Болат ШАРАХЫМБАЙ: БІЗДІҢ ӘР ЖАЗҒАН ШЫҒАРМАМЫЗДАН ЖУСАННЫҢ ИІСІШЫҒЫП ТҰРУ КЕРЕК
07.06.2020
1415
1

Болат Шарахымбай

Ақын Болат Шарахымбай есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Аса қадірлі Қадыр Мырза Әлінің өзі «қазақтың ақбөкен ақыны» атаса, аты мәшһүр неміс Герольд Бельгер «Шарахымбай всех шарахнуль» деп шынайы бағасын берген. Ал замандастары оны «Қазығұрттың кісікиігі» деп таниды. Оның қай өлеңін алсаңыз да өршіл мінезі, асқақ азаматтық үнімен қоса, қайшылықты жұмбақ болмысы менмұндалап тұрады. Осылайша әдеби майданда өсіп-өніп, алдыңғы толқын ағалардың тәлім-тәрбиесін көп көрген Болат ақын бір кезде өлеңге берген сертінен айнымай, әлі күнге «жүрек қылын нәзік тербетіп» келеді. Өлеңдерінен даланың иісі, таулардың тылсым әуені естіліп тұратын, биыл алпыс деген аға жасқа келіп отырған қазақ жырының ақбөкенімен аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

Біздің ауылды аңыздардың отаны десе болады

 – Болат Шарахымбайдың қандай ақын екенін білетіндер көп болса да, қандай ортада өскенін білетіндер аз. Сұхбатымыздың біссімілләсін туып-өскен жер, тәрбие алған орта жайлы әңгімеден бастасақ?

– «Табалдырықтан асқан тау жоқ, туған жерден биік тұғыр жоқ» деп бекер айтпаған ғой бұрынғылар! «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?..» деген аңыз-әпсананы естімеген қазақ жоқ шығар, тегінде. Міне, мен сол аңыз таудың баурайында туып-өстім, – Темір Қақпа аталатын ауылда.

Темір Қақпа өзінің географиалық орналасу тұрғысынан ерекше ауыл – дала мен таулардың дәл тоғысқан жерінде тұр. Дәл осы жерде тау мен дала кездесіп, табысқандай құдды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл кент ерте замандарда Жібек жолы бойындағы бекет болыпты. Бұл ауыл, сонымен бірге Молда Қақпақ деген атпен де әйгілі. Неге Молда Қақпақ? Себебі ауылдан ерте замандардан бері оқыған, сауаты мол азаматтар, молда-имамдар, Мекке-Мәдинеге барып, қажы атанғандар, мешіттер салдырып, олардың жанында бала оқытқан көзі ашық адамдар көп шығыпты. Мысалы, өзімнің төрт атам – Жиенәлі, Шайгөз, Жанбота, Мырзабайлар қажылық парызын өтеген тақуа адамдар болған. Оның ішінде Жанбота атамыз қажылыққа бір емес, екі рет барыпты. Бірақ, неге екенін білмеймін, біздің жақта оны соншалық мақтан қылмаймыз.

Ауылдың тура түбінде биік тау бар. Оны жергілікті халық Заңғар дейді. Заңғарды кейде Сұңқартас деп қосымша атай береді. Тауды қақ жарып асау өзен ағып жатыр. Осы суреттен-ақ табиғи сұлулықты елестете беріңіз. Біздің ауылды аңыздардың отаны десе болады. Мысалы, Сұңқартастың ең ұшар басында қатар жатқан қос қазаншұңқыр бар. Іші тастармен толтырылған. Шұңқырдың кереметі – қыста қар тұрмайды, үстіне түскен қар сол сәтте-ақ еріп кетеді. Айналасын қар көмкерген шұңқырдың іші кәдімгі қолдан сызғандай дөп-дөңгелек болып жатқанын көресің. Аңыз бойынша, мұнда алпыс құлаш ана Айдаһар мен алты құлаш бала Айдаһар жатыр-мыс. Және жай жатқан жоқ, бауырына алтын басып жатыр. Ал енді оның қарама-қарсы бетінде жалғыз ағаш өсіп тұр. Тамырлары білеу-білеу болып сыртқа шығып жатады. Бұл әулие ағашты жұрт Кәтіреңке деп атайды. Әулие ағашты ң тап қасында Үңгіртас орналасқан. Бұл жерге адамдар зиярат етуге келеді. Олар Үңгіртастың ішінде шырақ жағады, Тәңірден тілек тілейді, Әулие ағашқа шүберек байлайды. Қариялардың айтуынша, бұл Үңгіртаста ерте замандарда көне кітаптар сақталған екен. Ол кітаптар бертінге дейін сақтаулы тұрған. Қазір ұшты-күйлі жоқ. Қайда кетті, кім қолды етті, ешкім білмейді. Аңыз түбі – ақиқат деп жатады ғой, кім білсін?..

– Сіздің айтып отырғаныңыз тұнып тұрған тарих қой. Мұны естіген өлкетанушылардың өзі қайран қалатын шығар?!.

– Өлкетанушы дейсің бе?.. Олардың бар-жоғынан мүлдем хабарсыз екенмін. Мен бұл әңгімелерді алдында әжемнен естіп, кейін әкемнен үйрендім. Біздің аталарымыз үйір-үйір жылқы, қора-қора мал ұстамаса да тұрмысы жақсы, әл-ауқатты болғанға ұқсайды. Атамыз Шарахымбай ел басқарған белгілі адам болыпты. Біз оны көргеніміз жоқ, небәрі қырық бес жасында қайтып кеткен. Бірақ халыққа істеген жақсы істері әлі аңыз. Осы атамыз Тұрар Рысқұловпен дос-жаран болып, араласып тұрған екен. Әжеміз Өтебике суырыпсалма ақын екен. Жалпы, әжеміздің туыстары шетінен «сен тұр, мен айтайын» айтыскер ақындар. Ең атақтысы Сүйіндік Омаров – Қазығұртта оған тең келетін ақын болмаған.

Ал әкем Жұмын таза ақсүйек кісі еді. Аз­да­ған ақындығы, серілігі бар еді. Саусақ­тары сүйріктей ұзын болатын. Үй шаруасына мүлдем қыры болған жоқ. Жастау кезінде есіл-дерті кітап болып, көп оқыпты. Менің есімде қалғаны, қалаға шықса бір шамадан қып кітап көтеріп келетін. Ол да «жазумен» ауырды, ептеп өлең де жазатын. Мамандығы бойынша бухгалтер және тарих пәнінің мұғалімі. Азамат ретінде ауылдың проблемасын көп көтерді. Тіпті, полигон мәселесін айтып сол кездегі КСРО Қарулы Күштер министрі Язовқа дейін хат жазған. Сөйтіп штабы Ташкентте орналасқан Орта Азия әскери генералитетін бір шулатқаны бар. Айтпақшы, әкемнің 60-жылдары Қаратас (қазіргі Қазығұрт) аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған кезі де болған. Сол кезде қызметте өсуге де мүмкіндігі болыпты, бірақ аурушаң анасының көңілін қимай, ауылға оралыпты. Ауылда өмір бойы ұжымның бас есепшісі болып қызмет істеді.

Сондықтан әкеміздің көп уақыты жұмыспен өтетін де, үйге онша қарамады. Ал ол кісінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, біздің тәрбиелі азамат болып өсуімізде анамыз Қаншайымның еңбегі орасан. Иә, әкеміздің достары да көп еді. Өзі ауылда тұрса да зиялы қауыммен көп араласты. Комсомол жетекшісі, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловпен ағалы-інідей болды. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Омарбай Малқаров, Қаныбек Сарыбаев, Тұтқабай Иманбеков, аты аталғаны бар, аталмағаны бар, көптеген ақын-жазушылармен дос-жаран болды, сыйласып тұрды. Осы кісілердің баршасы біздің қарашаңырақта, анамыздың дастарханынан дәм татқан. Кейде апталап қонақ болатын. Өйткені әкем әдебиетке жақын жүрді, әсіресе өлең оқығанды жаны сүйетін. Көптеген ақындардың жырларын жатқа оқыды, тіптен ол Қ.Тұрсынқұловтың «Жолдас, хатшы!» деген повесінің бас кейіпкерінің прототипі болған адам.

Бәрін айтып, ең бастысын айтпаппын ғой. Әкеміз шахматты керемет шебер ойнады. Шебер ойнағаны сонша, Оңтүстік Қазақстан өлкесінің (ол кезде Оңтүстік өлкесінде Шымкент, Жамбыл, Қызылорда кіретін) бірнеше дүркін чемпионы болған, республикалық біріншіліктерге қатысқан кісі. Бала кезден тағы бір есте қалғаны, әкемізді Ташкенттен, Шыршықтан, Шымкенттен шахматшылар үзбей іздеп келіп жататын. Әкеміздің заманында Қақпақ «шахматшы ауыл» деген атқа ие болған. Қазір әкеміз де, анамыз да арамызда жоқ, үш-төрт жыл болды – бақи дүниеде.

– Ешқандай «изммен» былғанбаған арманшыл, алғаусыз ауыл баласын Алматы қалай қарсы алды? Өркениетке бірден сіңіп кеттіңіз бе, әлде қиыншылықтар кездесті ме?

– Біз «Ташкен көрген» ауылдың баласы боламыз. Қаланың кейбір құпиялары біз үшін соншалық таңсық емес. Оңтүстікте «Ташкен көрген» деген ұғым бар, пысық деген мағынада. Мен Алматыға келгенде газеттерде жарық көрген мақалалар мұқият сақталған екі папка және бес-алты қолжазбамды айтпағанда, қолымда өлең толы төрт дәптерім болды. Ол кезде журналистика факультетіне құжат тапсырсаң, алдымен шығармашылық конкурстан өткізетін. Газет тігінділері сол конкурс үшін керек еді. Алайда журналистикаға құжат тапсыру маған оңай болған жоқ. Алматыда әкемнің жалғыз інісі тұратын, ол ауыл шаруашылығы институтында қызмет істейтін еді. Ағасы екеуі ойласып, мені өзі істейтін институтқа түсірмекші болған екен. Сөйтіп, менен болашақ колхоз бастық дайындамақ болыпты. Ағам мені әбден үгіттеді. Бірақ мен журналист боламын деп отырып алдым. Негізгі арманым – ұлы жазушы болу. Ал ақын болудың төте жолы – журналистика факультетіне түсу деп ойлайтынмын. Ол кезде ақын, жазушы болғысы келетіндердің бәрі осылай ойлайтын. Кілең романтиктер еді! Алайда жолым болмады. Доцент ағам да ештеңе шеше алмады. Басым салбырап ауылға қайттым. Колхозда істедім, бастауыш комсомол ұйымына жетекші болдым. Келесі жылы тас-түйін бекініп журналистикаға қайта құжат тапсырдым. Тағы да соңғы сәтте сүріндім. Енді ауылға баруға бет жоқ. Әйтеуір күзге дейін шыдап, ағамның көмегімен Шет тілдер институтының дайындық бөліміне орналастым.

Ол кезде барлық жастар Айбергеновпен, Шахановпен, Мақатаевпен «ауырады». Мен де солардың «вирусын» жұқтырып алғанмын, есіл-дертім өлең. Күндіз-түні жаза беремін, жаза беремін, сабаққа зауқым жоқ. «Общая тетрадь» деген қалың дәптер болатын, соның оншақтысын толтырған шығармын.

Бір күні тәуекел деп өлеңдерімді «Жас Алашқа» алып бардым. Етек-жеңі келіскен бір кісі оқып көріп, қай жақтан екенімді сұрады. Сосын бірнешеуін таңдап алып қалды. Бірақ өлеңдерім сол күйі шыққан жоқ. Кейін білдім ғой, мені қабылдаған Сайлаубек Жұмабеков деген ағамыз екен. Біраз уақыт өткен соң бұл кісімен «Қазақ әдебиетінде» қызметтес болдық. Жазушылар одағында істейтін Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз арқылы Тұтқабай Иманбеков пен Ибрагим Исаевтың алдынан өттім. Бірақ бір де бір өлеңімнің жолы болмады. Бәрінің айтатыны: «Сезім жоқ, лирика жоқ», – дейді. Содан мойным салбырап жатақханаға қайтамын. Содан кейін сап тыйылмасам да, өлең жазуды біраз саябырсыттым.

Арада көп өзгерістер орын алды. Институттан әскерге алып кетті. Әскерден кейін оқуымды қайта жалғастырып жүргенде, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды. Оның да салқынын сезіндік. Одан кейін басқа жұмыс таппағасын, орыс мектебіне қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Мәскеуден келген шүрегей Колбиннің «қостілділік» саясатына алданып, жылдық қорытындыда шектен тыс «екілік» шығарып, «ревалюционер» атанғаным тағы бар. Қалалық оқу бөлімінің басшысы араласып, 17-ге әрең түзеткенмін. Осы мектепте жүргенде ғой, орыс және аралас мектептерінде қазақ тілі пәнінің проблемалары жайында жазған мақалаларым «Жас Алаш», «Өркен – Гаризонт» газеттерінде шығып жүрді. Сөйтсем, жазғандарымды «Ана тілі» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Жарылқап Бейсенбаев ағамыз оқып жүреді екен. Редакцияға барған мені көрген бойда бірден газетке шақырды. Міне, «орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы, қазақтың бас қаласы» Алматы осылай қарсы алған бізді.

Еркіндігің де, ақындығың да барға байлаулы, ақшаға тәуелді

 Ауылдан Алматыға алып келген бүкіл қолжазбаларыңызды бір төбе қылып үйіп, өрт жіберіпсіз, сол рас па?

– Қазір сол ойланбай істеген ісіме қатты өкінемін. Есіме түссе, жүрегім ауырады. Тіпті, сенсеңіз де, сенбесеңіз де, түсіме кіре­тін болып жүр. Түсімде өртке оранған өлеңдерім шыңғырып жылап жатқандай болады. Оны өртегім келіп өртеді дейсің бе? Бәрі жоқшылықтың, кедейшіліктің кесірі ғой.

– Сонда да оқырман үшін айтып беріңізші?

–Тәуелсіздік алған соң еліміз ең ауыр кезеңді басынан кешіп жатты емес пе?! Менің «Өркен – Гаризонт» газетінде жүрген кезім. Бас редакторымыз Бейбіт Исабай. Дүкендер бос, тамақ жоқ, киім жыртық. Жоқтық әсіресе қолына қалам ұстағандарға қатты батты. Жасыратыны жоқ, дастарханға қоятын нан таппай қиналған кездеріміз болды. Қазір оны сөз ету, біртүрлі ұят сияқты, мүмкін емес секілді, алайда менің айтып отырғанымның бәрі рас. «Тоқ бала, аш баламен ойнамайды» демекші, аш адам ашуланшақ, ашынғыш болады екен, көзі көрмей қалады екен. Ал рухани дүние дегеннің көк тиындық құны қалмай қалатынын сонда түсіндім. Оқыған кітабыңның да, жазған дүниеңнің де ешқандай құны жоқ. Пушкин есіңде ме, не деп еді? «Мен ақшаны сүйемін, өліп-өшіп сүйемін. Тіпті оған ғашықпын. Ақшам жоқ болса, мен ешкім емес екенмін, ақшам болса, мен Пушкин екенмін, соны түсіндім» демеуші ме еді? Өзі байдың баласы, өзі ақсүйек, өзі ақын, өзі бикелердің сүйіктісі Пушкин жарықтыққа осылай дегізген не? Жоқшылық пен жомарттық. Жоқ адам қалай жомарт болады?! Қалтасы тесік ақын қалай еркін жүреді?! Жүре алмайды. Еркіндігің де, ақындығың да барға байлаулы, ақшаға тәуелді. Үйіңде әйелің мен үш балаң бұратылып аш жатса, ақындығыңнан не пайда?! Мұндайда басқа ештеңе кірмейді екен. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Үй деген жай аты, әйтпесе қуықтай екі бөлме. Пәтерақы удай қымбат, жалақым басқа тартсаң – аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейді. Өрімдей үш бала, ешкім маңына жолатпайды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, сол жылы ойламаған жерден от шығып пәтеріміз түп-түгел жанып кетті. Сөйтіп дымсыз қалдық. Өрттің неден шыққанын комиссия тексерген сияқты болғанымен, себебін бәрібір таба алмады.Мұндай сәтте ішек-қарыны араласып жүретін жора-жолдас, ағайын-туыс дегендер жоламай қояды екен. Менің басымнан өткен жағдайды, Құдайым ешкімнің басына түсірмесін…

Аш адам не істемейді? Вагон да түсірдім, мектептің ауласын да сыпырдым, істемегенім жоқ. Ол кезде біреуден көмек күтудің өзі ұят еді. Өз күндерін әрең көріп жүргендер біреуді қалай жарылқай қойсын. Қарызға да белшемнен батып қалғанмын. Не істеу керек? Бір жақтан өмірімнің мақсатына айналған асқақ арман, екінші жақтан аш-жалаңаш тағдыр. Мен екінші жолды таңдадым. Әрине, таңдау оңай болған жоқ. Сөйтіп, жұмыстан босау туралы арыз жаздым да, базарға шығып кеттім. Әрине, сабырға шақырғандар, ақымақтық істемеуімді сұрағандар көп болды. Жеме-жемге келгенде мені ешкім тоқтата алмады. Жалпы, бір нәрсені ойға алсам, соны аяғына жеткізбей қоймайтын қыңырлау мінезім бар. Әкеме тартқанмын. Жоқтыққа душар еткен тағдырыма ыза болғаным сонша, енді қолыма қалам ұстамауға бекіндім. Сосын сол кезге дейін жазған, сызған қолжазбаларымды, өлең дәптерлерімді, газет тігінділерін ауланың ортасына бір төбе қылып үйдім де, от қойып жібердім. Сонда лаулап жанып жатқан қолжазбаларыма қарап отырып, ызадан көзімнен жас ыршып түскені әлі есімде…

Менің алғашқы ұстазым – ауыз әдебиеті

– Сіздің ұғымыңыздағы өлең, ол не? Өлең қайдан туады?

– Маған бұл сұрақты жиі қояды. Сол кезде кәдімгідей ойланып қаламын. Өлең өндіріс пе, өнер ме? Мүмкін, ғылым шығар? Әлде, өмірдің өзі ме? Бұған талай ақылды бастар жауап беруге тырысқан. Бірақ әлі күнге дейін бір тоқтамға келген емес. Меніңше, бір тоқтамға тоқтамайтын да шығар. Себебі өлеңнің белгілі бір ережесі жоқ. Ал ақылдың шегі бар. Яғни, өлең – ақыл тоқтаған жердегі тылсымнан пайда болатын құбылыс. Өмірмен етене. Мысалы, жауып тұрған жаңбыр, жапалақтап түскен қар, аспанда көшкен бұлт, үзіліп түскен жапырақ, түнгі жұлдыздар, ай мен күн, осылардың әрқайсысының өз үні, өз дауысы, керек десеңіз, өз тағдыры бар, өз үйлесімі бар. Тек ырғағын, контантасын, динамикасын, тетігін дәл басып, сөзге айналдырсаңыз болды. Ол жай сөздер тізбегі емес, бейнелі сұлу сөздер болу керек. Осы жерден өмірге жан бітеді, сөйтіп өлеңге айналады.

Кейде өлеңді талдағанда біреудің тақырыбы, біреудің ойы, біреудің тілі, біреудің формасы жақсы екен деп жатамыз ғой. Шын мәнінде, ол дұрыс емес, өлеңде осының бәрі біртұтас болып, жұмырланып тұруы керек. Қиял, ой, тіл бір арнада қосылмаса – өлең жоқ. Ол құр сылдыр сөз, жансыз мүгедек өлең. Мүгедек өлеңнің мінсіз өлең емес екенін оқырманға дәлелдеудің қажеті жоқ шығар.

Мен сізге мынадай бір мысал келтірейін. Біздің жақта инелік аталатын бір жәндік бар. Өзі гүлден де нәзік, салмағы да жоқ, ғұмыры да тым қысқа. Гүлден де нәзік деп бекерге айтып отырған жоқпын. Инелік гүлге қонғанда салмағы сезілсе, сол майысқан жерде өлең туады. Өлең дегеніміз, шамамен – осы.

Сол инеліктің салмағын сезініп, жүрегі­нен өткізіп, оны лира тілінде жеткізе білген адам – ақын!

– Кімдерді ұстаз тұтасыз? Кімдерді жиі оқисыз?

– Менің алғашқы ұстазым – ауыз әдебиеті. Біздің үйде кез-келген коллекционер қызығатындай кітапхана қоры болды. Кітап жинауды алғашқыда атам бастаған екен, кейін әкеміз жалғастырды. Кітапханада қазақ, орыс, өзбек тілдерінде небір кітаптар бар еді. Мысалы, ақындардан Әлішер Науаи, Омар Хаям, Физули, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Маяковский, Блок, Фет, тізіліп тұратын. Соның ішінде «Батырлар жыры» деген салмақты кітапты таласып оқитын едік. Марқұм әжеміз бастаған үлкендер бізге дауыстатып оқытып қоятын да, өздері ұршықтарын иіріп отырып, мұқият тыңдайтын. Соның арқасында «Батырлар жырын» түгел жаттап алдық десек болады. Кейін мектепте Абай мен Махамбетті оқыдық. Үйге Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Қаныбек Сарыбаевтар келе бастағанда осы ақындармен «ауырдық». Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиевпен де «ұшынған» кезіміз болды. Орыс классикасымен де осы кезде таныса бастадық. Бұлардың бәрі алғашқы еліктеу, солықтау, солардың әсерімен өлең жазу машығын үйрену еді. Өзі де солай емес пе, ешкім аспаннан салбырап түсіп бірден өлең жазып кетпейді ғой. Қолыма қалам ұстаған кез келген талапты жас алдындағы біреуге еліктейлі, содан үйренеді, соның әсерінен шыға алмайды. Ол түсінікті де. Бұлардың әрқайсысы маған үлгі болды, жол көрсетушілерім болды, бірақ ұстазым болды деп айта алмаймын. Менің нағыз ұстазым – ауыз әдебиеті.

Жазуды жаңа бастаған шығармашылық адам үшін еліктеу дұрыс десек те, бұл мәселенің екінші жағы бар: ол еліктеуден жол тауып шығып, өз үнін таба ала ма, жоқ па? Мәселе осында.

Екінші сұрағыңа келсек, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ғалым Жайлыбайды айтпағанда, Светқали Нұржанов, Маралтай бастаған үзеңгілес ақындарды қолдан келгенше қадағалап оқып жүремін. Меніңше, бұл ақындар бір-біріне ұқсамайды, қайталамайды, сондықтан да өзім үшін қызық.

Жастыққа өршілдік те, максималистік те, тіпті қателесу де тән

– Жастар шығармашылығымен таныссыз ба? Жалпы, жастар дегенде сізді не нәрсе айрықша толғандырады?

– Шынымды айтсам, мен жастардан гөрі өз буыным туралы көбірек білемін, өз қатарластарымның шығармаларымен көбірек таныспын. Керек десеңіз, олар туралы сағаттап әңгіме соғуға бармын. Себебі әдебиетке қатар келдік, шығармашылық дегеннің ыстық-суығын бірге көрдік, азабын бірге тарттық, қуанышын бірге бөлістік. Өз басыңнан өткен ситуацияның адамға әсері үлкен. Сондықтан жастардан гөрі өз қатарластарым маған қызғылықты. Өйткені рухани тұрғыдан жақынырақ, уақыт тұрғысынан түсініктірек.

Ал жастар міндетті түрде өз жаңалығын ала келеді. Жаңалықтың бәрі шедевр емес қой. Оларға бірден тамсанып, аһ ұрмаймын, ол табиғатыма жат. Байыппен саралап қарауға тырысамын, алыстан бағамын.

Бұл жерде бөтен ой тумауы керек. Мен жас таланттарды, «албырт данышпандарды» жақсы көремін. Танитыным бар, танымайтыным бар, жазған-сызғандарына, өлеңдеріне қарап, сырттан көз салып, тілеулес болып жүремін. Арасында жаныма жақын тұтатындарым да жоқ емес. Реті келсе, көңіл-қошымды білдіріп, қолдау көрсетемін, талантты «тентектің» талабы қайтпаса екен деймін, кейде қолтығына қанат бітіру үшін қошеметтеп қоятыным да бар. Рас, кейде тәжірбиесіздіктен ойланбай ағаттық жіберіп алған сәтін көрсем, уағында жөндеп жібергім кеп тұрады. Оны түсінетіндер бар, түсінбейтіндері бар, егер түсініп қабылдаса, кәдімгідей риза болып қаламын.

Жастың аты – жас қой. Жастыққа өршіл­дік те, максималистік те, тіпті қателесу де тән. Оның жастыққа тән өз жарасымы бар. Керек десеңіз, албырттықтан да өзгеше бір нұр құйылып тұрады. Сондықтан менің пайымдауымда жастыққа шектеу жоқ, бірақ ешбір шындықтың абсолютті емес екенін ұмытпауымыз керек.

– «Бізге жаңа әдебиет, жаңашыл жастар керек» деп шулағанымызға біраз болды…

– «Бізге жаңа әдебиет керек» деп шарқ ұрып, шырылдағандардың бірі – Асқар Сүлейменов пен Зейнолла Серікқалиев болатын. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Жаңа әдебиет әне келеді, міне келеді деумен екі көзіміз төрт болды. Кескіндері, ұшқындары бар, әрине, бірақ өзі әлі жоқ. Прозада Дидар Амантай, поэзияда Ерлан Жүніс бастаған «постмодернистер» легі біршама төбе көрсетіп қояды. Бірақ, Дидардың өзі айтқандай, қазақ прозасы Мұхтар Әуезовтің шекпенінен шыға алмай қалса, қазақ поэзиясы Абай мен Мұқағалидың мектебінен қара үзе алмай отыр.

Иә ізденіс бар, талпыныс бар, құлшыныс­тан да құр алақан дей алмаймыз. Прозада жаңа форма жасағысы келеді, поэзияда төңкеріс жасасам дейді. Өкінішке қарай, ізденістің бәрі тек талпыныс күйінде қалып отыр. Осы жерде бір ой айтайын. Мейлі, ол модернизм бола ма, постмодернизм бола ма, бәрібір, тек жаңа форма ғана жаңа дәуірді ашып бере алады. Жаңа дәуір – жаңа мән, жаңа мағына, жаңа стиль, жаңа талғам алып келеді. Жаңа мән-мағынаны ашу үшін жаңа мәтін, жаңа стиль керек. Мұны айтып отырған себебім, біз жаңа дәуірде жаңа қарым-қатынасты бастан кешіріп отырған ұрпақпыз. Жаңа дәуір, жаңа дәуірдегі жаңа қарым-қатынастың мәнін ашудың өз әдеби философиясы болады. Осы философияның мәтінін тапсақ, қазақ әдебиеті, оның ішінде проза мен поэзия қарыштап дамиды.

Біздің жастар Батысқа тым әуес. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Бұл әуестікті дұрыс деп те, дұрыс емес деп те айтуға болады. Дұрысы – жастар ізденісте, жылт еткен бір жаңалық тапқысы келеді. Бұл ізденістердің кері әсері де бар. Батыстың ізіне түскен ізденуші ұлттық «менін» жоғалтып алуы мүмкін. Сонан соң Батыс осымен үшінші рет тоқырауға ұшырап отырған өркениет екенін ұмытпайық. Батыс әдебиетінің сыртқы формасында мін болмағанымен, адам жанының түкпірін ашуда кемшіліктері жеткілікті. Өйткені Батыс технократияға тәуелді, тіпті адам жанына да технологиялық призма өлшемімен қарайды. Ал қазақ әдебиетінің ұстанатын жолы бұл емес, адам жанының түкпірін ашу болса керек. Жүрек ілімі деген осы. Яғни, біздің әдебиетіміздің жүретін жолы «қайырымды қала тұрғындарын» тәрбиелеп шығаруды арман еткен әл-Фараби жолы мен «толық адам» ілімін ойлап тапқан Абай жолы болу керек. Егер әдебиет философиясын осы мәтінде қалыптастыра алсақ, онда қазақ әдебиетінің күні туады деп есептей беруге болады.

–Жазуды жаңадан бастап жүрген кейінгі толқынға қандай кеңес бересіз? Олар нені жазу керек, нені жазбау керек?

– Байқадың ба, байқамадың ба, қазіргі жас ақын-жазушылар бәрі бір инкубатордан шыққандай бір-бірінен аумайды. Ұсқындары, пошымдары бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай ұқсас. Құдды шенеуніктер сияқты сыздиып киінеді, буынып галстук тағады, шіреніп жүреді. Сен қалай ойлайсың, неліктен бұлай болды?.. Міне, міне, мен де білмеймін. Өстіп жүріп барлығы қазақ әдебиетіне реформа жасағысы келеді, бірақ өзінің миына реформа жасау керектігі туралы ойланбайды да.

Сұрағыңа байланысты мынаны айтайын. Шығыстың ғұлама ғалымы Жалаладдин Руми қалдырған жазбаларының бірінде: «Құраннан Алланың иісі, хадистен – пайғамбардың иісі шығып тұрады. Ал біздің сөйлеген әр сөзімізден, әр істеген ісімізден өз халқымыздың иісі шығып тұруы керек» деп жазыпты. Елін-жерін сүйетін, халқын қадірлейтін шын азаматтың сөзі. Ендеше, біздің де әр жазған өлеңімізден, шығармамыздан, әр түсірген киномыздан, бейнебаянымыздан, әр істеген ісімізден, қимыл-әркетімізден, әр ойлаған ойымыздан, сөйлеген сөзімізден, айтқан әнімізден, шығарған музыкамыздан даланың жусаны бұрқыраған қазақтың иісі шығып тұрса деймін. Орыстың, қытайдың, кәрістің иісі шығып тұрғаннан бізге түк пайда жоқ.

Жастарға беретін кеңесім – осы! Нені жазу, нені жазбау керектігін төреші болатын мен емес, Тәңірі!

–Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рақмет. Алпысқа келген аға жасыңыз құтты болсын!

Сұқбаттасқан 
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.06.2020 | 12:41

ой сабаз-ай. Сенің жазғаныңнан ни то что жусан, арақ иісі аңқиды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір