«ТАЛБЕСІК» КӨПБАЛАЛЫ ЖЕТІ ОТБАСЫНА ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ
05.06.2020
600
0

Қарағанды қаласының Достық үйінде «Талбесік» көпбалалы аналар ұйымының ұйытқы болуымен көпбалалы жеті отбасына пәтер кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді.

Игілікті шараға арнайы қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкен пәтер кілттерін табыстау рәсімінде: «Азаматтарға, оның ішінде тұрмыстық жағынан аз қорғалған жандарға, көпбалалы отбасыларына, басқа да топтар санатына енетін тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, ортақ істің оңтайлы шешілуіне жаны жомарт, қолы ашық іскер азаматтар да өз үлестерін қосып, белсенділік танытуда. Бүгінгі атқарылып отырған игілігі мол шара соның бір айғағындай. Қазақ халқының қанына біткен ерекше қасиеттерінің бірі – қайырымдылық таныта білу. Әсіресе алтын құрсақты аналарды құрметтеуге, тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созуға даяр тұратын азаматтардың көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады», – деп атап өтті.

Шара барысында Қоғамдық келісім басшысы Бақтияр Бекмұрзаев облыстық Ассамблея атынан 500 балаға Киокушинкай каратэ спорт секциясына тегін купондар үлестірді. Жалпы, «Талбесік» ұйымының төрайымы – журналист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Ләззат Қожахмет. Ұйым көпбалалы аналарға үй кезегіне тұру, жалдамалы баспана, жәрдемақы алу, мектепте тегін тамақ пен киімге құжат рәсімдеу, несие кешірімі, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат жинау, т.б. мәселелерге қатысты кеңестер беріп келеді. Сондай ақ, көпбалалы аналар көтерген мәселелерге талдаулар жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалардың кемшін тұстарын көрсетіп, ұсыныстар әзірленген. Карантин кезінде демеушілердің қолдауымен Қарағанды қаласындағы 600-ге жуық тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек те жеткізілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір