КІТАПХАНА – ЖАЗБАЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІ…
30.10.2015
1616
0

55e8db27728c1

Менің «Кітапхана ісі» маманы екенімді білген Ерлан (Жүніс) ағаның: «Арманына жеткен жалғыз ақын болайын деп тұрсың» дегені бар еді. Гүлнар Салықбайдың, Маралтай, Әмірхан ағалардың кітапханашы болуды армандағанын білуші едім. Енді, міне, өзімнің де кеудемді бір мақтаныш сезімі билейді.

Шымкенттік жас ақын Әлімжан Әлі­шердің «Кітап ұрлау операциясы» деген өлеңі бар. Кітап жайлы, кітапхана жайлы сөз қозғасам, ойыма орала кетеді. Замандасым болған соң ба, біртүрлі жаныма жа­қын. Былай басталады:
«Абыздарды,
Ақындарды,
Шешенді,
Танып алдым кітаптардан әсерлі.
Кітапхана – жазбалардың жүрегі,
Мешіттен соң киелі орын осы енді…».
…Сөмке-сөмке болмаса да бір-бірден,
Бала едім ғой…
Кітап ұрлап жүрдім мен.
Ізденбесем өз-өзімді табар ма ем,
Ашық сұхбат жасар ма едім бұл күнмен?..».
Дұрысы «Ашық сұхбат жасар ма едік?». Өткен күнмен де, бү­гінгі күнмен де, келер күн­мен де. Бұл ойымызды Ғабит
Мү­сі­ре­­п­ов­тің мына бір сөзі толық­тыра­тын­дай: «Кітап де­геніміз – алдыңғы ұрпақтың арт­­қы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кі­тап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиы­лар едік». Заманмен де, ғаламмен де тіл­десе алмас едік. Кітаптың бүгінгі ғы­лым мен техниканың бастауы екенін айт­пағанда, адамның  адам болып қалып­тасуында алар ролі жоғары. Адамзат – кі­тапқа қарыздар. Бұған тарих куә.
«…Оқырманға, оқу залға қарамай,
Жымқырған да дұрыс емес көп олай.
Жасақталған сарбаздары жоғалған,
Босап қалған сөрелерге обал-ай.

Балалық-ай шыға келген күлгін боп,
Армандадым атқарсам деп бір міндет.
Көшіргім кеп кітаптарды үйіме,
Өз үйімді кітапхана қылғым кеп.

Төлегеннен, Қасымнан да құр қалмай,
Иелендім өз-өзімді күнде арбай.
Мұқағали не дейді екен ішінен,
Абай маған қабақ түйіп тұрғандай.

Қызық көріп жүрдім түрлі жолменен,
Қылмысымды жасырып та келмегем.
Кітап зат боп көрінетін шығар, ә?
Адамдарға кітап ұрлап көрмеген…».
Алматыға алғаш келген кезім ойға ора­­лып отыр. «Алма­ты­ға апаратын по­йыз­ға отырам да арманыма бет алам», – деп­пін сол шақта. Арман – сапарымның ал­ғашқы қадамын жасаймын деп, Жазу­шы­лар одағына тарттым. Маралтай ағаға амандасып шығу ойымда. Қолымда – «Кентавр». Біраз әңгімеден кейін: «Аға, кі­табыңызға қолтаңба алсам…», – дедім.
– Кітапты қайдан алдың?
– Шынымды айтсам, ауылда кіш­кен­тай кітапханамыз бар, сол жерден ұрлап ал­дым («Кітап ұрлау операциясы» кезін­­дегі кешкен алапат сезімді айтпадым).
– Әкел!
Біраздан соң қоштасып кете бардым. Шық­қан соң көрдім: «Еламан, айналайын, кітап ұрлауды доғарып, банк тонауды қол­ға ал!», – деп жазып беріпті. Езуіме ерік­сіз күлкі үйірілді. «Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем», – дей­тін Горькийдің өзі кітап ұрлаған шығар деп қаласың кейде… Маралтай демекші, Маралтай ағамыздың мынадай өлеңі бар. «Кітап» деп аталады:
«Түрлі-түрлі ой түсірген санаға,
Тау да кітап, тас та кітап данаға.
Соноу құстар зау биікте жөңкілген,
Құсжолының жырын оқып бара ма?

Күн де кітап, гүл де кітап білгенге,
Кемеңгерге айналдырар бір демде.
Адамзаттың өзі Кітап емес пе,
Екі дүния арасында жүргенде.

Су да кітап, нұр да кітап көргенге,
(Көре алмаған кеудесі көр шерменде).
Кітабын да қоса берген Жаратқан
Он сегіз мың бұл ғаламды бергенде.

Мен кітапты Ана десем нанасың,
От пен судан қорғаштаған баласын.
Заман қанша жатсынғанмен Анасын
Бұзылмауға тиіс ұлы жарасым.

Азғындаудың шегіне жұрт жеткесін,
Ақын жүрек кімге айтады өкпесін.
…Аяқ асты құсқа айналған анадай
Кітап қайта көкке ұшып кетпесін».
«Кітап маған тақтан да қымбат», – дей­тін Шекспир сөзін көкейімізде берік сақ­тау арқылы біз кітаптың мәртебесін һәм ғұмырын ұзақ  қыла аламыз. Кітаптың  ғұмыры – кітапхана­ның ғұмыры. Ал Кі­тап­­хана – ұлылар рухының мекені.
«…Кітаптың ақырғы күні – адамзат­тың  ақырғы күні», – деп жазыпты Әмірхан аға «Қағанатты кітап құлатты» мақа­ласында. Бұл – жазмыш һәм ақиқат! Кі­тапхана есігі біліміне білім қосамын деген жас ұрпақтың толассыз легінен жабылмаса екен деген бір тілек.

12063568_499434313551319_5332583629146376881_nЕламан Хасенұлы,
Жамбыл атындағы
мемлекеттік
жа­сөс­пірімдер
кітапханасының
жас маманы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір