Мереке Құлкенов. Ерлік пен мейірім
08.06.2020
1345
0

(Эссе)

Р. Өтесінов

 Жазушы Рахмет Өтесінов (суретте)  84 жыл бақытты ғұмыр кешті. Мағыналы өмірінің тура жартысын – 42 жылын мүгедек арбасына таңылып, шығармашылықпен өткізді. Яғни, 42 жыл ауыр науқаспен арпалысып отырып, үздіксіз жазды. Соңына мұнайшылар өмірін сомдаған әртүрлі жанрдағы – романдар, хикаяттар, өлеңдер, эссе, естелік, мақалалардан тұратын 11 кітап қалдырды.

Тумысы бөлек, асыл азаматтың жүрек қалауымен таңдаған мамандығы – мұнайшы-инженер болатын. Ол жоғары білімді Мәскеуде Губкин атындағы мұнай институтында алды. Институтты 1951 жылы бітірген жас инженер-мұнайшы Рахмет Өтесінов елге оралған соң ежелгі мұнай кәсіпорны Мақатта әуелі шебер, көп ұзамай мұнай өндіру цехының бастығы болып жұмысқа кіріседі.

Жалпы, талантты да алғыр инженер Рахмет Өтесіновтың мұнайшылық жұмысы бас-аяғы 18 жылға саяды. Ол 18 жылдың ішінде қызмет баспалдағымен біраз биіктерге қол жеткізеді. Комсомол, Қосшағыл (қазір бұл кәсіпорындардың орны ғана жатыр) мұнай кәсіпшіліктерінде басшылық қызметтер (1954-1959) атқарып жүргенде жергілікті жас кадрлардың аяқ алысын жіті қадағалап отыратын сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов 32 жастағы Рахмет Өтесіновты Құлсары аудандық партия комитетіне Бірінші хатшылық жұмысқа жібереді. Соңыра Гурьев облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің өндіріс бөлімінің меңгерушісі сияқты             лауазымды жұмыстарды атқарады.

Рахмет қағаз басты жұмысты тастап, өндіріске кеткісі келіп жүрген. Іздегенге сұраған, 1964 жылы Жаңаөзен мұнай өндіру басқармасы құрылып, басшы болуға өзін ұсынғанда қуана келіскен.

Рахмет Өтесінұлы жаңадан құрылған мұнай өндіру басқармасының басшысы ретінде 6 жыл абыроймен еңбек етті. Ұжымды қолдан құрып, ұйымдастыру кезінде жас басшы бір сәт тыным тапқан емес. Көрші жатқан Құлсары ауданына барып жұмысшыларды жаңа кәсіпорынға жұмысқа шақырғаннан бастап, Жаңаөзенге Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен – Башқұртстаннан, Татарстаннан, Орталық Азиядан, Краснодардан, Әзірбайжаннан, Дағыстаннан, Шешенстаннан тағы басқа республикалардан қажет мамандарды жұмысқа шақырып, олардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай туғызды. Олардың бәрімен бірге туған-туыстай араласып, ағайын болып кетті. Қысы -30-35-тен төмен түспейтін қақаған суық, жазы +50 градустан төмен түспейтін аптап, оған таңның атысы, күннің батысы толастамайтын шаңды борасынды қоссаңыз, жан төзгісіз тозақта еңбек ететін мұнайшыларға қалай тәнті болмайсың! Бұл аймақтың өндіретін мұнайы да табиғаты сияқты қырсық, өндірілуі қиын, құрамында 25% парафин бар. Парафин дегеніңіз, ешкінің майы сияқты +30 градустың өзінде құбыр бойына қатып, мұнайдың шығуына кедергі жасап бітеп тастайды. Кәсіпорын басшысы бұл өзекті мәселемен үнемі айналысып, өндірудің жаңа әдісін іздеп, тыным таппайтын. Сонымен бірге Жаңаөзенге еліміздің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлт өкілдерінің мінез-құлқы да, өмірлік ұстанымы мен көзқарасы да бір-біріне сәйкес келе бермейтін. Рахмет Өтесінұлы Құдай берген байсалды да жайдары әрі кеңпейіл мінезінің арқасында қарауындағы адамдармен қашанда сыйлас қарым-қатынаста болды. Сырттан келгендердің арасында тағдыр талайының тезіне түссе де, адамдығын сақтап қалған ерекше тұлғалар да көптеп кездесетін. Кейін Рахмет Өтесінов оларды көркем шығармаларының прототипіне айналдырды, кейбіреулері туралы мақала жазды.

 «Жаңаөзен» мұнай өндіру кәсіпшілігі 1965 жылы алғаш рет 330 мың тонна мұнай өндірді. Келесі жылы 1,5 миллион тонна, одан 3 миллионға жетіп, өндірістің мерейі үстем бола бастады. Ал 1969 жылы Өзен ел қазынасына 7 миллион тонна қара алтын құйды.

Осылайша қарқынды өсіп келе жатқан Жаңаөзенге қала атағын беруге Орталық та, жергілікті басшылар да асықпады. Айдалаға қала салудың қажеті бар ма, вахталық кент болса жетпей ме деп, пікір білдірушілер де баршылық еді. Алайда 150 шақырым қашықтықтағы Ақтау қаласынан вахталық әдіспен жұмыс істеу отбасылы адамдарға оңайға түспейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Рахметтің өзі де екі жыл бойы салт басты, сабау қамшылы күйде жүрген.

Жаңаөзеннің қала болу-болмауы туралы ұзаққа созылған дау 1968 жылы қалаға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев арнайы іссапармен келгенге дейін созылды. Жоғары мәртебелі қонақ қатысқан ресми жиналыста Жаңаөзен мұнай өндіру басқармасының жас басшысы Рахмет Өтесінов бір сағатқа жуық баяндама жасап, өндірістегі жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді, еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып тұрған жаңаөзендік мұнайшыларға қала атының керек екенін дәлелдеп берді.

Жиналыстан кейін Дінмұхамед Ахметұлы жаңа мұнай өндіріс басқармасының басшысын жеке алып қалып ұзақ әңгімелесіп, қазақ инженерінің білімі мен қабілетіне дән риза болып, оның аты-жөнін ойына түйіп аттанған. Сол жылы Д.А.Қонаевтың ықпалымен Жаңаөзенге қала аты берілді.

Тағдырға не шара, Қазақстанның басшысы келіп кеткеннен кейін бір жылға жетер-жетпес уақытта, 1969 жылдың 28 қазанында Рахмет Өтесінов Ақтауға іссапарға бара жатып, көлік апатына ұшырады. Қасындағы үш жолдасы дін аман.

Бұл тек Өтесіновтер әулетіне келген ауыр қайғы емес еді, бүкіл мұнайшылар қауымымен қатар Қазақстан үкіметі де тікесінен тік тұрды. Үкіметтің келісімімен сол кездегі қазақ мұнай өндірісінің басшылары Сафи Өтебаев пен Бөлекбай Сағынғалиевтер Алматыдан дереу дәрігер шақыртты. Келген дәрігер Алматыға апарып операция жасау қажет деген тұжырым жасады…

Содан Рахмет аға қасында Сақыш апай бар, келесі 1970 жылдың 14 мамырына дейін 7 ай сарылып ауруханада төсек тартып жатты. Дәрігердің: «Өкінішке қарай, енді жүре алмайсыз» деген қатаң үкімінен кейін Рахмет ағаның қандай көңіл-күйде болғанын тек Сақыш апай ғана біледі. Өйткені аурудың беті бірте-бірте бері қарап, төсекте таңылып жатса да, Рахмет Өтесінұлы өзі үшін енді мүлдем басқа өмір басталғанын тез түсініп, іштей шұғыл шешім жасады.

Рухы мықты жандардың басына ауыр қиындық түскенде Құдайдан кейін сыйынатыны қалам ғой. Рахмет аға да бұдан былай рухани сүйеніші болатын қаламын қолына алды. Жазушының тырнақ алды туындысы «Ақиқатқа айналған арман» деген кітабында мынадай жолдар бар:

«Ажалмен арпалысып 2 ай жатқаннан кейін ауру бәсеңсіді. Көңіл сұраушыларды көбірек жіберетін болды. Өзім де әңгімелесуге жарап қалдым. Негізгі кәсібім – кітап оқу. Күндіз-түні оқығасын ол да жалықтырады екен. Бұрын Маңғыстау мұнайы жөнінде ғылыми еңбек бастап едім, көп ұзамай кандидаттық диссертация қорғамақ ойым бар-ды. Жолдастарыма айтып, ауруханаға кандидаттық минимумнан емтихан алатын комиссия шақыратын болдық. Сөйтіп жатып үш емтихан тапсырып, кандидаттық минимумды бітірдім. Тақырыпты бекітуден өткіздім. Тек жазуға мүмкіндік жоқ. Үйдегі материалдарымды алдырып өңдеп, орталық журналдарға мақалалар бастыра бастадым. Парафин мұнайын жинау, тасымалдау мәселесіне арнап кітапша жазып, бастырдым. Газды мұнай өндірісіне пайдалану жөнінде кітапша шығарттырдым. Қайткенде де тірілігімді білдіріп, уақытты босқа жібермеу үшін бар күшімді жұмсап жаттым…» («Қазақстан» баспасы, 1973 ж.).

Жол апатына ұшырап, бел омыртқасы опырылған науқас адамның екі айдан кейінгі жанталас тіршілігі, сүйсінуге тұра ма, жоқ па?! Әрине, рухы мықты адамның жанкештілігі, мұқалмас жігері, қайтпас қайсарлығы кім-кімді де риза етпей қоймас.

Аталған кітаптың келесі бір бетінде Рахмет Өтесінұлы былай деп жазады:

«…Тағы бір жұмыскердің хаттарына қысқаша жауап қайырдым. Хатты жазып үлгеру керек. Өйткені әр үш сағатта сестралар келіп, мені екінші жағыма аударып салады. Етпеттеп жатқанда жазамын да, оң жақ жамбасыма аударып салғанда ойланамын. Әрине, мұның бәрі аурудың бәсеңдеген уақыттарында…».

Міне, ауыр науқаспен алысып жатқан қайсар азаматтың өмір үшін жанталасқан күресі.

Әрине, ол көркем шығармаға барар шығармашылық жолын жолдастарына хат, ғылыми теориялық мақалалар, нұсқаулықтар жазудан бастаған. Мен білетін Рахмет аға өзін біреудің аяғанына, мүсіркегеніне төзбейтін. Өмірінің соңына дейін арбада отырып мүмкіндігін шектесе де, ешкімнен кем емес екенін ісімен де, ой-толғанысымен де дәлелдеп кетті ғой, жарықтық.

Иә, Рахмет аға рухы биік, қайсар адам болатын. Сөйте тұра жаны да жайсаң жайма шуақ еді. Менің ішкі ойым айтады: «Жеке басына қиындық туғанда оның жігерлілігі мен қайсарлығы қанша уақытқа жетер еді, егер жанында жайсаң, мейірбан жандар болмаса?!» Ол тағдырдан қаншалықты зардап шексе де, ізгілік пен мейірімділіктен кемдік көрмеді. Ең алдымен жанына демеу болған, сол қиын-қыстау шақта балаларын, жұмысын ұмытып, қиналып жатқан Құдай қосқан қосағының қасынан қалмай Алматыға бірге келіп, басын сүйеп, шыбын жанын қоярға жер таппай, жеті ай бойы қасында тапжылмай қызмет еткен зайыбы Сақыш Қабдырахманқызының шексіз махаббаты. Ол жолға жиналып та үлгермей, ауыр жарақаттанған күйеуінің басын сүйеген күйі кете барды. Үйде кәрі атасы, шиеттей балалары қараусыз қалды. Ағайын-туыстың, көрші-қолаңның оларға қамқор болатынын біледі, әрине. Дегенмен балаларының үлкені – Хазила 6 сыныпта оқиды, одан кейінгі ұлдары Әбдірхан 11-де, Қабдірхан 9-да, ал кенже қызы – 1 сыныпқа енді барған. Рахметтің жаны қыл үстінде тұрғанда Сақыш артына қарайлай алмады, бәрін бір Аллаға тапсырды… Сөйтіп, орнынан қозғала алмай төсек тартып жатқан күйеуінің «жабыққанда тірегіне, шалқығанда жүрегіне» айналды.

Меніңше, Рахмет ағаның «енді жүре алмайсың» деген қатаң үкімді қайыспай қарсы алуы да Сақыштың қасында болғандығынан. Жалпы Сақыш апай Рахмет ағаның алдына шығып, одан бұрын ешқашан сөйлеген емес. Күйеуінің жұмысына араласып, жағаласып отыру қазақ әйеліне жараспайды деп есептейді.

Алпыс жылға жуық ерлі-зайыпты бақытты өмір сүріп, оның 42 жылын креслода отырып қалған Құдай қосқан қосағының бабын тауып, жағдайын жасап, күйкі тірлікке алаңдамай, бар арман-тілегін шығармашылыққа арнауға мүмкіндік берген асыл жарға, төрт баласын қатарынан кем қылмай өсіріп-өндіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы анаға, немере, немене сүйіп отырған сүйікті әжеге қалай риза болмайсың?!

Бұл Рахмет Өтесінұлының ұзақ та бақытты өмір сүруінің бірінші себебі.

Екінші себеп: Рахметті өмірге құштар еткен, бойына мол жігер берген туған елі мен халқының – қасиетті Атырау мен Маңқыстаудағы, Жаңаөзендегі жерлестері мен әріптестерінің, Доссордағы, Мақаттағы, Құлсарыдағы дос-жаран, ағайын-туыстарының ыстық ықыластары мен тілегі еді.

Ол кезде бүгінгідей дамыған телекоммуникациялық технологияның иісі де жоқ. Үш мың шақырым шалғайда жатқан Жаңаөзенмен телефон арқылы сөйлесу де қиынның қиыны, дауыс бірде естіліп, бірде естілмейді. Есесіне жұмыстас достарынан, ағайындарынан хат дегеніңіз күн құрғатпай келеді де тұрады.

Алматыдағы дос-жаран, туған-туыстардың жөні бөлек, ауырып, төсек тартып жатқан адамның уайым-қайғыға берілуіне мұрша бермей жиі келіп тұруларының өзі бір ғанибет.

 Атақты геолог, академик Шахмардан Есенов, Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің сол кездегі бірінші орынбасары Ғарай Сағымбаев, бала кездегі досы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, Мәскеуде бірге оқыған досы Нариман Айтжанов тағы басқа белгілі адамдар күнде келіп, тән жарасын азайтуға, жан жарасын сездірмеуге тырысып, әңгімелер айтып, әзілмен күлдіріп, көңілін көтеріп кетеді.

Басыңа қиындық түскенде қасыңнан табылатын досқа не жетсін! Бала күнгі досы, тілінен бал таматын шешен Зейнолла Қабдоловтың рухани қолдауын, жылы сөзін сонда ерекше сезінген. Зекең кейде палатаға кіре алмаған жағдайда егілтіп хат жазып кетеді. Қане, біреуін оқып көрейікші:

«Ардақты Рахмет!

Мереке алдында мейірімімізді төгіп терезеге төніп, өзіңді алыстан құшақтап тұрмыз. Сәтімен емделіп, үйлеріңде аман қауышуларыңды жан жүректен тілейміз, аяулы дос! Зейнолла, Сәуле. 6.11.69 жыл, Алматы».

Рахмет Өтесінұлының жазушылыққа батыл бет бұруына алдымен себепші болып жол сілтеген де – қайран Зейнолла Қабдолов.

Әрине, мұнайшы Рахмет Өтесіновтің жазушылыққа келуі кездейсоқтық деген пікір шындыққа жанаса қоймайды. Ол мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеттен Хамит Ерғалиев дәріс береді. Хамаңның әсерімен мектеп оқушыларының дені өлең жазып, айтысқа қатысатын.

Рахмет те Зейноллаға ілесіп өлең жазды, қазақ жазушыларының қолына түскен кітаптарының бәрін оқып шықты.

Кейін мұнайшы болып еңбек етіп жүргенде де, көркем әдебиеттен қол үзген емес. Енді міне, жазуға бел буып үстелге отырып, алдындағы ақ қағазға төніп көп ойланып, көп толғанды. Л.Толстой, Ф.Достоевский, М.Шолохов, М.Әуезов, С.Мұқановтардан бастап, шетел әдебиетін болашақ жазушы ретінде саралап, зерттеп оқи бастады. Жазудың, оның ішінде көркем шығарма жазудың қиынның қиыны екенін қолына қалам алғанда әбден түсінді.

Үйде бұрынырақта лимитпен алып шетінен оқып жүрген 200 томдық дүниежүзі классиктерінің кітаптары бар еді. Бір күні үлкен ұлы Әбдірхан: «Папа, мына кітапты оқып көрші», – деп Теодор Драйзердің томын ұсынды. Рахмет Әбдірханның кітапқұмарлығына іштей риза болып жүретін. Ол үйдегі кітапхананың біразын оқып тастаған. Әкеліп бергені Т.Драйзердің очерктер жинағы, арасында Америка мұнайшылары туралы очерк бар екен. Бас алмай оқып шықты. Таныс тақырып, таныс адамдар… «Ақиқатқа айналған арман» деген атпен 1973 жылы жарық көрген деректі хикаяты сол америкалық жазушының әсерімен жазылған.

Тырнақалды шығармасының қолжаз­басын алғаш оқыған да досы Зейнолла Қабдолов болатын. «Мынауың бір оңды дүние екен, маған салып жіберші, жарық көруіне өзім жауап беремін» деп қатты қуанған… Осы тұңғыш шығармасын жазарда Зейнолладан ақыл-кеңес сұрап жазған хатына жарықтық Зекең өзіне тән мейіріммен былай деп жауап жазған еді:

«Ардақты Рахмет!

…Хатта жазғандарыңның бәрі дұрыс: диссертация да, деректі шығарма да жазуың керек. Екеуі де қолыңнан келеді.

Соңғысын қалай бастаудың ретін сұрапсың. Ретсіз баста! Сонда литературщинадан аулақ, табиғи шығады. Мүмкін бір қызық эпизодтан бастарсың. Я болмаса, өзіңнің мұнайшы болуыңа себептен бастарсың. Мүмкін алдыңда әуелден бір арман, не мақсат тұрды ма екен: туған өлкеңнің тұтқасын (әрине, ата кәсібіңе байланысты) қолыңа ұстап, Архимедше бір жұлқып қалуды аңсадың ба, кім білсін.

Қысқасы, баста, жаз! Ешкімге еліктеп емес, тек қана өзіңше жаз. Сенің өмірің бір ұзақ әңгімеге қайтсе де жетеді. Жаз да хабарлас, маған көрсет. Одан арғы әңгіме нақты да затты (предмет) болады».

Сәлеммен, Зейнолла.

10.06.1971 жыл, Мәскеу.

Қайран, жаны жайсаң ұлы ұстаз! Сіз осы жазған аңқылдаған хатыңмен ғәріп болып жатқан жан досыңа қандай керемет күш, жігер бергеніңізді сол кезде сездіңіз бе екен!

Рахмет Өтесінұлының өмірге деген құштарлығын күшейтіп, жігерлендірген, жазуға құмарлығын оятқан тағы бір рухани күш – жазушылар мен журналистер болды.

Әртүрлі дәрежедегі қалам иелері Рахмет туралы 1969 жылдан бастап 2011 жылға дейін орталық газет-журналдар мен жергілікті басылымдарға очерк, мақала, сұхбат, эсселерді үзбей жазды.

Орталық Партия Комитетінің Бас газеті «Правданың» 1976 жылғы 28 тамызда шыққан нөмірінде басылымның Қазақстан бойынша меншікті тілшісі Бөгенбай Ыбыраевтың Рахмет Өтесінов туралы «Судьбе наперекор» деген очеркі жарық көрді. Соңыра осы тамаша очерк «Сынақ» («Испытание») деректі фильмінің түсірілуіне себепші болды.

Сонымен заманымыздың қаһарманы, қайсар мінездің иесі, атақты мұнайшы, талантты жазушы Рахмет Өтесіновтың жанқиярлық өмірі туралы, қазақ деген халық­тың айрықша бауырмалдығы арқасында бір қиянда жатқан Жаңаөзен қаласындағы халықтар достығы, мұнайшылардың тыныс-тіршілігі, үлкен-кішінің сыйластығы, қазақ отбасының сүттей ұйыған отбасының бақыты, Маңғыстау түбегінде тұрып жатқан қарапайым халықтың ауыр да мағыналы өмірі туралы деректі фильм Орталық телевизиядан көрсетілетін болды.

Ең алдымен Рахметовтер әулеті үшін, содан соң барша қазақ халқы үшін 1978 жылдың 11 наурызы тарихи күн.

Сол күні Бүкілодақ көрермендері тамашалаған «Сынақ» деректі фильмінің беташарын атақты жазушы, КСРО Мемле­кеттік сыйлығының 7 дүркін лауреаты Константин Симонов тебірене сөйлеп ашты:

«Маған бұл фильмнің бас кейіпкері Рахмет Өтесіновтің қазақ халқының байырғы мұнайшы әулетінің өкілі екендігі және фильмнің өн бойында көрсетілетін оқиғалардың барлығы сонау қазыналы өлкеде туып-өскен қаһарман да ержүрек жанның басынан өткен қиын да тағдырлы ғұмырына қатыстылығы керемет әсер етті. Мен мына фильмдегі қарапайым адамның бойындағы қайсарлық пен өжеттік арқылы адам деген ұлы есімнің бағасын асқақтатып тұрғанын түсіндім».

«Сынақ» фильмі Бүкілодақтық телевизиядан көрсетілуінен бір ай бұрын «Экран» бағдарламасынан жаңа телешығарма туралы ақпарат беріліп, хабардың жүргізушісі, көрнекті ақын Роберт Рождественский де өз бағасын берген.

«Сынақ» фильмі кезінде Одақ кинемотографиясы үшін де, қарапайым көрермен үшін де тосын оқиғаға, ғажайып дүниеге айналды.

Фильм 1978 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Лейпцигте өткен деректі фильмдердің Халықаралық байқауында құрметті дипломды иеленді. Америка, Англия сияқты мемлекеттер сатып алды.

Бір күннің ішінде Маңғыстау түбегінің түкпіріндегі Жаңаөзен қаласының қара­пайым тұрғынының есімі Бүкілодаққа белгі­лі болып, даңқы шартарапқа жайылды. Телефоннан маза кетті. Жан-жақтан хаттар толассыз келе бастады.

Рахмет Өтесінұлының жұлдызды шағы, бұл сонымен бірге Сақыш апаның, ұл-қыздарының мерейлері тасыған бақытты кезеңдері еді.

Адам баласына, оның ішінде шығарма­шы­лықпен айналысатын тұлғаға – оқыр­мандар, көрермендер, мәдениет қайраткер­лері хат жазып, тілек-пікірлерін білдіріп, ой бөлісіп, ақылдасып, сырласып-мұңдасып жатса, одан артық бақыт бар ма?!

Жан-жақтан келген хаттардың мазмұны да сан-алуан. Қазақстанның орталық архи­вінде Рахмет Өтесіновке келген 1000-ға жуық хат сақтаулы тұр. Солардың кейбіреуінен үзінді оқыңыз.

«Сәлеметсіз бе, құрметті

Рахмет Өтесінұлы!

Бізге жазған хатыңыз үшін сізге алғыс білдіреміз. Біз хатыңызды бүкіл класс болып оқыдық, балаларға қатты ұнады. Сіздің корчагиндік тағдырыңызды біз бұдан да ертерек білгенбіз, ал Сіз жіберген материалдарды (Ол үшін де көп рахмет!) біз мектебіміздің А.Н.Островский атындағы музейге тапсырдық.

Сізді Жаңа жылыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!..»

Құрметпен, 7 «в» класының оқушылары.

Украин КСР-і Хмельницкий облысы, Шепетовка қаласы №1.

Рахмет Өтесінов

Қымбатты Рахмет Өтесінұлы!

Сіздің ауыр жарақат алғаныңызға қара­мастан, мұнайшылар қатарында қалып «қара алтын» үшін күрес жүргізіп жатқаныңызды «Правда» газетінен оқып білдім.

Сізді сол ерен еңбегіңіз үшін бауырыма басуға, шын жүректен құштармын. Адамдық қасиеттің ең бастысы – кез келген қиын жағдайда өзіңді әлсіретуге, жүйкені күйретуге жол бермеу…

Сіздің басыңызға тап болған кездейсоқ қайғыны шала-шарпы естідім… Сізді Алматыда ақ халаттылар ортасында шығар деп, мекен-жайыңызды іздестірдім… Сіздің жазушылыққа ұмтылғаныңыз өте бір керемет, ғанибет іс болған екен. Мұнай саласында сізге білім, тәжірибе іздестірудің қажеті шамалы.

Маңқыстау өзінше жатқан тың. Мен өткен жылы Түменде болып, олардың мұнай өнеркәсіптерін араладым. Оларда да қиындық жетіп артылады, тіпті өте қиын деуге де болады. Бірақ, Маңқыстау олардан әлдеқайда ауырлау…

Маңқыстауға таяуда ұшпақпын… Мін­детті түрде сізге, сіздің астанаңыз Өзен­ге соға­мын, әрине, сол жерлерге баруға мүм­кін­дік туып жатса. Сіз Өзенге тұрақтап, өте дұрыс істегенсіз. Бұл ауданды игеруге ерен еңбек сіңірдіңіз…

Алғашқы мұнай барлаушылары жөнінде «Олар алғашқылар еді» деген еңбекті жазуды қолға алыңыз. Олардың әрқайсысына 2-3 беттен атқарған істері жөнінде фотосуреттермен берсеңіз, керемет болар еді…

Титков Иван Филиппович,

Кеңес Одағының батыры.

Тула қаласы, Калинин көшесі, 79-үй, 110-пәтер.

 Жетпісінші жылдары Рахмет Өтесінов шығармашылыққа бет бұрып, алғашқы кітабы жарық көргеннен бастап қазақ жазушылары оны үнемі назарда ұстады.

Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Мұрат Әуезов, Оразбек Бодықов, Темірхан Медетбектер хат жазып, жиі хабарласып, рухани қолдап, қамқор көңілдерін білдіріп отырса, Мұхамеджан Қаратаев, Рымғали Нұрғалиев баяндамаларында жылы пікір білдіріп, кітабын жоғары бағалады, өндіріс тақырыбына жазатын талантты жазушы қатарымызға қосылды деп қуаныштарын білдірді.

Жаңа шығармасы туралы Берқайыр Аманшин: «Шын жазушы екенсің, бақытты жігіт екенсің. Осының тек ұзағынан болсын деп тілеймін. Кәдімгі төселіп қалған тарландар құсап еркін сілтейсің, жазуыңды айналайын Ақ Жайықтай сабырлы, сұлу ырғақпен жүргізіп отырғаның ұнайды. Тілің жақсы», –  деп толғанады.

Жетпісінші жылдары «Жалын» баспасында әуелі Бас редактор, кейін директор болып қызмет атқарған жазушы Қалдарбек Найманбаевтың алыста жатқан, мүмкіндігі шектеулі адамға жасаған қамқорлығы жүрекке жылу ұялатады, бөліп айтуға тұратын бекзаттық.

Кеңес өкіметінің кезінде әдеби баспалар жаңа шығарманың қолжазбасын әуелі жоспарға енгізумен айналысады, яғни баспа қоржынына түскен жаңа шығарманы кем дегенде екі қаламгерге жабық пікір білдіруге ұсынады. Дұрыс пікір жазылғанда ғана шығарма жеке кітап болуға лайықты деп есептеліп, жоспарға енеді. Келесі кезеңде болашақ кітапқа редактор тағайындалады. Қолжазбаның ендігі тағдырына редактор жауап береді, бұл жұмысты атқаратын адамдар негізінен жазушылар. Редактор деген мамандық жазушылар үшін ең құрметті жұмыс, өйткені ол қолжазбаның мазмұнынан бастап тілі мен стилінің талапқа сай болуын қадағалайды.

Жаңаөзен қаласында тұратын жазу­шының шығармаларын ерекше ықыласпен жеке бақылауында ұстаған «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев автормен жұмыс істеу үшін Нұрқасым Қазыбеков, Болат Қанатбаев, Жәмилә Құдабаева сияқты қабілетті редакторларды кезегімен іссапарға жіберіп отырды. Бүгін ойлап қарасақ, Қалдарбектей ағаларымыздың авторларға қамқор қолын ұсынған азаматтығына риза боласың.

Еңбегі жанып, бағы ашылып, қызме­ті жақсы нәтиже беріп келе жатқан мұнай­шы-инженердің оқыстан көлік апатына ұшырап, ғәріп болып қалған сәтінде отбасының, дос-жарандарының, жазушылардың, қарапайым жаны жайсаң жандардың қасынан табылып, шарасыз күйге түсіп, уайым-қайғыға мүжілмей басына түскен қиындықты қатепті қара нардай қиналмай көтеріп, жеңіп шығуына себепші болуларының өзінде ұлы ізгілік жатқан жоқ па?!

Олжас Сүлейменов бастаған Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы 1987 жылы қаламгер Рахмет Өтесіновты 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Бұл-дағы жазушының көп жылдық шығармашылық қызметін жоғары бағалап, көрсетілген құрмет еді.

Алматыда Жазушылар одағының конференц-залында 1977 жылы жазушы Рахмет Өтесіновтің тұңғыш рет шығармашылық кеші салтанатты жағдайда өтті. Зал оқырмандарға сыймай кетті.

Кеште сөз алған, Рахмет ағаның бала кезден бірге келе жатқан досы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов:

«Рахмет Өтесінов бүкіл өмір бойы мен айта беретін бір ақиқатты дәлелдеумен келеді. Ол адам баласы азаматтыққа, одан қайраткерлікке, ақыры санаткерлікке жету үшін ардан тууы керек те, арман қууы керек. Біздің Рахмет сондай адам», – деп толғана сөйлеген.

Марқұм Рахмет аға адамдардың өзіне деген шексіз махаббатын сезгендіктен бе, жанына батқан ауыр науқасты сездірмеуге тырысатын. Сақыш апай үйде отырған адам жалғыздықтан сарғайып, құлазып кетпесін деп Рахмет ағаның дос-жолдастарын, іні-қарындастарын жиі қонаққа шақыратын. Рахмет аға қонақтардың арасында жайраң­дап, әңгімесін айтып, аяғына дейін көңілді қалыптан өзгермейтін. «Аға науқасы жанына батса да қонақтарға қиналғанын сездірмейтін, – дейді Сақыш апайдың інісі, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин. – Кейде арбаның шынтақ қойғышын ұстап отырған қолдарының тамырлары білеуленіп, қан-сөлсіз аппақ қудай болып кететін. Ол сонда да жарқылдай күліп, әңгімесін айтып отыра беретін…»

Иә, Алла ерекше етіп жаратқан Рахмет аға қайсарлық пен шыдамдылықтан сомдалғандай асыл жан еді ғой. Ол қаламгер­лермен сұхбаттасқан кезде: «Американың президенті Рузвельтке «Құдай сізді не үшін жазалады?» деп сұрағанда: «Құдай күнәлілерді ғана жазалайды, ал маған сынақ жіберіліп отыр» депті ғой», – деп жұмсақ жымиятын. Сол Алла-Тағала жіберген сынақты Рахмет ағамен бөліскен ізгі жүректі адамдарға да шын жүректен риза боласың.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір