Шелли Фейервезер-Вега: Орталық Азияда оқырманын елең еткізетін шығармалар көп
Қазақ әдебиетіндегі кейбір таңдаулы шығармалар мұхит асып, дамыған елдерге тарап, ол жақтағы оқырмандарға жетіп жатыр. Жазушы, өнертанушы, күйші Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ «Талтүсі» Америкада жарық көрді. Алдымен өз оқырманын мойындатқан жазушының бұл кітабы ол жақта да жақсы аңыс қозғап жатыр екен. «Талтүсті» ағылшын тіліне аударған Шелли Фейервезер-Вега бізге берген сұхбатында қазіргі көркем аударма туралы және «Талтүсті» аудару барысы жөнінде айтып берді. Айтпақшы, Шелли Фейервезер-Вега қазір Қабдеш ЖҰМАДІЛОВТІҢ бір шығармасын ағылшынша сөйлетуге кірісіп жатыр екен.
Шелли Фейервезер-Вега
Отбасылық кірісім аудармадан келеді
– Сіз кәсіби аудармашысыз ба, әлде әуесқой аудармашыcыз ба?
– Мен кәсіби аудармашымын. Бұлай деуіме бірнеше себеп бар. Біріншіден, аудармамен айналысу менің күнделікті жұмысым. Отбасылық кірісіміз осы аудармадан келеді, кейде тек коммерциялық жұмыстардан, онымен қоса көркем мәтіндерді аудару арқылы табыс табамын. Бұдан өзге редакциялау немесе кеңес беру, Америка Құрама Штаттарындағы әлеуметтік кітапханаларға орыс тілінде жазылған кітаптарды сатып алу сияқты жұмыстарға да атсалысамын. Бұл менің бизнесім, мен осы бизнес үшін жарнама жасап, веб-сайт жүргізіп, салық тапсырамын және өзіме жалақы төлеймін. Көптеген аудармашылар аудармамен әуестік ретінде айналысады және оны ақша үшін емес, моральдық тұрғыда өзін қанағаттандыру үшін істейтінін түсінемін. Ондай абзал жандар үшін қол соғуға болады. Бірақ мен аудармамен тек әуесқойлар айналысады, кәсіби аудармашылар сапалы, жасампаздық қуаты жоғары, көркем де маңызды туындыларды аударуда ешқандай рөл атқара алмайды деген пікірмен келіспеймін. Екіншіден, аударма жоғары деңгейдегі қызмет. Бұны 10,000 сағаттық тәжірибеден кейін ғана терең игере алатын дағдылардың бірі деп те айтуға болады. Мен өзімді әуестік үшін 10 000 сағат жұмсай аламын деп ойламаймын, бірақ тұрақты жұмыс үшін бұл ойға қонымды болмақ. Сол үшін баспагерлер мен басқа да қызығушылық танытқандар осы кәсіби біліктілік үшін тиын-тебен төлеуді ойластыруы керек. Үшіншіден, бұл сала өмірімнің маңызды бір бөлшегіне айналды және осы мамандыққа қайта оралуым керек. Сол себепті бірнеше ұлттық аударма ұйымдарының мүшесімін және Америка Құрама Штаттарының солтүстік-батысындағы (NOTIS деп аталатын) жергілікті аудармашылар ұйымының президентімін.
– Шығарманы аударудан бұрын қандай ерекшелігіне назар аударасыз?
– Әрине, әр шығарманың өз ерекшелігі бар. Бірақ мен өлең немесе әңгіме аударуды бастағанда ең алдымен сол шығармаға қатысты детективтік зерттеу жасаймын. Сол мәтіннің түп төркініне, авторы кім екеніне, аталған шығарманы жазуда ол нені айтпақшы болғанына, жазу стилі немесе көзқарасы туралы не айтуға болатынына, «шығарма не туралы және ол маған оқырман ретінде қалай әсер етеді?» деген сияқты түйіндерге ой жүгіртемін. Осы сауалдарға толық жауап тапқанда ғана шығарманы аударуға кірісемін. Ал осыдан кейін аударманың ішкі қызметтері басталады, жеке сөздер мен сөз тіркестеріне қатысты жұмыстарды айтып отырмын. Егер өзіме ұнамаған шығарма болса, мен оны аударудан бас тартамын, ал шығарма жақсы болса, аудару барысында қандай қиындық болса да оны жеңуге тырысамын. Нашар жазылған туындыдан жақсы аударма шығуы екіталай. Сондықтан мәтінді аудармас бұрын түпнұсқадағы белгілі бір сапа стандартына назар аудару қажет. Ең маңыздысы, аударылатын шығарма эмоционалды және эстетикалық деңгейде мені өзіне тарта алатын болуы керек.
– Сіз туралы ақпараттарды көріп шықтым, осыған дейін бірнеше Орталық Азия қаламгерлерінің туындыларын ағылшын тіліне аударыпсыз, таңдауыңыз неліктен Орталық Азия авторларына түсті?
– Бұны менің бағым деуге де болады. Университетте халықаралық қатынастарды зерттедім, Кеңес Одағы құлағанда дербестік алған елдерге назар аудара бастадым. Сол кезде орыс тілін үйрендім. Бұл сала мені әдебиет пен мәдениетке әкелген кезде, барлығы орыс әдебиеті, киносы, музыкасы мен балеті туралы хабардар сияқты болды. Бірақ Орталық Азиядан шыққан шығармалар туралы білетін адамдар аз екенін байқадым. Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиеті экзотикалық стильде, өз ерекшелігі бар, бейтаныс орыс әдебиеті ретінде қарастырылатын. Магистратурада өзбек тілін үйреніп, ХХ ғасырдың басында Шолпан мен Қадирий сияқты бірнеше өзбек жазушыларын оқи бастадым. Бұл мені Орталық Азиядағы туындыларда қандай жұмбақтар бар екенін, осы аймақтағы қаламгерлер не туралы жазып жатқанын білуге ынталандырды. Өзбек жазушысы Хамид Исмайлов өзбек тілінен аудара алатынымнан хабардар болып, маған бірнеше романы мен шағын әңгімелерін тәржімалауды ұсынды. Қазір ол шығармалардың барлығы дерлік жақсы шолулармен жарияланды. Ал қазақ аудармашысы және әдебиеттанушы Зәуре Батаева хабарласып, Қазақстандағы әйел жазушылардың шығармаларын ағылшын тіліне аударуға ұсыныс жасады, соның ішінде өз туындылары да бар. Осы негізде ол маған көптеген жазушыларды таныстырды. Сол үшін Зәуре мен Исмайловқа алғыс айтамын. Орталық Азияда оқырманын елең еткізетін көптеген таңдаулы шығармалар жазылғанына көзім жетті. Егер біз асыра сілтеген орыс әдебиетінен алыстасақ, Ресейдің көлеңкесінде қалған елдердің жаңа туындыларын оқу үшін әлемдік әдебиетте тың кеңістік аша аламыз. Аудармашы ретінде сол шығармаларды оқуға, зерттеуге менде мүмкіндіктер көп, сол үшін өзім оқыған жақсы туындыларды ағылшынтілді аудиторияға жеткізуге үміттеніп келемін.
«ТАЛТҮС» СӘТТІ АУДАРЫЛДЫ
– Сіз Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсін» ағылшын тіліне аудардыңыз, бұл еңбегіңіз үшін сізге алғысымыз шексіз, осы шығарманы аударуға өзіңіз шешім қабылдадыңыз ба, әлде ұсыныс болды ма?
– Шынымды айтсам, мен «Талтүсті» аударуға келісім берген кезде, оның қандай маңызды кітап екенін білмеппін (жақында ғана білдім!). Таласбектің жары Зира Наурызбаеваны маған Зәуре Батаева таныстырған еді, мен ол кісінің шығармаларына өте тәнті болдым. Ол «Талтүсті» аударуға қаражат дайындаған соң, «осы шығарманы аударасың ба?» деп хат жазды. Берілген уақыт тым қысқа болғандықтан, тез жұмыс істеуге тура келді, Зира Наурызбаева шығарманы түпнұсқадан орыс тіліне аударып шықты. Мен «Талтүстің» орысша нұсқасын қазақшасымен салыстыра отырып, нартәуекелге бел буып, аталған еңбекті ағылшын тілінде сөйлеттім, аударма ақыры сәтті шықты. Осы шығарма Америкада, Қазақстанда басылып шыққаннан кейін Таласбек Әсемқұлов пен оның жазғандары көптеген оқырмандар үшін қаншама маңызды екенін түсіндім, осындай жақсы шығармамен жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін Зира ханымға өте ризамын.
БОЛАШАҚТА «ТАЛТҮСТІҢ» АҒЫЛШЫНТІЛДІ ОҚЫРМАНЫ КӨП БОЛАДЫ…
– «Талтүсті» аудару барысында қандай қиындықтар кездесті? Тек қазақ халқына ғана тән этнографиялық терминдер мен музыка және салт-дәстүрлік атаулар қол байламады ма?
– Жоғарыда бұл шығармаға тез кірістік дедім ғой, сол үшін аударма барысы өте күрделі болды. Бірақ маған қиынға түскені – өзіме бейтаныс ұғымдар еді. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсіндегі» дүниетанымдар мен Қазақстан тарихы туралы деректер менің білетіндерімнен әлдеқайда көп екен, мен көбінесе тарихи деректемелерді орысша материалдардан оқитынмын, енді маған үйренуге және аударуға татитын жаңа тынысты орта қосылды. Осы шығарма арқылы қазақтың ұлттық музыка аспабы – домбыра мен күй өнерінің тарихына қанықтым. «Талтүсте» қазақтың музыка өнері туралы кеңінен айтылады, шығарманы аудару барысында қазақ халқының ұлттық музыкасы хақында терең түсінікке ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық. Бір шығарманы аударғанда одан бірер маңызды нәрсе үйрене алсаң, аудармашы үшін соның өзі бақыт, әрі аударма да сәтті шығады. Осы шығарманы аударуда тағы бір қиындық болды. Зерттеу жасап, белгілі бір дәстүрлер мен көркемдік тәжірибелер, тарихи оқиғалар туралы танымым артқан соң, романның ағылшынша нұсқасын оқитын оқырманға қаншалықты деңгейде түсіндіруге болады, өзім оқып, білгендерімнің барлығын арнаулы ескертулермен беруім керек пе деген мәселелерге бас қатырдым. Бірақ аударманың алғашқы кезеңінде бұл ойымнан қайттым. Мен «Талтүс» сияқты жақсы романды оқулыққа айналдырғым келмеді. Егер оқырман өзіне бейтаныс сөз бен сөйлемдерді, өзгеше ұғымдарды кездестірсе, өз бетінше ізденіп, зерттеу жасар деген байламға тоқтадым. Шығармадағы қазақы дәстүрлер мен бұйымдар роман кейіпкерлері үшін бейтаныс емес, сол үшін оларды оқырманға бейтаныс етіп көрсетуден бас тарттым. Міне, осы жағдайлар аудармашының әр аударған шығармасында шешуі тиіс мәселелер. Бірақ бұл романда ағылшынтілді оқырмандар үшін жаңа мәдени ақпараттар әдеттегіден гөрі көп болды деп ойлаймын.
– Ендеше, ағылшынтілді оқырмандар «Талтүсті» қалай қабылдады?
– Осыған дейін тек жақсы пікірлерді ғана естідім. Кейбіреулері тіпті не ойлап, не айтарын да білмей қалғандай. Өйткені бұл кітап олар күткеннен мүлдем өзгеше болды. Бірақ бірнеше әдебиеттанушы өте жақсы шолулар жазды, олар шығармадағы жаңа әңгіме мен жаңа көзқарасқа тәнті болғандай, оның үстіне осы романды оқығаннан кейін қазақ мәдениеті мен тарихын біршама түсінгендерін айтты. Болашақта «Талтүстің» ағылшынтілді оқырманы біз ойлағаннан да көп болады деген үміттемін. Меніңше, бұл кітапты оқыған профессорлар осы романды Орталық Азия мен музыкатану, ХХ ғасыр тарихына арналған курстарға қажетті оқулықтарға қосады деп ойлаймын. Сонда ғана көптеген оқырман кітаптың айтар ойы мен оның тасасында тұрған мәдени құндылықтарды терең түсіне алады.
– Сіз Өзбек жазушысы Хамит Исмайловтың да шығармаларын ағылшынша сөйлеттіңіз, оның шығармалары несімен құнды деп ойлайсыз?
– Мен оның екі романын ағылшын тіліне аудардым, оны басқалардан даралап тұратын бір қасиеті – жазған әр кітабы өзгеше стильде. Оның «Гайя, құмырсқалар патшайымы», «Бейтаныстар мен Аралар» атты романдары әртүрлі стильде жазылған және әрқайсысының өзіндік үні бар. Тіпті «Бейтаныстар мен Аралардың» ішінде де әртүрлі стилі бар бірнеше сюжеттік желі кездеседі. Оның жақсы жаза алатындығы – оның нағыз суреткер екендігін дәлелдейді, ал осы автордың шығармасын аудару әлдеқайда қызықты және қиын болды. Хамит Исмайлов өзге өзбек жазушыларына ұқсамайды. Бұл табиғи жағдай, ол бірнеше ұрпақ өзбек жазушыларынан кейін қолына қалам алды және ол әлемді аралап көрді, сондықтан оның өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа. Ең маңыздысы – Хамит Исмайлов өзінен бұрын қалам ұстаған аға буын жазушылардың жазғандарына құрметпен қарай отырып, өз стилін батылдықпен қалыптастырған жазушы екенін таныта алды.
ҚАЗІР ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТІҢ ШЫҒАРМАСЫН АУДАРЫП ЖАТЫРМЫН
– Бізде өз тілімізде жазылған туындыларды шет тілдеріне аударатын кәсіби мамандар тапшы, осы салаға мен де қызығушылық танытып жүрмін. Түпнұсқадан екінші тілге аударатын кәсіби маман болу үшін қандай шарттарды әзірлеу керек?
– Дұрыс айтасың, қазақ тілінен төтелей басқа шет тілдеріне аударатын мамандар өте аз, саусақпен санарлықтай ғана. Ал біздер үшін тек бірнеше университетте болмаса, АҚШ-та немесе Ұлыбританияда қазақ тілін үйренетін орта жоқ. Қазақ тілін үйренгісі келетін ағылшынтілділер Қазақстанда тұруы керек. Менің де солай істегім келеді, бірақ отбасымның қазіргі жағдайы бұған жар берер емес. Ал сіз сияқты қазақтілділерге ағылшын тіліне аударуды бастап үйрене беру керек. Осы салада бірнеше аудармашы өз ойлағанындай жұмыс жасап жатыр. Бірақ ең маңыздысы – шығарманың стилін, айтпақшы болған ойын, тынысын, жұмбағын жеткізу үшін ағылшын тілінің әдеби нормасын жақсы меңгеру керек. Тағы бір жақсы тәсіл – аудармашылардың бірлесіп жұмыс жасауы. Мен үнемі Зәуре Батаевамен бірге аударма жасап келемін, мысалы, ол көбіне қазақ тіліндегі түпнұсқамен жұмыс істейді де, маған ағылшын тіліндегі ең жақсы нұсқалар туралы сұрақтарды жібереді, сосын біз ағылшын тіліне түпнұсқасын сәтті аударып шығару үшін бірге аударма жасаймыз. Екі тілді қатар меңгерсе, әдеби аудармашылар табысқа жете алады. Ең алдымен бір жерден бірер аударма кітап шығару керек. Содан кейін сіз соны көрсетіп, бұрын осы салада жұмыс істеп көргеніңізді дәлелдей аласыз, сол арқылы көбірек аударма жұмысын тауып, осы салаға кірісуге мүмкіндік туады.
– Болашақта қай қазақ жазушысының шығармаларын аудару ойыңызда бар?
– Аударып, ағылшын аудиториясына таныстырсам деп жүрген көптеген қазақ қаламгерлері бар. Мен қазір америкалық және ағылшындық баспагерлерге ұсынып жатқан бір жобаның жұмысын бастадым, сол арқылы қазақ жазушысының біреуі болмаса біреуі оларды қызықтырады және сол автордың шығармасын кітап етіп жариялауға құлықты болады деп үміттенемін. Бұлардың ішінде Зәуре Батаева маған таныстырған Зира Наурызбаева (мен оның бір әңгімесі мен эссесін ағылшын тіліне аудардым) және Лиля Калаус (Оның Коронавирус пандемииясы кезіндегі өмірі туралы бір шығармасы ағылшын тілінде менің аудармаммен алда жарияланады), сонымен қатар Орал Арукенова, Надежда Чернова, Жұмагүл Солты, Ольга Марк сияқты қаламгерлер бар. Қазақстанның әйел қаламгерлерінің антологиясын шығаруға баспагер іздеп жатырмыз, бұл ойымыз да іске асады деп сенемін. Аға буын қаламгерлерден тарихта болған оқиғаларды жеріне жеткізе суреттеп жазған Қабдеш Жұмаділовтің бір шығармасын аударып жатырмын. Сонымен қатар Дастан Қадыржановтың көлемді шығармаларын жақсы бағалаймын, бұл шығарма «Мейірімді жігіттің тарихы» (История про хорошего и доброго парня) деп аталады. Ал жас қаламгерлер арасынан мен Зәуре Төреханмен жұмыс істеп жатырмын. Оның балаларға арналған шығармалары жас оқырмандардың қызығушылығын оята алады. Аударылған кітаптарды баспагерлерге тарату үшін ұзақ уақыт кетеді, бірақ бұл үшін күш салу қажет. Бұл менің кәсіби аудармашы ретінде жасай алатын ең қадірлі тірлігім.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Өзіңе де рақмет!
Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Қазақ әдебиеті»
ПІКІРЛЕР5