ҚАЗАҚ ҚАШАНДА АР-НАМЫСТЫ БИІК ҚОЙҒАН
30.07.2020
918
0

Қазақ халқы қаншама нәубетті жылдардан тұтастығы мен берекесін сақтап аман өтті. Ұлт ретінде ұйысып, талай қиындықтың бетін қайтарды. Қазір де халқымыз үлкен сынақты бастан кешіп жатыр. Халықты ауызбірлігі, төзімділігі, бір-біріне жанашырлығы сыналар сәт туды. Осы тұста елді сүюді насихаттап, қашанда өзге ұлыстардың отанымызға қосуға тиіс үлесін, қазақ халқының кеңпейілі мен мәрттігін үлгі етіп жүрген Асылы Осман ханыммен аз-кем әңгімелесудің орайы туып еді.  

– Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

– Адалдықты.  Қазақ  халқы  өзге  ұлттардың бәріне мейірбан. Еліміздің әр тұрғыны ұлт үшін, ел үшін адал қызмет ету керек.

– Денсаулығыңыз қалай?

– Енді біздер үлкен адамбыз. Денсаулықты аса мықты деп те айтуға болмайды. Бірақ шүкіршілік, бойым түзу, күш-қуатым бойда. Бәрінен бұрын ел аман болсын деймін. Қазір бірімізді-біріміз тыңдауымыз керек.  Мемлекет басшысының айтқан сақтандыру шараларын толық орындауымыз қажет. Бірлік болған жерде ғана тірлік болады. Қазақ –  қашанда сөзге тоқтаған халық. Замана желі барша халыққа оңай тиіп тұрған жоқ. Құдайға шүкір, берекеміз бар. Сол берекенің арқасында ел болып ұйысып отырмыз.

–  Пандемия дерті адамзатқа нені ескертеді?

– Бұл бізді тәртіпке, бірлікке шақырады, тазалыққа үндейді. Жыл сайын Құрбан айт кезінде мәз-мейрам болып құрбандық шалып, елге таратып, құран оқытып жүруші едік. Қазір, енді, одан да шет қалып отырмыз. Алланың бұл да бір «есіңді жи» дегене сыңайдағы ескертуі деп ойлаймын. Барлық жағдайға адам дайын болуы керек. Ал мұндай кезде адамға не керек? Ұлттың бойындағы асыл қасиеттерді сақтау керек. Қазақ жаугершілік кезінде бірігіп, жауға қарсы шыға білген. Бұл да халқымызға төніп отырған ауыр дерт, жеңу үшін бірлігіміз, ынтымағымыз мығым болуы маңызды. Біздің қасіретіміз – кейбіреулер Құдайын да ұмытып кетті. Есіріп, еліріп кетті. Ынсапсыздар көбейді. Жалпы, халқының тілін білмегендер ешнәрсені де білмейді. Тіл білген құшақтасады, тіл білмеген пышақтасады. Ал біз қазір ежелгі сана-салтымыздан айрылып отырмыз. «Дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған» деген сөзді жиі айтамын. Біз 1944 жылы жер аударылған кезеңде, өзі жарымай отырса да бүтінін бөліп, бауырына басқан қазақ қой. Бүгін егемендікке жетіп, болып-толып отырған кезде пейіліміз неге өзгеріп отыр? Нарық қарқ қылады деп сендік, бірақ бойымыздағы адами қасиетімізден алшақтап бара жатырмыз. Қазақ арын, намысын сақтаған халық қой, неге дүние қуып кетті? «Арынан аттамаған ардақты ағайын»  деген сөзді үнемі айтып жүремін. Енді бұл Ардан ешқашан аттамауымыз керек. Баяғыда Бельгер: «Бізге керегі ар-намыс», – деуші еді. Бір мақаламда: «Білім әлемдік болу керек, тәрбие ұлттық болу керек», – деген болатынмын. Біз қазір көп дүниені бетімен жіберген секілдіміз. Алла сақтасын, қазаққа бақ берсін, ынтымақ берсін.

– Алыстық пен жақындық ұғымы бар. Біз, шынында, бір-бірімізден алыстап кеткендейміз.

– Халыққа жақын болу керек. Қазақта керемет мақал бар. «Өрге шықсаң, өңірді көресің, елге шықсаң, өмірді көресің» дейді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген де қазақтың аталы сөзі бар. Елдің жоғын жоқтайтын ерлер көбейсін деймін. Ізгілікті іс қана мәңгілік болып қалады. Неге өзге халықтар қазақты жақсы көреді? Өйткені қазақ адалдықты, тазалықты сүйеді, ешкімге қиянат жасамаған. Алысты татуластырған, жақынның ортасына шырақ жаққан. Тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жаны да, ары да таза, жеті атасын жетік білетін, кісіні бөліп-жармайтын бір ұлт болса, ол – қазақ. Сол қазақ өзінің қазақ деген атына кір келтірмеуі керек. Өзге ұлтты ұйыстырып, бауырына тартатын қуатынан айрылмасын. Қазақ даласын мекен еткен кез келген халық өзінің отаны – Қазақстан екенін естен шығармаса, қиыншылықты бірге көтеріссе деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сартай БӨКЕЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір