ЕЛІМ ДЕП ТУҒАН ЕР БАУКЕҢ
09.05.2020
3560
8

 (Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл)

«Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен…»
Б.Момышұлы

Ойранды отызыншы жылдардан есеңгіреген жанкешті халқымыз серке сөзімен ұлт рухын көтеретін ертегінің еріндей ақ жүрек азаматтарды аңсады. Дүйім жұрттың көкейіндегісін іркілмей айтатын, қара қылды қақ жаратын әділ сөз иесін, адамдық ары таза турашыл мінезді толағай тұлғаларды күтті. Халық күткен толағай тұлғалардың бірі, аты аңызға айналған Момышұлының қан майдандағы ерлігі мен өрлігі ғана емес, ақ сөйлеген кесімді сөзі де рухани жұтаңдық дертіндегі әлеумет санасын серпілтті, жігерін жаныды.

Тумысы ерек Бауыржан Момышұлы – қазақтың рухани және саяси қайраткерлерінің мемлекетшілдік дәстүрін, отаншылдық ұстанымын жалғастырған ұлт қаһарманы. Сталинизм құрбаны болған арыстардың іргелі зерттеулері мен көркем туындыларының қайнарынан қанып өскен қайраткер Алаш идеясының ұлт санасынан өшпейтініне кәміл сенді. Алаш боздақтарының қазақ ғылымы мен сөз өнерін өркендетудегі өміршең қызметін бағалаудағы өрелігінен тайғаны жоқ. 

«…Я, как читатель, признаю классиками нашей литературы Ахмета Байтурсунова, Миржакыпа Дулатова, Жусипбека Аймауытова, Магжана Жумабаева и других…» деген пікірімен ұлт азаттығы жолында жанын пида еткен көк сеңгірлеріміздің жоқтаушысы барын, олардың сұраусыз кетпейтінін әйгілеп тұрып айтты (Қараңыз: Момышұлы Б. Мүсірепов // Айтылмаған ақиқат. (Көп томдық шығармалар жинағы). (1-кітап). 9-том. – Алматы: «Өнер», 2009. 191-б).

Қыр перзенттерінің қазақ өркениетіндегі заңғарлығын: «Алфавиттің бірінші әрпі «А»-дан басталады, яғни бірінші классик – Ахмет Байтұрсынов», Мыржақып Дулатов – қазақтан шыққан бірінші романист», «Жүсіпбек – философ, психолог. Біздің қазақтың тарихындағы ұлы педагог, ақын», — деп «халық жаулары» аталған тұлғалар жайында тұжырымды ойын ғибратты толғанысымен зерлеп берді.

Ұлт тарландарын қиын-қыстау күндері қолдап, бақилық болғанында жоқтай білген Момышұлы қазақ жерінің тұтастығына өлшеусіз еңбек еткен Алаштың Әлімханы өмірден өткенде: «Глубоко потрясен кончиной первого профессора – казаха Али аға, основателя Казахского государства», деп  қалың еліне көңіл айтты.

Алаш зиялысы Мұстафа Бұралқыұлына (Бұралқиев) (1899-1979) Асы мектеп интернатында оқып жүрген 1925 жылы жүздесіп сүйсінген болса, араға ұзақ жылдар салып қайта қауышуындағы көңіл толқынына көп мағына дарытты: «…Он нашелся через 45 лет. Я не вхожу в его почти полувековой отрезок времени, в его биографию, а перечень таков: Один из первых ученых агрономов из казахов. «Враг народа» – 1937 года реабилитирован. Много знает. Молчит. Работает. Иногда на веселье, в узком кругу поет. Настоящий бывалый казах – с оттенками «русофильства. Не возгордившийся и не сгорбившийся Гражданин Советского Союза». 20/І/1971 г. Б.Момышулы (Қараңыз: Момышұлы Б. Агроном Мұстафа Бұралқиев // Айтылмаған ақиқат. (Көп томдық шығармалар жинағы). (1-кітап). 9-том. – Алматы: «Өнер», 2009. 243-б).

Мұстафа Бұралқыұлының зайыбы Ботакөз Дулатова (1908-1988) – Міржақып Дулатұлының ағасы Асқар Дулатұлының (1868-1933) қызы екенін айта кетуіміз керек. Арыстарымызды ардақтап өткен батыр Бауыржанның бекзат болмысы Гүлнар Міржақыпқызының «Қанатын кеңге жайған тұлға» естелігінде айшықталған (Қараңыз: Дулатова Г.М. Шындық шырағы: Естелік-эссе / Гүлнар Дулатова. – Алматы: Мектеп, 2012. 148-150-бб).

Ел басына күн туғанда қолына қару алып, қанмайданда ел мерейін еселеген әскери офицерді «намысы биік, еңсесі тік, рухы асқақ саналы қазақ қандай болуы керек?» деген сауалдар толғандырды. Жат мәдениетке уланған ұлттық сана, шұбарланған тілдік өріс ахуалы түңілдірген Бауыржан

қазақтың тілі мен тарихы, дәстүрі мен ғұрпынан ажырауы – өлуі не өшуі екенін дөп баса таныды.

Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа, СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумының төрағасы Қ.Сәтбаевқа (1944.7.03), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы М.Әбдіхалықовқа, әдебиеттанушы ғалым Е.Ысмайыловқа, майдангер М.Ғабдуллинге жазған хаттарынан шымырқанған шындықпен ана тілі мен ата тарихымыздың құрдымдағы күйіне барша қауым назарын аудартқан қайраткерлігін, тығырықтан шығудың жолын нұсқаған сарабдалдығын, ұлтсыздандыруға қарсылық танытқан жасын мінез жарқылын, халқына деген сүйіспеншілігін сезінеміз.

Мәлік Ғабдуллинге жолдаған хатында:
«Найзадан қол босаса қалам алдым,
 Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.

 Отырсам, көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермес сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ұсындым ақ ниетпен саған, халқым.

 Жазушы болмаған соң менің затым,
Көркем де жұмыр емес жазған хатым.
Салмақтайтын саналы ер табылса,
Атаусыз неге қалсын менің атым», –
дегеніндей, халқының көкейіндегі шемен шерін бүкпесіз жеткізуді парызы санады.

Қаныш Сәтбаевқа хатында: «Қаныш аға, қазақ халқында соғыс майданы жөнінде көз ашып танытарлық көркем әдебиеті жоқ. Ондай көркем әдебиет біздің халыққа осы кезде өте керек екендігі айдан анық – имею в виду, что проблема воинского воспитания – есть проблема воспитания от пеленки до штыковой атаки» (Қараңыз: Бауыржан Момышұлының Қаныш Сәтбаевқа жазған хаты). https: //alashainasy. kz/kazak _tarihy/ bauyirjan-momyishulyinyin-kanyish-satbaevka-jazgan-hatyi-84984/), – деп қаламгерлер қауымына бабаларымыздың ел мен жерді қорғаудағы жауынгерлік мінезі, ерлік кейпі, қаһармандық тұлғасы шынайы суреттелуі үшін өрелі талаптар қойды. Оқырманды жасытатын емес, жігерін жанитын сырлы әдебиеттің эстетикасын бағамдады.

Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хатында ұлттық тәлім-тәрбиені қолға алу, ата дәстүріне қан жүгірту, ұлттық ойындарды жаңғырту хақындағы ойларын жеткізді. Жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудегі жетесіздік пен жұтаңдықты бүкпесіз айтты. Кеңес ассимиляциялық саясатының жымысқылығына бойлататын ой жосығын аңғартты.

Өзгенің тіліне құлша табынып, мәдениетіне жөн-жосықсыз еліктеудің түбі рухани мәңгүртікке ұрындырарын: «Нашими «шоқынғанами» (буквально – крещенные; иносказательно – предавшие веру, народ и свою историю) пренебрегались эти благородные традиции воспитания боевых качеств нашего народа, как «отжившие», даже преследовались до сих пор людьми негосударственного ума, сидящим за председательскими столами: здесь будет, кстати, старая казахская поговорка «Шала молда дін бұзар» (невежественный проповедник портит веру)» (Қараңыз: Бауыржан Момышұлы: Қазақ халқының қаһарман перзенті, жазушы Бауыржан Момышұлына арналады. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2011. 247-б), –  деп тамыршыдай дөп басты.

Ұлттық нигилизмнен өрістеген көрсоқыр надандыққа күйініп, тілінен безінгендердің арсыздығына, баба дәстүрінен жерінгендердің тексіздігіне налыды: «Вследствие такой оплошности в воспитании некоторая часть молодежи растет неузнаваемо развязной, легкомысленной, хилой, мешковатой, попадаются даже трусишки, малодушные, шкурники. Некоторые не умеют ездить верхом, боятся лошади – просто стыдно называть таких казахами, лепечут какую-то ерунду по-казахски, что похоже на неотработанный язык какого-то иностранца».

Ұлттық тәлім-тәрбиедегі жетесіздіктерге күйінген батыр халқымыздың өткен кезеңдегі жауынгерлік дәстүрі, елдік қасиеттерден суарылған мәйекті тәжірибесі салтанат құруы керек деп білді. Кешегі Ер Едіге, Қобыланды, Алпамыс, Бекет, Исатай, Махамбеттей батырлардың даңқты ерлігі бүгінгі жастардың тағылым алар мектебіне, өнеге тұтар тұтқасына айналу қажеттігін байыптады. Ұлттық сана қалыптастырудағы тарих діңгегін бағамдап, халқымыздың ертеңгі тағдырына жауапты өрендеріміздің ұлттық өресінің биіктеуін мұрат тұтты.

Қазақ КСР КП хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жолдаған хатында «Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәдениеттің арнаулы құралы – ғылымның арнаулы саласы екендігі даусыз» деген ойын Сұлтанмахмұттың тіл қасиеті хақындағы атақты өлең жолдарымен дәйектеді.

Тілдің халықтық қасиет, елдік өлшем, ұлттық рух екенін зерделеп, тілден айрылған жұрттардың қасіретін, үміті мен күдігін қазақ қайғысымен сабақтастырды: «Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихтан дәлелдер аз емес».

Тіл тазалығы, сөз мәдениеті, тілдік қолданыс проблемаларын байыптап, орын алып отырған олқылықтар сырын ашып, күнделікті өмір ағысының тұрмыстық түйткілдерінен бастап, мерзімді басылым, әдеби және ғылыми аударма, мемлекеттік басқару тетігіндегі сорақылықтарды бұлтартпас дәлелдермен негіздеді. Үкімет қызметіндегі азаматтардың ана тілінен безініп, мәңгүрттенуге бет алған намыссыздығына күйінді.

Қазақ қоғамында асқынып отырған тіл ахуалына немқұрайлы қарау – арға сын, кешпес күнә. Міне, Бауыржанның игі жақсыларды перзенттік парызын адалдықпен атқаруға шақыруы, қазақ тілін дамытуда мемлекеттік деңгейде қолға алатын міндеттерді пысықтауы ар-ұждан тазалығынан туған ерлік болатын: «Осы кезде үкімет қызметіндегі азаматтардың арасында ылғи орысша сөйлеп, жазып, баяндама істеу әдет болып, әуеске айналып кетуіне тыйым салынып, қазақша шешендік, сұлу, шебер сөйлеу салт-сана, ердің сәні болуға айналса,  жұртшылығымызға үлкен абырой болар еді. Өсудің, дамудың барлық жағынан да бір кілтіне еге  болар едік».

Тіл – ел мен ер намысы, адамгершілік ары болғандықтан, ұлт руханиятындағы кем-кетіктерді дер кезінде қолға алу – барша исі қазақ баласының жауапкершілігі, міндеті деп білді.

Шын мәнінде, ой еркіндігі, сөз бостандығы аяусыз жаншылып отырған тоталитарлық жүйеде елдік мәселелердің ашық талқылануына жол берілмеді. Соғыс жылдарында ұлт мәселесіндегі идеологиялық саясатты қазақ мүддесімен тамырластыруды ойлаған Бауыржан Момышұлының сүйектен өтер семсер сөзі зиялыларымыздың көкейдегі шемен шерін ақтарып, қордаланып қалған түйткілдерді талқылауға қозғау салды. Сөйтіп, осы жұмыс қазақ қоғамының сана сілкінісі мен ой серпілісіне жол ашты.

Есмағамбет Ысмайыловтың Бауыржан Момышұлына 1943 жылы 12 шілдеде жазған хаты Отан тарихының партиялық қылбұраудағы ерлік шежіресін ұрпақ санасына құю, ұлттық сезімін серпілтуден туындады.

«Қазақты жақсы көру үшін алдымен оның ерте күннен мемлекет, мәдениетті ел, жауынгерлік салты мықты халық болған тарихын, мәдениетін жақсы білу керек. Өзінің ата-бабасының тарихын білмеген адам еш уақытта өзінің халқын толық жақсы көре алмайды», –  деп білген ғалым 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» ата  тарихымызды бұрмалаудағы ғылыми таяздықты, шовинистік танымды қақпайлауға соққы екенін ашық айтады.

Әсіресе, қазақты «жабайы», «надан» деп тұқыртқан империялық астамшыл пікірді терістеу және ғылыми негізді түзетудегі қазақ ғалымдарының мақсатын Б.Момышұлына бүкпесіз жеткізеді. Ел мерейін үстем етер игілікті істің маңызын бажайлайды.  

«Мына тарихта әлі қазақтың бұрын-соңғы жақсы қасиеті толық, дұрыс айтылып жетілгені жоқ. 100-ден бес пайызы ғана айтылып отыр. Мысалы, Кенесарының қолбасылық әрекеті туралы мен тура бір кітап етіп жаздым. «Осы күнге дейін қазақ өз алдына мемлекет болып па?», «Сабын түзеген жауынгер әскері болып па?», «Революцияға дейін хат таныған ба? Баспасөзі болып па екен?» деген күдікті сұраулар қалмай келетін. Жалпылама «Октябрьге дейін мешеу, түгел сауатсыз, надан, даласы құлазыған меңіреу, құм арасында айуан сияқты аш-жалаңаш көшіп жүрген» деген сөзді айтып өте шығатынбыз. Сөйткен ел ХҮІ ғасырда Қасымның тұсында бір жарым миллион әскер құрап, Еділден Зайсанға, Ертістен Тянь-Шаньға дейінгі жерлерге, қазіргі жерімізге толық ие болып, сыртқы жауларды жеңіп, дүние жүзінде әйгілі ірі мемлекеттің бірі болды. Мына тарихта сондай шындықтың бәрі болмағанмен, тұңғыш рет бірталайы айтылып отыр. Енді «қазақ надан, қазақ айуан» деген мырзалар не дер екен?  

«Қатал, қайратты мінезге ие азаматтар қазақ қоғамы үшін қаншалықты маңызды?» дегенде Есағаң отаншылдық қасиеттерді еселеудегі құндылықтарға екпін жасайды. Әсіресе, отаршылдық танған алауыздық, бірін-бірі күндеу зардабын еске сала отырып, одан арылудағы текті тұлғалар тағылымын ой безбеніне салады. Ерлік дәстүрін өмір шындығымен байланыстырғанда кешегі Абылай мен Кенесарыдай айбынды да айбарлы қыр перзенттерінің бүгіндері ел еңсесін көтеруде, тарихи жадын серпілтуде мейлінше қажет екенін жеткізе  айтады.

«…Кешегі 40 жылдай Сарыарқаға төніп келген жауларды беттетпей, қазақты ел қылған атақты хан Абылайдай ардагер, он жыл бойы ұлы Ресей империясымен жеңілмей соғысқан батыр қолбасы Кенесарыдай ұлы адамдарымызды бүгінгі біздің тарихымыз күтіп отыр. Мен хатымды сол өткен ұлы адамдарымыздың көзін дәл таппағанмен, бейнесін, соларға ұқсас жарқын сәулесін көрем-ау деп жазып отырмын», –  деген сындарлы пікірінің де астары мол. Бабаларға тән тектілік пен  алдаспандай рух үйлесімінің Бауыржан батыр тұлғасынан табылуын әдептен аспай байыппен түйсіндіреді.

Е.Ысмайылов Б.Момышұлының майданнан жазған хаттарының құндылығын қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты даулы мәселелерді байыпты, әділ шешуде бағыт-бағдар берер маңызымен бағалайды.

«Мұнда елінің келешегі, бүгінгі игілігі үшін шын жаны ашыған адамның сөзі айтылған. Қуанып, сүйсініп қабыл алмасқа шара бар ма, мұндай батыл, әділ, тура сөздерді? Бұл жалтақ емес, жағымпаздықты білмейтін қайрат иесі адамның сөзі ғой» деп табады. Әсіресе, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты ғылыми проблемалық түйіндерді шешу бағдарындағы қадау-қадау келеңсіздіктерді бүкпесіз баяндап, шерін тарқатады. Ғылыми принциптілікті бағдарлай келе, идеологиялық қысымнан туындайтын кедергілерді ашық айтады. Сол тұстағы лито бақылауы мен цензура қыспағындағы рухани әлемдегі айтыс-тартыстардан хабардар етеді.

«Міне, сол айтыстың кезінде екі-үш ай бойы ұйқы, күлкі көрмей азып-тозып, архивтің арасында отырып, барлық жүйкені тоздырып жүрген кездер болды. Сол не үшін еді? Ата-бабаның жақсы қасиетіне кір жұқтырмау ғой. Мансаптың, өңештің, мақтанның құлы болсақ жүз жыл бұрын өліп қалған Кенесарыда не жұмысымыз болар еді. Сұлтанмахмұттың, Қарашевтің, Шернияздың бастарын аршып алу жолындағы айтыс-тартыстардың шегі жоқ».

Осы жайттарды айта келіп ғалым Ысмайылов төмендегідей тосын байлам жасайды:

«Қазақтың тілінен, әдет-салтынан жиіркеніп, өзінің орысша оқып-біліп кеткеніне мың мәртебе шүкіршілік айтып қуанып, «жетіліп» кеткен қазақтың жігіттері аз емес. Олар – қазақтың ана тілі неге керек, орыс болсақ жарайды ғой, мақтан қыларлық не бар бізде, бұрын түгелінен қараңғы, айуан сияқты болып едік, сол айуандықты күлкі етіп, несіне айта бересіңдер, осы надан қазақты көрмесем екен дейтін сабаздар бізде аз емес, міне, мұндайларға ақыл айтудың қажеті жоқ, қатал қайратты адамның әмірі, үкімі ғана қажет. Мұндай топастарды қатал қайрат иесі ғана лезде үйретіп беруге тиіс».

Осындай өрелі де жоталы пікірлер олардың еркіндік тұсауланған заманда қазақ тілінің көсегесін қайтсе көгертеміз, қоғамдық дамуды қазақ мүддесіне қалайша бейімдейміз деген таным биігін айқындайды.

Қазақтың рухани әлемінің жай-күйін байыптаған Есмағамбет Ысмайылов қазақ әдебиетінің өмір шындығын суреттеудегі олқылықтарын ашып айтудан тартынбады. Социалистік реализм қалыбындағы ұраншыл әдебиеттің жасандылыққа ұрынып отырғанын жасырмады.

«Жалғыз-ақ сөз: әдебиетімізде шын мәніндегі шындықты суреттеу аз, бірыңғай мақтан, қошемет, айғай сөздер ғана басым. Қазақ әдебиеті әзірше осы соғыстың басталар кезіндегі дәрежесінен ілгерілей алған жоқ».

Б.Момышұлы 1943 жылдың 10 тамызында Е.Ысмайыловқа жолдаған жауап хатында барша қазақ зиялыларын толғандырып жүрген ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш және ұлттық құндылықтар хақындағы пікірін пысықтай түседі. Қоғамдық дертке ұласа бастаған ұлттық нигилизмнің түп тамырына балта шабу керектігін айта келе, ондай қатерлі көріністердің қазақы болмыс-бітімімізді құрдымға кетіретінін аңғартады.

«Біздің бабамыз кімнен кем, кімнен сорлы еді? Мың жыл жасаған қазақтың ішінен ақылды, пайымды адамдар бүгінгі таңда ғана шығып па? Кемеңгерлік, данышпандық, ел қасиетін, бабамыздың әруағын тепкен тентектердің аузына қашан тыйым салынады? Бабамыздың адамгершілігі, ерлігі, ақылы, сыйпат, салтанаты көп алдында әділ баға алып, немере-шөберелеріне қашан мақтаныш, тымсал, мысал болып, жұрт алдында еңсемізді қашан көтереді», – деген  ұлағатымен ұрпақ тәлім-тәрбиесіне шындап бет бұру арқылы ұлттық құндылықтарды қайта түлету жолдарын таразылайды.

«Басқалар бабаларының әруағына сыйынып, бас ұрғанда, ондай міндетті борышымызды басымыздан атқаруға біздің ұялуымызға жол болсын! Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет, ақылына, әдет, әдеп-ғұрпына жасөспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін елден жасырып, архив пен филиалға тығып, сүрі еткеніміздің жөні қайдан шыққан әдепсіздік? Ұялмай-қызармай консервировать ету – жастарға қара перде емес пе?».

 Батыр Бауыржанның әдебиеттанушы ғалым мен жазушы Александр Бектің «Арпалыс» повесіне қатысты көзқарасы да кенен ойға толы. Бірінші кезекте қазақ қаламгерлерінің қанмайданда ерлігімен құрметке бөленген қандастарымыздың өр тұлғасын бейнелеген кесек туындыларымен көрінбей, өмір шындығынан алшақ жәйттерге ұрынып отыруын ескертуді жөн табады. Қаһарман тұлғаның «Майданда болған жазушылар Ивандармен әуреленіп, Тезекбай мен Ұлтарақтың ерлігін – «біздің Тезекең істеді» деп жазуға жүрексінді де, ерлігі де жетпеді. «Жазуым Ивансыз болса» имансыз, ұлтшыл атанамын деген ойлар оларды үрейлендіріп, шатыстырды. Тезекеңнің ісін Терентиге қиянат жолымен алып берген күндері де болды. Сол себепті Тезекбайдың ісін Иванның өзіне баяндап, өзіне жаздыруды дұрыс көріп таптым. Иван әділ Иван. «Біздің Тезекең туралы Иван  былай деп жазыпты» деп көп алдында айтуға сендер ұялмасын дегенім ғой», – дегенін ащы болса да мойындамасқа амал жоқ.

Шындығында, А.Бектің «Арпалысы» қазақтың батыр ұлы Бауыржан ерлігін, сұрапыл соғыс ақиқатын суреттеген кемел туынды. Орыс жазушысы К.Симонов: «Бұл кітап жылтырауық біткеннен аулақ, әрі мөлдір, әрі дәл, әрі ықшам. Мұнда бірде-бір артық нәрсе жоқ, тіпті ойша бір сөзін де түзеткің келмейді. Қиын міндеттен именбейтін, талантты, өнерлі, шебер қолмен жазылған осынау кітапта нағыз соғыс жайлы баяндалған», — деп бағаласа, Олжас Сүлейменов «Менің бақытыма қолыма Александр Бектің «Волоколам тас жолы» романы түсті. Оның тас-түйін Бауыржаны менің аяулы кейіпкерім болды. Өткір, тәкаппар, әділ, батыл да дана Бауыржан бір мені ғана емес, талай қазақты қадірлеуге үйретті. Бауыржанның қазақ болғаны мен үшін бақыт еді», – деген  зор мәнге ие пікірін айтты.

Түйіп айтқанда, Бауыржан Момышұлының ана тілі мен ата тарихын қастерлеу, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау хақындағы саф ойлары бүгіндері де өзектілігін жоймай отыр. Қаһарман тұлғаның елдік қасиеттерді сақтауға шақырған өсиеті мен аманатына адал ел ғана қазіргі жаһандану үрдісіндегі жасампаздық құқығына ие болып қалмақ.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры

ПІКІРЛЕР8
Аноним 10.05.2020 | 23:51

Рақмет

Аноним 11.05.2020 | 08:38

Ракмет! Тамаша!! Осындай құндылықтарды ұрпақтар бойына мейлінше сіңіре беру керек.Сонда ғана нағыз қазақтың болашақ патриоттары қалыптаса береді…

Аноним 11.05.2020 | 09:28

Өте керемет мақала.

Аноним 11.05.2020 | 17:59

Жоғарыда аталған хаттардың толық мәтіндерін келтіруге газет беті шыдамаса, осы сайтқа салуды қолға алсаңыздар екен. Онда бар оқушы халқының тілі мен ділі үшін күрескен Ер Бауыржанның арманны мен мақсатын жете таныр еді

Аноним 11.05.2020 | 20:40

Дәлел-дәйегі мол мақала!

Аноним 12.05.2020 | 00:48

Керемет жазылған

Аноним 14.05.2020 | 10:26

Керемет жазылған мақала !

Аноним 14.05.2020 | 11:27

Шіркін-ай! Қазіргі қазаққа бір Бауыржанының жетпей тұрғанын қарашы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір