ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖАН ІЛІМІ

I. Қазақ халықтық психологиясының бел-белестері
Қазақ жерінде психологиялық ой-пікірлердің үдере дамуының басқа Ортаазиялық ағайындарға (қырғыз, өзбек, түрікмен, т.б.) қарағанда өзіндік бірнеше ерекшеліктері бар. Соның ең бастысы – ұлан-ғайыр жерді мекендеген балажан, ақкөңіл, төзімді халқымыз өз ұрпағын жақсы адам, абзал азамат етіп тәрбиелеуге ерекше мән беріп, мұны басты мақсат тұтқан. Қазақ даласындағы жау десе қару-жарағын сайлап, ел десе еңіреген ерлер, әділдік пен шындық, адамдықты ту еткен ақын-жыраулар, бармағынан бал тамған ісмерлер мен зергерлер, от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен ақылман ақсақалдар, еміренген абзал аналар ғасырлар барысында сұрыптала қалыптасқан қазақи тәрбиенің жемісі екендігі хақ. Келесі ерекшелігіміздің тағы бір дерегі қазір «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан 100 томдық «Бабалар сөзі» болса керек. Қазақ халқындай фольклор мұрасына аса бай елді әлемнен табу қиын. Ал «фольклор – халық психологиясының айнасы» дейтін қағида ертеден айтылып жүр.
Қазақ топырағы жантану ілімі жайында жеті трактат жазған әл-Фарабидей ой алыбын тудырғаны да, мұның психологиялық ой-пікірлерінің үдере дамуына айтарлықтай әсер еткені де даусыз.
Егемен, тәуелсіз Қазақ елі жағдайында қазір жалпыадамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолымызды, шыққан тегіміз бен биігімізді бағалай білуіміз қажет. Өйткені, өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайды. Біздің өткен жолымыз, шыққан биігіміз – Еуразия даласын дүбірлете өтіп, Еуропа әлемін оятқан жасампаздыққа толы тарих.
Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйімен, жан тебірентерлік сыбызғы үнімен, асқақтата салған әсем әнімен, ғашықтық, лиро-эпос жырымен, «қысқа болса да, нұсқа» мақал-мәтелімен, шешендік сөз, айтыс, жырларымен сан ғасырлар бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де, өнерлі, имандылық-адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқор азамат етіп тәрбиелеп келгені психологиялық тұрғыдан аса мәнді тарихи дерек.
Халқымыздың психологиялық ой-пікір тарихының қалыптасып, даму жолын қазақ елінің азаматтық тарихымен орайластыра отыра, бұл үрдісті негізгі төрт кезеңге бөліп қарастыруды ғылыми тұрғыдан дұрыс тұжырым деп есептейміз.
Мұның бірінші кезеңі – VІ-ХIV ғасырлардан басталатын қазіргі түркі тектес халықтардың бәріне ортақ психологиялық ой-пікірлердің ілкі бастау, түп-төркініне ежелгі түркі ескерткіштері «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған», Орхон-Енисей жазулары мен Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фарабидің, Ж.Баласағұни, т.б. тағылымдарын жатқызу ләзім.
Екінші кезең – қазақ хандығының құрылу дәуірінен басталып, Қазан төңкерісіне дейінгі психологиялық ой-пікірлердің дамуын қамтыса, үшінші кезең – психология ғылымының кеңестік Қазақстанда маркстік идеялармен рухтанған, яғни коммунистік идеологияның дәурендеген кезеңіне тұстас келеді. Төртінші кезең – бұл – тәуелсіздік жылдарынан бастау алатын, қазіргі егемен елдің психологиясы.
XV ғасырдың бірінші жартысындағы психологиялық ойлар дала философы атанған Асанқайғы толғауларында, қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» ерекше көрініс тапқан. Дала ғалымы аталған еңбегінде адамның жан құбылыстары (түйсік, ойлау, сөйлеу, қиял, дағды, мінез, қабілет, т.б.) туралы біраз мағлұматтар келтіреді. Ғұлама адамның иіс түйсігін – мүңк (қазіргіше иіс), татым (дәм), ойлауды «ойламалық», сөйлеуді «сөйлемелік», миды «мияқ» атауларымен өрнектейді. Ол өзінен бұрын өмір сүрген ұлы ғұламалардың (әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, т.б.) жан туралы түсініктеріне сүйене келіп, дүниедегі тіршіліктің басқарушысы, реттеушісі жүрек десе де, мидың атқаратын ролін жоққа шығармайды. Оның адам есіне, ойлауына байланысты ой-түйіндері мен келтірілген нақты мысалдары қазіргі ғылым тұрғысынан дәйекті де нанымды. Осындай психологиялық ой-пікірлерді екінші дала ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати да айтқан. Оның қазақ халқының өзіндік психологиясы, ел басқару, дін мен денсаулық, ұрыс жүргізу туралы айтқандары психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартады.
Дала психологиясы тұрғысынан қарағанда ерекше орын алатын, елді таңқалдыратын жайт – бұл қазақ хандарының жан ілімінен жақсы хабардар болғандығы. Мәселен, Жәнібек ханның түйіндерінде, қазіргі тілмен айтқанда, психогигиеналық, психопрофилактикалық ұстанымдар байқалады (Шипагерлік баян. Ө.Тілеуқабылұлы. Алматы, «Жалын». 1996, 43-б.). Ол «Жеті атаға толмай қыз алыспауға, адамдардың бір-бірімен сүйіспеуіне, зинақорлыққа бармауға және кез келген үйде тазалықтың сақталуына пәрмен беріп, үкім шығарады. Ал мұны орындамағандарға өте қатал жаза қолданған (масқаралау, дүре соғу, дарға асу, т.с.с). Осындай елдегі тұрақтылықты сақтау үшін, заң нормаларын дала өркениетіне сіңіру негізінде дайындалып, сол кезеңдерде Ата заңға айналған кодекстердің ішінде: «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бұқара халықтың тіршілігіне қажетті гуманистік идеялардан туындаған, әлеуметтік мәні осынау қағидалар дала психологиясында ұрпақтар сабақтастығының болғанын дәлелдейді. Мұның бәрі халықтың өмірі мен тұрмысына деген үлкен қамқорлықтан туындағанына еш күмән жоқ.
Елімізде инновация ұғымы ертеден, сонау Қасымханның тұсында Керей мен Жәнібек хандар Шу мен Талас бойындағы елмен шектелмей Ұлы Даланың әр түкпірінде тарыдай шашылған ұлыстардың басын біріктіру үшін, қазірше айтқанда, мемлекеттік басқару мен салықты әкімшілендірудің жаңа үлгісін, экономикалық ықпалдастықтың жаңа түрін қалыптастырғанын байқатады. Осының нәтижесінде қысқа уақыт ішінде жаңа хандыққа біріккен халық саны миллионға жеткен. Инновацияның түрлері көп емес пе? Мұны ұйымдастырушылық инновация деуімізге болады.
Ал қазіргі кезде бірімен-бірі жарыса шығатын заңдар мен заңнамалық актілерден және күнде ауысатын үлкен-кіші басшылардан халыққа келетін пайдалы түйіндер мен істер жоққа тән.
XVIII ғасырдағы Тауасарұлы Қазыбек бидің «Түп тұқияннан өзіме шейін» дейтін еңбегінде сол заманның әлеуметтік, рухани өмірін баяндаумен бірге жекелеген психологиялық мәселелері әрі қазақ халқының соғыстық өнерінің психологиялық жақтары сөз болған. Сөйтіп, жауға қарсы ұрыс салудың оннан астам әдістері («ошақ соғысы», «ай қораланды», «қаша ұрыс салу», «жүре соғысу», «қоян-қолтық соғыс», «шұбыртпалы соғыс», «екі аша соғысы», «үш тоғыс соғысы», «аламан соғыс», т.б. соғысу тактикалары) баяндалған. Халқымыздың осындай жауынгерлік тактикасын кешегі Ұлы Отан соғысында Бауыржан Момышұлы сынды батыр тұлғалар ұрыс даласында жаңаша тактикалық әдіс ретінде қолданғаны даусыз.
Халқымыздың азулары алты қарыс философ-жыраулары – Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Шал ақын, Бұқар Қалқаманұлдарының көшпенділер психологиясының сан қырларын суреттейтін толғаулары дала дипломаттары атанған ұлы үш биіміз – Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің психологиялық тұрғыдағы аса құнды ойларымен тоқайласып жатқаны рас.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы психологиялық ой-пікірлердің дамуы қазақтың үш ой алыбы – Ыбырай, Шоқан, Абай есімдерімен байланысты екендігі белгілі.
ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі психологиялық ой-пікірлердің дамуына – Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, т.б. еңбектері зор әсерін тигізді.
Қазақ топырағында XX ғасырдың басында тәлімдік ой-пікірлерімен ұлттық колоритке толы психологиялық көзқарастарымен барша жұртты тәнті еткен, қазақ жантану ілімінің көшбасшысы ретінде танылған Ж.Аймауытовпен қатар оқу-тәрбие ісіне тікелей қатысты педагогикалық психологиялық тұрғыдан ерекше ден қойып, М.Жұмабаевтың қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады.
Ж.Аймауытовтың психология саласындағы еңбектерінің («Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Комплекспен оқыту жолдары», т.б.) басты бір ерекшелігі – бұлар төл тіліміздегі тұңғыш психологиялық туындылары болуымен қатар бұрынғы Кеңес елін мекендеген түркі тілдес халықтар тілдерінде (қырғыз, өзбек, түрікпен, әзірбайжан, қарақалпақ, татар, башқұрт, т.б.) алғаш жарық көрген бірден-бір ғылыми басылымдар екендігінде.
М.Жұмабаев сынды жыр дүлдүлінің тәлім-тәрбие ғылымының (педагогика, психология, т.б.) теориялық мәселелеріне бой ұруы аса таңғаларлық жайт. Өйткені, бұл салада ғылыми еңбек жазған әлемдік ақын-жазушылар некен-саяқ. Осы тұрғыдан алғанда Мағжанның «Педагогика» (1922-1923 ж.ж.) атты кітап жазуы өмірде өте сирек кездесетін, тек аса талантты, данышпан адамдарға ғана тән қасиет.
Кеңестік кезеңде Қазақстанда психология ғылымының дамуына өзіндік үлес қосып, осы салада артына мол мұра қалдырған академик Т.Тәжібаев екені белгілі. Қазақстандағы ғылыми психологияның дамуына ерекше үлес қосқан енді бір ғалым – М.Мұқанов. Оның 1979 жылы жарық көрген «Дәстүрлі мәдениет өкілдеріндегі когнитивті эмпатия мен рефлексияның зерттелуі» атты ғылыми мақаласы мен 1980 жылы жарық көрген «Ақыл ой-өрісі» кітабы – Қазақстан психологиясына қосылған құнды мұра. Ол өзінің артына 10-нан астам жеке кітап (оқу құралдары, монография, әдістемелік жинақтар, т.б.) қалдырды. Ғалым тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезінде-ақ ешкімнен тайсалмай, жасқанбай қазақтардың ұлттық психологиясын зерттеуге барды. Өзінің 20 жылға созылған этнопсихологиялық зерттеулерінде қазақ халқының сонау ерте замандардың өзінде-ақ ой-өрісі өте жоғары болғанын эксперимент арқылы дәлелдеп берді.
II. Қазақ психологиялық қоғамы
Соңғы кезде қазақ елінің бас ұранына айналған, тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы әлемдік кеңістікте түркітілдес елдердің бірлігіне негізделген идеяның ортақ психологиялық үндестігінің бар екенін жақсы байқатады.
Елбасы жариялаған «Мәңгілік Ел» идеясы – қазақ өркениетінің, сайып келгенде, оның сан ғасыр бойына қордаланған психологиялық ой-түйінділерінің алтын діңгегі.
«Мәңгілік Ел» – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея екендігі белгілі. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алады. Түрік елінің билігі деп осыдан 14 ғасыр бұрын жарияланған идеяны, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасау арқылы Көк Түріктер жүзеге асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.
Көк түркілердің ұраны болған «Мәңгілік Ел» идеясы сол кездегі саяси әскери психологиялық ұстанымдардың болғанын, ел басқару жүйесінде ішкі тұрақтылыққа негізделген ортақ идеология.
Дала өркениетінде дүниетанымдық идеялардың пайда болуына себепші болған ішкі беріктікке ұмтылған, жан тыныштығы мен ел бірлігін дәріптеген ойшыл ғұламалардың психологиялық мұрасы ұшан-теңіз деуге болады. Мысалы, атақты сазгер, ғұлама Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы сол замандағы ел билеушілерінің, халықтың мәңгі өмір сүруін армандағанының дәлелі. Қорқыттың мәңгі өмірді іздеген идеялары Жерұйықты іздеген Асанқайғының армандарымен сабақтасып жатыр.
Қазақтың халықтық психологиялық ой-пікірлерінің қалыптасуы сонау VI-VIII ғасырлардан басталып, XX ғасырдың 20 жылдарында орта ұлттық ғылыми психологиясына ойысты. Үстіміздегі XXI ғасырдағы қазақ психологиясын өрістету – бізден кейінгі ұрпақтың еншісі болмақ.
Кеңес үкіметі аясында психология ғылымының дамып, өркендей түсуіне біраз тұсау салынып, кедергілер болғаны да рас. Мәселен, 1947 жылы КазГУ-де ашылған логика және психология бөлімі 1953 жылы жабылды. Содан 35 жылдан кейін ғана (1988) жұртшылықтың үлкен дабылынан кейін орыс тілді 25 шәкіртке психологиядан білім алуға мүмкіндік туды. Ал оның қазақ бөлімі төрт жылдан кейін ғана ашылғаны бізді ойлантады.
Осы кезге дейін елімізде психологиялық ғылыми-зерттеу институты түгіл дербес кафедралардың өзі саусақпен санарлық. Бұлардың өзі де әлі күнге дейін АҚШ пен Батыстың ықпалынан шыға алмай келеді. Психологиялық кадрлар (бакалавриат, магистратура) республиканың 13 университетінде даярлануда. Бірақ бұларға берілетін гранттар өте аз. Сондықтан бұл мамандыққа келушілердің қатары жыл сайын кеми түсуде.
Психология ғылымының жағдайы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оңалар деген үмітіміз де әзірше ақтала қойған жоқ. Осы айтқанымызға дерек келтірсек, олар мына төмендегілер:
Біріншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін осы ғылымды елімізде дамыта түсу жолында біздер, ғалымдар біраз әрекеттендік. Алдымен Алматы облыстық қауымдастығы (1991 ж.), кейінірек, академик Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология орталығы (1998 ж.) ұйымдастырылды. 14 рет ғылыми конференциялар өткізілді. Олардың төртеуі халықаралық, тоғызы республикалық деңгейде. Бір әттеген-айы, Орталық ұйымдастырған осы шаралардың бірде-біреуіне мемлекет тарапынан, нақтылап айтсақ, Білім және ғылым министрлігінен қолдау болмады.
Екіншіден, өркениетті елдерде жас ұрпаққа психологиялық білім беру ертеден келе жатқан дәстүр және ол жақсы жолға қойылған. Бізбен тағдырлас Ресей, Украина, Өзбекстан, Армения, т.б. ТМД елдерінде психология пәні орта мектептерде оқытылып жүр. Біз де осы үрдіске үн қосып, 1994 жылы психологиядан «Әдеп және жантану» атты оқу құралын хрестоматиясымен қоса, әрқайсысы 100 мың данамен жарыққа шығардық. Бірақ, бұл пән әр түрлі себептермен Қазақстан мектептерінде оқытылмай келеді. Кейіннен аталған оқу құралы 2 мәрте («Жантануға кіріспе», 2000 ж., «Қазақ этнопсихологиясына кіріспе», 2014 ж.) тағы да жарық көргенімен алғашқы басылымның күйін кешіп,мектептерде әлі де оқытылмайтыны өкіндіреді.
Үшіншіден, қазақ елінде психологияның ғылыми-зерттеу институтын ашу мәселесін көтергенімізге де 25 жылдай уақыт өтті. Бұл мәселе де әзірше шешімін таппай отыр.
Төртіншіден, психология пәнін жоғары оқу орындарында оқытудың көпжылдық тәжірибесі бар екені белгілі. Ал несиелі оқуға көшуге байланысты осы пән келешек мамандар үшін керексіз ғылымға айнала бастады. Мәселен, университеттерде бұрын жеткілікті көлемде оқытылып келген психология академиялық пән (қазір 15 сағат көлемінде оқытылады), арнаулы курстардың оқу жоспарынан алынып тасталғаны түсініксіз. Ал ұлттық психология курсын оқытуға байланысты «әл-Фарабидің психологиялық жүйесі», «Қазақ психологиясының тарихы», «Салт- дәстүр психологиясы», «Қазақ этнопсихологиясы (қазақ,орыс тілдерінде жарық көрген оқу құралдары мен бағдарламалары) психология бөлімдерінде оқыту жоспарынан неге алынып тасталған?!
Бесіншіден, Қазақстанда сегіз мыңдай мектепте үш миллиондай оқушы бар десек, бұл салаға мыңдаған педагог-психолог мамандар қажет екені белгілі. Бұл мәселе ТМД елдерінде жақсы жолға қойылған. Мәселен, Ресейдің әр губерниясындағы жоғары орындарында психология факультеті, оларда мыңдаған жас мамандар даярланады, алпыстан астам психология кафедралары, бірнеше ғылыми-зерттеу институттары, 70 мыңға жуық психолог мамандары бар. Бізде бұл көрсеткіш өте мардымсыз, ал ЖОО-дары арқылы психолог кадрларын даярлау ісі сын көтермейтінін жоғарыда айттық.
Айта берер болсақ психология ғылымының дамуына кедергі келтіріп отырған көлеңкелі мәселелер баршылық. Бұл жайлар ұлттық мемлекетте, тәуелсіз елімізде осы ғылымды тікелей қамқорлыққа алатын психологиялық Қоғамның керек екенін айқындай түседі.
Бір сөзбен айтқанда, халқымыздың психологиялық сауаттылығын арттыружәне психологиялық мәдениетін көтеру үшін Қазақ психологиялық қоғамының құрылуы өмір талабынан туындаған қажеттілік екені шындық.
2015 жылдың 15 мамырында академик Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығында ҚР Әділет министрлігінде бекітіліп (2015 жылдың 21 сәуір), тіркелуіне байланысты Қазақ психологиялық қоғамының тұсаукесері болды. Бұған Алматы қаласындағы ЖОО және орта, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, ғылым кандидаттары мен докторлары, профессорлар мен доценттер қатысты.
Жиынды кіріспе сөзбен Орталықтың ғылыми жетекшісі, профессор Қ.Жарықбаев ашты. Ол өз сөзінде: – Әділет министрлігінің Қазақ психологиялық қоғамының Жарғысын бекітуі айтарлықтай оқиға. Қоғамды құруға мүмкіндік берген қазақ халқының сан ғасырлық, бай психологиялық мұрасы. Көптеген объективтік және субъективтік факторлар (еліміздегі аштық, репрессия, геноцид, т.б.) қазақтың ғылыми психологиясының дамуын біраз тежеп келген еді. Өткен ғасырдың 20 жылдарынан бастап ол дербес ғылым ретінде жұтшылыққа белгілі бола бастады. Қазіргі кезде елімізде 40-қа жуық психология ғылымдарының докторлары мен профессорлар, 150-ден астам психология ғылымының кандидаттары мен доценттері бар. Бұл арада ерекше атап өтетін жайт – елімізде психология саласындағы ғылым докторларының саны Орталық Азиядағы 4 республикалармен, Әзірбайжан еліндегі осы мамандық өкілдерінен сан жағынан асып жығылатындығы. Бұл бізге үлкен мақтаныш болумен қатар құрылып отырған Қоғамның ғылыми потенциалының жоғары екенін көрсетеді.
Қазақ психологтары әртүрлі халықаралық ғылыми конгрестерге қатысып, баяндамалар жасап жүргендігі, алыс-жақын шет елдердің психологиялық орталықтарымен ғылыми шығармашылық байланыста екендігін атап кеткеніміз абзал. Қазақ елінде кеңес дәуірінде де КСРО психологтар қоғамының Қазақстандық бөлімшесі болған. Ол 1958 жылы қыркүйекте құрылып, 1991 жылы желтоқсанда өз жұмысын тоқтатқан болатын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздерге өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға бағыт беріп отыр, ал бұған кіру – елімізде психологиялық қоғамның болуында қажет ететіндігінде. Бұл жайт келешекте осы қоғамның бүкіл дүниежүзілік психологиялық қоғамдарды (олар 100-ден астам) біріктіріп отырған халықаралық ғылыми психологияның қауымдастығына мүше болып енуге түрткі болу – осы Қоғамның негізгі мақсаттарының бірі.
Пленумда Қазақ психологиялық қоғамының негізгі мақсаты – Республика халқына психологиялық ілім-білімдерді насихаттау, елімізде психологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету екендігі баса айтылды.
Болашақта Мәңгілік елде жайсаң жандар қатары көбейе түссін десек психологияның теориялық және қолданбалы проблемаларына ерекше назар аударуымыз қажет болып тұр. Осылардың ішінде негізгілері мына төмендегілер дер едік:
– «Қазақстан ұлты» атты қауымдастықтың қалыптасуының психологиялық механизмдерін зерттеу;
– «үш тұғырлы тіл» проблемасы, оның білім беру процесіндегі роліне психологиялық сараптама беріп, негіздеу;
– полиэтностық қоғамдағы аралас некенің сыр-сипатын психологиялық тұрғыдан талдау;
– республикамызда тұратын әр түрлі этностардың ерекшеліктерін, оларды біртіндеп біртұтас қауымдастыққа біріктіру мәселесінің психологиялық астарларын зерттеу;
– мемлекеттік тілдің қалыптасу барысындағы түрлі түйткілдердің себептерін психологиялық тұрғыдан зерделеу;
– қазақ халқының ұлттық мәдениетінің сан-саласы, түрлеріне (айтыс, ән-күй, музыка, т.б.) психологиялық зерттеу жүргізу;
– еліміздегі әр түрлі діндердің, әсіресе мұсылман дінінің психологиялық астарларын қарастыру;
– коррупцияны (сыбайлас жемқорлық) психологиялық проблема ретінде зерттеуге алу;
– экстремистік, террорлық, теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кеткен индивидтерді түрлі әдістермен қоғамнан оқшаулау, оларды дұрыс жолға түсірудің психологиялық механизмдерін талдауға алу;
– түрлі деңгейдегі қылмыскер азаматтардың іс-әрекетін пенитенциарлық психология аясында зерттеу;
– ақ халатты адам жанына араша болып жүрген жандардың, жас ұрпақты жарасымды мінез-құлыққа тәрбиелеп жүрген ұстаз, тәрбиешілердің психологиясын зерттеу де үнемі назарда болатын психологиялық проблема, т.б.
Осы секілді Қазақстанға тән проблемалар әлемдік психологиядағы тарихи-мәдени және іс-әрекеттік, теориялық тұрғысынан зерделенбесе, бұлардың жүзеге асуы тек концепциялар, бос сөз болары хақ дегіміз келеді.
Жеріміздің ұлан-ғайыр кеңдігі ғасырлар бойы қалыптасқан имандылық пен дарқанды, қайырымдылық пен адамға деген мейірімділік, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігі. Жойқын соғыс пен ашаршылыққа, жұтқа ұшыраудың салдарынан ғасырлар бойына тірнектеп жинаған тәлім-тәрбиелік мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілуі тиіс. Мың өліп, мың тірілген кезеңдегі төзімділік пен шыдамдылық біздің ұлттық мінезіміздің жоталы беттері, халқымыздың ұлттық мақтанышы болумен қоса, алдағы уақытта тереңдете зерттеуді қажет ететін психологиялық проблемалар.
Құбығұл Жарықбаев,
педагогика ғылымдарының
және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбегі
сіңген ғылым және техника қайраткері, академик,
Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология және
этнопедагогика орталығының ғылыми жетекшісі,
профессор.
Мұқан Перленбетов,
Қазақ психологиялық
қоғамының президенті,
психология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Ұлттық
жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі.