Нобельдік дәріс: кітабы жоқ мектеп, Анна Каренина және африкалық әйел
24.04.2020
2082
6

Дорис Лессинг — ағылшынның фантаст жазушысы, әдебиет саласы бойынша 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты. Бұрынғы коммунист және суфизмнің жақтаушысы, феминист.

(Дорис Мэй Тейлор 1919 жылы 22 қазанда Персияда (қазіргі Иран) Керманшах қаласында дүниеге келген. Оның әкесі офицер, ал анасы медбике болған. Дористің ата-анасы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде алған жарақатынан капитан Альфред Тейлор емделіп жатқан ауруханада кездесті. 1925 жылы, Дорис 6 жасқа толғанда, оның отбасы сол кезде ағылшын колониясы болған Оңтүстік Родезияға (қазіргі Зимбабве) көшіп кетеді. Дорис 1949 жылы Лондонға ұлымен көшіп келді. Оның шығармашылығы 1950 жылдан бастау алады…)

Шаңы қалың қара бұлтқа айналған көкке телміріп, әлі адамдар жоя қоймаған орман жайлы ойланып есік алдында тұрдым. Кеше мен қолдан жасалған жою жұмыстары жүріп жатқан, үлкен өрттің қалдығына айнала бастаған орман жолымен жүріп өттім, елуінші жылдары мұнда кірген жан жол таба алмайтын ғажайып орман болатын. Бірақ мен бұдан ертеректе бәрінің күл талқанға айналарына куә болып қойғанмын. Адамдар барлық тіршілік иелері секілді қоректенуі керек және бұл үшін олар бәріне дайын.

Сексенші жылдардағы Зимбабвенің солтүстік батысындағы хәл де осындай болатын… Бірде Лондондағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген досыммен жолықтым. Кәзір ол осында (Зимбабведе), оның бұл континентте жүруіне «Африкаға көмектесу үшін» деген ойы ғана жұбаныш сыйлайды. Ол – жаны өте нәзік жан, осындағы мектепке келгеннен кейін ешқашан арыла алмайтын депрессияға душар болды. Бұл мектеп тәуелсіздік алғаннан кейінгі салынған барлық мектептер сынды болатын.  Ол шаңның ішінде орналасқан төрт үлкен қабырғадан тұрады: бір, екі, үш, төрт және жарты бөлме, соңында кітапхана орналасқан. Сыныптардың әрбірінде тақталар бар. Досым борды ылғи қалтасында ұстайды, тек жазатын уақытта шығарып, жазып бола сала қалтасына салады, өйткені оны ұрлап кетуі мүмкін. Мектепте атлас та, глобус та, мектеп кітапханасында небір жазуы бар дәптер, кітап, оқулықтар да жоқ.  Оқушылар оқығысы келетін американдық университеттердегі том-том кітаптар, детективтік әңгімелер немесе «Париждегі демалыс», «Бақыт махаббатты табады» сияқты кітаптарды да кездестірмейсіз. Мұнда тек қураған шөпті азық еткісі келіп іздеп жүрген ешкі ғана бар… Директор мектеп қаражатын ысырап етіп, жұмысынан айрылған. Оған қарап тек «Адамдар өз халқының жағдайын біле тұра неге мұндай іс-әрекетке баратыны» туралы ойлануға болады. Менің досым ешқашан біреудің ақшасын алмайды. Ол оқушылар мен мұғалімдердің, мемлекеттің жағдайын жақсы түсінеді. Мектептегі оқушылардың жасы алты мен жиырма алты жас аралығы, өйткені кейбіреулері бұрын білім алмаған. Кейбір оқушылар күн сайын таңертең ауа-райынының қандай екеніне қарамай, өзендерді кешіп өтіп оқуға келеді. Олар үй тапсырмаларын орындамайды, өйткені ауылдарда электр  тогы жоқ, ал күн жарықта оттай жанған ауа-райында сабақ қарау мүмкін емес. Қыздар мектептен үйге келгенде  су тасиды, тамақ дайындайды. Мен досыммен әңгімелесіп отырғанда, адамдар ұялып кіріп менен кітаптар туралы сұрай бастады, «Бізге Лондонға қайтқаныңызда кітаптар жіберіңізші», «Бізге оқуды үйретіп жатқанымен, біздің оқитын кітаптарымыз жоқ» деп өз өтініштерін айтты. Мен онда бірнеше күн болдым. Осы күндері құмды дауыл болды, күннің оттай ыстығын, судың тым аз екенін көрдім. Әйелдер өзеннен су алу үшін қаншалықтыы қиналатындарына да куә болдым. Англиялық тағы бір идеалист мұғалім мектептің жағдайына қатты ашулана қарады. Соңғы күні тұрғындар ешкі сойып, оны үлкен қазанға пісірді.   Мен мерекенің аяқталуын тағатсыздана күттім. Мерекеге дайындалып жатқан кезде мен орманның өртенген қалдықтары арқылы өтіп, жол жаққа кетіп қалдым. Менің ойымша, бұл мектептің оқушылары ешқашан жетістікке жете алмайтындай көрінді… Ал келесі күні мен Лондонның солтүстігіндегі мектепке келдім. Бұл аты баршаға мәлім ер балаларға арналған мектеп болатын. Ғимараты биік, маңғаз, бақшасы көз тартарлық әсем. Оқушылар әр апта сайын өз ата-анасымен замандас атақты тұлғалармен кездеседі. Бұл оларға таңсық емес. Ал менің ойымда Зимбабвенің солтүстік-батысындағы құмды дауыл ортасындағы мектеп қана. Мен Англияның ертеңгі үміт етер жас азаматтарына өзім көзбен көрген ешқандай кітаптарсыз, оқулықсыз, атлассыз, тек құлағалы тұрған қабырғаға ілінген картасы бар мектеп жайлы айтуға тырыстым.  Мұғалімдері сабақ өту үшін кітап жіберуді сұрайтын мектеп. Олардың өздері он сегіз немесе он тоғыз жаста, бірақ олар кітап сұрайды. Мен оқушыларға олардың тап-таза жанымен, әппақ жүрегімен кітап сұрағандарын айттым. Алайда олар менің айтқым келген нәрсені ести алмады: олардың ойларында айтқандарыма сәйкес келетін суреттер болған жоқ. Құм арасындағы мектеп, шөлін басар суы да жоқ мекен, қуаныштары үлкен қазанға асып жеген ешкі ғана болған өлке…

Мұншалық кедейлікті, расында, олар елестете алмайды. Мен қолымнан келгенше оларға түсіндіруге тырыстым, олардың өмірін, әлемін, кітапқа деген қызығушылықтарын. Ал кейін олардың мұғалімдерінен оқушылардың қандай кітаптар оқитыны туралы сұрадым, бірақ мен көбіне мектеп және университет мұғалімдерінен еститін  бір-бірінен айнымайтын жауаптарым бар. Олар оқушылардың кітап оқымайтынын, кітапханадағы кітаптардың шаң басып жататынын ғана айтады.  «Сіз бұл қалай екенін білесіз бе». Ия, біз оның шынымен қалай екенін білеміз ғой. Біз бірнеше ондаған жылдар бұрын фрагменттелген мәдениетке тап болдық, ол көп жылдар бойы оқымаған, әлем туралы ештеңе білмеген, ештеңе оқуға тырыспаған жас жігіттер мен әйелдер қауымы үшін ортақ. Олар компьютерден басқа мәдениетті ойлағысы келмейді. Компьютерлер, интернет және теледидар пайда болған кезде бізде үлкен өзгерістер болды. Бірақ бұл адамзат басынан өткерген алғашқы төңкеріс емес еді ғой. Ұзақ уақытқа созылған «Жазу мен басып шығару» төңкерісі біздің санамыз бен ойлау тәсілімізді өзгертіп еді.

Адамдардың көпшілігі ешқашан өздеріне: «Енді біздің тағдырымыз не болады, адамзаттың баспасөз өнертабысының күйі не болмақ?» деген сұрақ қоя алмайды. Біз, біздің ойымыз, ғаламтор арқылы өзгеріске түсіп жатыр, ол бәріне үстірт қарайтын, көп дүниені сезінбейтін адамзаттың бір ұрпағын қалыптастырып келеді. Тіпті ғаламшардағы ең мықты ақыл-ой иелері Дүниежүзілік ғаламтор есірткісіне тәуелділіктерін мойындайды және олар бүкіл күнді блог жазбаларын жазуға немесе оқуға жұмсайтындарын айтады. Осыдан бірнеше онжылдық бұрын ғана барлығы стандартты білім алды және адамзаттың үлкен қорындағы әдебиеттерге риза болатын. Мұндай бақытты қоғам бізде болған кезде, адамдар оқуға құштар еді, қоғам болып кітаптардың басылып шығуын тағатсыздана күтетін, XVIII-XIX ғасырлардағы кітапханалар, институттар мен колледждер мұның дәлелі. Кітап оқу жалпы білімнің бір бөлігі болды. Үлкендермен сөйлескен жастар оқудың қандай болғанын сезінуі керек. Егер балалар оқи алмаса, онда осыған дейін оқылғанның бәрі желге ұшқанмен тең. Бұл қайғылы оқиғаны бәріміз білеміз, бірақ оның соңы ешбірімізге беймәлім.

«Оқу – ер адамның мықты қаруы» дейтін ескі мақалды бәріміз білеміз, бірақ бәрін айтпағанда оқу әйелді де, ер адамды да тарихты білетін білімді тұлғаға айналдырады. Сонымен қабырғасы құлағалы тұрған мектептердегі оқуға құмар жандарды көріп жан ауыртқан біз ғана емес екенбіз. Бірнеше күн бұрын бір досым маған қоңырау шалып, Зимбабвеге, үш күн тамақ ішпеген ауылға барғаны туралы айтты, бірақ олар кітаптар, оларды қалай алуға болатыны және білім туралы сұрағандарын айтып таңданды. Мен Африканың ауылдарына кітаптар жіберуді бастаған шағын ұйымның өкілімін. Осыдан біраз бұрын Зимбабвеге саяхаттаған адамдар тобы болды. Олардың айтуынша, адамдар көп тұратын ауылдарда зиялы адамдар көп, бірақ мұғалімдердің бәрі отставкаға кеткен. Мен кішігірім зерттеу жүргіздім, оның нәтижесі бойынша адамдардың не оқығысы келетінін білдік және нәтижелері мен білмейтін швед зерттеулерімен сәйкес келгенін анықтадым. Ондағы адамдар қазір еуропалықтар оқығанын оқығысы келеді екен. Әртүрлі әңгімелер, ғылыми фантастика, поэзия, детективтік әңгімелер, Шекспирдің пьесалары мен басқа да кітаптарды оқитындарын айтты, егер мүмкіндік болса. Шекспирдің шығармасын ешкім оқымаған, олар оның атын ғана біледі екен. Сонымен, мектепте танымал болған кітапты зерттедік. «Ферма» белгілі бір себептермен, кітаптардың ең танымалына айналған екен. Біздің кішкентай ұйымымыз кітаптарды әр жерден жинай бастадық, бірақ ескере кететіні бір мұқабасы сапалы кітап құны Африкадағы бір айлық жалақымен тең. Кәзіргі инфляция жағдайында ол бірнеше жылдық табыс көзіне тең болып отыр. Кітаптарды жәшіктермен ауылдарға жеткізу үшін қаншалықты көп жанармай жұмсалса да, ол жерде бұл кітаптарды соншалық қуаныш және көзжасымен тосып алады. Бірнеше аптада оқу мен жазуды үйреткісі келетін еріктілер табылатынын білеміз.

Біздің кішкентай ғана ұйымды ең алғашында Норвегия қолдады, кейіннен Швецияда сапқа қосылды. Бұл қолдауларсыз  кітап жеткізу мүмкіндігіміз әлдеқашан шектелуші еді. Романдар Зимбабведе жариялана бастады, олар көп күткен оқырмандарымен қауышты. Адамдар өздері лайық болған қоғамда өмір сүреді дейді, бірақ мен бұл Зимбабвеге  қатысты пікір деп ойламаймын. Кітапқа деген құрмет пен құштарлық террорлық іс-әрекеттің нәтижесі емес қой. Кітаптарға деген шөлдеу — бұл таңғажайып құбылыс. Мені сабанмен жабылған балшықтан жасалған үйде тәрбиелеген. Мұндай үйлер әрдайым қамыс пен шөп бар жерлерде салынған. Мысалы, Саксониялық Англия секілді. Мен төрт бөлмелі лашықта өстім, бірақ әр бөлме кітаптарға толы болды. Менің ата-анам Англиядан Африкаға кітаптар алып келді, сонымен қатар анам біздің отбасымызға Англиядан кітаптарға тапсырыс беретін. Кітаптар үлкен қоңыр қағаз пакеттерде келетін, бұл біздің отбасымызға қуаныш сыйлаушы еді.

Кітапқа толы лашық. Кейде маған электр жарығы мен ағынды суы жоқ ауылда тұратын адамдардан хаттар келіп түседі (бұл біздің лашықта тұратын  отбасымыз секілді адамдардан келеді). «Мен де жазушы болуым керек, өйткені мен де сіздің үйіңіз секілді үйде тұрамын» — деп басталатын хаттарды оқыдым. Бірақ мұнда бір мәселе бар. Кітапсыз үйден жазушылар шықпайды. Мен жақында басқа лауреаттарыңыздың дәрістерін оқып шықтым. Мысалы, ғажайып Памукті алыңыз. Ол әкесінде 1500 кітап болғанын айтты. Оның таланты ауадан келген жоқ, ол «Ұлы дәстүрмен» байланысты.  Немесе Наиполды алыңыз. Оның отбасысының әр өкілі үнді жазбаларын білетін болған. Әкесі оны жазушы болуға итермелеген. Англияға жеткенде ол Британ кітапханасын пайдаланды. «Ұлы дәстүрге» жақын болды. Джон Кутзеені алайық. Ол «Ұлы дәстүрге» жақын ғана емес, ол дәстүрдің өзі болды, ең алғаш Кейптаун қаласынан әдебиетті үйренді. Мен ешқашан оның бірде-бір сабағында болмағаныма, шәкірті болып білім алмағаныма қатты өкінемін. 

Жазу үшін, әдебиетпен айналысу үшін, кітапханамен, кітаптармен «Ұлы дәстүрмен» байланыс болуы керек. Әзірге, барлық қиындықтарға қарамастан, жазушылар туып жатыр. Бұл Зимбабве, жүздеген жылдар ішінде толықтай жауланып алынған ел. Бірақ бұл адамдардың ата-әжелері, бәлкім, өз отбасыларының бір мүшесі сөз дәстүрін жақсы білген. Ауызша дәстүр. Бір буыннан екіншісіне ауызша әңгімелер арқылы көшіп, кәзір  кітапқа айналды.  Бұл үлкен жетістік. Кітаптар сөзсіз түсініксіз сезімдерден тұрады, адамның ақ әлемінің бөлшектері іспетті…Көп авторлар маған жиі сұрақ қояды: Сіз қалай жазасыз? Процессормен бе? Электрлік машинамен бе? Қаламмен бе?Ал қолжазба деген не? Бірақ бұл сұрақтар маңызды емес. Маңыздысы сіз жазған кезде сізді қоршап тұрған кеңістіктен өзіңіздің бос кеңістігіңізді таба алдыңыз ба? Бұл ішкі әлеміңіздің  формасына ұқсайтын кеңістік. Осы сәтте сөз келеді. Сөздер — сіздің символдарыңыз, онан соң идеялар туады, шабыт көзі ашылады. Егер жазушы кеңістігін таба алмаса, онда жазылған жырлар немесе әңгімелердің жаны болмайды. Тағы бір айқын эпизодқа көшейік. Мысалы біз Лондондамыз, ең ірі қалалардың бірінде. Жаңа бір автор пайда болды. Біз сұраймыз. Оның көкірегі үлкен бе? Ол әдемі ма? Егер бұл ер адам болса — оның харизматикалық қасиеті бар ма? Әдемі ма? Біз әзілдесіп жатырмыз деп ойлаймыз мұндай сәттерде, бірақ бұл әзіл емес. Осы сәтте олардың құлақтары дыңылдай бастайды. Олар мадақталар, датталар, әлем танитын шығар. Әзірге олар осы жағдайларына риза болады. Арадан бір жыл өтіп олардан осы туралы қайта сұраңыз, олардың жауабы «Бұл менімен болуы мүмкін болған ең жаман оқиға еді» деп жауап береді.  Жаңағы жазушылар қайтадан жаза алмады немесе жазғысы келмейді. Біз мұның бәрін түсіне тұрып  мына бейкүнә құлақтарға сыбырлағымыз келеді: «Сізде өз орныңызды таптыңыз ба, өзіңіздің кеңістігіңізді, өз дауыстарыңыз сізбен сөйлесе алатын мекенді, сіз өз қиялдарыңызбен қалып, шектеусіз армандай алатын жерде ғана өмір сүре аласыз. Қандай жағдай болса да ой қоймаңызды өзіңізден алшақтатпаңыз. Бұл білім қорын жинақтаудың  тиімді жолы. Менің ой-қоймам Африканың керемет естеліктеріне толы, мен оларды қалпына келтіріп, қалаған кезімде көре аламын: күннің батысы, алтын, күлгін және қызғылт сары түсті кешкі аспанды, Калахаридің хош иісті бұталарындағы көбелектерді, пілдер, жирафтар, арыстандарды және бәрін-бәрін.

Бірақ мұнан басқа да  естеліктер бар. Жас жігіт, он сегіз жас шамасында. (Бұл оның «кітапханасында» тұрған «көз жасы»). Кітапхананы кітапсыз көрген американдық саяхатшы оған бір қорап кітап жібереді. Жас жігіт әр кітапты мұқият, құрметпен алып, пластикке орап алатын. Біз: «Бұл кітаптар оқуға жіберілді, солай емес пе?» дейтінбіз.  Ол «Жоқ, олар кір болып қалады, мен одан ұтыламын ғой» дейтін. Англиядан оны саған оқуға үйрету үшін жібергенін айтқанда: «Мен төрт жыл жоғары мектепте отырдым. Бірақ олар маған ешқашан оқуды үйретпеді» деді. Мен мектепте оқулығы жоқ бір мұғалімді көрдім, тіпті тақтаға жазатын кішкентай боры да жоқ, ол 16-18 жас аралығындағы сыныпта сабақ берді, шаңнан өзге ештеңе жоқ еді оқу бөлмесінде. Мен тағы бір мұғалима қызды көрдім, мүмкін ол жиырмадан асқан болар, оның да  оқулықсыз, жаттығу кітаптарынсыз, қолындағы таяқпен қайнаған күннің астында жерге А, В, С деп шаңмен жазып жатқаны көз алдымда…

Біз Африкада, үшінші әлем елдерінде немесе ата-аналары қайыршылықпен күн кешсе де балаларының білім алуы үшін өздерін құрбан етуге бар дайын отбасылардың білімге деген құштарлығының бар екенін көрдік. Мен өзімді Оңтүстік Африканың бір жерінде, қатты құрғақшылық кезінде үнді дүкенінде тұрып, елестету үшін сен сияқты болуым керек. Ол дүкендерде  әртүрлі контейнерлері (су тасуға арналған) бар адамдар, көбінесе әйелдер тұрады. Бұл дүкенге күн сайын түстен кейін қаладан су әкеледі, ал адамдар осы қымбат суды күтеді… Сатушы үндістің  жыртылған кітапқа ұқсайтын қағаз бумасына телміре қараған қара әйелге көзі түсті. Ол «Анна Каренинаны» оқып тұр.

Әйел тым бояу, әр сөзді жіті оқиды. Қиын кітап оқып жатқаны өңінен байқалады. Екі жас баласы аяғына оратылып, шулап жүр. Тағы да жүкті екен. Әйелдің мойнындағы шарфы әуелде ақ болғаны, шаң мен кірден ластанып сарғыш түске айналғаны байқалады. Оның үсті-басы түгелдей шаң. Үндіс қатты шөліркеген халықты көріп абыржып қалды, себебі бәріне бірдей су жетпейді. Ол өте ашулы еді, өйткені олармен бір аспанның астында өмір сүрсе де ештеңеге зәру емес адамдар бар екенін біледі. Сатушы бәрін білуге құмар адам. «Не оқып жатырсыз?» деп сұрады әйелден. «Ресей туралы, сіз Ресей қайда орналасқанын білесіз бе?» деді. (Ол өзінің кім екенін білмейтін адам ғой.) Шаңнан қызарып кеткен көздерін кітаптан көтеріп жігітке тік қарады. «Мен өз сыныбымның ең үздігі болғам, мұғалім де ылғи солай айтатын» деді де оқуын жалғастыра берді. Тарауды оқып бітуге асықты. Сатушы екі баласына қарап тұрып, оларға «Фанта» ұсынды. Бірақ әйел «Фанта оларды шөлдетеді» деп олардың ішпейтінін айтты. Неге екені белгісіз, екі ұлына іштен екі кесеге су құйып алып шықты. Олардың су ішкеніне қарап тұрған анасына да бір кесе су ұсынды. Әйелдің су ішуіне қарап тұрып іштей еріксіз тамсанды.

Енді әйел оған су толтыруға арналған пластик контейнерлерді  берді. Жас әйел мен балалары оны бір тамшы болсын суды төгіп алмау үшін бақылап отырады. Әйел қайтадан кітапқа үңіле, оқи бастады.  Өз әдетінше баяу оқып жатыр.  Бірақ тарау оны қызықтырады және әйел оны тағы бір рет қайталай оқи бастады: «Варенька, қара шашты жауып тұратын ақ шарфы бар, балалар қоршап тұр, олармен бірге көңілді күн өтіп жатты, ал ол іштей өзі ұнатқан адамымен шаңырақ көтеруін армандады. Кознышев оның қасынан өтіп бара жатып, сүйсіне қарады. Оның айтқан ең әдемі сөздерін, оның ол туралы білген барлық жақсылықтарын есіне түсіріп, өзінің жас кезінен-ақ оған деген жылы сезімінің болғанын сезінді».

Осы сәтте  ұшақ ішінде Ол жәй ғана жымиып,  қауіпсіздік белбеуін мықтап бекітіп, қолындағы қалың кітапты үшке бөлді, сосын оны бәрі еститіндей етіп сөйледі: «Мен әрқашан ұзақ сапарға шыққанда осылай жасаймын. Ешкім де үлкен кітапты көтеріп жүргісі келмейді». Бірақ шынымен де кітап көлемді және ауыр болды. Ол: «Мен мұны әрдайым саяхатқа шығардың алдынан жасаймын» деп айтқан кезде адамдардың назарын өзіне аударғысы келді. «Саяхаттау жеткілікті дәрежеде іш пыстырады». Адамдар оған көңіл бөлмей қойған кезде, Анна Каренинаның бір бөлігін ашып оқи бастады. Адамдар оған қараған кезде ол: «Жоқ, шынымен, саяхаттаудың жалғыз жолы осы ғой», — деп қайталайды. Ол романды жақсы білетін, оны жақсы көретін және бұл әдіс кітапты қайта оқу үшін оған ерекше шабыт сыйлайтын. Кітапты оқыған кезде оны аэронавтика деп атайтын, сосын оқыған кітабын ол арзан жерлерге саяхаттайтын хатшысына бере салады. Бұл өзімен бірге отырған жолаушыларда үлкен қызуғушылық тудырды. Орыстың бұл романы осылайша түрлі мекендерде оқылып жатты.

Дәл осы уақытта, төменде (ұшақ қалықтап бара жатқан жерде), үнді дүкенінде, бір жас әйел үстелдің жанында тұрды, кішкентай балалар оның етегіне жабысып, шулап жатты. Ол өзін заманауи әйел сезінгелі бері джинсы киеді, бірақ үстінен өз халқының дәстүрлі киімінің бөлігі есепті жүнді юбка киеді. Балалары оған оңай тыным берер емес. Үнді сатушыға ризашылықпен қарап шаң-шаң жерде жымиып тұрды. Балалары жылап жатты. Олардың бәрі құмды желден, шаңнан шаршаған. Оларға қиын еді, расында, ауыр еді.

Аяқ басар жердің бәрі қалың шаң.  Қиын, бірақ ол қиындықты елемейді. Оның ойы өзі оқыған әңгімеде. Жас әйел ойлады: «Менің де осы әйел секілді ақ шарфым бар. Мен де осы орыс қызы секілді  бола аламын. Сол қызды сүйгендей сүйе алатын ер адам маған да кездеседі.  Ия (ол бұл абзацты көп оқымады), ол адам маған келіп, барлық ауыртпалығымды көтеріседі, мені және балаларымды жақсы көреді, бізге  қамқор болады».

Ол енді жүріп барады. Мүмкін  оның иығындағы су өте ауыр. Бірақ ол жүріп барады. Балалар анасының иығындағы судың дыбысын естіп келеді. Жарты жолда ол тоқтайды. Балалары жылап жатыр. Ол суды аша алмайды, өйткені оған шаң түсуі мүмкін. Ол үйге жеткенде ғана аша алады. «Сабыр», — дейді ол балаларына. «Сабыр».  Ол жолын жалғастыруы керек. Оның ойы: «Менің мұғалімім бір жерде супермаркеттерге, үлкен ғимараттарға қарағанда кітапханалар көп және олар кітаптарға толы» деп айтқан. Жас әйел серуендеп бара жатқандай жымияды. Оның көзіне жел ұшырған құм құйылады. «Мұғалім мені ақылды деп санайды». «Мен мектепте ең ақылдысы болдым», — деді ол. «Менің балаларым мен сияқты ақылды болады. Мен оларға кітапханаларды, кітаптарға толы орындарды көрсетем, олар мектепке барады, мұғалім болады. Мұғалім маған сен де мұғалім бола аласың деп айтты. Демек, балаларым да бола алады. Ол жерден балаларым ақша табады. Олар үлкен кітапхананың қасында тұрады, әрі жақсы өмір сүретін болады».

Сіз бұл роман үнді дүкеніне қалай келіп қалғанын сұрайтын шығарсыз. Бұл әдемі естелік болатын шығар. Оны мүмкін сізге басқа адам баяндап берер бір күні. Бірақ дәл осы сәтте ол әйел келе жатыр. Үйге келгесін балаларына не беретінін, өзі қанша су ішсе шөлін баса алатыны туралы ойлануы керек. Ол ақылға сыймайтын шаңды кешіп келеді, Африканың құрғақшылығын жанымен сезіп келеді. Біз ирония мен цинизмге шеберміз ғой, бірақ мұндай ауыр жағдаяттарда құндылықтар өзгереді. Біз кәзір кезінде жоғалтып алған сөздеріміздің күшін қайтарғымыз келеді. Біздің бағалы үйіміз, египиттіктерден, гректерден, римдиктерден қалған әдеби мұраларымыз бар. Мұның бәрі бізде, қолымыздағы қазыналар, қайта-қайта сол қазынаның түрлі қырын ашсақ жеткілікті-ақ. Ойлаңызшы, ешқашан таусылмайтын байлық. Егер бұл бізде болмаса – біз бос кеңістік қанамыз. Ешкім емеспіз.

 Бізде тілдердің орасан байлығы, өлеңдер, әңгімелер мұрасы бар және бұлар ешқашан таусылмайды. Әрқашан осында болады. Бізде өлімнен кейінгі сюжеттер бар, ескі әңгімешілердің әңгімелері бар, біз білетін кейбір есімдер ұмытылса да, авторлар елеусіз қалса да бізде сөздер бар.  Біздің мұрамыз оттан, сиқырдан, рух әлемінен бастау алған. Бұл бүгінде жалғасып келеді. Кез-келген заманауи автордан сұраңыз, ол әрқашан өз  рухын шабыттандыратын осы отқа тиген сәт бар екенін айтады. Барлығы бізді және біздің әлемді қалыптастырған от, мұз және үлкен дауылдарға оралады, солардан шабыт алады.

Әңгімеші  барлық уақытта бар, барлық мекенде бар. Тарих әрдайым бізбен бірге. Әлемде соғыс, біз елестете алатын қорқыныштың бәрі болуы мүмкін. Су тасқыны біздің қалаларымызды қиратады, теңіздер тасып цунами болады делік. Ал Әңгімеші сонда болады. Жақсылық пен жамандыққа жетелеуші қиялымыз онымен бірге жүреді. Бұл біздің тарихымыз. Біз жараланған немесе тіпті жойылған кезде де бізді қайта тірілте алатын осы әңгімешілер. Бұл әңгімеші – тілектерді орындай алады, мифтерді шындыққа айналдырады.

Шаңды дауылға қарамай балаларының білім алуы үшін қолынан келгенін жасайтын кедей қыз… Біз өзімізді одан артық деп санаймыз, бірақ біз жәй ғана қарын тойдырушы, тамақ туралы ойлануға бейім, шкафтарымыз киімге толы тіршілік иесі ғанамыз, ол қыздан әлдеқайда кемшілігіміз көп. Өздері үш күннен аса уақыт тамақтанбаған, бірақ балаларының оқуы туралы армандайтын, соған ұмтылатын сол әйел-қыздар бізден әлдеқайда артық екенін айтқым келді.

Аударған Роза АСПАНҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 24.04.2020 | 14:54

Аударма өте жоғары деңгейде. Дорис Лессингті қазақша сөйлеткеніңізге рахмет. Ал , құрмалас сөйлемдерде күрмеліп жатса ол оқырманның өз сана деңгейін , тіпті одан бұрын тілдік дағдысын жетілдіру керек деген сөз… Роза Аспанқызы сізге шығармашылық табыстар тілеймін…

Аноним 24.04.2020 | 15:03

Аударма сәтті шығыпты👍

Аноним 24.04.2020 | 19:26

Жақсы аударма,әр Нобельдік дәрісті осылай аударып отырса,бір талай дүниенің иісін сеһер ек.

Аноним 24.04.2020 | 23:03

Авторға қиянат жасалмай аударылған 👏

Аноним 25.04.2020 | 07:44

Жарайсыз,сәттілік тілеймін!

Аноним 03.08.2020 | 01:55

Керемет оки бергим келеді жаксы аударған! Кызык екен !

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір