Қазақстан театрлары және пандемия
24.05.2020
1677
0

Театр өнерінің діңгегі, драматургияның жүрегі Гамлеттің «Өлмек пе, қалмақ па — ендігі сауал екіұдай» дейтін осы бір психо-философиялық сұрағы дәл қазір де өзекті болып тұр.

Бүкіл әлемнің, театрлардың аяқ астынан карантинге жабылуы адамзатты біржола глобализация мен ақпараттық, digital дәуірне көшуді жеделдетті десек қате болмас. Қазіргі ахуал адамзат психологиясы мен әртүрлі салалардың соның ішінде театр өнерінің болашағына қалай әсер ететінін тек болжауға болады. Осы мәселе Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан театрлары және пандемия: Қазіргі жағдайы мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясында талқыланды. 

       Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Әзербайжан, Польша елдерінен бақылаушылар қатысқан аталмыш конференция 22 мамыр күні онлайн форматта ZOOM платформасында қазақстандық елуге жуық театр және өнер қайраткерлерінің басқосумен өтті. Конференция модераторы, театр сыншысы Амангелді Мұқан күн тәртібінде қаралатын, «Қазақстан театрларының жұмысына карантиннің тигізген әсері; спектаклді онлайн көрсетудің артықшылығы мен кемшіліктері, болашақ сандық түсірілімге қойылар талаптар; көрерменді залға қайтаруды жүзеге асыру жолдары; форс-мажорлық маусымның екінші жартысындағы өзекті мәселелер; фестивальдер кестелеріндегі өзгерістер, театрлардың репертуарлық саясаты» сынды мәселелерді ортаға салып, жиынға қатысушылармен таныстырып өтті.

Ең алдымен бірлестіктің президенті, театр сыншысы Анар Еркебай 11 мамырда 14 елдің театр мамандарымен өткен «Theatre Online — 2020» халықаралық онлайн-ғылыми конференциясында талқыланған мәселелер мен ұсыныстар, Қазақстандағы пандемия кезіндегі бетбұрыстар мен жаңалықтарға қысқаша тоқталып, алдағы уақытта да осындай шаралардың жалғасатынын атап өтті.

   Екі сағатқа созылған конференция қатысушылары ішінен бірінші болып сөз алған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева пандемия кезіндегі театрдың тыныс-тіршілігін арнайы жасалған презентация арқылы баяндады. «Театр ұжымы бұрын-соңды тәжірибелерінде болмаған жұмыс форматына көшіп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеді. Театр «тірі» өнер түрі болғандықтан оны виртуалды форматқа көшіру оңай болған жоқ. Арнайы жоспарға сәйкес онлайн лекция, репетиция, балет сабақтары, архивтегі спектакльдерді You-Tube канал арқылы тарату, концерттер бас-аяғы «ГАТОБ_life»  бағдарламасымен 50-ге жуық жобалар өткізілді. Спектакльдер онлайн көрсетілгендіктен екі ай ішінде театр әлемдік толқынға көшіп, 2 миллионға дейін көрерменін көбейтті. Жоспарда көрсетілгендей театр маусымын «Open-air» яғни ашық аспан астында, ғимаратымыздың алдында жабамыз. Карантин созылатын болса премьераларды онлайн режимде өткіземіз. Адам кез-келген жағдайға икемделеді, сондықтан бәріміз бірге бұл дағдарыстан да шығамыз. Тек қана театрдың көрерменін жоғалтып алмас үшін ендігі жағдайда жаңа даму кезеңіне дайындалуымыз қажет» деп ойын қорытындылады.

Ал, мемлекеттік неміс театрының режиссері Наташа Дубс карантин ұжым жұмысына кері әсерін тигізгенін атап өтті. «Театрдың қаржылық жағдайы көңіл көншітерлік болмағандықтан тығырықтан тез шығып кете алмадық. Себебі, театр процесі онлайн режимге көшкендіктен бізде соған сай құрал-жабдық болмады, десек те біз де жағдайға сәйкес  шамамыз келгенше видеолекциялар мен онлайн сұхбаттар өткіздік», – деп театрдың соңғы екі айдағы жұмыстарын атап өтті.

Бас театрымыз М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек театрдың онлайн форматқа көшуі өте қауіпті және «жұқпалы» дерттердің бірі екенін айтады. «Көрермен ешқайда шықпай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен спектакль қарап, оның тиімді жағына тез икемделіп алады. Сол себепті қазірден бастап посткарантиндік кезеңді болжап, шаралар қолдануымыз керек деген пікірді алға тартты. Көрермендер үшін тірі спектакль мен онлайн спектакльдің айырмашылығы  түсіндіретін қысқа ақпараттық роликтер шығарып, оларға залда қойылым тамашалаудың мүлде бөлек дүние екенін қайта естеріне салуымыз керек. Сондай-ақ алдағы уақытта театрларды тығырықтан шығару үшін ҚР Мәдениет және спорт министірлігімен бірлесіп, «Гастрольдік орталық» ашу жоспарлануда», – деп жаңалығымен бөлісті. Осы тұста Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереев, «Гастрольдік орталықтың» құрылатынына оң көзбен қарайтынын айтып, Қазақстандағы театрлардың гастрольдік сапарлары бір жүйеге түсіріліп, бір орталықтан басқарылмаудың әсерінен дамуының дұрыс жолға қойылмағанын айтты. Көрші қалаға сапарға барайық десек, ол жерде бізден басқа да театр ұжымдары қонаққа келген болуы мүмкін, мұндай жағдайда көрермен жинау жағы қиындайды. Сол себепті 2, 3 жылға алдын ала жоспар құрып, сауатты жұмыс жүрсе екен деген тілегін білдірді. Сонымен қатар «біз еңбек демалысында болдық, соған қарамастан кішкентай көрермендерімізге «Сказки на ночь» айдарымен әлеуметтік желілеріміз арқылы ертегілер айтып отырдық. Театрды виртуалды нұсқаға көшіруді біз қолдамаймыз сол себепті, бізде тек преьералар мен қазан айтында өтетін фестивальге дайындықтар жүріп жатыр» – деп ойын аяқтады.

Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ» театрының көркемдік жетекшісі, профессор Құралай Ешмұратова, «карантин жалғасатын болса Қуыршақ театрына қолдау қажет болады. Себебі онлайн форматта спектакль көрсету үшін арнайы құрал-жабдық қажет. Қуыршақтар камераға арналып жасалмаған. Біз кішкентай көрермендерімізді жоғалтсақ, драманың да керегі болмай қалады. Себебі олар ең алдымен  осында театр өнеріне тәрбиеленеді. Театр бесігі — қуыршақ театры, бесікті сақтауымыз керек», – деді.

Сонымен қатар сөз алғандардың ішінде Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрының режиссері Оразалы АқжарқынСәрсенбек, «театр онлайн форматта өмір сүре алмайды, себебі бұл актер мен көрермен энергия алмасатын орын. Онлайн форматқа көшкен күнде де бізге арнайы техника мен мемлекет тарапынан қаражат қажет» десе, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Әлия Баймаханова, «облыстық театрлар өзімен — өзі болып, ешкімге керексіз халде қалды.  Біз пандемиядан соң бәрін басынан бастауымыз керек. Киім ілгіштен бастап, драматургия, актерлік ойынға дейін жаңа деңгейге көшу керек», деп облыстық театрлар мәселесін де айтып өтті.

Конференция соңында Польшалық бақылаушы, театр сыншысы Андрей Москвин, «біздің елде мұндай конференциялар ұйымдастырылып жатқан жоқ, сіздер заман талабына сай өте белсенді жұмыс істеп жатырсыздар», деп  бірлестік жұмысына жоғары баға берді.

Конференцияда сан алуан пікір болғанымен де театр ол кеше, ертең емес дәл қазіргі сәтпен өмір сүретін сиқырлы әлем. Пандемия әсерінен жаңа форматта болса да, жаңа онлайн жанрлар мен жаңа тақырыптар пайда болса да ол өзінің негізгі табиғатынан алшақтай алмасы анық. Театрға «қайта құру» дәуірі келгенін мойындап, жаңа реформалар мен жаңа даму бағытын дайындау қазіргі театр мамандарын толғандыратын басты мәселе болу керек.

Моншақ БЕКАЙДАРОВА, театртанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір