Эльбурстың етегінен келген ел
15.05.2020
663
0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Людмила Хочиева – балқар қызы. Оның ата-бабалары Солтүстік  Кавказда, Эльбрустың етегінде өмірге келіп, сол таудың баурайында ғұмыр кешкен еді. 1944 жылы қазақ жеріне қоныс аударған балқарлардың ұрпағы – Людмила Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Людмила бізге балқар жұртының басынан өткен сұм заман туралы әңгімелеп берді.

– Людмила ханым, әңгімемізді өзіңіз туралы әңгімеден бастасақ… 

– Ұлтым – балқар, Қап тауы – атажұртым. Туып-өскен жерім, отаным – Қазақстан. Қазақ елінін әр адамы, әр тасы мен үшін аса қымбат. Қандас бауырларымның осы жерге тамыр жайып, тілі, салт-дәстүрі ұқсас, діні бір қазақ халқымен бірге тұрып жатқанына да талай уақыт өтті. Бұл күнде қазақстандық балқарлардың алтыншы ұрпағы бесігінде іңгәлап жатыр. Ата-бабаларым Солтүстік  Кавказда, Эльбрустың етегінде өмірге келіп, сол таудың баурайында ғұмыр кешсе керек… Біз – 1944 жылы жер аударғанда Эльбрус тауынан тарыдай шашыраған тау халқынын бір бөлшегіміз. Тағдыры талқыға түскен кім-кімнің де өсіп, өркен жаюы тап болған жерінің құнары мен нәріне байланысты. Біздер құнарлы топыраққа түсіптік.

         – Балқар халқының әлеуметтік құрылымы мен этникалық құрамы қандай болды? Ұлт тарихындағы күрделі кезеңдер қай кезден бастау алады?

– Әзәзілдің шырмауына тұтылған ежелгі нарттардың елі – балқар халқының жері. Балқарлар Қап тауының ең биігі – Эльбрусте өмір сүріп жатқан халықтың бірі. Орталық Кавказдың тау бөктері мен шатқалдарына орналасып, тау өзендері мен тармақтарын жайлаған өр ұлт – осы балқарлар. 1827 жылы ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік таулық әдет-ғұрпы мен әлеуметтік құрылымын, шариғат жолын және мұсылман дінін сақтай отырып Ресейдің құрамына енді.

   Сонау ерте кезеңнен көршілес жатқан кабардиндермен, свандармен, грузиндермен араласа тіршілік етіп келеді. Ежелгі тіршілігінің басты көзі – мал  шаруашылығы болған. Қой жүнінен киіз басып, терісін өңдеп, күміс пен алтынды, темір мен ағашты пайдаға асырған. Тұз шығарумен, қорғасын, күкірт алумен айналысқан, бал арасын өсіру де балқарларға тән кәсіп.

         Балқарлардын өміріндегі күрделі өзгерістер 1917 жылғы Қазан төңкерісінен басталды. 1922 жылы 16 желтоқсанда Кабарда-Балқар автономиялы облысы құрылып, 1936 жылы 4 желтоқсанда Автономиялық Республика болып өзгерді. Кеңес өкіметі күшейіп, шаруашылық жүргізу үрдісі өзгеріп, жаңа мәдениет екпіні салт-сананы өзгерте бастады. Әсіресе 20-30 жылдардағы қуғын-сүргін балқар елінде ізсіз қалмады. Сол он жылда халыққа бас-көз болған азаматтар ұсталды, атылды.

         Екінші дүниежүзілік соғыстың бірінші күнінен бастап он жеті мың азаматын майданға жіберіп, тау құшағында солардын амандығын тілеп, қара жұмысқа жегілген балқарларды қызыл өкімет тағы да жайына қоймады. 1942 жылы 27-30 қараша аралығында ғана НКВД-ның нұсқауымен 11-атқыштар дивизиясының капитаны Ф.Накин басқарған отряд қарақшыларға қарсы күрес деген сылтаумен Черек шатқалындағы ауылдарды бүтіндей отқа орап, қарттар мен әйелдерді, балаларды атып, тіпті жөргектегі нәрестелерді де өртеп жіберді. Жоғарғы Балкария, Сауту, Кюнюм, Жоғарғы Чегет, Глашев ауылдарындағы қарапайым халыққа бағытталған жантүршігерлік қырғынның деректері қызыл империяның құрсауынан босап, елге жариялылық келіп жеткенде белгілі болды. «Аса құпия» деректердің ақ-қарасы ашылып, көпшілікке жетті. Әрине, ауылдары отқа оранып, құрбан болған қарттар мен әйелдер, балалар, балқар халқына қасақана жасалған қиянаттың қанды айғағы. Әзәзілге нарттардың қаны аз болған болса керек, 1942 жылы неміс-фашист басқыншылары Қап тауына басып кірді. Негізі, немістердің Кабарда-Балқар республикасын жаулап алуы 1942 жылдың 12 тамызынан 1943 жылдың 11 қаңтары аралығына дейін созылды. Сол жылдардың тарихына үңілсек, Совет одағына қарсы соғысқа Германия ұзақ дайындалған. Бұл үшін ең алдымен стратегиялық материалдар, мұнай мен азық-түлік аса қажет еді. Міне, сол себептен Қап тауының мұнайлы аудандары мен астықты алқаптарын басып алуға баса назар аударды. Бұл, сөз жоқ, Гитлер әскерінің мүмкіндігін арттырар еді. Сол жылдары Солтүстік Кавказда партизан отрядтары молая бастады.

         Балқарлар одақтас елдермен тізе қосып, неміс басқыншылығына қарсы тұрды, майдан даласында ерлік көрсетіп, жаудың жеңілуіне үлкен үлес қосты. Қару ұстауға жараған бүкіл ер-азамат соғыста жүргенде, елде қалған балқарлардың жалпы санының 52 пайызы – балалар, 30 пайызы – әйелдер, 18 пайызы – еркектер екен, олардың өзі қаусаған қарттар мен соғыс мүгедектері, брон бойынша қалған партия қайраткерлері, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер қызметкерлері болатын. Бір қайғыны бір қайғы басып, халықтың санасы сарсылып, бүгіліп қалған бойын тіктей бергенде басына тағы қаралы күн туды. Соғыстын 991 күні «Солтүстік Кавказ-455» аталған 14 эшелон балқарларды ата-баба жерінен тамырымен суырып, белгісіз тараптарға әкетті.

         Осындай алмағайып кезеңде балқарлықтарды қазақ халқы қалай қарсы алды?

         – Кезінде Қазақстанға осылай күшпен қоныстандырылған ұлттарды қазақтар әдеттегі қонақжайлылығымен бауырына тартты. Жат деп жатырқаған жоқ. Бар ұлтты өзіндей көріп, пана бола білді. Халықтың асыл қазынасы деп аталатын, ата-бабадан балаға жетіп, өзіндік ерекшелігі мен сипатын сақтап, ұрпақтар арасын жалғастырып тұратын алтын арқау – халықтың діни сенімі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы болса керек. Біз өкінішке қарай, өз тілінде сөйлеп, өз елінің салт-дәстүрі салтанат құрған ортада өсіп, халық қазынасының қаймағын қалқып алып, өзегін бойына сіңірген ұрпақтың өкілі емеспіз. Әйтсе де, әженің әлдиімен, ананың мейірімімен дарыған қасиетті, әкенің тәрбиесінен шыққан тегімізді берік ұстадық. Болмысымыз бір қазақ халқының салт-дәстүріне бойлап, түбі бір ұқсастығымызды айшықтадық. Екі елдің даналығынан сусындап, қос ұлттың  құнарынан  нәр алған бақытты ұрпақпыз деп айтуға болады. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін күш, баршамызға білек те, тірек те болатын – қазақ халқы. Ал халықтын күші де, байлығы да тілде. Бүгін қазақ тілі тек бір ұлттың ғана тілі емес, оның мәртебесі өсіп, Қазақ елінің, мемлекетінің тілі болып отыр. Оны этностық ерекшелігіне қарамастан, Қазақстанды мекен еткен әрбір азамат білгені, міндетті түрде өркендеуіне күш-жігерін салғаны абзал. Мемлекеттік тілді білу, меңгеру, әрбір қазақстандыктың табиғи ұмтылысына айналуы тиіс. Әсіресе өскелең ұрпаққа аса қажет. Менің ойымша, әр ұлттың өкілі тек тілді ғана емес, салт-дәстүрді, мәдениетті де білуі керек, сол уақытта ғана біз қазақтың жанын түсінеміз.

         – Мемлекеттік тілді меңгерудің қандай оңтайлы тәсілдері бар деп ойлайсыз?

– Байқап қарасаңыз, өзге елдердің Қазақстандағы кейбір елшілері қазақшаға ағып тұр. Оларға қазақ тілін үйрену жергілікті ұлт өкілдеріне қарағанда әлдеқайда күрделі. Соған қарамастан, олар өзі қызмет етіп жүрген елге деген құрметін білдіріп, тілін үйреніп алған. Бүгінгі таңда баршамыздың мемлекеттік тілді меңгеруімізге бар жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдықтар да, тілді үйренудің ең оңай әдіс-тәсілдері де бар. Егер ынта-ықылас болса, тіл үйрену қиын емес, тек ниетіміз дұрыс болуы керек. Дархан халыққа деген құрметімізді, сыйластығымызды мемлекеттік тіл мерейінің үстем болуына атсалысып білдірейік.

         Кейінгі жылдары жастар қазақ тілін үйренуге ден қоя бастады. Өзге этнос жастарының жаппай мемлекеттік тілді үйренуге деген ұмтылысы, ой-сананың өзгергенін білдіреді. Бүгін біз осыған куәміз. Арамызда мемлекеттік тілді еркін меңгерген жас буын өкілдерінің көбейіп келе жатқаны қуантады. Оларды ешкім тіл үйренуге мәжбүрлеген жоқ. Бірақ тілді меңгеру қазақ жерінде тұратын әрбір азаматтың парызы екенін олар жан-тәнімен түсінді. 

         Тілдің кешегісі, бүгіні мен ертеңі – тұнып тұрған тарих. Ол еліміздің, дархан даламыздың тарихы. Сондықтан елінің жүріп өткен жолын, бүгіні мен ертеңін білгісі келген адам – ана тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Француздың ойшылы Жан Жак Руссо айтқан екен: «Өз балаларымызды ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Мен әр бала әріп танып, оқуға үйренісімен бірінші оқитыны – өз елі туралы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жасқа келгенде Отанындағы қалалардан тартып, қара жолдарына дейін жатқа білетін болсын. 15 жасында тарихын меңгерсін, 16 жаста – барлық заңдарынан хабардар болсын». Міне, азаматтық тәрбие негізін осылай қалыптастыру керек. Осыған байланысты менің бір ұсынысым бар – мектептен бастап, жоғары оқу орындарына дейін азаматтық тәрбиені енгізу немесе осы тектес тетіктердің ҚХА кафедраларында ашылуы өте қажет. Ол жастардын азаматтығын қалыптастыруда білім берудің тәрбиелік функциясын күшейту негізінде өте керек нәрсе.

         Халықтың рухани құндылығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі өмір сүруге тиіс. Тіл де рухани құндылықтың бірі. Өзге тілдерді білгенің өте жақсы, бұл сенің артықшылығың. Оны ешкім сенен тартып ала алмайды, неғұрлым көп тіл меңгерген сайын, соғұрлым дүниетанымың кеңейіп, рухани байи түсетінің ғылыми дәлелденген қағида.  Ал өзің өмір сүріп, суын ішіп, нанын жеп отырған елдің тілін меңгеру – міндетің.

         – Әңгімеңізге көп рақмет!

                                      Сұхбаттасқан А.ӘУЕСБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір