Түпкі мақсат – Еуро одағы сияқты «ТҮРКІ ТЕГІ ОДАҒЫН» құру идеясы
08.06.2020
947
0

Біздің көне Түркілердің байырғы мекені Алтай мен Орталық Азия, Оңтүстік Сібір жерлерінде неолит (жаңа тас) және қола дәуірлерінде, ертеде (Иерихан Б.з.б. VII мыңжылдықта) жерді игеріп, тұрмыс-тіршіліктің басталғаны белгілі. Жалпы, ежелгі түркілерді тарихта скиф, сақ, хун-ну, ғұн, үйсін, қаңлылармен тектес ұлыс ретінде қарайды. Ал Ашина тайпасынан шыққан Түркі тегінің ұрпақтарына келсек, тарихта ғұндардың көсемі Мөдеден бастап, Томирис, Атилла, Ертонға, Тоныкөк, Бумын, Мұқан, Естеми, Иоллығтегін, Шыңғысхан, Әмір-Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен сұлтан, Ататүрік т.б. ондаған ірі мемлекет басшыларын, қағандар мен хандарды айтса болады.

Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

э.ғ.д., профессор, академик


Түркі халықтарының сол уақытта саны да соншалықты көп емес, сөйтсе де қалай жарты әлемді басып алды? «Осыншама қуат, күш-құдіретті олар қайдан алды екен?» деген сұрақ туады. Түркі қағанаты 3 мың жылдық тарихымен шығысы Тынық мұхитынан бастап, Корея, Қытай Сунь империясымен қоса алғанда, Вьетнам, Бирма, Комбоджа, Индия, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, бүкіл орта Азия, Сібір, Волга, Каспий, Кавказ, Қырым, Жерорта теңізі, Вена, Тунис, Дамаск, Кайр, Константинополь, Бағдат, Алжирге дейін жарты әлемді алып жатты. Ал жаулап, басып алған халқын алсақ, өзінен ондаған, жүздеген есе көп, содан «Түркі халқының феномені неде?» деген сұрақ туады [16]. Бұл көп факторлардан тұрады.

Түркілерде күтпеген жерден жауға тап беріп, тықсырып барып кенеттен қайта жоқ болып, қайта айналып жойқын күшпен соғатын соғыс тәсілдері күшті болды. Олар әп-сәтте қойға шапқан аш қасқырдай өз жауының ойран-топырын шығаратын. Егер (уақытысында Атиллаға салық төлеп отырған Рим) Рим империясы 9 ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, 13 ғасыр бойы бес қаруын асынып, ат үстінде ойнақ салған түркі жауынгеріне, Түркі империясына қарсы тұрарлық күш әлемде болмады. Қытайдың өзі, оның императоры Цинь Ши Хуанди (221-210) түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын жылдар бойы тұрғызған.

Б.з.д. VI-V ғасырларда Түркі қағанатының әлемдегі ең үлкен армиялардың бірі болған ІІ Кир мен Дарий патшалардың әскеріне қарсы тұруы, б.з.д. VI-V ғасырларда Еуропаны жаулап алуы, ал ХІІІ ғасырда жарты әлемді алуы, бір Құбылайдың өзі ұрпақтарымен Пекинде отырып Қытайды 100 жыл басқаруы және т.б. қуатты әрекеттері – әлемді мойындату дер едім.

Көк түркіден тараған Томирис, Мөде, Бумын, Мұқан, Бейбарыс және тағы да басқа түркі қағандарын, хандарын қосса, ерлігімен әлемді дүр сілкіндіріп, дүниенің төрт бұрышын бақылаған жер иесі – құдіретті империяның сұлбасы көз алдымызға елестейді. Менің ойымша, мұндай ғаламдық жетістікке, күшке ие болу тегіннен-тегін емес, бұл «өркениетке өзгеріс әкел» деген бір Жаратқанның ісі болуы да мүмкін.

Екінші сұрақ туады: «Неге түркі әлемі Рим империялары сияқты осындай империялық мемлекет бола тұра кейін шашырап кетті. Қазіргі түркі тілдес елдердің қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма және өзінің жаңа өркениеттік спиральмен дамуға қандай әлеуеті бар?» деген сұрақтар мені толғандырады.

Бұған біржақты қарауға болмайды, себебі, тарихтан білеміз, әлемде небір империялар болды. Кезінде әлемдік 6 империяның бірі болған Түрік империясында да осы тарихи логикалық үрдіс орын алды.

Түркі халықтарының адамзаттың өркениеттік дамуында алатын орны зор екендігін, әрі оған қосқан үлесі де мол екенін өмір дәлелдеуде.

Түркі ғалымы К.Маршан Түрік өркениетінің бар екенін біріншілердің бірі болып дәлелдеген.

Қазір жалпы түркі тілдес халықтарының саны 200 миллионнан асады. Әрине, бұлар бұрын Еуразия құрлығының әр жерінде шашырамай, бір жерге жиналғанда, қазіргі түркі елдері АҚШ пен Қытайдай аса ірі, дамыған мемлекет болар ма еді? Болар іс болды, мұндай мүмкіндікті біздің тегіміз пайдалана алмады. Оларды бір-біріне айдап салып отырды. Мүмкін, олар бір-бірімен соғыспай, бірігіп басқа елдерді алғанда басқаша болар ма еді?! Қазір бәрі өткен соң жорамалдап айта беруге болады, бірақ, менің ойымша, Түрік империясында көп жылға бағытталған стратегиялық жоспардың сол кезде болмағаны айқын. Қазір ежелгі Түрік қағанаты 6 мемлекет және үлкен-үлкен автономиялар (Татарстан, Башқұртстан, Сақа, Тува, Хакас, Чуваш, алтайлықтар, ұйғырлар т.б.) болып отыр. ХХІ ғасырдағы ендігі мақсат – осы түбі бір Түркі халықтарының басын бір-бірінен алшақта жүрсе де жаңа үрдіспен қалай қосамыз, қалайша интеграциялаймыз? Осыған байланысты қандай идеялар, жобалар бар? Міне, осыларды ойлап, іске асыру қажет деймін.

Шамамен, осы ғасырдың орта шеніне дейін дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер, біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп өркениеттік жолдан сыртқа шығарады. Тек осылай амбициялық мақсат қойып, оған қол жеткізсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың, зиялы қауымның орны өзгеше.

Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық әлеуетін алсақ, жылда өтетін дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың әлі нашар екенін көруге болады. 2019 жылдың жаһандық бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне бір де бір түркі тілдес мемлекет жоқ: Қазақстан 55, Азербайжан 58, Түркия 61, Қырғызстан 96-орында болса, Өзбекстан мен Түркменстанның Давос экономикалық форумына көрсеткіштері енбеген. Ал тереңірек қарасақ, Түркі тілдес елдері денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100-орындамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе, жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.

Біздің түркі тілдес мемлекеттері әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл – біздің генетикалық тегіміз. Уақытысында ата-тегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға әбден болады.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған, әсіресе, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткер­лері білек сыбанып тұрып атсалысу керек.

Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір ғана жолы бар, ол түбі тереңде жатқан рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды бірге көтеру.

Түркі тілдес елдері өздерінің рухани мүмкіндіктерімен өте жоғарғы фазада тұр. Бұл біздің капиталистік елдерден артық басымдылығымыз. Мүмкін, тағдыр біздің замандастарымызға ХХІ ғасырда түркі әлемінің дамуына серпіліс беру арқылы дамыған мемлекеттермен бәсекелес болу үшін осы қадамды жасауға мүмкіндік берген шығар.

Түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаң­ғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын:

  1. Түркі тілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркі тілдес халықтар бірігіп «Түркі өркениетін жаңғырту туралы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Бұл мегажобаның атын «Алға Түркілер – Ашина 2050» деп атаса жақсы болар еді, шыққан көне тегімізді білдіріп тұратын.
  2. Басымдылық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл т.б) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарламалар қажет. Нәтижесінде, Түркі әлемінің 3 мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген 3 мың жылдық тарихты қамтып 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм жасау керек. Бұл фильм – бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді.
  3. Әлемдік деңгейде «Түркістанда ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «көне түркі өркениетінің ашық музей – мәдени қалашығы» салынса.
  4. Түркі мемлекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6 пайызға өсетіндей бағдарлама жасау керек. Жаңа технология, жасанды интеллект, роботизация, интернет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары жасалу қажет. Әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалары, рухани – логистикалық хабтар болуы керек.
  5. Ауылды жаңарту, ауылшаруашылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет.
  6. Түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек (Алматы, Ыстанбұлда т.б. қалаларда). Әртүрлі ғылыми лабораториялар ашу. Мысалы, «Түркі әлемінің генетикалық лабораториясын ашу» т.б. жаңа өркениеттің сұранысына байланысты ғылыми орталықтар ашу. Түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірігіп «үш мың жылдық Түркі тарихын» қайта қарап, тағы бір електен өткізіп, жазып шығып, оны бүкіл әлемге тарату керек.
  7. Жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын ол 6 мемлекеттің және тағы басқа автономиялы республикалар басшыларының осы мәселеге арналған «саммиті» болуы керек. Оған қоса бүкіл түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешімдер және іс-шаралар болуы тиіс.
  8. Жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бірақ жол – ол халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат Еуроодақ (ЕС) сияқты бүкіл түркі халықтарын, мемлекеттерін біріктіріп «ТҮРКІ ТЕГІ» (ТТ) атты одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте «ЕС. НАТО, САО» сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болу керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір