«Күй тыңдайық»: қобызшы Ақнар Шәріпбаеваның орындауында Ықыластың күйі «Ерден»
24.04.2020
2287
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің «Күй тыңдайық» жобасын қобызшы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Өнер университетінің доценті, ұстаз Раушан Оразбаевадан қабылдап алған республикалық және халықаралық конкурс-фестивальдердің лауреаты Ақнар Шәріпбаева Ықыластың күйі «Ерденді» орындап, күй сәлемді қобызшы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіповаға жолдады.

Шәріпбаева Ақнар Тәттібайқызы 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. Ықылас Дүкенұлының (1834-1916) ұрпағы. Қобыз өнерінің дәстүрлі ұстанушы, этноаспаптанушы, өнер зерттеуші.

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандырылған қазақ музыка мектебін 1997 жылы,  Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының қобыз пәні бойынша, доцент Әбдіманап Жұмабековтен 2002 жылы бітірген.

2004 жылы ҚазҰМА (Астана қ.) ассисентура-стажировкасын, 2016 жылы ММПУ (Мәскеу қ.) білім беру менеджменті бойынша магистратураны бітірген.

Х. Досмұхамедов ат. АМУ (Атырау қ.) «Музыкалық білім беру» оқытушы, кафедра меңгерушісі болып қызмет етті.

Қазір Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің жеке орындаушы – қобызшысы.

Республикалық және халықаралық конкурс-фестивальдердің лауреаты, ғылыми журналдар мен халықаралық конференциялар, конгрестердің жинақтарында мақалалары жарияланған. Петербор, Лондон қалаларында шеберлік дәрісін өткізген.

«Елдің Ықыласы» атты  ән жинағының (2013 ж.), «Бұлақ көрсең, көзін аш» (2016 ж.) кітаптарының авторы. «Асуы биік оркестр» атты академиялық Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық оркестрінің деректі-суретті тарихи шежіренің құрастырушысы және Д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестр туралы «Дәуірмен үндес ұжым» деректі телевизиялық фильмнің идеясының авторы. (2019 ж.).

Орындаған қобыз күйлері «Алтын қор» мен көптеген халықаралық  және республикалық жобалар бойынша дайындалған дискілерге, телевизиялық бағдарламаларға, анимациялық фильмдерге енгізілген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір