Әлібек Байбол: Сезімдердің патшасы – пенденің өзі
30.05.2020
945
0

«Пруст сауалнамасы vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – жазушы Әлібек Байбол

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Ерлік, өзді-өзіне күрес ашу, ұдайы жанын жамандықтан тазартып отыру, «жүрек көзін» бітемеу, «айнаға» қарау.

– Ер азаматтың басты қасиеті ше?

– Тәуекел мен үлкен мүдде жолындағы өлімнен қорықпау.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Елге құрмет, Жер-Анаға құрмет, Шешеге құрмет, бауырға құрмет, отбасыға құрмет, ұстазға құрмет, досқа құрмет. Сені ұғатын, сенімен сырласатын адамдардың бар болуы. Өзің үшін Бақыттың түпкі мәнін жоғалтпағанда ғана бақыттысың. Бақыттың бар екеніне сену, соған ұмтылу. Өзің бақытты болсаң, бәрі – бақытты (барлығын дерлік құтқарамын десең, алдыменен өзіңнен баста). Себебі, сол «бәрі» әр адамнан құралады. Бақыт дегеніміз – Алланың алдында хан да, қара да тең екенін түйсіну. Бутанда Бақыт министрлігі бар екен. Соған қатты қуандым. Адам баласы өмір-бақи бақытты болуды аңсайды, Метерлинк драмасындағы Митиль мен Тильтиль секілді «Көк құсты» іздейді. Сөйтсе, ол жанында екен…

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Қожанасыр мен Қожа (Қожаберген Қадыров). 

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Қырсықтық әм ұмытшақтық.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Спорт. Тау. Ел-жер аралау. Кітап. Өзді-өзіме есеп беру.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Ақиқатты, өмірдің өзегін іздеген дәруіш я сахаба, я «Орлеан аруы» – Жанна д’Арк.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Өз ойымды ашық айта алатын, әділ, зайырлы, ері де, әйелі де іштей өскен, білімді, сергек, сондай-ақ ақша, дүние емес, рухани құндылық алға озған елде.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Адамның ойын оқығым келеді.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Жалғыз қалғанда құлазитыным бар. Кісі қарасы молайса, сол жерден кеткім кеп тұрады. Білмеймін, адам баласына ештеңе жақпайды ғой.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Құдайға сыйыну, әулие-әмбие, хан-патша, би-шешен, батыр-баһадүр, қайраткер мен ірі-ірі өнер иелерінің ерен еңбегін, адамзатқа пайдасын тигізген ұлыларды ұмытпау, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен» Ана мен әкенің батасын алу, өзіңе деген сенімді жоғалтпау.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?

– Кісі жүрегін елжірететін, жақсылыққа бастайтын құрылғы.

– Неден жиіркенесіз?

– Кей-кейде өзімнен. Өйткені сан жылдық тарихы бар, көп уақыт бойы бір қалыппен қалыптасқан қоғамның бөлшегімін ғой. Архетиппын.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Әуедегі әрбір ұшақтың өз жолы болады. Өмірде де дәп солай. Әр адамның өз жолы бар, демек таңдау еркі – өзіңде. Солай болды, енді… Не істей алмақпыз? Бұл – Рок, Тағдыр ісі. «Болары – болды, бояуы – сіңді» деуші ме еді, қазақ?! Біреудің күнәсін біреу көтермейді, Махшар алаңында біреу үшін біреу жауап бермейді («Байтал түгіл бас қайғы», әлеуетсіздің халін кешеміз, эсхатологиялық ахуал). Алла – жалғыз, оған тең келер ешкім жоқ, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – Тәңір-Тағаланың құзіретінде. Мен – Құдай емеспін!..

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– Үшеу. Біріншісі: «Түк істемеген жан ғана қателеспейді». Екіншісі: «Бәрі жақсы болады». Үшіншісі: «Статикадан гөрі, динамика артық».

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Оңашада. Жаратушымен жалғыз қалғанда.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

«Қаңқ етер, түкті байқамас». 

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Терең түсіну, жанға үңілу. Әлем – тұрақсыз, адам – тұрақсыз…

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Бар ғой, Аллаға шүкір!

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Салыстырмалы түрде алғанда, мен де жаспын. Сезімдердің Патшасы – пенденің өзі. Артықшылығы – батылдық, кемшілігі де – батылдық… 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір