Қош, қазақтың қайсар ұлы!

Қазақ халқы арда азаматынан айырылды. Белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында ауыр науқастан көз жұмды. Саналы ғұмырын журналистика саласында тер төгуге арнаған Бейсен Құранбектің өмірлік ұстанымы – адалдық, шыншылдық, жауапкершілік еді. «Спорт» газетінің тілшісі болып бастаған қызметтік жолы әрдайым халықтың көз алдында өтті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ телевидениесінің дамуы, қазақ журналистикасының заманмен бірге жетілуі Бейсен Құранбекпен бітеқайнасып жатты, қай телеарнада жүрсе де ақадал пейілі, ұлтын шексіз сүйген мейірі жанарынан төгіліп тұрар еді.
Ол қазағын, қазағы оны шексіз құрмет тұтты. Әр сөзінен өзі таспалаған қилы тағдырға қимастықпен үңілетін жанашырлық есіп тұратын. «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламаларында жүздеген кейіпкердің көз жасын сүртіп, тағдырының тауқыметін тарқатуға күш салды.
Ұлтты сүюдің басты белгісі – айғай-ұран емес, өз ұжданымен, шын пейілімен, дегдар жүрегімен қызмет ету екенін дәлелдеген санаулы азаматтың бірі болды. Қазақта журналист көп, тележүргізуші де жетерлік. Алайда тұлғаға айналғандары некен-саяқ. Бейсен Құранбек аз жылдың ішінде халықтың сүйікті ұлына айналып үлгеріп еді. Оны көрген жұртшылық қуанысып, қамқорын көрген жандай ұмтылатын еді-ау…
Қош, қазақтың қайсар ұлы! Қош, қазақ журналистикасының жүзі майырылмас қайқы қылышы!
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы
Қаламгер қауымның атынан көңіл айтамыз
49 жасқа қараған шағында көрнекті журналист, ұзақ жылдар «Жетісу» телеарнасының бас директоры қызметін атқарған Бейсен Құранбек дүниеден озды.
Бейсен Құранбек еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастап, әр жылдары «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында, Президент телерадиокешенінде жұмыс істеген.
2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2014 жылы осы лауазымға қайта тағайындалған.
Оның есімі халыққа Ұлттық арнадағы «Айтуға оңай», «Қарекет» ток-шоулары арқылы кеңінен танылды. Оның ұлтқа деген адал перзенттік парызы да, «қазағым» деп соққан адал жүрегінің лүпілі де, туған елі мен жеріне деген шексіз махаббаты да «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы осы хабарлардан көрініс тапты. Сол арқылы ол елдің елеулісі, халықтың қалаулысына айналып та үлгерген еді.
Елдің мұң-мұқтажын жоқтаған, қоғамдағы қордаланған мәселелерді өткір талқылаған, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың хал-жағдайын бүкпесіз көрсеткен бұл бағдарламалар көпшіліктің үзбей көретін сүйікті бағдарламасына айналды.
Бейсен Құранбек кісілік келбеті, адамгершілік қасиетімен айналасына қадірлі бола білді. Ол БАҚ саласындағы ең жоғары марапат – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Ізін жалғаған іні-қарындастарына қамқор аға, қызметте білікті маман, әріптестеріне сыйлы азамат еді… Барша қаламгер қауымының атынан марқұмның отбасы мен туған-туысының, әріптестерінің ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын!
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы
Президент көңіл айту жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбектің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Белгілі журналист, танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалыптастырған азамат еді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп, елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды. Ол Алматы облыстық «Жетісу» арнасының директоры ретінде білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы екенін де көрсете білді. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!» – делінген жеделхатта.
Ешқашан ақиқаттың жолынан айныған емес
Бүгін асыл азамат, ардақты бауыр, білікті тележурналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті. Жүрегім езіліп, жаным ауырып, көкірегім қарс айырылып отыр. Мен Бейсенді ең алдымен азаматтық болмысы, адами қасиеттері, шыншыл мінезі үшін жақсы көруші едім. Ол жағынуды, кемшілікті жасырып-жабуды білмейтін. Ешқашан ақиқаттың жолынан айныған емес. Маңайына шуағын шашып, мейірімін төгіп жүретін жаны жарық азамат еді.
Мен әкім болып тағайындалғаннан кейін екінші күні келді, «Аға, мен қайтып келіп, сізбен бірге жұмыс істегім келеді», – деді. Содан бері бірнеше жыл қоян-қолтық жұмыс істедік.
Алматы облысының «Жетісу» телеарнасына білікті басшылық жасап, телеарнаның беделін көтеруге, мазмұндық сапасын жақсартуға зор үлес қосты. Журналистер үйі ғимаратының салынуына тікелей ықпал етіп, осы істің басы-қасында жүрді. Жас журналистерге тәлімгер болып, жолын ашты. Ағаға іні, кішіге қамқор аға бола білді. «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы да қаншама мыңдаған адамға көмектесті.
Мен соңғы күнге дейін оның дертті жеңіп шығатынына сеніп едім. Әттең… Бірақ ажалға араша жоқ екен… Бейсен туралы өткен шақта айтудың өзі ауыр…
Арыс азаматымыздың жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Бейсеннің жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі
Бұл қаза бәрімізге ауыр тиді
Елімізге белгілі журналист, халқымыздың аяулы ұлы Бейсен Құранбектің қазасы баршамызға ауыр тиді.
«Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тележүргізуші, елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған жомарт жүректі азамат бақиға аттанды.
Марқұмның отбасына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Аида БАЛАЕВА, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі
Қош, журналистика саңлағы
Халық көңілінің төрінен орын алып, өз саласының майталманы атанған жалынды журналист, арда азаматтан қапияда айырылып қалдық.
Бейсен Құранбек толғамды бағдарламалары арқылы қордалы мәселелерді өткір қозғап, талай тағдыр иесінің көз жасын сүртіп еді. Есіл жанның артына қалдырған еңбегі, журналистикаға қосқан үлесі, бөгенайы бөлек дара жолы мәңгілік есте қала бермек.
Аяулы бауырымыздың қазасына қайғыра отырып, ел-жұртына, туыс-туғанына көңіл айтамыз. Орның пейіштен болғай.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР Мәдениет және спорт министрі
Бүкіл қазақтың өксігін жинап алыпсың…
Қимас досым, жанашыр әріптесім, журналистика, оның ішінде телевизия журналистикасында құбылыс болған саңлақ – Бейсен Құранбектен айрылып қалдық, ағайын! Бейсенді қараған емшілердің бірі, «бүкіл қазақтың өксігін жинап алыпсың, қарағым-ау!» – деген екен… Нардың жүгін арқалап жүріп, айықпас ауруға шалдыққаныңды өзің де сезбей қалдың, Бейсеке.
Соңғы деміне дейін қасында болып, кеше кешке өзім сөйлескен жары Гүлмираға, әкесінің қос шынары-қыздарына, 90-нан асқан аяулы анамыз бен бауырларына қабырғамыз қайыса, қайғырып көңіл айтамыз! Бақұл бол, досым!
Дана НҰРЖІГІТ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Дүйім қазақ жұрты жақсы көрді…
Қазақ журналистикасы қапелімде қара жамылып қалды. Тіпті, «Айтуға қиын»…
Төрт мүшелге жетер-жетпес шағында көпшіліктің шексіз құрметіне бөленген Бейсен Құранбек қазақ елінің қабырғасын қайыстырып, қайтпас сапарға аттанып кетті. Өкінішті!
Өзі тізгінін ұстаған телебағдарламаның кез келген шығарылымында талай жанның үміт отын үрлеп, сенімін оятуға ықпал етті. Сөйткен қайырымды жанның жеке басына келгенде дәрменсіз болып қалуы қандай өкінішті. Жалпы журналистер қауымы тіршілікте осындай. Қашанда өзгенің проблемасы – өзінің проблемасы, ал жеке басының қиындығы мен тауқіметі тек өзінікі ғана, өкінішті әрине.
Бейсентану ісімен шұғылданатын мезгіл туды. Мұны барлық қазақ, әсіресе әріптестері анық сезініп, түсінетіндігіне сенгім келеді. Ұлттық журналистиканың дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғаның шығармашылығын жан-жақты талдап-таразылау, зерттеп-сараптау арқылы телешежіреміздің кенжелеп қалған олқылықтарын ғылыми айналымға түсіру міндеті тұр. Әрине, «Айтуға оңай», бірақ жауапкершілік жүгі тым ауыр. Сондықтан қарекет керек, әріптес, «Қарекет»!
«Ағасы» деп үнемі жымиып тұратын Бейсенімнің өкінішпен, өзекті өртеп өмірден озуына байланысты барлық бауырларына, отбасына, Абай аға сізге, жалпы қазаққа ата жолымен көңіл айтамын! Бақұл бол, бауырым!
Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі