«Жаңа Ғасыр» гимназиясы қашықтан оқытуды қалай игерді?
23.04.2020
768
1

   Әлемді  дүр сілкіндірген  коронавирус пандемиясы халықымыз үшін күтпеген жағдай болды. Еліміздегі мегаполистер мен облыс орталықтары карантинге жабылды. Білім ордалары қашықтан оқыту жүйесіне көшті.

 Қашықтан оқыту мәселесі көтерілгенде, бұл қалай болар екен деген сұрақ ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.  Осы орайда, берілген дұрыс бағыт пен тиімді  әдіс, нұсқаулардың арқасында ұстаздар  өз жұмыстарын бастап кетті.  Сондай білім беру ұйымының бірі Алматы қаласында орналасқан «Жаңа Ғасыр» №175 гимназиясы.  Қашықтан  оқыту мәселесі  көтерілген  алғашқы  күндерде гимназия басшысы  Г.Б.Мәнекеева онлайн режимінде педагогтермен жиналыс өткізіп, қашықтан оқытудың нақты мақсаты мен міндеттерін айқындап берді. Бұл айқындық педагогтердің өздеріне деген сенімділіктерін оятып, алдағы жұмыстарын тиянақты жоспарлауға бағыт бағдар берді.

   Көктемгі демалыс кезінде білікті басшының бастамасымен  әлеуметтік жағдайына қарай білім алушыларға мектептегі техника уақытша пайдалануға  берілді.  Бұл жұмысты  жас мамандардан құрылған гимназияның  еріктілер (волонтерлер) тобы  аса жауапкершілікпен  атқарды.  Гимназияда құрылған еріктілер тобы  оқу жылының  басынан  түрлі шараларға қатысып, «қарттар үйіне», «жетімдер үйіне» барып  көмек көрсетіп келеді.  Осындай кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,  көмек қолын созу әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз.

 Сондай-ақ,  гимназиямызда  «цифрлы мектеп» бағытында жұмыс жақсы жолға қойылған. Өткен 2018-2019 оқу жылында Алматы қаласы мектептерінің мұғалімдеріне  «Жаңартылған білім беру аясындағы «Цифрлық мектеп» бағдарламасын гимназияда жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісу» тақырыбында семинар өткізгенімізді атап өткім келеді. Яғни, гиназия педагогтерінің барлығы цифрлық оқытудың қыр-сырын иегрген мамандар.  Бұл, әрине, қашықтан оқыту мәселесі бойынша үлкен жеңілдік деп есептеймін. Пән мұғалімдері сабақтарын қысқартылған ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар) негізінде жоспарлап дайындады. Оқу тапсырмаларын дескриптор негізінде білім алушыларға жіберіп отыр. Белгіленген уақытта оқушының тапсырмасы тексеріліп, мұғалімнің кері байланысы күнделік.кз-те комментарий түрінде жазылып отыр. Алғашқы аптада білім алушылар, олардың ата-аналары, пән мұғалімдері  бұл режимге үйренісе алмай қиналғаны рас. Бірақ мектеп әкімшілігі жұмысты дер кезінде жолға қойғанынан бүгінгі күні әр пән мұғалімінің кестесіне сай сабақтар жүргізілуде.  Оқу материалын түсінбеген оқушы еркін пән мұғалімімен байланысуына мүмкіндік бар, жеке білім алушылармен  жұмыс жүргізу де жолға қойылып отыр. Гимназияның  білім алушылары дәрісті «daryn.onlaine»  «Bilimland»  білім беру платформаларынан, «Балапан» телеарнасынан және басқа да сайттардан алуда.  Қашықтан оқыту режимінде сынып жетекшілердің жауапкершілігі мен беделі артты деп айтуға болады.Сынып жетекеші әр білім алушымен, әр ата-анамен, әр педагогпен тікелей байланысып, туындаған қиындықтарды анықтап, әкімшілікке хабарлама беріп отыруы жұмысты әлдеқайда жеңілдетуде.

  Аз уақыт ішінде қашықтан оқытуға да бейімделдік. Бұл технология негізінде педагогтердің біліктілігі артты, білім алушыларымен өзіне ыңғайлы уақыт кестесін қоюға мүмкіндік пайда болды, бұл педагогтердің уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік берді. Сонымен қатар жаңартылған білім беру талабына сәйкес білім алушылардың өз бетінше білім алуына көп ықпалын тигізіп жатыр. Ата-аналар да балаларына қолдау көрсетіп, педагогтерге деген жағымды көзқарас танытып, алғыстарын жаудыруда.

Батырбекова Ж.С.,

«Жаңа Ғасыр» №175 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.05.2020 | 16:10

Оттаған кәзит лағып кеткен,

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір