Сағынышым – ӘКЕМ
«Қазақ әдебиеті» газетінің «Әкеге хат» айдарының бүгінгі авторы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова. Бұған дейін Мұхтар Түменбай, Сайын Шаймерден, Дәулет Әшімхандар әке шығармашылығына, әке өнегесіне, әке өсиеті мен тәрбиесіне тоқталып, әкеге деген сағыныштарын жариялаған болатын.
Салтанат АЙБЕРГЕНОВА, филология ғылымдарының кандидаты
Әке, бүгін сізге хат жазған себебім, сіз көрмей кеткен өмір туралы, мазалап жүрген ойларымды айтқым келді. Сіз «Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа, Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп» деп туған еліңізді аңсап, «Арман қала Алматыға» жеткенде қуанышыңызда шек болмағаны өлеңдеріңіздің тынысынан сезіліп тұрады. Бірақ ақыны да, мықтысы да өзіне жеткілікті өңір алғашында сырттан келген ақынға тосырқай қарады. Екі жыл жұмыссыз жүріп, өзіңізді үлкен қауымға талантыңызбен танылып, енді мойындатып келе жатқанда Жазушылар одағының насихаттау бөліміне қызметке алынған едіңіз. Іске кіріскен тұста басты мақсатыңыз қазақ қаламгерлерін өз еліңізге таныту болып, сол жерде 37 кездесу өтетін етіп ұйымдастырған екенсіз. Бірақ денсаулығыңызға, тағдырдың жазуына қарай, жартысына да қатыса алмапсыз. Сол кездесулерге Қазақстаннан Қарақалпақстанға барған ақын-жазушылар ойламаған жерден қимас інілерін жер қойнына тапсырып, Алматыға көңілдеріне ауыр жүк арқалап қайтатынын көздеріне елестете де алмаған болар?! Алайда, амал қанша, сізсіз оралды. Сізді ақтық сапарға шығарып салуға өз ниетімен барған Мұқағали Мақатаев «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» деген жүрекжарды өлеңін арнап, қанаттас досынан айырылып, сенерін де, снбесін де білмей мең-зең күйде қалды. Ал туған-туыс, жора-жолдас, өлеңсүйер қауымның күңіренуінде шек болмады.
Мен ол кезде жеті жаста ғанамын. Еркелігіме қарамай, ерте есеюіме тура келді. Содан бергі сізге деген сағыныш ешқашан толастаған емес. Бала кезімде ол сезім тіпті жоғары болатын. Әкесі бар балалар маған бақытты, ал мен болсам… Сонда адамды тірілтіп алар дәрі ойлап табылса деп қиялыммен талай жерге баратынмын. Сіз қайтқаннан кейін, екі жыл бойы мен өспей булығып қалыппын. Өйткені анам: «Сенің аяқ киіміңе дейін размерің өспеді, ергежейлі болып қалмаса екен деп қорқатынмын», – дейтін. Алдында өзіммен қатарластардан биік болғаннан «Бой тентек» деген лақап атым да қала бастады. Мүмкін, баламын ғойн есімнен шығып, басқаша болар ма еді, бірақ біздің үйде сіздің есіміңіз күнде аталатын. Анам екі жылға дейін жоқтап, қара жамылып отырыпты. «Төлегеннен кейін өмір жоқ құсап көрінді» дейтін. Бірақ өмір бір орында тұрмайды емес пе?! Қазақ мектебі жоқ болғандықтан, алғашында мен орыс мектебіне бардым. Сонда қайбір оқыған, сіздің әріптерді, сандарды үйретіп қойғаныңыздың арқасында бірінші класты бітіріп шықтым. Орыс халқын анау-мынау деп жатамыз ғой. Сонда да кейде «адамгершілік соларда басым ба?» деп те қалам. Олай дейтін себебім, біздің үйдің жағдайын түсініп, анамды екінші тоқсаннан кейін мектепке шақырып, құжаттарымды дұрыстатып, маған көңіл бөлуін сұрапты. Анам: «Содан үйге келіп қарасам, сөмкең шылқылдаған май, дәптеріңнен май тамып тұр» деп еске алатын. Өйткені біздің үйде күнде не күнара бауырсақ пісіріліп, құран бағышталады, ал таңертең мен сабаққа кетерде нағашы әжем немесе анамның сіңлісі не үйге көңіл айтып, алыстан келіп жатқан ағайындарға сөмкеме толтырып бауырсақ салдыртып алып, кластағы балаларға тарататынмын. Менімен дос еместер, әрине, бауырсақтан құр қалады. Үй тапсырмасы дегенмен ешкімнің шаруасы жоқ. Ал мен екінші класқа барарда анам: «Төлеген Салтанды қазақша оқытам деп армандайтын», – деп, Шона Смаханұлы бастаған зиялылармен бірге 13 адам болып Д.Қонаевқа хат жазып, таныстарды, үй-үйді аралап жүріп, қазақ мектебі ашылуына ықпал етіпті. Содан мен қазақ мектебіне бардым. Класта бәрі мен сияқты қазақша білмейтіндер. Әлі есімде, екінші класты бітіріп, табельді алып келе жатып, маған анам қазақ әріптерін түсіндірді. Сонда барып мен қазақ алфавитін меңгердім. Бір айта кеткім келетіні, маған әр жыл басы қиын болатын. Өйткені балалардың ата-анасы деген тақырыпшаны толтырғанда, «әкем жоқ» дегенді айту маған өте қиын болатын. Неге екенін білмеймін, мұғалімдер білсе де жылда сұрайтын. Үшінші кластан бастап маған анам сіздің өлеңдеріңізді жаттата бастады. Ең бірінші жаттаған өлеңім «Мені ойла» еді. Мен сонда өлеңнің мазмұны махаббат туралы екенін түсіне бермейтінмін. Сізді ойлап жылайтынмын. Есейе келе өлеңдеріңізді машинкаға басып, анама көмектесетін болдым. Анам бізді асыраймын деп екі жұмыста істейтін.
Сіз дүние салғаннан кейін анамның жүгіруімен біз он екінші мөлтек ауданнан үй алдық. Софы Сматаев, Оразбек Сәрсенбаев, Ахат Жақсыбаев ағалармен көрші тұрдық. Бір күні анам екеуміз келе жатсақ, Софы ағаның екі кішкентай баласы терезеден қарап тұрып: «Әне, Дәурен мен Хұснидың папа-мамасы келе жатыр», – депті. Сонда Шәмшия апа: «Мыналардың папасы дегені несі, кімді айтып жүр екен?» – деп терезеге қарап, екеумізді көріп, «Папасы қайсы?» десе, анамды көрсетіп, мені көрсетіп, «әне, мамасы» дегенін айтып күліп отыратын. Мен, шынында да, олардың анасы сияқты болдым. Анам таңнан кешке дейін жұмыста, Дәурен мен Хұснидың бар қызметтері: жуындыру, киіндіру, сабақтарын тексеру, тамақтандыру, оларды ілестіріп алып үйге азық-түлік тасу, ас дайындау менің мойнымда болатын. Сондықтан да мамалары сияқты маған бағынып, анамнан гөрі менен тайсалып тұратын. Махаббат пен Айнар нағашы әжем мен атамдарда Ташкентте болды. Сондықтан жыл бойы әр каникулда киімдерін түгендеп соларға кететінбіз. Ол бір дүниедегі ең рахат шақ болатын. Ол жақтағылар да сізді әрдайым «Төлеген былай деуші еді, Төлеген мынаны жақсы көруші еді» деп қимастықпен, сағынышпен еске алатын. Сонда мен «айта түссе екен» деп отыратынмын.
Сіз бізбен қош айтысқаннан кейін бізге аға, жеңге болған сіздің рухтас достарыңыз, інілеріңіз болды. Үйде күнде болмаса да күнара сіздің өлеңдеріңіз оқылып, әніңіз айтылып, қонақ үзілмейтін. Ол кезде өзіңіз білетіндей тек шақырылмаған қонақтар еді. Қазіргі кезде шақырмасаң үйге адам аттап баспайды. Немесе келетінінен хабардар етіп қана келеді. Бұрын кеш келе жатсақ, алдымыздан қарайған адам көрсек қуанып, сол адаммен ілесіп бірге кетуді ойлайтынбыз, ал қазір қайта адамнан қорқатын болдық. Сіз кеткелі өмір де түбегейлі өзгерді…
1991 жылы Қазақстан қаншама ғасырлар бойы ата-бабамыз жолында құрбан болып, аңсаған егемендігін алды. Өз туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз және өз ақшамыз – теңгеміз бар. Айта кететін жәй, өзіңіздің жан досыңыз болған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні қазір әнұранға айналған. Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген өзгерістер болып жатыр. Қазір сізге түсініксіз компьютерленген заманда тұрып жатырмыз. Шекара ашылып, бізден «қалып кеткен» дейтін шетелді де көрдік. Бірақ олардың тұрмыстары бізден көш ілгері екенін көріп таңданғанымызды да жасыра алмаймыз.
Сіз өзіңіз «Оһ, қандай жақсы болғаны туылғаным, Адамдарда жүрек бар кезінде мен» деп айтқаныңыздай, сіз, шынында да, адамдарда жүрек бар кезде өмір сүрдіңіз. Сіздер сенген коммунизмді аттап кетіппіз. Бұ замандағы адамдардың мейірімсіздігі шығар, ата-анасын қарттар үйіне тапсырып, іштен шыққан балаларын қоқысқа тастап, бауыр бауырға қатігез болды. Кейбір ер адамдар жанұясының іргетасы бола алмай, әйелмен орын ауыстырып, өздері үйде отырып, әйелдерін табыс табуға базар жағалатып қойды. Қыздарын мазақ етіп, сыйламай, басқа нәсілдерге еріп кете беруіне жол берді.Діннің өзі әркімнің ыңғайына қарай, неше түрлі бұрмаланатын заманды көріп жатырмыз. Өкіметке адам факторы түк те емес. Сіз жырлаған байлығымыз, кендеріміз талан-таражға түскен. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, сондай жаулардың арқасында көрші Қытай жерімізге де көз қиығын салып отыр. Бас көтерер азаматтар түрмеге тоғытылған. Сіз сенбейтін шығарсыз, қазір көңіл де, көмек те – бәрі сатулы. Сіздер бұрын болашаққа сеніммен қарайтынсыздар, біз қорқынышпен қарайтын болдық. Сіз айтқандай, менің де «Көзіме сыйған дүние, Сөзіме сыймай тұр менің».
Сонда да бұл өмірдің бәрі жаман емес, жақсы жақтары да бар. Техникасы дамыған компьютерленген заман болды. Ол дегеніміз – ауырды жеңілдету. Алысты жақындататын, шалғай жерден хабарды лезде алдыратын интернет деген желі пайда болды. Бұрын сіздер жете алмаған, армандаған үй телефонынан бөлек, әркімнің қолында жүретін телефон шыққан. Ол телефонның қызметінде шек жоқ, күннен-күнге көбеюде. Суықты тез жылытатын, жылыны тез мұзға айналдыратын, жедел ас дайындайтын т.с.с. қондырғылар бастан асады. Айта берсе, өте көп. «Көл-дәрия көкірегімнен бір тұнба ашып, мен тұрмын ата-баба жұртын басып…» дегеніңіздей, алыс жұрттағы қандастарымыздың, елім, жерім дегендері Отанына оралып, әр салада қызмет етуде. Әдебиет пен өнерге, ғылымымызға өз үлестерін қосуда. Әрине, қиын-қыстау кезеңде босып шетел асып кеткен кейбір қандастарымыз сол тұрған жерінің дәстүріне сіңісіп, балаларын сол елдің тілінде сөйлетіп, қазақ болудан алшақ кеткендері де жоқ емес. Сіз көрген кеңес кезеңінде қазақтар өз елінде отырып, қазақша сөйлеуге қорқып, ұялатын болса, қазір қазақша сөйлемеуге ұялатын ел болып келе жатырмыз. Сонда да, айтпаса болмас, қазақтардың өз халқының тұрмыс-салтынан, тілінен жерінгендері де аз емес. Бірақ әлі де бәрі жақсы болатынына сенеміз.
Сіздің шығармашылығыңызды бағалап, жырыңызды жатқа оқитын халқыңыз бар. Өлеңдеріңіз оқылып, сөзіңізге әндер жазылып, ғылыми тұрғыдан зерделеніп, басқа тілдерге аударылып жатыр. Атыңыз қазақ әдебиетінің төрінен орын алып, мектеп оқулықтарына еніп, бірнеше кітаптарыңыз жарық көрді. Атыңызда бірнеше қалаларда көше, мектеп, бірлестіктер, мұражайлар бар. Тек қана қынжылтатыны, сіз сондай марапаттың, сый-сияпаттың бірін де көрген жоқсыз. Мінбеде отырып, кешіңізді өткізе де алмадыңыз. Балаларыңыз қазір әже, ата атанды. Немере, шөберелеріңіз бар. Өзіңіздің туған балаңыздай Бауыржан деген ақын, ғалым күйеу балаңыз бар. Сіздің жазғандарыңыздың бәрін жинап-теріп, ешқайсысын шашау шығармай ұрпаққа жеткізген анам сізден қалған жалғыз тұяқ Дәуренді ілестіре сіз жаққа аттанып кетті. Соңдарында шулап біз қалдық. Анадан айырылу қандай қиын болса, бауырдан ажырау одан да өткен қайғы екенін сезіндік. Сіздің ұрпақтарыңыздың қай-қайсысы да сіздің атыңызға сөз келтірмей келе жатыр. Сіз қазіргі таңда жапырағын жайған алып бәйтерексіз, бес балаңыздан 10 немере, 12 шөбереңіз бар. Ал поэзиядағы балаларыңыз қаншама! Халқыңыздың мақтанышына, сағынышына айналған биік бәйтерексіз! Сізге өлең арнамаған ақын кемде-кем болар. Сіздің екінші өміріңіз басталған.Сондықтан сіз әрдайым тірісіз! Өзіңіз айтқандай, сіз өз биігіңіздесіз! Өзіңіз шексіз сүйген қазақ халқы барда сіз мәңгі жасайсыз!
Қызыңыз Салтанат!
ПІКІРЛЕР2