау, Бекітау, Таупістелі, Жалпаққағыл, Аршалы сілемдері, Бозторғай асуы, Қарағашты, Құлбайшоқы, Қостөбе жоталары, Жолбарыссай, Нұрыбайсай, Амансай, Пістелісай, Шолақсай, Құдықсай, Алшалысай дейтұғын сайлары бар, Көкбұлақ өзені, Қарабастау, Ақбастау, Әсембастау, Абылайбастау, Көлбастау, Кекілікбастау, Сапарбастау, Сырманбастау, Сімәтбастау, Сарылдақ сияқты қайнарлары қаншама.
Таупісте – жаңғақ тұқымдас, айрықша ағаш. Жемісі дәмді, дәрілік дәрумені мол. Биіктігі төрт-бес метрге жетеді. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша негізінен Таупістелі ауылының айнала-төңірегіндегі бірер сайдың беткейінде, Бозторғай асуының ішінде, күнгей Көкбұлақтың таулы тепсеңдерінде ғана өседі. Таупістелі өңірінің көп жері атақты Сайрам-Өгем мемлекеттік-ұлттық табиғи паркіне қарайды.
Таупістелі – жазушы-журналист Мархабат Байғұттың туған ауылы. 1995 жылы Таупістелі ауылына Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза, Өзбекстанның халық жазушысы, ҚР Президенті Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Насыр Фазыл бастаған жиырмадан аса ақын-жазушылар барған. Таупістелі ауылын, айнала-төңірегіндегі көркем табиғатты тамашалап, сұхбат құрған. Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл, Мекемтас Мырзахметұлы, Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбай, Сауытбек Абдрахманов, тағы басқалар арнайы бау ағаштарын отырғызған.
2005 жылғы мамыр айында Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл, сондай-ақ, қазіргі қазақ әдебиетінің классиктері Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы бастаған жиырмашақты қаламгер осы ауылдағы жиынға қатысқан. 2015 жылғы мамыр айында Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дархан Қыдырәлі, талантты сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, белгілі қаламгерлер Нармахан Бегалыұлы, Орысбай Әбділдаұлы, Байдулла Қонысбек, Есқара Тоқтасынұлы, Шойбек Орынбай, Қабылбек Төретайұлы, Сәрсенбек Сахабат, Дәулеткерей Кәпұлы, Бақытжан Алдияр, тағы басқалар сұхбат құрған. Маусым айында қазақтың алашшыл, мемлекетшіл, ұлтжанды тұлғалары Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Паттеев, Еркін Қыдыр, тағы басқалар болып, жиналған жұртпен шүйіркелескен.
2015 жылғы көктемде Бозторғай асуының басталар тұсында, Көкбұлақ өзенінің беткейінде мемлекет және қоғам қайраткері, тоталитарлық жүйе тұсында жазықсыз жапа шегіп, төрт жарым жыл тас қамауда отырған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған Асанбай Асқарұлы айрықша құрметтеген жерде «Асанбай Асқарұлы аялаған ая, саялаған сая» деген, Таупістелі ауылының ортасындағы белгілі баудың жанына «Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деген жазулары бар тас тақталар орнатылды.
Байқап қарасақ, «Таупістелі тағылымы» жобасын жүзелеу өзінен-өзі сұранып-ақ тұрғандай. Қоғамдық қорымыз жаңа жобаға сәйкес “Таупістелі тағылымы” басқосуын тұрақты, жүйелі өткізуді межелеп отыр. Бұл басқосуларға, негізінен, ОҚО, Алматы, Астана, Өзбекстан, Түркия, өзге де өңірлер қаламгерлерінің өкілдері, ОҚО аумағындағы жас таланттар шақырылады. Басқосудың бірінші бөлімінде алдын ала таңдалған тақырыптар бойынша әлем әдебиеті, ұлт әдебиеті, көркем әдебиет пен журналистикадағы шеберлік, дәстүр мен жаңашылдық, заман, қоғам, адам және қаламгерлік парыз, т.б. туралы талқылаулар болады. Екінші бөлімінде жас таланттар шығармашылығы, туындылары талданып, талапкерлердің тұсаулары кесіліп, ағалардың ақ батасы беріледі.
“Таупістелі тағылымы” басқосулары тиісті ұсыныстарға орай, қоғамдық қордың мүмкіндігіне қарай, бірақ кем дегенде үш жылда бір рет өткізілмек.
Жаңа жобамызды көрнекті қаламгерлер, айтулы ақын-жазушылар, журналистер, қайраткерлер қолдап жатыр. Елгезек те елшіл бауырымыз, ҚР Ұлттық музейінің басшысы Дархан Мыңбай: «Дұрыс секілді. Жан-жақты ойластырып, тереңдете түскен жөн. Тіпті, логотипіне дейін елестетіп тұрмын. Таупістенің шуақтана шоқтанып өсетін жемісі мен жақұт жапырағы жарасып-ақ кетеді», – деді. «Түркі дүниесінің тұтастығына қызмет ететін біздің академияның бір жібек жібі алыстағы ауылмен, қасиетті Қаратау түкпіріндегі Таупістелімен жалғасып жатса, ғанибет қой», – дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті, бүгінгі білімпаздардың бірегейі Дархан Қыдырәлі. «Пістелі ауылына барсақ та, таупістені көрмеген едік», – деп әзілдейді қазақтың ақиық ақыны Нармахан Бегалыұлы.
Бұған дейінгі іс-шараларымызға ақпараттық қолдау көрсеткен барша БАҚ-тарға алғыс айтқымыз келеді. Алдағы кезде де Мәңгілік Ел болуға ұмтылған қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің, ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен ынтымақтың қамы үшін үндесе, үйлесе тірлік жасай берейік.
Сәтбай ҚАСЫМБЕК,
«Мархабат -Мирас» қоғамдық қорының төрағасы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты.
Оңтүстік Қазақстан облысы.