Ырысбектің Дәбейден мұндай шикі әңгіме күтпеп едім
Сөз дегеніміз – қағаз бетіндегі қаріптердің жиынтығы немесе бей—берекет дабырлаған дауыс емес. Оның түп төркінінде бір ой тұруы тиіс қой. Жазба әңгіме түгілі, ауызекі әңгіменің өзінде ойыңды шашыратпай, нық жеткізу басты талап. Сөзінде мән, ісінде береке жоқты халық – мыжыма дер. Ал, қолына қалам ұстап, жазушылықты мұрат еткен адам үшін сөз — қаламгердің басты құралы екені баршаға мәлім.
Сонымен, біздің бүгінгі алдыға қойған мақсатымыз – сөзбен өрген ойды тану. Жазушы, айтыс десе, айтыса кететін сурып салма ақын емес. Ол – терең ойдың адамы. Жазар дүниесі санасында сан шайқалып, иі қанып, піскен сәтте ғана ақ параққа сұранады. Идея! Ал оны ашатын – бас кейіпкер. Композиция, сюжет, фабула, жанама кейіпкерлер, детальдардың барлығы сол идеяны ашатын образды сомдауға қызмет етіп, ортақ шаңырақ-идеяның төңірегіне уықтаса шоғырланады.
Осы тұрғыда Ырысбек Дәбейдің «Жарғанат» деген әңгімесін талдауды мақсат еттік. Шағын әңгіме төрт тараудан тұрады екен. Демек, жазушы осы төрт керегемен көтерген ойын түйістіре келіп, Берік деген бас кейіпкері арқылы оқырманына жеткізбек болған сыңайлы.
Бірінші тарау. Жатақхананың қуықтай, сасық бөлмесінде екеу отыр. Берік дегені ертең пойызбен бір жаққа бармақшы екен. Соны біраз әңгімелейді. Арасында сыра ішіп, темекі тартады. Екіншісінің есімі Ербол екен. Бірақ автор оның атын атауға намыстанама, әйтеуір, қайта-қайта «серігі» дей береді. Адамды елітіп әкететіндей мандыған әңгіме жоқ. Екі «чмо» оттасып отыр. Сөйтіп отырғанда жатақхананың бір бұрышынан айғай-шу шығады. Ерлі-зайыптылар қырылысып жатқан сияқты. Сәлден соң байы бір ұрып талдырған болар, бая-шая қатынның үні өшті. Осы арада: «– Аннан қайтқан, мыннан қайтқанмен әуейі болмай, үйленіп алсайшы. Отызға дейін армансыз-ойнап күлдің, – деді серігі.
Берік үндемеді. Терезе алдында тұрып, темекісін құшырлана сорды. Бөлмеден сыз иісі мүңкиді.
– Айтпақшы, тамақ ішесің бе? Лапша бар, су қайнатып жіберейін, – деп, Берік темекі тұқылын терезеден сыртқа лақтырды.
– Жоқ. Кел, ішейік.
– Давай».
Осы репликадан Беріктің қатын-баласы жоқ бойдақ және етектіні көрсе ебелекше ұшатын талғамсыз, нәпсіқұмар екенін аңғардық. Сосын бұлардың бөлмесінің сызы әдеттегі ызғарынан айырылып, «мүңкуге» айналыпты. Босағасы да баклажкамен ыбырсып кеткен, нағыз антисанитария. Әлеуметтік сатының ең төменгі — кедейшілік шегіндегі жағдай. Қонағына «бишпакеттен» өзге ұсынары да жоқ. Қолдарындағы бар мүмкіндігі: тарту мен ішу ғана…
«– Мен анауыңа сенбеймін, – деп серігі сыраны салқ еткізіп жұтты да, кесені жайылған газет үстіне қоя салды. – Не деген батпан құйрық» деді «серігі». Неге сенбейтіні туралы тарау біткенше автор тіс жармады. Осындай интрига тудыратын құпия арқылы оқырманды жетелеуге ниеттенген тәрізді. Тағы да «сенемін, сенбеймін» деп екеуі біраз тәжікелескен соң, «серігі» кетеді. «Берік жатақхананың алдына дейін серігін шығарып салып, ішке енді». Осы жолдарды оқығанда кеңістіктен шатасып, басым айналып кеткендей болды. Берік жатақхананың алдына дейін «серігін» қалай шығарып салады? Егер өзі сол жатақхана ішінен шығып келе жатса? Мүмкін, жатақхананың есік алдына шығарып салған шығар деп болжадым.
«Ол теңселіп жоғары көтерілді. Қарсы алдынан бір этажда тұратын, анда-мұнда кездесіп қалғанда бас изесіп өтетін жас келіншек ұшырасты. Халатының кеуде тұсы ашық-шашық, қос анары ағараңдап көрінді. Берік оның кеудесіне сұқтана қарап қалды. Әйел халатын түзеп, тарсылдата басып, төменге кетті. «Осының күйеуі бар ма екен? Кейде бар, кейде жоқ құсаған. Әдемі өзі». Берік әйелдің соңынан қарап, басын шайқап қойды» Енді қайтсін, еркек емес пе? «Кейде бар, кейде жоқ…» деп ән салғандай оның көңілі алабұртса, қайда және не үшін пойызбен баратынын біз ұқпай, бірінші тарауды тәмам қылдық. Автордың «серігі» деп менсінбей жүрген Ерболжан бір жерден шығып, «құпияның» сырын ашуға сеп болар деген үмітті де үкілеп қала бердік. Тек, есте сақтайтын бір деталь: «Берік оның кеудесіне сұқтана қарап қалды… Берік әйелдің соңынан қарап, басын шайқап қойды». Чеховтың қабырғаға ілген мылтығы тәрізді — осы деталь ақыр-аяғында бір ойнауы тиіс сияқтанды…
Екінші тарау. «Ол етжеңді, жетпіс жас шамасындағы сары әйелмен амандасып, сөмкесін төсек үстіне қойды да, дәлізге шығып, терезеден сыртқа үңілді». Тарау осылай басталады. «Олы» кім екенін бір құдай білсін. Сары әйелдің жетпіс жас шамасында екенін тісін ашып көріп үлгірді ме? Өйтпесе, егде адам дей салса да келісер едік. Түсінің сары екеніне де мән бермей. «Олдың» жас яки кәрі екенін және білмегендіктен, осы кемпірдің үйіне келген «жігіті» болар деп болжадым. Себебі, қымсынбастан төсекке сөмкесін тастап, дәлізге шығып кеткеніне қарағанда…
Ары қарай оқығанда тағы да кеңістіктен шатасқанымды білдім. Апырау, «Ол» дегенін – Берік деп, және купеге кірген де сол еді деп, о баста айта салса несі кетер еді автордың? Ұятқа қалдырды! «Перронда әрі-бері жөңкілген жұрт. Пойыз мұның келуін күтіп тұрғандай жылжи жөнелді. Бірмұнша уақыт дәлізде тұрған Берік купеге кіріп, орнына жайғасты. Сары әйел шай ішуге кірісіпті.
– Кел, балам, шай іш. Түсте асығып жүріп дұрыстап шай іше алмап едім, – деп, ол самбырлай сөйледі.
– Рақмет, апа, сосын ішермін.
– Ақжотаға кетіп барасың ба?
– Жоқ, Тастөбеден түсем.
– Тастөбең жолдың үсті ғой, бүгін түнде-ақ жетіп барасың. Бізді айтсаңшы.
– Түн болғанда таңда өтеді Тастөбеден. Сіз Ақжотаға ма?
– Иә.
– А-а… Біраз жүресіздер, – деп Берік төсек үстіне тастай салған курткасын ақтарып, шылымын алды».
Мақаланың басында әңгіменің тұла-бойын қалыптастырған дүниенің барлығы идеяны ашуға қызмет етуі керек деген сияқты едік. Осындай диалогтармен басты кейіпкердің немесе жанама кейіпкердің мінез-құлқын ашу да көзделген-ді. Бір көкеміз айтпақшы: «Әңгіме ішінде маса да тектен-тек ұшпауы тиіс» деп. Мынадай мән-мағынасыз бекер әңгіме — ешқандай ойдың астарын ашып, көркемдік талапты орындап тұрған жоқ.
Содан Берік басында «дәліз» деп, кейін тамбур атанған екі аралыққа барып шылымын шегіп тұрғанда полицейге ұсталады. Абиыр болғанда ол неме де пара алатын көп сұмның бірі боп, бұны босатып қоя береді. Берік купесіне оралғанда «Сары әйел» намаз оқып жатыр екен. «Сары әйел» деп автор несіне қайталай беретініне таңым бар. Оның егде кісі екенін білдік. Ал өңінің сары, көк, қызыл, қара болғаны қаншалықты маңызды? Бұндай детальге акцент берілген соң, оның астарында бір сыр жасырулы тиіс. Демек, ол әйел тегінен-тегін «сары» емес?!
Сөйтіп отырғанда: «Ашық тұрған есіктен киім-кешек көтерген әйел алқынып кірді. Қараторы жүзі түтігіп кетіпті.
– Отырсам бола ма, апа? – деді ол жалп етіп отырып жатып.
– Отыр, отыр.
«Мына кісінің өзі де апа ғой, мұнша киім-кешекті зілдей ғып қайтіп көтеріп жүріп сатады екен?». Берік жүзі тотыққан әйелге селсоқ қарап қойды. Ол самбырлап сөйлеп, саудасына кірісті.
– Сіздің жасыңыздағы кісілер тойға, қонаққа киіп баратын көйлектер бар, апа. Көріңіз.
– Әкел, көрейік.
Екі әйел сауданың қызығына түсіп кетті. Берікті ұйқы басты. «Түн ортасында айдалада тоқтап тұрған пойыздан түсіп, шылым шекті. Шағын станцияда қыбыр еткен жан жоқ, боран ұлып тұр. Бойы мұздап, ішке кірген ол орнына жайғасып, ұйқыға бас қойды.
– Тастөбеге келдік, тұр!
Проводник оны жұлқып оятты.
“Ертедегі жарғанат суреті» деп екінші тарау да бітті. Әңгіменің басты арқауы «Жарғанат» енді аталды. Бірақ, оның себебі де екіұштылау. Жарғанатты елестеткен проводниктің ұсқыны ма? Әлде, «Ертедегі жарғанат суреті» деген реплика — жай пенде түсіне алмайтын терең пәлсапалық тұжырым ба? Егер «сары әйел», саудагер қатынның ұсынған көйлек-көншектерін киіп, өлшеп жатқан кезде біреуінің ою-гүлі жарғанатқа ұқсап, Берікке елес тудырып, көзінің алдынан көлбеңдеп кетпей қойса бір жөн. Сосын бұл кейіпкердің аузынан шыққан сөз де емес. Автор буынсыз жерге пышақ ұрғандай өзі кеп араласты.
Бұл жердегі есте сақтауға тұрарлығы осы «Ертедегі жарғанат суреті». Ал қалғаны – әншейін, ештеңені ашпайтын, ортақ идеяға жұмылмаған бәжік-бүжік. Осы арада әлдекімдер дау туғызуы да мүмкін. Ырысбек Дәбей бірінші тарауда қара халықтың әлеуметтік жағдайын реалистік тұрғыда суреттеп отыр деп. Жатақханадағы жұрттың жай-күйі, «тарту мен ішуден» аспаған мешел ұғымды «жоғалған жастар»… Олай болса, автор сол тақырыпты шығармасына өзек етіп, өзінше бір әңгіме құру керек еді. Ал, осы тараудағы суреттердің де оңған дәнеңесі жоқ, қазақтың жұтаған тұрмысын: жемқор полицей мен проводник, шай-пайлық үстеме үшін түтігіп жүрген алыпсатар әйелді көрсетеді. Бұнда да бел қайыстыратын ауыр мәселенің қаузалатыны рас. Егер осындай келелі мәселені көтергісі келсе, «Жарғанатта» несі бар автордың? Осы аталған екі тараудың өзін жеке-жеке таратса, елді елең еткізер екі сүбелі дүние шығар ма еді?..
Үшінші тарау. «Жарғанат» әңгімесінің көздеген мақсаты — надан жұрттың еңбексіз ен байлыққа кенелгісі келген ашкөз, тоғышарлығын әшкерлеуге арналған ба деп үміттенгенмін. Және соған жүк боларлық материалдың барлығын оқырманға да таныстыра кеткенді жөн көрдім. Әңгіме ішіндегі:
«Жарғанат ұясындағы металл заттан қашатын қасиетті зат – осы. Бұл «Амрита кокон» деп аталады. Рак ауруына ем болады, адамды жас қалпында ұзақ жасауға көмектеседі. Осы қасиеті үшін араб бекзадалары мұның бір талын 250 мың долларға дейін сатып алып жатыр. Егер сіз осындай ұя тапсаңыз, бізге хабарласыңыз. Қанын жерге тигізбей сатып аламыз. Біздің байланыс телефонға хабарласаңыз» деген хабарламаның да ел арасында шынымен тарағаны рас. Осы сорақылықтың дәлелі ретінде мына жазбаны да ұсынып отырмын:
Уикипедия — «Жарқанат ұя салмайды, үңгірлерді, ағаш қуыстарын, үй, құрылыс шатырларын, жарқабақтардағы құс індерін мекендейді. Күндіз жеке не топтанып, бастарын төмен салбыратып, аяқтарымен тасқа, ағашқа, жарға жабысып демалады. Кешкі ымыртта және түнде жемтігін қалықтап ұшып жүріп, тасадан тосын шабуыл жасап, шап беріп аулайды.
Жарқанат табиғи жағдайда 20 — 25 жылдай тіршілік етеді. Жылына бір рет көбейіп, жалқы кейде егіз табады. Балалары анасына жабысып өмір сүріп, бір айдан соң өз бетінше ұша бастайды.
Сондай-ақ, түрлі аурулар (әсіресе, құтыру) таратып, адамға, жануарларға зиянын да тигізеді».
«Ал мынау видеодағы кокон бұл тропикалық араның ұясы. Ал енді бір видеодағы кокондарды аферистер лай-саздан жасап алған. Алданып қалмаңыздар. Жарқанатта ұя болмайды” – деп тағы зыр қағады ҚР Білім және ғылым министрлігі зоология институтының ғылыми қызметкері Марина Чирикова.
Бұл құрқылтай дейтін құстың ұясы. Келесі көктемнен бастап, бұл әдемі құсты Қазақ жерінен көрмейсіз енді. Жоғалттық! Себебі жарқанат ұясы екен деп, ауылдағы жұрт, осы құрқылтайдың мыңдаған ұясын бұзып, қолдарында ұстап отыр.
«Жарқанаттың ұясын іздеп кетуіміз надандығымыздың белгісі, біздің білімсіздігіміздің белгісі деп ойлаймын. Екіншіден ақпарат саласында негатив көп. Танымдық, ғылымға негізделген бағдарламалар көп болса, мұндай жайттар орын алмайды деп ойлаймын» – дейді қоғам белсендісі Алтынбек Кершеев.
Бүгінгінің үлкен қасіреті жұрттың бәрі бай болғысы келеді. Еңбекпен, ақылмен емес. Әп-сәтте үлкен ақшаны тауып алсам, ие болсам дейді. Біреу миллион берем десе жазықсыз тіршілік иелерінің ұясын ойрандап, мүйізі үшін қырып, өсімдіктерді түп-тамырымен жойып, әлгінің қолына өзіміз ұстатып жатырмыз… Обал-сауап жоқ».
Өкінішке орай, «Жарғанат» атты жазба, бұл — келелі мәселені қым-қуыт шытырман оқиғалармен көмкеріп, детектив жанрында суреттегеннің орнына, ананың басын, мынаның басын бір шатқан жайдақ әңгімеден аспай қалыпты.
«Берік түс қайта жұрт «Кеміргіш» деп лақап ат қойған Марғұланның есігін ашты. Жирен шаш, имек тұмсық Марғұлан жер тақтайдың басында жалғыз өзі көсіле жатыр.
– Ассалаумағалайкум!
– Уағалайкумассалам! Берікпісің?» деп үшінші тарау басталады. Бұндағы Марғұлан дегеннің кім екені белгісіз. Шіркін- ай, «Жирен шаш, имек тұмсық…» демей-ақ, «Зоология пәнінен сабақ берген, өмір бойы жарқанат өмірін зерттеумен келе жатқан мінезі қызықтау адам еді» десе бір сәрі, ондай ымның қарасы да жоқ. Сосын аталмыш сөйлемдегі «жер тақтайдың басында» деген қандай төсектің түрі және кісі отырған кезде ғана аяғын көсілуші еді, ал Марғұланның жатқанда аяғын созбай, көсілетіні көңілге қонымсыздау…
Ауыл адамының интеллектісін төмен деуден құдай сақтасын! Төрт түлік малдың жағдайын жақсы білетін малсақ жұрттың — жарғанат жайын одан артық білгеніне қайран қаласың. Әрине, бұл – автордың, кейіпкерінің аузына сөз салып берген жасанды әрекеті екенін ішім сезеді. Оқып көрелік: «Жоғарғы қатардан қызыл тысты, қалың кітапты суырып алды.
– Міне, мына кітап орта ғасырда салынған суреттер жинағы, – деп Марғұлан қалың томды ақтара жөнелді. – Бұл өзі қызық жаратылыс, жарғанатты айтам. Сүтқоректілердің ішінде ұшатыны, құстектілердің ішінде жұмыртқасыз балалайтыны. Ғалымдар мұны сонау динозавр дәуірінен бері тұқымы құрымай, бүгінге жеткен жан иесі дейді. Көп халықтың аңыз-әфсанада да жиі ұшырасады. Жарғанатты күні бүгін кие тұтып, символы санайтын елдер де бар. Ортағасырда салынған, міне, мына сурет.
Марғұлан кірпіш кітапты Беріктің қолына ұстатты. Ол қанатын қайықтың желкеніндей жайған жарғанат суретіне үңілді».
Үшінші жақ немесе авторлық баяндауда нақтылы дерекке сүйенбеген ақпаратты жазу қателік болып саналады. Ал кейіпкердің атынан ойына не келсе соны айта беруге болады. Ырысбек Дәбей осы қағидатпен қарапайым ауыл тұрғынына келіспейтін білімдарлықты көрсетеді. Егер бұл — Құран-Кәрім болса, бір сәрі… Сосын орта ғасырыңыз осыдан кемінде мың жыл бұрынғы кезең емес пе? Ұсқынсыз Марғұланның тілі ғылыми, құдды лекция оқып тұрған профессор дерсің!
Ырекең интернеттен «скачать» етіп алынған небір деректерді «тақуа» Мәрекеңнің өз әңгімесіндей етіп, оқырманның аузын аңқайтады. Қайсыбірін айтайын, қызығушылық танытқан адам «Жарғанаттың» үшінші тарауын өзі тауып оқыр. Теңдесі жоқ мағлұмат алған Берікпен бірге біз де риза болып, бұл тарау да аяқталды. Тәуірі, Берік ертең ертелеп, жарқанат мекендейтін Қарүңгірге баратын болды.
Төртінші тарау. Барарын барды. Өлген жарқанаттан шошып, қайта үйіне қашты. Бір кереметке куә боламыз ба деген үміттің күл-паршасы шықты. Демек, біз күткен идея ашылмады. Сол идеяны ашатын кейіпкердің образы да қалыптаспады. Оның есесіне: «– Төрт күннің алдында сен тұрған жатақханада бір әйелді ұрған дей ме, зорлаған дей ме? Біраз күн ес-түссіз жатқан сол әйел бүгін түсте қайтыс бопты. «Ауылда сотка ұстамайды, келген соң өзі хабарлассын» деп телефондарын жазып алдым. Әлі кеш бата қойған жоқ, жұмыстарында шығар, звонда! Шешеңнің үрейі ұшып өлетін болды.
Берік басын изектеп, үйге кірді» деп соңғы тарау әңгіменің аяғы тоқ соққандай «басты изектетіп» тұйықтады (Короткое замыкание» деген орыстың сөзін қазақша «тұйықталу» деп аударады екен). Сонымен «Жарқанат» жайына қалды! Бірінші тараудың соңында: ««Берік оның кеудесіне сұқтана қарап қалды… Берік әйелдің соңынан қарап, басын шайқап қойды». “Чеховтың қабырғаға ілген мылтығы тәрізді — осы деталь ақыр-аяғында бір ойнауы тиіс сияқтанды” деп бекер күдіктенбеппін! Қалғандарын айтпағанда: тарау сайын үздіге іздеген Ербол да ізім-ғайым жоқ болды. Жарқанат іздеп келген Беріктің соңынан ерем деп оқырман да мұзға тайып, екі бұты екі жаққа айырылғандай күйге тап болды.
Қорыта келгенде, төрт кереге қабысып, уықтарының басы бірігіп, шаңырақ-идеяны көтере алмады. Керісінше, әрқайсысы «Бас-басына би болған өңкей қиқым» демекші, «өз әңгімесін» соғып кетті. Берік те «безликий» бірдеме ғана…
Қаламы төселген қаламгер Ырысбек Дәбейден бұндай шикі әңгіме күтпеп едім.
Заһар СҰРМЕРГЕН
Оқи отырыңыз!
Ырысбек Дәбей. Жарғанат
ПІКІРЛЕР3