СҮЙІКТІ ӘДЕБИ КЕЙІПКЕРІМ – ӨЛЕҢДЕГІ ӨЗІМ. ҚАЛАҒАН УАҚЫТЫМА ҚОНАҚҚА БАРҒЫМ КЕЛЕДІ
16.06.2020
2145
0

» Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – ақын Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ

 – Адамның басты қасиеті не деп  ойлайсыз?

– Өзін алдамау. Өзгені алдамау. Құдай жайлы күмәнді ойлары.

Ер-азаматтың  басты  қасиеті не?

– Сөзін алдамау. Сөзінде тұру. Шынайылық.

Бақыт деген ұғымды  қалай  түсінесіз?

– Көзін алдамау. Айналаңа қарашы. Әке-шешең. Отбасың. Бақыт деген –осылардың қадірін білу!

Сүйікті  әдеби  кейіпкеріңіз кім?

– Өлеңдерімдегі өзім.

Ең басты кемшілігіңіз не?

– Өлең жазамын. Бұл шынымен кемшілік. Ақылды адам осы заманда ақын бола ма?! Егер шынымен ақын болсам? Болмасам, зор кемшілік!

– Бос  уақытыңызда  немен  айналысасыз?

– Бос уақыт бар ма?! Бар болса, аздап берейін…

Өмірге  екінші  рет  келсеңіз,  кім  болуды  қалар  едіңіз?

– Өзім болғанымды қалаймын. Басқа біреу болып келіп тұрғанның несі қызық?! Келмей-ақ қойсам тіпті жақсы!

– Қандай  елде  өмір  сүргіңіз  келеді?

– Ешқандай.

– Қандай  ерекше  қабілетке  ие  болғыңыз  келеді?

– Уақыт деген қатпар-қатпар қырыққабат сияқты ғой. Қалаған уақытыма қонаққа барғым келеді. Ол мүмкін жүзеге асып та қалар. Шетін тапқандаймын…

– Қандай  сәттерде  осалдық  танытасыз?

«Арлы арына қараса, арсыз жеңдім дейді» Ұятын жоғалтып алған адамның алдында…

– «Ғайыпқа  сену» дегенді  қалай  түсінесіз?

– Бәрі ақылдының рөлін ойнайды,
жаттанды. Нанымсыз. Зерігіп кетесің.
Мен де ойнаймын, сәтсіз ойнаймын,
ол да сенімсіз. Не етесің?
Уай, бәрі – жаттанды.
Кейде, ойлаймын: шын өмір –
жапалақтың көзінде аққан түн.
Енді қарашы,
қандай адаммын, мен осы?
Адасып пенделік жолымнан,
болсам ба әулие, ғайыпты
«Құдай» деп, өзіне табынған.
Шіркін-ай, ақымақ болу да – ұлы өнер,
ол да келмеді қолымнан.

 – Егер  өнертапқыш  болсаңыз,  нені  ойлап  табар  едіңіз?

– Уақыт машинасын. 

– Неден  жиіркенесіз?

– Өтірік күлкіден.

– Сіз  үшін  ең  ұнамсыз  тарихи  тұлға  кім?

– Сталин.

 – Жиі  айтатын  қанатты  сөзіңіз?

– Сөзің – өзің.

– Көзіңізге  жиі  жас  аласыз  ба?

– Жиі.

– Үнемі  есіңізде  жүретін  Абайдың   бір  сөзі?

«Сенбе адамға…» Бірақ мен сене беремін.

– Қазіргі  адамдардың  бойынан қандай  қасиеттер  жоғалып  барады?

– Ешқандай. Сол баяғы адам.

– Біздің  заманымыздың  мықты  ақыны  кім?  Мықты жазушысы  ше?

Мықты жазушы – Жаратқан. Менің тағдырымды ақын қылып жазды.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Артықшылықтары – кемшілік,  кемшіліктері – артықшылық па деп ойлаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір