ЖҮГІНДІМ САҒАН, КАБИР – ШЫРАҒЫМ!
30.10.2015
1461
0

184151_1621975101_NUR_9785

Дәулетбек Байтұрсынұлы

 

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен

бастаймын. Заманға серт (1), негізінен адам

баласы зиянда (2), бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс

істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабыр-

ды үгіттескендер олар зиянға ұшырамайды (3).

(Аср сүресі).

 

«ҒАСЫР ҮНІ»

Заманға серт, ерік бердік қиялға,

Негізінен адам-пенде зиянда.

Тағыланып кеттік қоғам тарпаң боп,

Жылу қалмай жел азынап ұяңда.

 

Ақиқаттың ақ кемесін жүздірер,

Арамызда бар сонда да ізгілер.

Иман нұрын жарқыратып ортаға,

Жақсылыққа жаны ылғи да үздігер.

Олар сабыр, олар көпке өнеге,

Олар барда жүрек шамы сөне ме?

Құлақ салып Құран сөзін тыңдайды,

Көңілі жібір көз жеткізіп көнеге.

 

Құрметіне адаспаған жақсының,

Арайланып туып жатыр ақ күнің.

Ғасырларға Рахым нұрын сұраған,

Танығандар Жаратқанның хаһтығын.

 

Ғасыр келер, Ғасыр өтер таң қалма,

Ту жығылмас туралықтай Заң барда.

Ақ ниетті ардақтайық, бас иіп –

Ізгіліктің жолындағы жандарға…

 

КАБИР – ШЫРАҒЫМ

Теңіз толқынын тоқтату үшін,

Дауыл-боранға сабыр сұрадым.

Әлемге тыныштық орнату үшін,

Әділет-ардың тағын сұрадым.

 

Қараңғы түнде адаспау үшін,

Шапағатшының шамын сұрадым.

Еккен ағашым жеміс берсін деп,

Тереңге тартар тамыр сұрадым.

 

Аяздан тоңып мұздаған кезде,

Маздаған оттың табын сұрадым.

Панасыз пақыр күйін кешкенде,

Басыма күрке тамын сұрадым.

 

Өзіңді танып Раззағым дедім,

Өмірдің көріп қалың сынағын.

Басқаның бәрі баянсыз жалған,

Сиын Раббыма, табыншы жаным.

 

Көйлектің кірін кетіру үшін,

Алабота жағып сабын шыладым.

Жүрекке ноқат жуытпау үшін,

Жүгіндім саған, Кабир – Шырағым!

 

СЕНІҢ АРҚАҢ

Тауы мен өрі қалқан,

Жерім де елі дархан,

Өмірге келгендігім,

Қойнында кені бар сан,

Бастырған мені балпаң,

Иә, Алла, сенің арқаң.

 

Ұлы боп көшпендінің,

Ұлан боп өскендігім,

Бақытым бүршік жарып,

Өкініш өшкен мұңым,

Дегенім «сенім артам»,

Иә, Алла, сенің арқаң.

 

Қатені «қой!» – дегенім,

Тапқаным ой кененін,

Мойындап құлдығымды,

Шүкір деп сөйлегенім,

Рухымның шөлі қанса,

Иә, Алла, сенің арқаң.

 

Орнатсам діл бекімді,

Жалғасам тілге тілді,

Қалыпты адам болып,

Атқарсам міндетімді,

Өмірді тегін алсам,

Иә, Алла, сенің арқаң.

 

Ғаламның мыңнан бірі,

Жер шары тұрғандығы,

Ту ұстап Қазақстан,

Елдігін құрғандығы,

Атқаны келіп әр таң,

Иә, Алла, сенің арқаң!

 

ӘЛМИСАҚТА

Әлмисақта жаралып рухым мынау,

Күтті тәнін – ұясын жаратылар.

Түрім осы ақ самай, мұртым қырау,

Кім біледі қаншалық бағасы бар?

 

Жаным келіп денесін қош алғанда,

Кезегіміз жетті деп қауышыпты.

Себеп болып әз анам босанғанда,

Орным пәни дүниеге ауысыпты.

 

Дене – нәпсі серігі, сыналатын,

Рух – иманға шөлдейді сабыр іздеп.

Жүрек – әмір, күні ертең сұралатын,

Жұмақтағы аңсайды шағын іздеп…

 

Біреу болып жүреміз біраз заман,

Сонсоң ұя тозады, қартаяды.

Құларында қуанар, құл азбаған,

Қыр басында қара тас қалқаяды.

 

Бөлінеміз бір сәтке денемізден,

Барзақ барып күтеміз ақыретті.

Рахым бізді көреді төбемізден,

Алла солай пендесін пақыр етті.

 

Келеміз де,

Жүреміз,

Қайтамыз да…

Кездесетін сынақтар иландырар.

Малғұн отын көргенде май тамызбай,

Абыржымай өтеді имандылар…

 

ҒАПЫЛ

Махаббатты, мақсатты, ақылды ұққан,

Бастауларды, баянды, ғасырды ұққан.

Бір Алладан көз жазбай бірлік еткен,

Құтылады қуғыншы – ғапылдықтан.

 

Ғапылдық ол – ласқа батырады,

Өсек-өтірік, салғырттық атырабы.

Ұйқылы-ояу, ынжықтық, дел-сал жансыз,

Ондай құлдың қурайды жапырағы.

 

Дәл белгісі – Аллаға ұмтылмайды,

Жесе жая, болды етсе ұртын майлы.

Селт етуге сезім жоқ, жүрек беріш,

Бас қатырмас басса да ұлтын қайғы.

 

Адамдықты ғапылдық жалаңаштап,

Жастық етіп басына нала жастап.

Мерт етуде, ізгілік, арлылықты,

Шайтан сөйтіп шарықтап барады асқақ!

 

Ашкөздікпен қанша жан басын жұтқан,

Сірә, аман қалмайды масыл, жұттан.

Пайғамбардың өмірі, өнегесі –

Құтқаратын жалғыз жол ғапылдықтан.

 

ӨМІРДІҢ МӘНІ

Өмір сүру мәні не жаратылып?

Тірлік бастау емес пе жаңа тұнық!

Шын асылдай жасау ма,

Әлде жалған –

Өткен жөн бе алтынмен жалатылып?!

 

Шын мәні не тірліктің, тік басқанның,

Не қызығы есейіп жұптасқанның?

Хикметке құлағын түріп кімдер, –

Тылсым сырын мән беріп ұқты аспанның?!

 

Жоқтан бар боп, тағы да жоғаласың,

Қарайтады жотаның мола басын.

Адам қалай өткізу керек еді –

Келу менен кетудің жол арасын?

 

Тоналғанда пенделер ардан бүгін,

Кімге арналар билік пен бардамдығың?

Қызыл-жасыл пәниді қызықтайсың,

Тапқандар аз иманның бал, дән, гүлін.

 

Мақсат па екен отырып жеп-ішкенің,

Ожарлықпен өлшенбес жеңістерің.

Періштеден озуды ойыңа алмай,

Ібілісті ұялтып еңістедің!..

 

ТОҚ ШӨЖЕ

(ИНКУБАТОР)

Тоқтан шыққан шөжедей қораптағы,

Шоқып, теуіп өзгені жолатпадың.

Мұсылманның кіріп ап қабығына,

Бауырыңа жөн бе еді оқ атқаның?

 

Сәлде, шекпен, сақалың жұртты алдаған,

Мұсылманның сипатын жыртқан жаман.

Ислам діні – көркем дін, бейбіт-тыныш,

Үмбеттердің жолында жүк қалмаған.

 

Сөзің зілді, көзің кек, дөрекісің,

Шықырлайды шайнауға төне тісің.

Құдай жолы құрметке құрылады,

Боп барасың баукеспе неге тылсым?!

 

Берекеге ұмтылар біліп шын ер,

Имандылар татулық, ырыс тілер.

Мұсылманның атына кір келтірген,

Миы мәңгүрт, мүнафиқ, бүлікшілер!

 

ЖҮРЕК АЙНА

Адамның жүрегі – Алланың айнасы,

Қараған сәтінде өзін көретін.

Ыбырсып жатса егер жалғанның жаймасы,

Орын болмаса көңіл бөлетін.

 

…ондай жүректер базданған ет сынды,

Қарасаң лоқситын теріс айналып.

Ызғарлы найзадай азған жан – көк сүңгі,

Қалады Пәниге тегіс байланып…

 

Адамның пәктігі жүректі сақтаған,

Әйнегін әр күні әдемі сүртеді.

Иманға жүгініп тілекті ақтаған –

тұңғиық сырлардың әлемін тінтеді…

 

Алла құлына қараған кезінде,

Жүректің тағынан өзін көреді.

Латиф қонғанда қалаған сезімге,

Хикмет Хаким сөзін береді!..

 

Аласың Раббыдан, жүрекке күллі ойды,

Адамды жаратқан Иесі нұр-Алла!

Айнаңды шаң басса көңіл де кірлейді,

Тек малып жуасың қасиетті Құранға!

 

ҚАЙДА ҚЫСТАР?

Біреулер күнге құштар, айға құштар,

Әйтеуір табиғатпен байланыс бар.

Тәнің – мұз, нәпсің – семіз, жүрек – бітеу,

Бейшара иман арлы қайда қыстар?

 

Тамырлар тынысыңды жалғап үзіп,

Жүректе қасиет бар, қанда – қызық.

Иманға ұя-қорған болмаған соң,

Жіберер сайтан сыртқа арды ағызып.

 

Асың бар, етің үйме астауланар,

Күшің бар сүймен салып, тасты аударар.

Кеудеңнің қуысынан қуып шықтың,

Сенімнің панасы жоқ бас сауғалар.

 

Толған тән көрінгенмен мығымсынып,

Көз – тұман қандауырдай тілің суық.

Арнайды харам жолға жетпіс мыңын,

Жүргендер садақаны шығынсынып.

 

Біреулер күнге құштар, айға құштар,

Ұятың қатып өлді – майда құстар.

Тәніңнен орын таппай тәнтіректеп,

Бейшара иман ғаріп қайда қыстар?

 

ЫХЛАС

Аллаға құлмысың, Жәннатқа құлмысың?

Жұмақ Оның бір сый етер мүлігі.

Ұмыт қалмасын Раббы Құддысың,

Нәпсіден туады құлдардың бүлігі.

 

Мақсат – ризасын алуға бас тігу

Қайда қоярын Алла Өзі біледі.

Тұрпайылықтардан барынша сақсыну,

Сабыр мен мінез – төзімің еді.

 

Құранды жаттау аздық етеді,

Амалың болмай, білімің болса.

Қаншама «мүнафиқ» жазды қатені,

Қаныңа сіңіп, нұр-ілім қонбаса.

 

Жүрегің түзу, болса ми-есің,

Орын таппайды нәпсі ішіңнен.

Муслим атқа мінсіз иесің,

Көрінсе Құран көркем ісіңнен.

 

Ұмтылу жұмақ-рахат шақтарға,

Ол да – пенделік, нәпсінің шыңы.

Сөзің мен формаң үмітті ақтар ма?

Еңбектен көрінер жақсының сыны.

 

Қайтарым аңсау қалақ санадан,

Алламен саудаласқаның қалай?

Жан тыныш таппас жалақтағаннан,

Болмай ма таққа таласқаныңдай?!

 

Аллаға аян, көріп тұр, әне,

Жұмысың – миың, жүрісің – күйің.

Нәпсі таудай боп төніп тұр дәме,

Хадис қалпың боп, жібісін иің.

 

Жан сұлулығы – көркем сипатың,

Көмбеңе сені көтеріп қояр.

Патшадан аңсау мәртебе сый-тасын,

Құлдың бағынған ыхласын жояр.

 

ОСЫ ЖҰРТҚА ТАҢ ҚАЛАМ

Мақтан сүйгіш осы жұртқа таң қалам,

Қазақ болу еркім емес таңдаған.

Әмірімен бір Алланың жаралдық,

Маған келіп ешкім сұрау салмаған.

 

Ең абзалы жаралғаным адам боп,

Біз Халифа бағынады ғалам көк.

Тағайындап тайпаларға таратты,

Алғасың жоқ «бәрін өзім алам», – деп!

 

Қазақ болу бірі сансыз сынақтың,

Шынықтырар жауап күтіп сұрақ күн.

Әрбір халық мұхиттарға құятын,

Алды-алдына бұрқылдаған бұлақ мың.

 

Ақыл-есті бергеннен соң иілдім,

Рухыма тәнім өлшем киілдім.

Бақ-жұлдызы бола алмаспын байтақтың,

Шырағына айналмасам үйімнің!

 

Жүрегімнің алқабына нұр тұнды,

Биік білдім ес білгелі бір тілді.

Адам болып, Алла үшін сүйемін,

Өзім туған қазақ деген ұлтымды!

 

«МЕН» ЖӘНЕ ЕМ

Адамның бір осал жері «менінде»,

Бұрқ еткізіп қайнатады кемінде.

Ал, насырға шаптырса егер нақұрыс,

Дөңбекшітіп ап барады кебінге.

 

Білгеніңді ұмыттырып шаяды,

Надандыққа түсіреді баяғы…

Додаға сап дойырлыққа бастырар,

Байқаусызда көтеріліп таяғы!

 

«Мен» жатады нәпсі деген сарайда,

Қараңғы да ұмтылмайды арайға.

Бір өзінен басқа ешкімді білмейді,

Көрінбейді өмір деген шарайна.

 

Нәпсі жемін жеген сәтте қайнайды,

Айналаға азу тісін қайрайды.

Түсіндірер мұның аты «мінез» деп,

Ең соңында тұрмастай боп жайрайды.

 

Нәпсі жеңсе, кірлеген жан шоршиды,

Нығыметті түсінбейді мол сыйды.

Шұңқырдағы су сияқты ластанған,

Тірлігінде-ақ түршіктіріп борсиды…

 

Айыптауға ақым да жоқ өзгені,

Бұл жүректің ләтипасы сезгені.

Қоғамнан да, адамнан да зәбір жоқ,

Тек пенденің сүріндірер өз «мені»!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір