Кітап жинау қиын емес, кітапты парақтау қиын
21.04.2020
1049
2

Індет таралған тұста Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет үйде отырып кітап оқу эстафетасын Қазақстан Республикасының Президентіне жолдап, бұл бір игі іс әлеуметтік желіде жалғасын тауып жатыр екен. Осы эстафетаны маған әуелі Дүйсенәлі Әлімақын інім жолдаған. Енді ақын Бауыржан Жакыптан тағы бір ұсыныс келіп отыр…
Кітап оқу – оңай шаруа емес. Ол, тіпті, кітап жазғаннан да қиын. Күнделікті күйкі тірлікпен жүргенде оған арнайы уақыт бөлу керек. Әуелі мына қиын заманда тірі қалудың жолында жанталасып жүрген жандардың кітап оқып отыруға мұршасы жете бере ме? Дегенмен, адами қалпыңды сақтап, өзіңді өзің жетілдіре түсу үшін қашанда кітап оқуға тура келеді. Әсіресе, қолымыз қусырылып үйде отырған қазіргі күндері…
Бұл жайында мен бұрыннан айтып келемін. «Италияның ХІV ғасырда жасаған ұлы ақыны Франческо Петрарканың: «Жақсы кітаптарды жинау – игілікті іс, бірақ оларды қолға жиі алып оқыған пайдалырақ»,– деген афоризмі мен ХVІІ ғасырда өткен қытай жазушысы Чжан Чаоның: «Кітап жинау қиын емес, кітапты парақтау қиын. Кітапты парақтау қиын емес, кітапты оқу қиын. Кітапты оқу қиын емес, оқығаныңды пайдалану қиын. Оқығаныңды пайдалану қиын емес, оны есте сақтау қиын»,– дейтін сөздерін қайталаудың жөні келіп тұр-ау деймін»,– дегенмін бір сұхбатымда. Қазір де соны айтсам артық емес-ау.
Күнде кітапханаға баруға жұрттың бәрінің мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан өзіңізге қажет кітапты сатып алып, үйде ұстағаныңыз абзалырақ. ХХ ғасырдың екінші жартысында екі үйдің бірінде шағын жеке кітапхана болатын-ды. Қазір кітап жинау қазақ арасында дәстүрден қалып барады. Аталары мен әжелерінен, әке-шешесінен қалған кітаптарды қоқысқа тастап жатқандардың да куәсі болғанмын. Ауызбен айтуға оңай болғанмен, бұл РУХАНИ ҚАЗЫНАНЫ ЖОҒАЛТУ екені әркімнің-ақ қаперінде болғаны жөн!
Менің есімді білгелі бергі өмірім кітаппен байланысты өтіп келеді. Қазір жеке кітапханамның 7000-нан астам кітап қоры бар. Оның үстіне ғаламторды ақтарып отырып, 30 мыңнан астам кітаптың электронды нұсқаларын көшіріп алдым. Қай кезде болсын, қажетіме қарай көңілім қандай кітапты қаласа, соны оқимын. Әрине, қандай жағдайда болса да кітапты өз қолыңызбен парақтап оқығанға ештеңе жетпейді!
Көркем шығарма ма, ғылыми еңбек пе, танымдық туынды ма, оқулық па – бәрібір, көңіліңіз қалаған кітапты оқыңыз!
Эстафетаны ары қарай жалғастыруды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, дарынды жазушы Дәурен Қуатқа жолдаймын. Ықыласыңыз болса, өз ой-пікірлеріңізбен бөлісу Сіздің де еркіңізде, қадірлі дос!

Байбота Қошым-Ноғай, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.04.2020 | 19:29

Кітап — жансерігіміз. Тіпті өзіміз. Сондықтан біз жансерігімізден де, өзімізден де бас тарта алмаймыз ғой.

Аноним 25.04.2020 | 19:30

Темірхан Момбекұлы-Түркістан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір