Абайдың 10 томдығы әлем тілдерінде
Қазақ елінің мәдени, әдеби, баспа өмірінде тұңғыш рет қазақ халқының ұлы ақыны, данышпан ойшылы, композиторы, өз халқынан ұлт қалыптастыруға жанын салған дана тұлға – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап «Халықаралық Абай клубы» ақынның 10 томдық толық шығармалар жинағын қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінде шығарып тарту жасады.
Ақынның шығармаларын шет елдердің тілдеріне аударған айтулы аудармашылар – жазушы Роллан Сейсенбаевтың әдебиеттегі, өмірдегі достары. Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударған – орыстың XX ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецов.
«Қара сөзін» («Ғақлия») орыс тілінде сөйлеткен – белгілі аудармашы Клара Серікбаева.
Ақынның өлеңдері мен «Қара сөзін» ағылшын тіліне аударған – ағылшынның әйгілі ақыны, аудармашы, тюрколог Ричард МкКейн. Ричард МкКейн ағылшын тіліне түріктің ұлы ақыны Жүніс Емренің, Жалаладдин Румидың, орыстың ұлы ақындары Анна Ахматованың, Борис Пастернактың өлеңдерін аударып, Ұлыбританияның белгілі «Pinguin» баспасынан басып шығарған.
Ақынның өлеңдері мен «Қара сөзін» Гетенің тілінде сөйлеткен қазақ жерінің тумасы, неміс, қазақ, орыс, тілдерін жете меңгерген неміс қызы Лариса Захарова және алманиялық аудармашы Ханс Фрайтаг. Абайдың өлеңдерін неміс тіліне аударған – белгілі аудармашы, баспагер Лео Кошут.
Абайдың философиялық дүниетанымын өз тілдерінде жеткізу үшін, аудармашылар, әлбетте, қазақ даласының кемеңгер ойшылы көтеріп отырған адами-құқықтық, рухани ой-толғамдарына алдымен өздері қанық болды. Өйткені Абайды толғандырған ойлар – XXI ғасырда да бүкіл адамзат үшін дұрыс шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер. Аудармашылардың Абайдай қазақ данасының шыққан жері – ұлылардың табаны тиген киелі топырақты көруге арнайы Жидебайға зиярат қылуға асыққандары сондықтан болар.
Абайдың еңбектерін шет тілдерге алғаш рет аудартқан, кітап қылып басып шығарған Лондондағы Абай үйін ашқан Роллан Сейсенбаев болатын.
Халықаралық Абай үйі тұңғыш рет ақын шығармаларының факсимимле түрін Түркияда басып шығаруды жоспарлауда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Абай клубы парсының ұлы ақыны Фирдоусидың «Шахнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі аудармасын Ұлыбритания мен Түркия баспаларында басып шығарған болатын.
Абайдың бір томдық таңдамалы шығармалар кітабы Американың «Amazon» баспасында жарық көрмек.
Жинақтың 9-томы «Абай туралы сөз» кітабында әлем елдерінің әйгілі әдебиетшілері, ақын-жазушылары, ғалымдары, дін қайраткерлері Абай бабамыз туралы терең ойларын білдіреді. Бұл Абай әлемінің шалқар кеңдігін, асқақ биіктігін, бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екенін көрсетеді.
Мұхтар Әуезовтің «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», – деуі тарихи шындыққа айналуда.
Зарина БАЙМҰСА
ПІКІРЛЕР2