Президент оңды шешім қабылдады
28.04.2020
1015
0

Төтенше жағдай жарияланғалы ел бірлігі сынға түсуде.  Мемлекет басшысы бұл жолғы үндеуінде  індеттің алдын-алу кезінде атқарылған шаруаларға тоқтала келіп, карантиннің де аяқталуға жақын екенін айтты. Осыған қатысты қоғамдағы жағдайға алаңдап отырған  бірқатар азаматтардың да ойын білгіміз келді.   

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, математик, профессор:

Қауіпсіз киім киген дәрігер қорықпайды   

  – Төтенше жағдай мерзімін ұзартқаны өте дұрыс болды. Өткенде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов індетті жұқтыратындар саны 3500 адамға дейін жетуі мүмкін деді. Шет елдерде не болып жатқанына қарап болжам жасап тұрамын. Меніңше, індетті жұқтыратындар жиырма мыңға да жетуі мүмкін. Әрине, одан сақтасын. Бұл жәй математик ретінде өз болжамым. Жиырма мыңға барып қалса да оның бетін қайтару онай. Ал алпыс мыңға дейін көбейсе ол қиын. Халықтың бәрін айналып шығуы мүмкін. Ол кезде мен сияқты шал-шауқандардың бәрі кетіп калуы мүмкін. Әрине, бәрі жақсылықпен бітеді. Короновирусты өзгеге жұқтыру деген адам өлтірумен бірдей болып тұр. Карантин бітті екен деп, ауылдарда той-томалақ жасалмауын қатаң бақылау қажет. «Алла сақтасын!» деп қоямыз, соны халық та, билік те түсіну керек. Дәрігерлер ешқандай қауіп төнбейтін киімдермен қамтамасыз етілуі тиіс. Ақ халаттылар ауруларды қабылдауға қорқып тұрса, науқас саны көбейіп кетпей ме. Әлеуметтік жағдайға келсек, оған енді мемлекеттің қазір беріп жатқан көмегі сол халықтың қаржысы ғой. Кейбір адамдар берді деп, ала беруге дайын. Қаржыға да құнт  керек.  Жағдай ұзаққа созылып кетсе, не боларын кім біледі…

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы:

  Соңына дейін сақтану керек

  – Асығыс шекараның бәрін ашып жіберуге болмайды. Себебі, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан науқандық жұмысқа адамдар көптен келеді. Қазір оларда да күнкөріс қиындап отыр.  Өйткені бұл дерттің қайдан пайда болғаны, адамға қалай жұғатыны  белгісіз. Оның үстіне, ең жаман жері оны емдейтін дәрі жоқ. Мемлекет індет басталғалы халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың көптеген шараларын жүзеге асырды. Оған ризамыз. Миллиондаған адамға 42500 теңгеден жәрдем берді. Бұл өте құптарлық іс. Әлеуметтік  жағдайы төмен азаматтардың бары рас. Екіншіден, коронавирусқа байланысты базарларда ұсақ-түйек сауда жасайтын, такси жүргізетін көптеген адамдар күнделікті нәпақасынан айрылып қалды. Солардың бәріне қолдау болмаса қиын. Басқа мемлекеттердің де осы қиындықтан шығудағы экономикалық қадамдарын бақылап отырамын. Біздегі шаралар оларға қарағанда ауқымды. Саласы да көп, және дер кезінде іске асты. Ол үшін Президентке көптің атынан рахмет айтамыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы 11 мамырда карантин уақыты біткенімен, бұл түпкілікті айтылған сөз еместігін, сол кезде тағы жағдайға қарайтынын ескертті.   Экономикалық қиындықтар болсын болмасын, әбден айналамыз тазарғанша бір сақтанған соң аяғына дейін жеткізу керек.

Асқар НАЙМАНТАЕВ, сатирик:

Отбасылық кикілжіңге індет «айыпты» ма?

– Қазіргі кезде билікке өкпе айтатын адам көп. Аяғымызды трамвай басып кетсе де, биліктен көретін әдет таптық. Мынадай қиын қыстау сәтте, Президенттің айтқандарын дұрыс түсінуіміз керек. Тәртіпке бағынып, сабыр сақтаудың өзі де – ол кісіні қолдағанымыз болмақ. Осыдан  аман шықсақ өкпе айтатын уақыт молынан жетеді. Құдай ол өмірді де береді. 42500 теңгенің өзі біраз адамды ашуландырды. Үйге қамалып отырған көпшіліктің  жүйкесі тозып, отбасылық кикілжіңдер тууда. Енді карантин жариялағаны үшін  Президент кінәлі емес қой. Өздері о баста бірін-бірі дұрыс таппаған да. Бір ай бір шаңырақтың астында болғанда сырын ашып жатса, оған төтенше жағдайдың қаншалықты қатысы бар. Осындай ұсақ-түйек реніштер өсе келе билікке деген өкпеге айналып кетеді. Істеп жатыр ғой. Қайтеді енді. Биліктегілердің де басына түскен бірінші жағдай. Жыл сайын коронавируспен алысып жатқан үкіметіміз жоқ. Біздің ел ғана емес, бүкіл әлемнің басында алғаш рет кездесіп отыр. Әлем бағынған талапқа біз бағынбай не істейміз. Аман есен өтейік. Фейсбук сынды әлеуметтік желіде «Айналайындар, өкпелесетін уақыт табылады. Өкпесіз пенде болмайды. Өмірдің өзі солай, күрес тартыстан тұрады. Бірақ дәл қазір жаға жыртысуға баратын кез емес» деп жазып тұрамын. Елді де соған үгіттер едім.

Қымбат ДОСЖАН, тележурналист:

Негізсіз қымбатшылыққа көз жұмбаңыз   

– Карантин кезеңінің ұзартылуы ел азаматтарына үлкен жауапкершілік жүктейді. «Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар», — деді  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі мәлімдемесінде.

Қазіргі қиын жағдайдан өтерміз, карантин аяқталғаннан кейінгі өміріміздің бұрыңғыдай болмайтынын  түйсігімізбен түсінеміз. Мемлекет басшысы бүгінде 4 млн 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам азаматқа азық-түлікпен жәрдем берілгенін айтты.  Жалпы 1,1 млн. аса ел тұрғындарын азықпен қамтамасыз ету жоспарланған. 42 500 теңгені табысынан айрылған азаматтардың екінші айда да алатыны, оған өтініш бердің қажет еместігі де айтылды.  Әрине өткен айда тізімге ілінбей қалғандары болмаса…  Жеңіс мерекесінде соғыс және тыл ардагерлерінің ешқайсысы да елеусіз қалмасын деп жергілікті әкімдерге тапсырма да берілді.  

Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығы, оның ішінде егістікте жұмысын бастап кеткен қарапайым еңбеккерлердің жұмысын да ерекше атап өтті. Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ, әйтсе де әлеуметтік маңызы бар азық — түліктің бағасы көтерілмеуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұған әр адам атсалысып, белсенді болуы керек. Негізсіз қымбат бағаны көрдіңіз бе, ол жайлы дүкеншіге ескертіп немесе тиісті орынға хабар беру қажет. Бұны қалтамыздағы қаражатымызды үнемдеуден туған әрекет деп қабылдаған жөн.

Мәлімдемеде қазіргі қиын жағдайда алғы шепте қызмет етіп жүрген ақ халатты жандар мен құқық қорғау қызметкерлеріне, волонтерлер мен  ақпарат беруде күні — түні жұмыс істеп жатқан журналистерге алғыс айтуы- Президентіміздің  үлкен адами қасиетін білдіреді. Осы бір ауыз ғана алғысқа   қанша адамның көңіл-күйі көтерілді.

Сондықтан қарапайым халықтан бір ғана өтініш: үйден шықпай, карантин талаптарын қатаң ұстаныңыз. Денсаулығымызға бей-жай қарамай,  әр азамат өзінің отбасы мен бала шағасына ИЕ болып отырса бұл қиындықты жеңеміз деген ойдамын.

Иә, үкіметтің көмегі бәріне бірдей жете бермейді. Алда бізді қиындығымен  жаңа өмір күтіп тұр, соған  дайын болайық, ендеше өзімізге -өзіміз көмектесейік; Есігіміздің алдында тулақтай жер бар ма? Картоп, пияз, сәбіз  егіп  таза өнім пайдаланайық. Сонда ғана мемлекет басшысы мен үкіметтің жасап жатқан шаралары  осындай кішкентай көмегімізбен-ақ толыққанды болмақ.

Сауалнама жүргізген Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір