БАЛАЛЫҚ ШАҚ (естеліктер)
18.05.2020
1787
0

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Құрметті оқырман! Жазушы Смағұл Елубаев арнайы «Қазақ әдебиеті» үшін «Балалық шақ» деген атпен бірнеше бөлімнен тұратын естеліктер топтамасын жолдаған еді. Оның бастапқы бөлімі газетіміздің №15-16 сандарында жарияланды. Топтаманың кезекті бөлімдерін ұсына отыра біз де Смағұл ағаша қазақ қаламгерлерін балаларға арнап кітап жазуға шақырамыз!

АЛҒАШҚЫ ҰЯТ

Шыр етіп өмірге келген сәбидің есі қай жаста кіреді?
Әркім әртүрлі айтады. Ал менің есім 3-4 жаста кіре бастаса керек. Бұл 1951 жыл болуы керек. Осы жылдан бастап көргендерім еміс-еміс есте. Жаздың кезі. Ауыл-үй құм арасында отыр. Таң алды оянып кетсем, ішкиімімде аздап ылғал бар. Шошып кеттім. Енді қайттім?! Бұнымды біліп қойса жұрт, қас масқара болдым емес пе?! Әзірше үйдегілер қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Мен ояумын. «Ендеше не жатыс? Тұр!» – деді бір ойым. Аяқ ұшыммен жорғалап, ақырын басып сыртқа шықтым. Таң қараңғысы қою. Шығыс жақ өркеш құмдардың аржағында аспан бозара бастапты. Анадай жерде теңкиіп-теңкиіп түйелер жатыр, күйіс қайырып. Құм үстінде керіліп иттер жатыр. Құм арасында қарауытып отырған бір шоғыр ауыл. Мүлгіген қараша үйлер. Бәрі ұйқыда. Жалғыз ояу мен ғана, шерменде боп селтиіп тұрмын. Үй іргесінде кішкентай құмсақ бар еді, соған шығып келемін. Жалаңаяқ, жалаңбас, үстімде жейдем. «Ішкиім тезірек кепсе екен» деймін. Сол үшін құмтөбе үстінде арлы-берлі теңселіп жүрмін. Сусыма құм табанға жұмсақ майдай тиеді. Жалғыздан-жалғыз таң қызарып атқанша жүрдім. Абырой болғанда, менің сол түңгі ұятымды ешкім байқамай қалды. Байқаса, жерге кірер едім. Ол кезде жасым төрттің шамасы. Балалық шақтан есте қалған алғашқы оқиға. Есте қалғаны – ұялғандықтан шығар деймін. Содан бір нәрсеге таң қаламын, сол бір жапырақ бала бұл «ұят» деген ұлы сезімді қайдан біледі екен деп!? Әлде, Алла Тағала адамды жаратқанда оның көкірегіне осы сезімді қоса құйды ма екен?! Адам мен малды бөлу үшін.

АЛҒАШҚЫ ҮРЕЙ

Анау-мынау емес, енді 5 жастамын. Демек, бұл 1952 жыл болуға тиіс. Зыр жүгіремін. Өзіммен тетелес ағам Құбығұл 8 жаста. Ол маған қарағанда ересек. Ересек дейтінім, үйдің оншақты ешкісін бағады. Бірақ мені баласынып, өзімен бірге өріске алып кетпейді. Бұған мен риза емеспін. Мен де ол сияқты ешкі бағып, жұрт көзінде ересек көрінгім келеді. Өйткені ешкі бағатын Құбығұл үйде ерекше маңызды, құрметті. Шешеміз дастархандағы дәмдіні соның алдына ысырады. Ал біз сияқты үйкүшіктерге ондай құрмет-қошемет жоқ. Сондықтан мен де ешкі бағып абыройға ие болғым келеді. Бірақ менің бұл арманымды елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. «Өріске барамын!» десем, өре түрегеледі бәрі, қарсы шығып. Мен де оларға қарсымын. Мен, олар ойлағандай, қолынан түк келмейтін боқмұрын емеспін. Іштей кіжініп жүрмін, «сендерге мен өзімнің кім екенімді көрсетемін!» деп. Сөйтіп жүргенде бір күні Құбығұл ағам тағы да мені үйге тастап өріске кетті, ешкі бағып. Мен ызадан жарыла жаздап үйге әрең сыйдым, түске шейін. Түс бола бергенде зып беріп үйден шыға жөнелдім. Бұта-бұтаны тасалап, өрісті бетке алып тайып тұрдым. Құбекең көрінеді, сонау алыс белесте жүрген. Бірақ екі ара соншалықты жақын жер емес. Өріске жеткенше арада Мажан ауылы дейтін көрші ауылды айналып өту керек. Мажан ауылының төбеттері бар, тайыншадай-тайыншадай. Мен үшін бұ сапардағы қатердің үлкені – солар. Басқа қатер жоқ. Сол төбеттерге көрінбей өтіп кетсем болды, өріске жету мен үшін түк емес.
Сонымен, бұта-бұта арасымен делеңдеп зытып келемін. Ешкі бағып жүрген Құбекеңе қалай да тезірек жету керек. Міне, қыр астындағы Мажан ауылының тұсына да жақындап қалдым. Жақындаған сайын қыр астындағы иттердің үргені естіле бастады. Көз алдыма андыздап келе жатқан тайыншадай төбеттер елестеп, бойыма үрей шапты. Кәпірлердің арсылдағаны қандай жаман! Жүрегім тарсылдап барады. Оларға көрінбейін деп сай-сайды құлдап жүгіремін. Бірақ сәл іркілсем болды, иттердің арсылы анық естіледі. Бұлар мені көріп қойған сияқты. Әйтпесе неге үреді, жарысып? Қараған тасасына тығылып тың-тыңдадым. Апыр-ай, арсылдағандары неткен қорқынышты! Арсиған азу тістерін елестетемін.Кәпірлер қорғансыз баланы талауға асығып андыздап келе жатқандай! Зәрем зәр түбіне кетті. Өңшең тайыншадай ірі төбеттер атой салып, маған қарай жосып келе жатқандай. Енді қайттім, ойбай?! Енді қайда тығылам?! Бой жасыратын пана да жоқ, төңіректе. Ал ана арсылдаған арландар әне-міне келіп қалатындай. Енді кім қорғайды мені? Құбығұл алыста. Ит біреу болса бірсәрі. Бұтаны алып жасқауға болар еді. Ал мына анталап келе жатқандар, сөзсіз, бір қора дырау төбеттер! Оған кім қарсы тұра алады?! Бұтыңды – бұт, қолыңды – қол қылады, кәзір-ақ! Қалың қараған түбіне сүңгіп кеттім. Апыл-ғұпыл бой тасаладым, жүрегім атқақтап. Құлағым – сыртта. Иттер арпылдаған тұста. Бір кезде бақсам, иттер өзара қырқысып таласып қалғандай. Қыңсылағандары да естілді. Мен тырп етпей жатырмын. Иә, иттер, шынында да мені ұмытып, бірін-бірі кергілеп жатқан сияқты. Мен бұта түбінде қалш-қалш етемін. Иттер бір кезде бірін-бірі қуалаған сияқты, үндері ұзай берді. Маңдайымнан суық терім бұрқ еткен екен. Жеңіммен сүрттім. Жүрегім орнына әрең түсе бастады. Шауқымдасқан иттердің үні алыстап барады. Тізем дірілдеп, ақыры, орнымнан түрегелдім. Басымды қылтитып жан-жағыма қарадым. Қауіп-қатер байқалмайды. Енді ешкі жайылған өріске қарай өкшені көтердім.
Құбекең мал шетінде қаннен-қаперсіз дем алып жатыр екен. Бұта арасынан сомпаң етіп шыға келген мені көргенде шошып кетті. Мен оған әлгі иттен қорыққанымды, әрине, айтпадым. Күлетін шығар деп. Қорқақты балалар «Қорқақ, қораға тышқақ» деп мазақтайтынын білем.
Кешке оншақты ешкімізді айдап ауылға қайттық. Шешеміз мені шарқ ұрып ауыл маңынан іздепті. Бірақ мал соңында аман-есен келе жатқанымды көріп ашуы тарқағандай. Ұрыспады.
Сол күні мен де мал бағып келген маңызды адам болып Құбекеңнің жанында отырып рахаттанып шай іштім. Үйдегілерге мен де қолымнан іс келетін жан екенімді делелдедім. Ал манағы иттей болып иттен қорыққаным жайлы ешкімге ауыз ашпадым.

АҢШЫ БАЛА

Көшіп-қонып жүргенде балалардың оқу-тоқусыз қалғаны әке-шешеміздің қабырғасына батса керек. Шәудірбай оқусыз қалды. Енді тоғызға толған Жақсығұлды әке-шешеміз «оқымаймын» дегеніне қарамастан желкелеп отырып жер түбіндегі Шоманайға апарып тастады. Төлеубай деген нағашымыздың үйіне. Дала баласы Жақсығұл қалалы жерге үйрене алмай қиналды. Үйді сағынғанда тұт ағашының басына шығып алып отырады екен, көз жасы мөлтеңдеп, алыс көкжиекке қарап, ауыл-үй көріне ме деп.
Ауыл Парап деген жерде, «Қарақұдық» басында. Майдың соңғы күндері болатын. Кешкі мезгіл. Теріскей тұста 5-6 шақырым жерде «Қожадәулет» деген станса бар. Сол тұстан қылтиып бір бала келе жатты. «Жақсығұл!» деп шу ете қалдық. Оқудан келе жатқан Жақсығұлдың шуылдап алдынан жүгірдік. Құшақтап жатырмыз. Ол да сағынып қалыпты. Бірінші айтқаны: «Енді оқуға өлсем де бармаймын!» дегені. Шешеміз дастархан жайды, ауыл-үйді шақырып. Сөйтсе, Жақсығұл бір қыста екі класты аяқтап, үшінші класқа «беспен» өткен екен. Оқуда жергілікті балалардан озып кетіпті. Әке-шешеміз соған мәз. Қалай қуанбасын, үшінші класқа өткен Жақсығұл біздің тұқымнан шыққан тұңғыш «оқымысты» болса!
Жұртқа сонау жер түбіндегі Шоманайдан мына баланың ауылды қалай тауып келгені қызық. Соны сұрады. Сөйтсе, Жақсығұл Шоманайдан бір таныс баламен Шаржауға дейін жол-жөнекей «полуторкамен» жетеді. Танысы оны Шаржаудың ортасында тастап кетеді. Сөйтіп, бала Жақсығұл жат қалада жалғыз қалады. Стансаға қалай баруды білмей тұрса, бір иманды мелиса кездесіп, бұны қолынан жетектеп апарып пойызға салып жібереді, жолсерікке тапсырып. «Қожадәулет» стансасына жақындай бергенде Жақсығұл пойыздан құм үстіне секіреді. Ауылдың қай тұста екенін біледі. Шағыл-шағылдың арасымен тартып отырады. Жол-жөнекей бір түйенің ізін көреді. Қараса, таныс із! Біздің ақсақ түйенің ізі! Сол із оны ақыры ауылға алып келеді.
Біздің Жетер деген тазымыз болды. Жетер десе, Жетер еді. Жақсығұл ауылға келгесін сол Жетермен аң аулауға шықты. Алғаш аңға шыққан күні-ақ тушадай бір семіз қоян алып келді. Сондағы қуанғанымызды көрсең! Құнжыңдап қоян сорпасын ішіп, жарты байыдық.
Бір күні Жақсығұл таңнан тұрып тазысын ертіп, тағы аңға шығып кетті. Сол күні түс қайта салақтатып тағы бір нәрсені әкелді. Алдынан жүгіріп шықсақ, көтеріп келе жатқаны киіктің лағы екен. Біздің үйден Жақсығұлға дейін аңшы шықпаған ғой. Оның киік әкелгені ауылда кіші-ғырым той болды. Әке-шешеміз қазан көтеріп, асқа ауыл-үйді шақырды. Сұпы атамыз бата берді. Жұрт жырғап қалды, киіктің жас сорпасын ішіп. Жастығына қарамастан, Жақсығұл ағамыз, сөйтіп, аңшы болып шыға келді. Жанына көмекші етіп өзіне тетелес Мақтымқұлды алды. Бұл аймақта ауылдан сәл ұзап шықсаң, өріп жүрген киік. Жетердің арқасында Жәкең аңнан құрқол қайтпайды. Жалғыз біздің үйді ғана емес, бүкіл ауылды қарық қылды. Жәкең, сөйтіп, «аңшы бала» атанды. Оқуды ұмытты. «Оқуға бар» деп, енді оны әке-шешеміз де қинамады.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір