Адам Мицкевич
09.07.2020
1190
0

«…И много дней пройдёт, и много лет крылатых,

И должен булу гроб покинуть снова я…

Тогда припомнишь ты о друге, сном обьятом,

И с неба ты сойдёшь, чтоб разбудить меня!»

Адам Мицкевич, «Ұйқы».

«…Күндер өтер, қанат қағып жыл көшер,

Табытымды тағы тастап көрдегі…

Кез де келер досыңды еске ап, тілдесер,

Көктен түсіп, оятарда сен мені!»

Аударған Алаштуған

Осы жолдар сәуегейлік болып шығарын кім білген?! 1890 жылы поляк халқының ұлы ақыны Адам Бернард Мицкевичтің Парижде жерленген мәйітін көтеріп, крематорийден күлін алдырып, Краковқа… Отанына жеткізді! Ол 1798 жылы желтоқсанның 24 күні бір империяда (Заосье, Вилен губерниясы (қазіргі Белорус жері), Ресей империясы) дүниеге келіп, 1855 жылы қарашаның 26 күні екінші бір империяда (Ыстанбол, Осман империясы) көз жұмды. Әкесі Николай Мицкевич ата дәулетінен айырылып қалған поляк шляхтасының өкілі еді. Көнеден келе жатқан Порай таңбалы Мицкевич-Рымвидовтардың ақсүйек әулетінен шыққан. Анасы да XVII ғасырдан шежіресін тарқататын Маевскийлердің шляхеттер әулетінің қызы болатын. Адам бала күнінен зерек, білімге құштар болған екен. Архангел Михаил ғибадатханасының Доминикан (монахтар ордені) мектебін тәмамдап, Вилен университетінің физика-математика факультетіне қабылданғанымен, көп ұзамай өзінің жан қалауымен тіл-әдебиет мамандығына ауысады. Он сегіз жасынан бастап студенттердің қоғамдық-саяси ұйымдарына жетекші болып, жалынды жырларымен рухтың жаршысына айналып үлгерген екен. 1819-1823 жылдар аралығында Ковнада (Каунас) ұстаздық еткен. 1823 жылы Н.Новосильцев деген бір сумақайдың (биліктің тыңшысы) жапқан жаласымен сотталып, 1824 жылы сәуірде түрмеден үйқамаққа шығарылып, сол жылдың қазанында Литвадан ішкі Ресейге жер аударылады. 1829 жылға дейін Ресейде (Одесса, Қырым, Мәскеу) тұрған. Сол кезеңде орыстың озық ойлы ақындары һәм төңкерісшіл қайраткерлері (декабристер) К.Рылеев, А.Бестужевтармен достасып, А.Пушкин, А.Дельвиг, Е.Баратынский, ағайынды Полевойлар секілді сайыпқырандармен жақын араласқан екен. А.Мицкевич туындыларының ерекше көркемі саналатын «Қырым сонеттерін» орыс тіліне аударған П.Вяземский ең жақын досы болыпты.

1829 жылы патша өкіметі ақынды тағы да қудалап, ол Еуропаға кетуге мәжбүр болған. Швейцария, Германия, Франция, Италия мемлекеттерін паналаған дауылпаз ақын 1831 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне қатыспаққа қанша талпыныс жасағанымен, еліне өтудің еш реті келмейді. 1832-1839 жылдар аралығында негізгі уақытын қоғамдық-саяси публицистикаға арнағаны да сол себепті болатын. Екі жыл Лозаннада латын әдебиетінен дәріс оқыған ақын, 1840 жылы Коллеж де Франсқа славян тіл білімінің тұңғыш профессоры болып келеді. Алайда, онда да ұзақ тұрақтай алмаған. Француз билігі 1845 жылы саяси көзқарасы үшін дәріс оқудан шеттетіп, 1852 жылы мүлде жұмыссыз қалдырады. Үш жыл бойы еш табыс көзінсіз қалған ақын қатты күйзеліске түседі. Өзі де, алты құрсақ көтерген (екі қыз, төрт ұл) әйелі де ұзақ ауырады. Ақырында, 1855 жылы сәуірде әйелі қайтыс болып, А.Мицкевич Ыстанболға кетеді. Ондағы мақсаты поляк және еврей легиондарын құрып, Ресей империясына қарсы соғыста ағылшындар мен француздарға шама-шарқынша көмектесу еді… Бұл мақсатына да жете алмады! Ыстанболда тырысқақ ауруын жұқтырып, 1855 жылы қарашаның 26 күні ақын бақиға аттанды. Досы А.Служальскийге балаларының бірлікте болуын аманаттап болғанда ғана соңғы демі үзілді!

«…И памятник ему могильный –

Столб виселицы с петлёю роковою,

А славой-женский плач бессильный,

Да грустный шёпот земляков порою.»

А.Мицкевич, «Поляк анасына».

«…Бір құлпытас қабірдегі қалпындай –

Дар ағашы, жан құтқармас ілмегі,

Әлсіреген әйел зары-даңқындай,

Жерлестердің кей күбірі мұңды еді.»

Аударған Алаштуған

 

Ресейде жүрген кезеңінде А.Мицкевич ақын, аудармашы Каролина Янишқа (Павлова) ғашық болып, 1825 жылы болғалы жатқан тойды тосыннан тоқтатқан да өзі екен. Оған дейін 1818 жылы Марыля Верещакоға да сезімі алаулап, қыздың басқа бір бекзадаға атастырылып қойғандығынан ғана үйленбеген болатын. Осы жағдайлардан кейін ұзақ жылдар бойы «ең танымал сүрбойдақ» болған ақын отыз алты жасында композитор Мария Шимановскаяның қызы Целинаға үйленген. Бұл отбасы алты перзент сүйді! А.Мицкевич поляк әдебиетінің романтизм кезеңіндегі үш ұлы ақынының бірі саналады… Юлиуш Словацкий, Зигмунт Красинскиймен қатар! Ол — ақын, драматург, жазушы, публицист, аудармашы, ұстаз. Оның қаламынан туған жырдың жасығы жоқ, бірінен бірі өткен жасампаз!

«…Ломают льды весенние воды,

С ночною свет сражается тьмою.

Здравствуй, ранняя зорька свободы,

Солнце спасенья грядет за тобою!»

А.Мицкевич,

 

«Жастыққа жалынды жолдау».

«…Көктемгі сулар мұздардың  бұзып талайын,

Жарық сәуле жүр түнгі түнекпен күресіп.

Армысың, арда азаттығымның арайы,

Құтқарар Күн де соңыңнан жетер ілесіп!»

Аударған Алаштуған 

Ол алғашқы өлеңі «Қала қысын» 1818 жылы Вилен губерниялық газетіне жариялаған сәттен-ақ аса танымал ақынға айналды. «Поэзия» атты балладалары мен романстарын, «Романтикалық поэзия жайлы» манифестін қамтыған тұңғыш кітабын Юзеф Завадский жарыққа шығарып берді. Жау әскерін (орыс) қалаға кіргізіп жіберген, сөйтіп сорақылық жасап, сатқындыққа барған жігітін өз қолымен өлтірген поляк қызының ерлігін ұлықтайтын «Живиля» дастаны ана тілінде жарыққа шығып үлгерісімен-ақ бірнеше тілге аударылған екен (Бірінші болып 1819 жылы Симон Даукантас литва тіліне аударған. Көркемдік кестесі мен мазмұн қуаттылығы жағынан бұл дастан ақынның ең тұғырлы туындылары салатында. 1823 жылы «Поэзияның» екінші томы жарыққа шығып, «Гражина» поэмасы мен «Бабалар» («Дзяды») поэтикалық драмасының екі бөлімін қамтыды. 1826 жылы Ресейде «Қырым сонеттері» енген «Сонеттер» жинағы басылды. Император I Николайға арналған «Конрад Валленрод» поэмасы 1828 жылы Санкт-Петерборда жарық көрді. Литвадағы крестшілерге қарсы күрескен романтикалық кейіпкер арқылы патшалық Ресейдің езгісіне қарсылыққа үндейтін эпикалық дүние еді бұл туынды. 1829 жылы екі томдық «Поэзия» жаңа жырлармен, «Фарис» поэмасымен толықтырылып, қайта басылды. Ал, 1832 жылы «Бабалар» поэтикалық драмасының үшінші бөлімі жарық көрген. Мұнда поляк халқының езгідегі күйін күйіне жырлаған ақын, елінің «құдай сүйген таңдаулы ұлт» екендігін алға тартып, азаттық үшін күресуге шақырады. «Ол күрестің мақсаты орыс халқына қарсы күресте емес, патша билігінің батырған тізесін тірсектен қиюда» деп түйіндеген автор. «Пан Тадеуш» А.Мицкевич қаламынан шыққан туындылардың ең ірісі һәм көркемі. Бұл эпикалық поэмасы 1832-1834 жылдары жазылып, Парижде жарық көрген. Ұлт бірлігінің жоқтығын, бекзадалар арасындағы берекесіздік пен дүрдараздықты тілге тиек еткен туынды поляк халқының эпопеясы болып табылады. Бұл поэмасының негізінде 1999 жылы Анджей Вайда керемет фильм де түсірген болатын… Ақын поляк және белорус тілдерінде жазғанымен, профессор Н.Хаустович А.Мицкевичтің тілін таза поляк, я, таза белорус тіліне жатқызуға болмайтындығын айтады. Мұның себебін ақын шығармашылығын көп зерттеген С.Станкевич, С.Добдицкий сынды ғалымдар белорус, поляк, литва ұлттарының бір империяның құрамында болуымен түсіндіреді. 1832 жылы жарық көрген «Полковниктің өлімі» кітабы да, 1817 жылы басылған «Мешко, Новогрудка кнәзі» де осы ойды айқындай түсерлік поляк, белорус, литва тілдерінің симбиозы іспетті… Жалпы ақынның тілді таза игермегендігінен емес, керісінше Вилендік халықтың қолданысындағы ортақ тілді ұлықтауға ұмтылысынан туындаған амал болса керек бұл! Бірде мынадай оқиға болады… Ақынның досы Л.Корильский Парижде шахмат ойыны үстінде жемайт диалектісінде ескі әндерді ыңылдап айтып отырады. Тілдің бұрмаланып жатқанын байқаған А.Мицкевич бірден әндердің түзік үлгісін қағазға түсіре кояды. 1908 жылы ақынның ұлы Владислав осы мұрағатты жарыққа шығарған екен. А.Мицкевичке барша Еуропа елдерінде ондаған ескерткіш орнатылып, жүздеген көшеге аты берілген. Варшавадағы ұлттық институт та ақын атында. Тіпті, Меркурий планетасының бір кратеріне де ақын есімі бұйырыпты! 2009 жылы түсірілген Олег Лукошевичтің «Адам Мицкевич дәуірі» деректі фильмі бірталай байқаулардан бәйгі алып, «ең үздік ғұмырнамалық кинотуынды» деп танылған. А.Пушкин, П.Вяземский, И.Бунин, В.Брюсов, И.Северянин, Н.Берг, В.А.фон Роткирху, О.Румер, В.Бенедиктов, А.Майков қатарлы алыптар шығармаларын орыс тіліне, М.Рыльский, П.Кулиш, Е.Пчилка (Леся Украинканың анасы) секілді ақындар украин тіліне аударған екен. Әлемнің жүздеген тіліне аударылған ақын туындыларын А.Грабовский мен И.Лейзерович эсперантоға да түсірген… Қазақ қаламгерлерінен поляк әдебиетінің шын білгірі саналатын Әбубәкір Қайран ағамыз да бірер өлеңін аударғаны мәлім. Біржан Ахмер бауырым А.Мицкевич жырларын қазақшалап, «Әдебиет» порталында ақын жайлы тамаша мақала да жариялаған екен… «Будрис және ұлдары» туындысын орыс тіліне аударған А.Пушкиннің өзі әрдайым «жалғыз патша» болып үйренгеніне қарамастан, А.Мицкевич бар жерде барынша бой жиып, ізет білдіреді екен.

1828 жылы «Конрад Валленрод» поэмасы жарық көргенде, В.Жуковский А.Пушкинге: «Бұл сенің ауызыңа құм құйғалы тұр-ау», — десе, А.Пушкин оны түзетіп: «Ол менің ауызымды жапқалы қашан», — депті еш саспастан! Не деген құрмет десеңізші?! А.Мицкевичке он екі өлең арнаған А.Пушкиндей майталманды сыйламай көріңіз енді… 1829 жылы А.Мицкевич шет елге ауып бара жатқанда А.Пушкин: «…Көктен шабыт алады ғой ол, сірә, Өмірге де көз салады биіктен!» деген екен. Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір