ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

(Соңы. Басы өткен санда).
Рафат ӘБДІҒҰЛОВ
1847 жылы қазанның 23-інде манап Орман Ниязбековтің Сібір қазақтарының бастығына Кенесары Қасымовтың өлімі жайлы жазған хатында: «…Засим предъявляю Вам, что из рода чапрашты Саврук-кочька, вызвав 12 человек наших под видом посольства, передали их Кенесаре на смерть. Главный из них назывался Джаманкара батыр, а другой – сын Бердогожи Булат батыр; с того времени он, действуя с Кенесарой заодно, не удовлетворил нас за умерщвленных куном…», – деп жазған.
Бұл хатқа, т.б. материалдарға қарағанда Кенесары өлген кезде Саурық тірі. Саурық өмірінің соңғы жылы кейде 1854 жыл деп берілсе, кей материалдарда Кенесарыдан бұрын өлген дейді. Бірақ кейінгі жылдары жарыққа шыққан құжат деректеріне қарағанда Саурық Кенесары жағында қырғыздарға қарсы соғысқан, қоршауды бұзып шыққан.
М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы 1929 жылы бірер рет қойылып, тыйым салынған болатын.
Осы пьесаға қатысты талқылаудың хаттамасында (протокол) Сәкен Сейфуллиннің сөзі бар. Сонда пьесаның бір кемшілігі ретінде кейіпкерлердің ішінде осы өңірдегі ең ірі батыр, Кенесарының соңғы соғысына белсенді қатысқан Саурықтың болмауы деген.
ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 1944 жылы Әбілқасым Ділебаев өткізген «Кенесары қозғалысы туралы» қолжазбада: «Сұраншы Ақынбекұлы Саурық екеуі немерелес, екеуінің әкелері Стамбек пен Ақынбек бірге туған адамдар. Сұраншы да кейін Қоқан бектеріне қарсы күресте қаза тапқан.
Бұлармен бірге Кенесарының қолбасшысы болған Шапырашты Бұғыбай батыр, Шымырдың Жаңабай руынан шыққан Байзақ батыр, Ботбайдың Жанқойлық руынан шыққан Толымбет батыр, Шапырашты Таятай, әуез Атамқұл батырлар болған.
Бұл аталған батырлардың ерліктері және Кенесары туралы халық әңгімелері көп, олар әртүрлі, олардың ішінде алғаным – оқиғаның ішінде болғандардың өз аузынан естігендердің әңгімелері. Онымен қатар, оқиғаға қатысқан батырлардың ұрпақтарының әңгімелері…
Кенесарының жеңілуі қалай, қай жерде қолға түсуі жөнінде «Колос» колхозының мүшесі, 63 жастағы Белқожа Жаманбасов былай дейді:
«Соғыстың басынан аяғына дейін Саурықтың қасында болған Таятай батырдың өз аузынан естідім. Қырғыздың Жантайы Сыпатай батыр мен Рүстем төреге сөз салыпты. Қалағаныңды берелік Дулаттың қолын қашыр депті.
Кене хан алғаш келгенде Сыпатай батыр мен Рүстем төре барса, хан бас-аяғына жастық қойып жатыр екен дейді. Тұрмапты, жатып жауаптасыпты. Сонда Сыпатай батыр бұл қай қорлағаны деп өкпелеген екен. Сондықтан манаптардың айтқанына көніп, қолды қашырыпты. Қазақтар Майтөбеден тауға қарай шегініпті. Алмалы мен Суалман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түсіпті. Хан қолға түскен соң Наурызбай төре қырғыздарға өзі барыпты. Қалған батырлар соғыса-соғыса тау-тасқа шығып құтылыпты. Ішінде біздің ауылдан Таятайдың өзінен басқа Саурық, әуез Атамқұл батырлар бар екен. Өштесіп жүрген Саурықты кейін қырғыздар өлтіріпті…».
Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай, т.б. батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген. Олар да қоршауда болған (дала жағынан), бірақ та олар соғыс арқылы таумен шегінуі мүмкін, өйткені, жер ыңғайына (Алмалының) қарағанда, оларды айнала қоршап алды деуге, тіпті, мүмкіншілік жоқ. Егер Кенесары бір ғана құтылудың қамын ойласа, ол жерден қолға түспейтіндігін жер ыңғайы көрсетіп тұр.
Саурықтың өлімі жайында. Қырғыздар арнайы Саурықты өлтіру үшін келмеген. Олай болса Саурықтың ауылын шабуы керек еді. Барымтаға, жылқы алуға келген. Бірнеше кісілердің айтуынша, қазіргі Қарақыстақ, Аққайнар ауылын қосып тұрған жолдан төменгі жазықта жатқан Өтеп руының бір байының жылқысы болу керек. 400-ден 600-ге дейінгі санды айтады. Ел хабарланғаннан кейін жігіттер артынан қуады. Қарақыстақ өзенінің Тарөткел деген жерінде жатқан Саурық тірі екен. Денесіндегі найзаны жігіттердің ішіндегі ең жасы Есқожаның Болай атасынан шыққан Битанға «күнәң аз ғой, сен суыр» дейді. Найзаны суырып алған кезде қансырап қалған батыр өліп кетеді. Ә.Ділебаевтың қолжазбасында қазақ жігіттерінің жылқыны айдап бара жатқан қырғыздарды Шуға жете қуып барып, жылқыны айырып алып, барымташыларды жаяу жібереді. Сендерді жаяу жіберген соншалықты қандай батыр деп сұраған манапқа «Битанқұл» деп жауап береді. «Құл» дегені қырғыз, қазақта үлкен әйелден кейінгі әйелдерден тарағандарды кемсіту үрдісі болған ғой. Кейін Битан үлкен батыр болады. Ел арасында қырғыздармен тоқал найзамен сайысқа түскен қазақтарды қырғыздың Тістеуік батырымен шыққаны жайында жиі айтылады. Тістеуіктің аты басқа екен. Қоян-қолтық жақын жанасып қалған қарсыласын көбіне иықтан тістеп лақтырып жіберетін алып күш иесі екен. Тістеуікпен үлкен бір жиында Битанның ұлы Жыланкөз шығады. Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы бойынша белгілі Құттықсейіттің Құдайбергені Жыланкөзге «жақын келме, алыстан иықтан соғып, қолын түсіріп жібер» деп кеңес беріпті. Жыланкөз сол әдіспен Тістеуікті жеңіпті.
Кейін Сұраншы бастап барып Саурық үшін үш ердің құнын алыпты. Ә.Ділебаевтың қолжазбасындағы әңгімені бірдей дерлік Әділбек Сүлейменұлы да айтатын.
Сүйінбайдың Саурықпен үнемі қатар жырлайтын батыры Сұраншы Ақынбекұлы Саурықтың немере інісі. «Алыстан дұшпан аттанса, қар жауғандай бораған, Жақыннан дұшпан аттанса қарт бурадай жараған» Сұраншы Сүйінбаймен жас жағынан қарайлас, ерлік, елдік ұстанымдары үндес, ауылы қатар аралас өскен тұлғалар. Сұраншы жорықтарының бәрінде дерлік Сүйінбай жанында болған. Саурық батыр өлімінен кейін жиырма жылға жуық өмір сүрген Сұраншының өмірі жайлы деректер молырақ сақталған. Ресейдің отарлық әкімшілігінің канцеляриясы өте мұқият жұмыс істегені белгілі. Осы себепті Сұраншы өмірі жайлы архивтік деректер де баршылық. Сонымен қатар, Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырын зерттеген әдебиетші, тарихшы ғалымдар да Сұраншы батыр жайлы көптеген дерек, мәліметтер қалдырды.
Сұраншыны алғаш жырлаған Сүйінбай екені анық. Сүйінбай мен Жамбыл шығармашылығында Сұраншы туралы жырдың әртүрлі көлемдегі бірнеше нұсқалары бар. Ең шағын үлгісі Сүйінбай мен Қаңтарбайдың айтысында Сүйінбай өз кезегінде:
«Сұраншым отыр, міне, судай тасып,
Сарыкемерді жау келіп шапқанында,
Сыпатай босып кеткен шөлге қашып.
«Мың қарғаға – бір кесек» болған кезде,
Сұраншы майдан қылған араласып.
Батырдың ызғарына шыдай алмай,
Далбаңдап Орман қашқан таудан асып.
Сарыкемерге атойлап,
Қоқандар келіп шапқанда,
Дұшпаннан кек ала алмай,
Сені құдай атқанда,
Үйінде тыныш жатқанда,
Қырбасыңның қыздарын
Қызыл нарға мінгізіп,
Жаулар алып қашқанда,
Сұраншы батыр айырып,
Ерлігін сонда білгізген.
Сондағы қорқақ сен едің,
Жауға шапқан мен едім.
Албан, Дулат жиылып.
Сұраншының алдына
Жылап, еңіреп кеп еді… –
дегенде:
«Жығылдым, Сүйінжан, жығылдым, айтқаныңның бәрі рас», – деп, Қаңтарбай орнынан тұрып тізе бүгіпті.
Бұл айтыстың басы-қасында Сұраншымен қатар Сыпатай Әлібекұлының да болғанын Қаңтарбай кезегіндегі:
«Міне, отыр Сыпатайым он бір батпан,
Дұшпанның ерегіссе көңілі қайтқан.
Болғанмен өзім кедей, ел-жұртым бай,
Жауарбай сексен нарға көген артқан.
Кетпей ме ашуланса Дулат қаптап,
Кетеді қаптаған соң жерге таптап,
Қасқа аттың төбеліндей кедей едің,
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап…», –
деген жолдар дәлелдейді.
Мұндағы 22 жол мәтінінде Сүйінбайдың Тезек төреге барғанда айтқан, кейін Жамбыл дамыта жырлаған «Сұраншы батыр» жырындағы оқиғалардың бәрі бар. Көлемді нұсқалардың дәл, нақты жоспары сияқты.
Сүйінбайдың жеке жырының 1-бөлімінде Тілеуқабылдың шабылуы 65 жол, 2-бөліміндегі Сұраншы жау қолынан өлетін Сайрам соғысы 97 жол көлемінде суреттелген. Мұндағы Сайрамдағы соғыс оқиғасы Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырында жоқ.
Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырының экспозициясы 155 жол көлемінде, Тілеуқабыл елінің шабылу оқиғасы 730 жол көлемінде жырланған. Жырдың 2-бөлімінде Сұраншының қырғыздың Орман ханымен соғысу оқиғасы айтылады. Жамбылдың Сарбаспен айтысының нұсқаларында «Сұраншы батыр» жырының оқиғасы 144, 220 жол көлемінде айтылады. Жамбылдың өзі жыр ішінде «Сүйекемнің сүресі…» деп алғашқы жырлаушы Сүйінбай екенін нақты айтып кеткен.
Сұраншы жасағының құрамында негізінен Шапырашты тайпасының Есқожа руының жігіттері болса, «Сұраншы батыр» жырында суреттелген оқиғаларға Сүйінбай мен бауыры Жұмық қатысқан. Тілеуқабыл ауылдарының шабылып қираған орындарын көрген Жұмық «қап, қап, кешігіппіз-ау» деп алақанын қанжармен салып қалып, қанжоса қылған дейді. Дәл осы әңгімені 1925 жылы туған (90 жаста) Екейдің Қосай атасынан Орынтай Шәкірғазиев, 1948 жылы туған Секен Жылқыбаев, 1965 жылы туған Үсен Дайрабай (бұлар Екейдің Әлти атасынан) бірдей дерлік мазмұнда айтады.
Жамбыл туралы өмірбаяндық роман жазған Сапарғали Бегалин Сұраншы әскерінің бір бөлігін Екей руының жігіттері құрағанын айта келіп, Есмағамбет Ысмайылов, Ғали Орманов, т.б. еңбектерінде жиі аталатын Ыбырайым Бейсімбекұлының сөзін келтіріп, сол соғысқа қатысқан Райымбек, Жауғашардың 17 аттың құлағын кескенін айтады. Райымбектің бар кінәсі саны аз Екейлігі, болмаса кезіндегі мықты батырлардың бірі екендігі жайында деректер ел арасында көп кездеседі. Райымбектен Бейсімбет, Бейсімбеттен Ыбырайым, Мақыш. Мақыш қазақтың найза ұстаған соңғы батырларының бірі. Екейдің орыс баласы атасынан: 1912 жылы қырғызда Шәбден Жантайұлына ұлан-асыр ас беріледі. Қазақтың үш жүзіне хабар айтылады. Сонда қазақтан тұқыл найзамен сайысқа Мақыш шығады. 1913 жылы Верный – Алматыда Романовтар әулетінің патшалық құруының 300 жылдығына орай мерейтойлық шаралар өткізіледі. Той бағдарламасының этнографиялық бөлімінде сауыт-сайман киген қарулы қазақ батырын көрсету талабына орай Мақышты көрсетеді. Мақыш Ұзынағаш, Қастек болыстарындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі. 1920 жылы Ұзынағашта өткен съезде Қастек (қазіргі Жамбыл) ауданының ревкомы болып сайланған. Коллективтендіру, конфискациялау заманында тұтқындалып, атылып кеткен. Жамбыл ақындығын жоғары бағалаған Өтеп Оңғарбаевтың «Мақыш батыр» атты поэмасы бар.
Сүйінбай шығармашылығынан үлкен орын алған тұлға – Сарыбай Айдосұлы. Жамбылдың бір естелігінде: «Бірде ауылымыздың ақсақалы Күртібай, ауылдың болысы Қисыбай және менің ұстазым Сүйінбай төртеуміз Ұзынағаш бекетінен шықтық. Жүре-жүре Сарыбайдың зиратына келдік, қасымыздағы екі кісі аттарынан түсе-түсе қалып, бата жасай бастады, сонда Сүйекең аттың үстінде тұрып:
Апыр-ау, мынау жатқан Сарыбай ма,
Жолдасы Сүйінбайды танымай ма?!
Абақ пенен Тарақты қосып жеп ең,
Басыңда шулап тұрған малың қайда? –
деп, әзіл аралас осы сөзді айтты да, Сүйекең артынан бата жасады», – дейді. Кеңес кезеңінде осы шумақтың негізінде солақай идеологиялық сын айтылған кез де болды. Ақынның «Сарыбайым» өлеңіндегі:
«Андастың әділдігі жұртқа емес пе?
Үш жүздің бас тәуібі Құртқа емес пе?
Атадан асыл туған ер Саурық
Қырғызбенен қазаққа тұтқа емес пе?
Көсемім Сарыбайым ел құраған,
Дүниенің дөңгелегін тең бұраған.
Екейден бір дана адам шықса деп ем
Құдайым тілеуімді берді емес пе?! –
деген жолдар неге екенін, әдеби танымдық айналымға түспеді.
Энциклопедиялық еңбектерде: «Сарыбай Айдосұлы (1821–1890) батыр, би. Шапырашты тайпасының Екей руынан. Әкесі Айдос, аталары – Бірімқұл, Ыстыбай да батыр, би болған. Жастайынан ел билігіне араласқан Сарыбай терең ақылымен, адал адамгершілігімен, өжеттілімен танылып, Саурық, Сұраншы батырлардың жанында болған. Қоқан басқыншыларына қарсы күресу мақсатында бастапқыда Ресейдің отаршылдық әкімшілігін одақтас ретінде қабылдаған. Ресей үкіметі тарапынан бірнеше рет марапатталған. Верный уезіндегі ең қиын даулы мәселелерді шешетін төбе би болған», – түріндегі мәліметтер береді. Сүйінбайдың өлең-толғауларының, жырларының, айтыстарының қойнауларында қаза берсең Жетісудың, бүкіл исі қазақтың, қала берсе туысқан қырғыз тарихының сан қатпарлары жатыр. Жырларын, айтыстарын айтпай-ақ Сарыбайға арналған бірер ғана өлеңінің ар жағында үлкен тарих, ел тағдыры, кісілік мәселелер жатыр. Әлденеше романдық, әлденеше ғылыми, тарихи монографиялық қазына, қабаттар жатыр. Тірі кезінде елдің де, әкімдіктің де құрметіне ие болған, елі әлі күнге дейін қасиет деп басына көтеретін, әруағына табынатын, Сүйінбайдың өзі «Екейден бір дана адам шықса деп ем, Құдайым тілеуімді берді емес пе?» дейтін Сарыбай Айдосұлы жайлы естеліктер әлі күнге дейін ел ішінде көп айтылады. С.Бегалин, Е.Ысмайылов, т.б. көп әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп кетсе, архив қойнауларында да құжат-деректер көп сақталған.
Шамамен 1810–1815 жылдарда Дулаттың ішіндегі Сексен деген, Сексен мырза деп аталып кеткен өте бай ортадан шыққан сері жігіт аңшылыққа, құс салуға шығып жоғалып кетеді. Кейін оны Екейдің Әлти атасының жігіттері өлтірген болып шығады. С.Бегалиннің жазуында ағайынды Бәйбі, Сәйбі деген жігіттер Сексеннің елінен жылқы алып келе жатып Қордайдың бір қиын терең сайында демалып жатқанда біреуінің бөркінің төбесі қызыл екен, соған құс түседі. Құстың артынан жолдастарымен Сексен келіп қалып, жылқыны танитын болған соң соғыс болып, Сексендерді өлтіріп, сол арадағы суыр індерін кеңейтіп көміп, жасырып кеткен дейді. Басқа айтушылардың әңгімелерде бұл оқиғаны бірде Үшқоңырда, бірде Талғардың тауында болған Бәйбі жоқ, Сәйбі ғана болған дейді. Бір айтушылар құс киіз үйдің шаңырағына келіп қонған, сүліктей сұлу қара ат мінген жігіт келіп құсымды әпер дегенде, Сәйбі «Құсыңды мен қондырған жоқпын, керек болса өзің ал» дейді. Осыдан ерегіс туып кетіп Сексен өлген. Кейбір айтушылар Талғардың тауында жаңадан сойылып ағаштарға іліп сорғытып қойған жылқының етіне түскен дейді. Өлімнің білініп қалуы жайында да әңгімелер бірнеше нұсқада айтылады.
Білініп қалғаннан кейін билер соты болып, алғашында құндыкерімізді бер, қанға қан дейді. Екейлер амал жоқ бұл билікке көніп, Сәйбіні адамы өлген жаққа беретін күн белгіленеді. Сәйбі бір жақын досының жүйрік күрең атын құпия сұрап алып, суытып дайындап қояды. Белгіленген күні екейлер күрең атқа мінген Сәйбіні Сексеннің еліне қаумалап апарып беріп кері қайтқан кезде Сәйбі ұстамақ болғандардың бірнешеуін аттан құлатып қашып ұстатпай кетеді. Ел арасында Сәйбі содан тоқтамай қытай өтіп кетіпті, сол жақта ұрпағы бар көрінеді деген әңгімелер бар.
Сәйбіден айрылып қалғаннан кейін Сексеннің елі қайтадан билер сотын шығарып, құн даулап 400, 500, 600 жылқыдан сексенге үш адамның құнын кеседі. Сексен мен жолдастарының құнын қоса есептеді деген деректер бар.
Екей руы 23 атадан тұрады, кей аталарда қазір 15-20, кей аталарда 100-200 шамасында түтін бар. Бұл аталар Екейдің 4,5-ұрпақтарынан барып басталады. Қазір бұлардың 7,9-ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Әр ұрпақты шамамен 30 жыл деп алғанда, шежірелік деректерге қарағанда 1810–1820 жылдар шамасында 23 атаның әрқайсысы бірнеше ғана түтіннен болу керек. Аз Екей бұл құнды көтере алмайтын болады. Қатар отырған ағайын рулар Есқожа, Айқым араласпайды.
Ол кезде Екейдің бетке ұстар адамы қазақтың ұлы сазгері Нұрғиса Тілендиевтің үлкен атасы Санбай екен. Өте берік, тілді, өткір Санбай құн сұрап келгендерге «Құндыкеріңді қолыңа бердік қой, енді не қыл дейсің» деп бірер жыл көнбей тұрады. Сол кезде Санбай қайтыс болып дау қайта өршіп, екей бытырайды. Екейдің жеріне есқожалар, дулаттың бір атасы орнығады. Екейлер Оңтүстік Қазақстан, Шымкент, Ташкент маңына дейін, Талдықорған жақ, Іленің, Шудың төмен жағына дейін кетеді. М.Әуезовтің этнографиялық сипаттағы мақалаларында бұрынғы қазақ ауылының құрылымын зерттеп, кірмелердің жағдайын айтып, олардың мал жағынан да, бас жағынан өсімінің төмен болатынын көрсеткен. Сүйінбайдың әкесі де, атасы да бұрыннан Сұраншы, Саурық аталарымен аралас келе жатқандықтан Есқожа руының ішінде қалған. Сарыбайдың аталары Іленің арғы бетіне өтіп, Жалайырдың ішінде Артық батырдың ауылдарында болған. Екейдің бытырауы Сүйінбайдың да, Сарыбайдың да кішкене бала кездері. Іленің сол жақ бетіне орыс келгенде Сарыбай сол жақта. Бала Сарыбай сол кезде орыс тілін үйреніп алған деген деректер бар. Ресей әкімшілігінде беделді болып, Колпаковскиймен жақындасуына бір себеп осы болу керек. Екейлер жарты ғасыр шамасында бытырап жүрген. Кейбір деректерде Сарыбайға Шапыраштының екейлерді жинау жайында Теке бөлімінен шыққан Сатай батыр мен Артық айтқан. Орыс әскерінде Сұраншы жасағында болып, Сайрам, Ташкентті алғаннан кейін елге келген Сарыбай Екейді жинай бастайды. Бұл кездің әңгімелері ел арасында өте көп сақталған. С.Бегалиннің Жамбылдың өмірін зерттеген еңбегінде: «Шудан бергі Жетісу атырабы анықтап орысқа бағынып, ел орнығып қоныс тепкен кезде Сарыбай Екейді тегіс шақырады. Әрқайсысына кісі жібереді. Бұл кезде Жамбылдың әкесі Жапа ағайындарымен Жаныс елінің қадірлі адамы Әшекей ханның ауылының қасында болғанын айтқамыз және Жапа оның інісі Жадыра екеуі де жортарман батыр, мықты жігіттер болғанын біз осы әңгіменің ішінде айтқамыз. Сол батырлығының арқасында Әшекейге өте қадірлі болып, оларды Әшекей жібермейді.
Әшекейдің қасынан Ыстыбай ауылын яки Жамбылдың әкелерін қадірлеп Жапа, Жадыраларды барып көшіріп қайтуға Сүйінбай барады. Бұл кезде Сүйінбайдың ақындық аты шығып, қадірлі кісінің қатарына қосылып, Екейдің бас көтерер адамы Сарыбаймен тізе қосқан кезі болады», – деп нақты деректер берген.
Екейлерді жинауға Сарыбайдың інісі Саржан елге келісімен Жапа мен Жадыра, Екейдің Қосай атасынан Жантүгел, Баянай атасынан Мұса, Сүйінбайдың бауыры Жұмық, т.б. азаматтар үлкен еңбек сіңірді. Екейлер келе бастағаннан жер мәселесі де қиындай түсіп, Сарыбай Верныйдағы орыс әкімшілігімен келісіп, землемер-топограф алып, ат-көлікпен, азықпен қамтамасыз етіп, бірнеше күн жүріп, Қарғалы өзенімен тік тауға шығып, бұрын Саурықтың кезінде кесілген тау үстіндегі шекарамен жүріп, Қарақыстақ өзенін бойлап төмен түсіп, төменгі жалпақ жатқан даланы басып өтіп Екейдің жерін анықтаған, құжаттап, топографиялық картаға түсірген. Іздеген адамға бұл құжаттар табылып қалуы мүмкін. Таудағы сол кездегі құжат сызбасы қазіргі қазақ, қырғыз елінің осы учаскедегі қазіргі шекарасымен бірдей болу керек.
Осыдан кейін Екейден Күртібай би, Есқожадан Құдайберген Құттықсейітұлы Қарақыстақ өзенінің бойында белгі тас қойған.
Болатбек Нәсенов деген азамат бұрын үлкен қызметтер атқарған, республикадағы алдыңғы қатарлы экономист болған. Осы кісі он жылдан астам болды, архив қарап жүр. Алдымен өзінің туған жері Семей облысының Абай ауданына қатысты архив материалдарын қарап 3-4 том қалың кітап шығарды. Тобықтылардың Шыңғысқа келген кезі, жерге орналасуы, осыдан туған даулар, соқтығыстар документальды түрде көз алдыңда сайрап тұр. Осындай материалдар жоңғарлар басылғаннан кейінгі Шапыраштылардың тарихы, қоныстануы жайлы деректер көп және көп мәселенің бетін ашады.
Бір жақсысы, жер дауына қатысты мәселе аса қатты ушығып, үлкен соғыстар бола қойған жоқ. Қарақыстақ өзені шекара болып, Сарыбай өзенді бойлап Екейдің Әлти, Қосай, Баянай аталарын отырғызды. Екей Бәйімбет, Жәрімбет деп екіге бөлінеді. Жәрімбет төрт әйел алған. Бәйбішеден тарағандар көп өсіп қазір оннан астам ата, үш тоқалдан тараған Әлти, Қосай, Баянайлар еті тірі, жауынгер болғандықтан шекараға қойған. Жерге таластан бір-ақ соғыс болған сияқты. Есқожа, Екей түгел қатыспаған, жапсарлас отырған аталар беттескен.
Осы қақтығыстың себебі, барысы жайында біраз айтушылардан әңгімелер естіп жазып алған едім. Екейлер мен Есқожалар жағының ауыздарынан шыққан сөз бірдей дерлік. Қазақы мінез, этиканы көрсететін көптеген қызық мысалдар кездеседі. Қазіргі Саурық батыр, бұрынғы Көкөзек ауылының жоғарғы жағында болған соғыста бір қартаң Екей қарсы келіп қалған өзіне құдалығы бар бір Есқожаның жігітін жақын көріп тайқып бара жатқанда анау сойылмен салып қалыпты. Бұған ашуланған Екей бұрылып барып құдасын аттан жұлып түсіріп, бауыздамақ болғанын байқаған Екейдің басқа бір жігіті үстеріне құлап түсіп, «Құдаң ғой, мұны бауыздағанша мені бауызда» деп үстіне жатып алыпты. Есіне көп әңгіме-шежіре сақтаған Сәрсенбаев Райыс (1943) деген кісімен жақында ғана сөйлескенде талай қызықты деректер естіп, «Сол соғыста қосайдың қыздары да шаштарын түйіп, бөріктің астына тығып алып жігіттермен бірдей қатысыпты» дегенге таңғалып едім. Жарты ғасыр кірмеліктің қорлығын көрген Екейлерге шегінер жердің жоқтығы қатты әсер еткен сыңайлы.
Осы соғыстан кейін Сарыбай Айдосұлы Ұзынағаштан солдат апарып Есқожаның биі Андас Стамбекұлын жаяу айдатады. Сарыбайға бұдан басқа амал жоқ болатын. Әйтпесе жер үшін соғыстар жалғаса беруі анық.
Андас датқа өте толық адам екен. Есқожалар солдаттарға бата алмай Өтеп руының адамы Нартайлаққа «Сарыбаймен дос едің ғой, барып Андасты ажыратып ал» деп өтінеді. Нартайлақ тікелей Сарыбайға бара алмай Сүйінбайға келіп «Өкпеге қисақ та өлімге қимайтын қазақпыз ғой, енді өзіңнің қатарың, арыстай азаматыңды өлтіресің бе. Сарыбайға осыны айт. Басқаның тілі өтпесе де сенің тілің өтеді», – дейді. Сүйінбай арттарынан шауып шығып Қаракөтермеде қуып жетеді.
Ей, Сарыбай, Сарыбай,
Сөзімнің түсін мәнін-ай.
Хан Кәшкемен қағысып,
Қарамайсың әліңе-ай.
Сұраншының барында,
Ата жаумен айқасып,
Бірлік үшін шайқасып,
Алып едің жаныңа-ай.
Дүниеден батыр өткен соң,
Айтқаныңнан адасып,
Есқожамен санасып,
Жайлауын сұрап отырсың,
Халықтан шыққан «данасып».
Бұл ісіңді қоймасаң,
Жырақта жалғыз қаларсың,
Текедей кәрі тау асып, –
деген өлеңді Сүйінбай сол Қаракөтермеде айтыпты. Сүйінбайдың сөзіне тоқтап, Сарыбай Андасты босаттырыпты.
Қырғыз, қазаққа, орысқа да сыйлы болған, Шапыраштының төбе биі Сарыбай 1890 жылы дүниеден өтіп, «Дала уалаяты» газетінде орыс, қазақ тілінде көлемді некролог беріліпті.
Сүйінбай шығармашылығында қазақ тарихының мәселелері тұнып тұр. Тарихи оқиғаларға ұлы жырау жыраулық тұрғыдан баға беруден ауытқымай өткен.