2. «ЖАМБЫЛ» ЖУРНАЛЫ. ТАРЛАНДАР МЕН ТАЛАНТТАР

«Жамбыл» журналы жас ақындар шығармашылығына да құрметпен әрі сеніммен қарап, тарлан жырлармен қатар талант жырларды да жариялап отырады. Жұмекеннен соң Сағыныш Намазшамова, Әбубәкірмен қатар Құрбанәлі Аманкелдіұлы, Аманханмен қатар Хамит Есаман, Несіпбектен соң Мәулен Жаппас тұруы жас ақындар үшін мақтаныш. Бірақ Сағынышты мен жас ақынға жатқызбас едім. Жасын білмеймін, өлеңін айтам. Сағыныш жырлары маған балаң жастық кезінен таныс. Сол кездің өзінде шып-шымыр шумақтарынан не балалық, не шалалық көрмеген едім. Тек жадым алдамаса, Ханбибі Есенқараева жырларына еліктеу бар еді. Қазір ол есейген, толықсып түрлене түскен, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, өз Мені бар ақын. Сағыныш өлеңдері бүгін де тар сүрлеу, соқпақтан шығып, көсем жолға түсіп тайпалта жорғалаған күдіс күлік тәрізді.
– Жасандыны бүркемелеп жарнама.
Жалған тұғыр жасап жатыр қарғаға.
Сайтандардың сыбыры көп тірлікте,
Айқайлауды ар көретін Ар ғана.
– Кереғарға күліп аштық есікті
Келе нарға жүк болар-ау әлегі.
– Жарамсақтың қолын ап,
Жылмақаймен бір жүрем.
Маңайымды соғып ап,
Маңдайымды күлдірем.
– Ақымаққа қол соғам
Ақыл тыңдап аярдан.
– Көз алдымда көлбейді,
Бір қараңғы, бір жарық.
Жарығына жуынам,
Қараңғыға былғанып.
– Өмір деген ол менің
Аласы көп адалым.
Құбылаға бет бұрған
Жамылғысыз жамалым.
Иә, ұлы шындық! Адамзатқа тән шындық. Қоғам шындығы. Сіз білетін, біз білетін шындық. Бірақ Сіз де айта алмайтын, Біз де айта алмайтын шындық. Пушкин мен Лермонтовтың қыршын ғұмырын қиған, Цветаеваны асылып өлуге жеткізген, Махамбеттің басын кестірген шындық. Ақын ғана айта алар шындық. Жаңа туған айдай қиылып, қылдай нәзік емеурін боп төгілген сезім қандай.
– Сары мұңға батқанда сағыныштан
Тамырымда тулайды тәтті өлеңім.
– Құс жолымен қайтып бара жатыр ма,
Қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім.
– Қадіріне жете алмаған көктемнің
Қабіріне барам енді гүл алып.
– Қайран болар ма екен деген үмітпен,
Қаймана әннің қайырмасын созамын.
– Көрінейін демеп едім көмескі
Бөрідейін білдірмеген аштығын.
– Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің,
Сүйген ерін… Күйген ауыз… Үрледім.
Сағыныш шеберлігін қараңыз. Кей жолдарын аяғынан басына қарай оқысаң да еш ұйқас, еш мағына бұзылмай, қайта интонациялық реңкі анадан да күшті өлең туады. Мысалы:
– Кереғарға күліп аштық есікті
Келе нарға жүк болар-ау әлегі, – дегенді
– Күліп аштық есікті кереғарға.
Жүк болар-ау әлегі келе нарға – десе ше.
– Соғыстырған қилы адамды қай түлен?
Тоғыстырған қандай мүдде, қай мұрат? – дегенді
– Қилы адамды қай түлен соғыстырған,
Қандай мүдде, қай мұрат тоғыстырған.
Немесе:
– Құрай кепкен сына қоймас, сірә да,
Сыймай кетсем сүйем жерге тулай кеп, – дегенді
– Сына қоймас, сірә да қурай кепкен,
Сүйем жерге тулай кеп сыймай кетсем, –
деп әп-әдемі егіз жолдар жасауға болады. Ақын ең қиын әдіс-инверсияны ғажап меңгерген. Мысал әне. Бірақ кейде инверсия сөз мағынасына кері әсер етеді.
Мысалы:
– Қурай кепкен сына қоймас, сірә да, – дегендегі «Қурай кепкен» тіркесінде екі сөздің орны ауысуы – мағына бұзып тұр. Қазақ «кепкен қурай» дейді. Кепкен қурай тердім дейді, қурай кепкен тердім демейді. Эпитет үнемі зат есімнің алдында тұрады. Тек атаулық сипатта ғана орны ауысады. Мысалы, «Қыз кеткен», «Тарғыл өгіз сойған» (жер аты). Инверсияның прозадағы шебері арғыдан – Ғабиден Мұстафин, бергіден Мұхтар Мағауин мен Дүкенбай Досжанұлы шығар. Инверсия – драмаға тән сипат. Жалғыз сөйлемдегі эллипсистің ролі қаншама. Құпия оқырман еншісінде.
– Сүйген ерін… Күйген ауыз… Үрледім.
Қалған жас ақындар («Жамбылдағы») өлеңі туралы айтарым: ортақ сипат, ортақ тақырып. Екі түрлі кемшілікті байқадым.
Біріншіден, аға ұрпақ заманындағы жас ақындар өлеңінен асқақ арман, жалынды махаббат, асқақ романтика, ерлік пен пафос бетке ұрып тұрушы еді. Мына өлеңдерде орынсыз жасанды жасамыстық бар. Адамзаттың қайғысын, қоғамның қасіретін жыр етіп, «Қалың елім, қазағым» деп тұрғандай-ақ «Қан жүректі қайғылының» образына кіріп алған.
Екіншіден, бұрынғы жастар «Сүйем, сағынам, күт, тос» деп жырлаушы еді, бұлар «Сүймеймін, тоспа, күтпе, звондама, басқа біреуді тауып ал» деп жырлайтын болыпты. Айналайын, сүймегенді емес, сүйгенді жаз. Қоғамда онсыз да «тастандылар» аз емес. Тек бұлар емес, қазіргі жалпы жас ақындар поэзиясына тән бірнеше мін көремін.
Бірінші, соңғы кезде жастар поэзиясын сары түс жаулап барады. Сары күз, сарала күз, сары жапырақ, сары алқап, сары ала қаз десе, құба-құп. Жоқ, сары қыздар қаптады. «Сары қыз», «Сары шашты қыз», «Сары қызды сағындымдарға» жол болсын. Нүсіпбай Рахым «Сары қызға» деген өлеңінде қыздың атын да, затын да, түсін де айтпайды. Әдетте ақындар айтайын деген ойын тақырып етіп алушы еді, бірақ бұл өлеңде сары түспен нұрланып тұрған перизат суреті көрінбейді. Сонда осы өлеңге сарының қатысы қанша? Азамат Есенжолов:
– Сары қыздың бейнесін сағынғанда,
Сағыныштың әніне саламыз кеп.
– Қоңыр кеште томсарған мұңға батып,
Сары қыз да мені ойлап отыр ма екен.
– Қылығымен сан түрлі сағынтатын,
Сары қызды болмады ойламасқа.
Басқа басылымдардан, тіпті, жеке жинақтардан осы тақылетте ой орамдарын жиі ұшыратып жүрміз. Мысалы Ержан Манапұлы:
– Тас төбемнен тырна ұшты тыраулап,
Қайда кеттің серік болған, сары қыз
– Саңлауынан терезенің еніп кеп,
Мұңаймағын дейтіндей ме сары қыз
– Сары жапырақ көзіме елестейді,
Баяғы сүймей кеткен сары қыздай. (Хамит Есаман).
Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Үрей» әңгімесінде қызды «Алтындай сары шаштары жайылып» деп суреттесе, Айжан Бодаубайқызы «Көз жасы қалай пайда болған» әңгімесінде «айдай сұлу, алтын шашты Хауана» деп суреттейді. Жер бетіндегі ең алғашқы әйелдің шашы сары болуы шарт па? Әлде, Хауаның шашы сары болғанын біреу көріп пе? Егер шашы қара болса сұлу болмай қала ма? Онда күллі мұсылман әйелдер түкке тұрғысыз болғаны ғой.
Ақындардың ақындық қуатына, өлеңдегі үлбіреген сезім мен арманды шерге кінә жоқ, бас иеміз. Тек сол әдемі сезімді сары түспен неге былғайды? Жалпы, поэзияда махаббат, жастық, сүю, ғашықтық сезімдерін жеткізу үшін жеке қыздың нақты портреттік бейнесін жазу шарт па, керек пе өзі? Тіпті, шарт болса да поэзияда нақтылық емес, суреттеу басым болу керек қой. Ендеше қызы қара ақындар «қара қызға», қызы шұбар болса «шұбар қызға» деп жазуы керек пе? Тегінде, әдемілік, рең, түс, сұлулық, дене сымбаты жөнінде әр ұлттың өз талғамы, өлшемі бар. Ақындар да сол ұлттық талғам, ұлттық бояуды жоғалтпау керек. Біздің қазақтың әйел затына арналған түс, рең сипаттарында «ақ, аппақ, ақ құба, ақ сары, ақ сұр, бидай өңді, қараторы, сұрша» деген түстер ұнамды болып саналады. Біздің сары деп жүргеніміздің бәрі ақсары. Жалқын сары немесе алтын сары (рыжий) түс қазақта жоқ. Ақсарыны сары деп жүрген өзіміз. Мейлі бұрынғы, мейлі бүгінгі – қай әнді алып қарамайық, әдемі әйел сипаты осы түстермен беріледі. «Ақ сәулем» деген тіркес құлаққа майдай жағады. Ал «қара сәулем, сары сәулем» дегенді естідіңіз бе? Неге сұлулық перісі Ақан сері:
– Әйелді аққұбаның зорынан ал.
Немесе нәзік қара торыдан ал, – дейді. Неге «сиырдай сарыдан ал» демейді?
Сондай-ақ:
– Ақ бетінің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай. («Қыз Жібек» дастаны).
– Бидай өңді, ақ құба түн қатады
– Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай. (Халық әні).
– Ғашық болдым ақ сұңқар баласына. (Ақан сері).
– Ақ қалқам отыр ма екен, жатыр ма екен. (Біржан сал).
– Ақ сәулем аспанда аймен таласасың
– Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы.
– Аппақ ет, торғындай бет. (Абай).
– Әй, ақ қыз
Әй, пәк қыз. (Сәкен Иманасов).
Санап түгесу мүмкін емес. Ал сары, қара түстер жөнінде осындай мысалдарды таба аламыз ба? Және сары түс қазақ үшін сүйкімсіз түс. Сарылған дерт, сары ауру, сартап сағыныш, сары запыран. «Өзі сары, көзі көк, былшылдаған сөзі көп» деп қазақ әжуамен айтады. «Нағыз қазақ көк көзді сары болған» деген сөз айтыс барысында эмоцияға қарай айтылған сөз. Олай екен деп қазақ поэзиясын сарғайту қисынға келмейді. Егер түрік пен түркінің айырмасы бар екенін ескерсек, нағыз қазақтың «көк көзді, сары» болғанын әлі дәлелдеу керек. Әр ұлттың өз сұлулығы бар. Жекелеген сары қыздардың сұлу болуы да мүмкін, бірақ бұған қарап қазақтың ұлттық түсі – сары деуге болмайды.
Тағы бір сөз – бір кезде қара түсті қаптатты деп Алтынбек Қоразбаевты кінәлағандар болды. Бірақ Алтынбек «қараларының» жөні басқа. Біріншіден, бұл жердегі қара – қара халық, көпшілік. Тілімізде «хан да, қара да» деген тіркес бар. «Қара қазан, сары бала» дейді тағы. Мұндағы қара қазан (ыдыс емес) да халық, көпшілік. Алтынбек қарасы – сол қара. Ол қазақтың түрі, түсі қара деп тұрған жоқ.
Екіншіден, Алтынбек сол қара халықтың басына келген қайғыны, ғасыр дертін жырлап отыр. Ал қайғының түсі қара екені рас. Қайғыдан қаншырдай қатқан қара шал, қара кемпір, қара бала нанымды бейнелер. Ал «аққұба кемпір жылап отыр, ақ бала жылап тұр» десе, ақылға сия ма? Ендеше, Алтынбек бұл жерде тапқырлық танытып отыр емес пе. «Зар заман ақындары» Шортанбай, Дулаттардан Алтынбектің несі кем? Тек соны тани, ұға білсек екен-ау. Тіпті, «мен сарымын, сен қара» деп отырған Алтынбектің өзі де сары емес. Қой көзді, ақ сары адам.
Екіншіден, жастар поэзиясында қайталаушылыққа бой ұру басым. Сөз қайталауы емес, ой қайталауы. Мысалы, көкке қарап ұлыған көк бөрісіз өлең жазылмайтын болды қазір. Алғаш оқығанда әсері шексіз еді. Қазір таң болудан қалды, аяқ алып жүре алмайтын көп көкбөрінің қайсысына таңданамыз.
Үшіншіден, әсіре Тәңіршілдік, аспан жаққа аласұру. Соңғы кезде аспан былай қалып, жерге, жер қойнауына ұмтылу-сәнге айнала бастады. Егер Мағжан «Мені де, өлім, әлдиле» десе, соны айтқызар нанымды себеп болды. Мағжан трагедиясы – халық трагедиясы, замана дерті. Шегіне жеткен үмітсіздіктің торығуы. Ал қазіргі жас ақындардың жалғыз ғана трагедиясы – өзінің баспанасы. Сол баспанаға қолы жеткенше, олар көкбөрі боп көкке қарап ұлиды, көрге де қашады. Ал қалай баспаналы болады – солай болып толады да қалады. Көрге қашпақ түгілі көшеде көрсең сәлем бермейді. Әрине, сананы тұрмыс билейтіні рас. Материалдық дүние рухани дүниеге әсерін тигізеді. Бірақ нағыз ақын жеке бас мұңын әлемдік трагедияға айналдырмай, Қасымша қасқару керек қой. Онсыз да суицизм етек алып тұрғанда жастарды көрге емес, өрге, төрге ұмтылдыратын, өршіл рухты өлең керек.
Қыздар поэзиясы. Қар қызы. Өрт және Сіз. Жанат Аймұхамбеттің «Шұғылаға малынған мұзарт шыңда, пері қызы отырды сыңсып жылап» дегендегі таңданысымды сұрамаңыз. Арада әлденеше жыл өтсе де, ымырт түскен шақта, батар күннің алқызыл шұғыласына малынып тұрған Алатаудың мұзарттары жаққа елеңдеп қараймын. Сыңсыған үн келгендей. Пері қызының өзі еңірегенде, періштенің күні қандай? Не деген сұлу, соны сурет еді. Бірақ менің сол сұлу әлемімді тәрк етіп, қыздар поэзиясын пері қыздар мен қар қыздары қаптады да кетті. Фариза «Сенің өрт құшағыңда дүниені ұмытып талықсыдым» деуі мұң екен, қыздар поэзиясын қып-қызыл өрт қаптап, жалындап жана бастады. «Қос бұрым» жинағына енген Танакөз Толқынқызының небары үш-төрт өлеңінде от пен өрт 11 рет кездеседі.
Төртіншіден, «Сіз» сөзі. Ұмытпасам Гүлнар Салықбайдікі шығар, «Кембал басыммен сүйретіліп қасыңызда жүрдімінен» кейін қыздар поэзиясында әлдебір «тірі құдайларға» табыну жаппай етек алды.
Мәселе, әлдекімге табынуда емес. «Сіз» формасының өлеңге қолайсыз, ұнамсыздығында. Мысалы, Жаратушының өзін де Сіз демейміз ғой. Мысал өте көп. Біз талдап отырған Сағыныш та:
– Кездейсоқ Сізге кезігіп,
Оянды қалай тез үміт.
Аңсаудан қайтем бір күні
Жүрегім кетсе езіліп, –
дейді. Бақсақ, құрметтен гөрі сүйіспеншілік басым.
Қашаннан бері қазақ қыздары өзбек қызынша күйеуін (не сүйгенін) «аға, сіз» дейтін болған?
О, Аллам, сақтай гөр! дейміз. Сақтай көріңізші, сізге сыйынам, сіз хақ Жаратушысыз демейміз. Немесе «Райымбек бабам, қолдай көріңізші», демейміз. Сонда табынатын ағаларың Құдай, әруақтан да керемет болғаны ма? Адамдарды-ақ алайық: Абайға сыйынбайтын ақын жоқ. Бірақ сіз демейді. Жамбыл Сүйінбайға «Пірім» деп сыйынғанда, сіз демеген.
– О, сабазым, ақын Шота (Руставели)
Неге сонша болдың қапа? – дейді. Неге қапа болдыңыз, – демейді. Әйтеу бір қазір қыздар өлең жазса, бір қар қызынсыз, бір өртсіз, бір Сізсіз жазбайтын болды. Ойланыңдар, қыздар. Айдың арғы беті секілді «Сіздің» де екінші жағы бар. Әрине, шығармашылығына, рухани өміріне көмектесіп, әкелік, ағалық қамқорлығын көрсеткен, болашағына бағыт берген ағаларға алғыс айту немесе өзіне емес, өлеңіне Тәңірдей табыну бір басқа. Мүмкін тіпті сүйіп қалу да болатын шығар. Бірақ бұлай жаппай ұранға айналмау керек қой. Қоғамда мынандай пікір қалыптасқан: өнердің не ғылымның соңына түскен қыздар сол жолда бір жетістікке жету үшін әлдебір биік беделге, не қалталыға тәуелді болады. Сонан соң өмірбақи күйеуге шықпай, әлгі «Сіздің» көлеңкедегі заңсыз қосағы болады.
– Әйтеу бір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық, –
деп Абай айтқандай, ұнамаса – өз сөзім өзімдікі. Таразы – бізден, таңдау – сізден, жас ұрпақ!
Әмина Құрманғалиқызы.