Тұмағаң тұрса төрінде Алматының…
15.05.2020
1512
2

Халық жазушысы, ҚР Мемлекет­тік және Халықаралық Түркі дүниесі жазушыларының Физули атындағы сыйлықтарының лауреаты, қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің туғанына осы жылдың жиырмасыншы наурызында 85 жыл толып отыр.

Бүгінде қазақ өлеңінің Алатауы атанған ақынның туған елі, жыр сүйер жұрты оны сағынышпен еске алады, іздейді. Алматыға келе қалса, асқақ Алатауды көрсе, ақынның өзін көргендей болып, ол жүрген көшелерден әне-міне ұшырата қалатындай әсерде болады. Олай болатын да жөні бар сияқты. Өйткені халықтың сүйікті ақынының өмірден озғанына да биыл оншақты жылға жуықтап қалыпты. Шындығында халық ақынын сағынды. Алайда әлі күнге дейін Алматыда Тұмекеңді еске түсіретін бір белгінің болмағаны қалай сонда?! Осы уақыт ішінде ақын атын есте қалдыру, ескерткіш орнату, т.б. ақын әруағына жасалған ұлықтау шаралары өз дәрежесінде жүзеге аспаған ба деген ой келеді. Өйткені осы уақытқа дейін қазақтың Тұмашы Алматының төрінде қасқайып «өлең оқып» тұратын-ақ жөні бар еді.
Халқымыз ақындарын қай заманда да ардақ тұтып, алақанына салып, төбесіне көтерген. Бұрынырақ өмірден озған Тұмекеңнің құрдасы Қадыр Мырза-Әлиге туған елінде – Орал қаласында әдеби-мәдени орталық салынып, еңселі ескерткіші бой көтерсе, ақындар – Жұмекен Нәжімеденов пен халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтарға қойылған ескерткіштер бүгінде халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді биіктете түскендей.
Асқақ Алатауды, әсем Алматыны өлеңге қоспаған ақын жоқ. Бірақ дәл Тұмекеңдей өмір бойы жырлап өткен ақын кем де кем. «…Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған…» деген өлең жолдары ару қала Алматыға келе қалсақ, жанымызды тербейді. Жүректі шымырлатып, өмірдің мәнін ұқтыратын «Құстар әнін» айтсаңызшы!..
Алатаудың алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, дүлдүл ақын Тұмекең тұлғасы да жылдар жылжыған сайын сағымдана асқақтайды. Сондықтан сағымға оранған ақын тұлғасын өзі туып-өскен, жылдар бойы қызмет істеген, өмірі жырлап өткен қаласының төрінде асқақтата, жарқырата көрсететін уақыт туды, кез келді.
Осы орайда әдебиеттің, мәдениеттің өкілі ретінде өз ой-пікірімді білдірсем деймін: Алматыдағы Ұлттық кітапханаға (Абай және Абылайхан даңғылдарының қиылысы) Тұманбай Молдағалиевтың атын беріп, алдына немесе ғимараттың Желтоқсан көшесі жағындағы шағын бақтың ішіне ақынның биік ескерткішін орнатып, кітапхананың шығыс жақ қатарына ақынның мұражай-үйін тұрғызып, осы кешенді нысанды «Тұманбай Молдағалиев атындағы әдеби-мәдени орталық» деп атаған жөн болар еді. Ақын есімі жарқырап көрінетін, ескерткіші асқақтап тұратын қаладағы бірден-бір қолайлы орын осы деп ойлаймын. Бұл ұсыныс-пікірімді халық та қолдайтынына сенімдімін!

Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Редакциядан:
Тұманбай Молдағалиевтің аты Алматыдағы Ұлттық кітапханаға беріле ме, әлде басқа нысанға беріле ме, қалай болғанда да ақын есімі әйдік шахарда ұлықталуы керек. Расында ол Алматыны керемет жақсы көрді, төгілдіріп жыр арнады. Алматының әсем келбеті Тұмағаңның өлеңдерінде тұнып тұр. Ендеше Алматысы да аяулы ақынын биік тұғырға көтеріп, құрметтеуі керек.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.06.2020 | 22:57

Өте маңызды ұсыныс

Аноним 19.06.2020 | 15:56

тұманбай қазақтың бір туар ақыны, ардақты ақын туралы бұл ұсын өте жақсы айтылған, тұманбай ағаның жырларын қытай қазақтары да жақсы біледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір