151 МЛН ТЕҢГЕГЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ
30.07.2020
637
0

Әлемді жаулаған коронавирус дерті асқынып тұр. Небір саңлақтар мен іргелі тұлғаларымызды арамыздан алып кетіп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы пневмония дерті ушыққан соңғы бір айда ақ халатты абзал жандар мен провизорлық орталықтарға қол ұшын созып, 151 443 526 теңгеге қажетті дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алды.

 Сонымен қатар ауруханадағы науқастарға төсек жаймалары, гигиеналық заттар, антисептик, бетперде, ыстық тамақ таратып, жеміс-жидек жеткізді. Ем алып жатқандарға шипа болсын деген ниетпен түйе, сиыр, бие, ешкі сүттері мен айран, сүзбе, құрт-ірімшік үлестірілді.

Ассамблеяның ерікті жастары өз көліктерімен медицина мамандарына тегін такси қызметін көрсетіп, егде жастағы және жалғыз басты тұрғындарды вирусқа қарсы препараттармен, алдыңғы шептегі медицина қызметкерлері отбасынан оқшау тұрып жатқан қонақүйлерді ет өнімдерімен, көкөніспен қамтамасыз етті. Оттегі баллондарын іздестіру, баллондарды толтыру, тасымалдау жұмыстарына атсалысты.

Бұдан бөлек, ҚХА мүшелері медицина қызметкерлеріне, жедел-жәрдем көліктеріне 7 тонна жанар-жағар май құйып беріп, баспанасыз қалған жалғызбасты аналарды қамқорлыққа алды.

Соның ішінде Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктері ерекше белсенділік танытып, жергілікті ауруханаларға Ресейден алынған оттегі концентраторларын, тыныс алу аппараттары мен дезинфекциялық құралдардын, сондай-ақ электрокардиограф, электротермокоагулятор тарту етті. Қазіргі сәтте барлық этномәдени бірлестіктер Құрбан айт мерекесіне орай «Мың алғыс» акциясын қолға алуға қызу дайындалып жатыр. Ендігі кезекте ақ халатты абзал жандардың отбасына қаржылай көмек беріліп, мерекелік дастархан үшін азық-түлік себеттері тарту етілмек.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы наурыз айында енгізілген төтенше жағдай кезінде республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында мұқтаж азаматтарға 376 454 347 теңгеге қаржылай көмек көрсетіп, 515 мыңнан астам медициналық маска таратқан еді.

Ал Мақтаралда орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге де этнос өкілдері жұдырықтай жұмылып, 101 936 000 теңгеге 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жөнелткен болатын.

Былтыр Ассамблея әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларға 4,5 млрд теңгеге жуық көмек көрсеткен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір