Заһар Сұрмерген. «Қақабай, қайда барасың?..»
17.04.2020
1340
0

Қанат Тілеуханның «Медаль» деген әңгімесі – өте үлкен жүк көтерген шығарма екенін әбден аяқтағанда аңғардым. Соның әсері ме, енді жазушының әр сөзіне тиісіп, сөйлемін түрткілеп, жоқтан-өзгеге соқтығуды кейінге қалдыра тұрғым келді. Талдау-палдау дегенді қазіргі жұрт аса қабылдай да бермейді екен. Ең бастысы – қаламгердің ойын, идеясын тап басу. Ал, тіл деген не, тәйірі?.. Бірде бар, бірде жоқ ақша секілді. Есіме сонау бір жылғы әлдекімнің сын материалы түсіп тұрғаны. Сондағы сыншының айтқан бір сөзін қабырғаға ұран қып шегелеп қойса болатындай. «Шығармада тіл болмағанымен ой бар». Құдайға тәуба, Қанат Тілеуханда екеуі де бар…

Қанат Тілеухан

Әңгіменің атауы айтып тұрғандай: басты оқиға, шығарманың кілті медальге байланысты. Әлқисса деп басталғанда мемлекет қолдауымен шығатын кітаптың жай-күйі аталып өтеді. Сегіз баспа табақ көлеміндегі шығарманы күзеп-тарап, пышақтың қырындай ғана етіп шығаруы біздің қоғамның рухани баюға аса құштар еместігін аңғартады. Жазушы осы орайда кейіпкері Қақабайдың атынан наразылығын білдіріп, қатты күйінеді. Қалам ақысына тиын-тебен алам ба деп үміттенген ол ешкімге керегі жоқ, тегін берсең де алмайтындай үш жүз кітапты құшақтайды. Қатты налып жүргенде ауылдан жақсы хабар келіп, жанын жадыратады. Төсегінің астында мұрты сәл ғана бұзылып, өзімен өзі жатқан кітабы бір сиқырдың күшімен ауа арқылы ел санасына дарыды ма, әйтеуір, ауылдағы бір дарақылау мұғалімі бұны елге шақырады. Осы жерде жазушының тапқырлығына сүйсінбеске болмайды! Бүгінгі қоғамның қай саласы, ауылы, қаласы, облысы болсын рейтинг жинауға әуес. Тегі, сыншының басты мұраты – қаламгердің ешбір жан аңғармайтындай етіп, қыбырлаған қалың сөздің арасына тыққан ымын таба білу және соны оқырман қауымға жеткізу емес пе? Жаңағы дарақылау апаймыздың «Біздің ауылдан да шыққан жазушы, атақтымыз бар!» деген тізімді толтыруды көздеген пиғылын сыншы ретінде мен де тап басқан сияқтымын. Ал, Қанат Тілеуханның өткір қаламы осындай келеңсіздіктерді аяусыз сынап, біздің қоғамдағы дарақылықтың иесі жалғыз Гүлсім апай емес екенін тереңдетіп аша түседі.

Медаль. Анау бір кездерде ұстаздар арасында үлестірілген жалған медальдер жайлы бір деректі оқыған едім. Жазушы осы тұрпайы көріністі шынайы реализм тұрғысында қаламына арқау етіпті. Қақабай ауылдағы мұғалімдеріне қандай сәлем-сауқат аламын деп жүріп, ойда-жоқта медальге тоқтайды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей бәрі үйлесе кетеді. Жазушының жүрдек қаламы оңай жолмен табыс тауып жүрген бір қоғамдық ұйымның ісін әшкерелейді. «Алматыда «Қазақ қоғамы» деген республикалық үкіметтік емес ұйым бар. Түрлі шаралардың басы-қасында жүреді. Дүниеден өткен танымал тұлғалардың мерейтойын өткізіп, ас та беріп жатады. Түрлі салада еңбек етіп жүрген адамдарға сый-сияпат жасап жатады. Неше түрлі медальдар шығарады. Мәселен, ұшқыштарға Талғат Бигелдинов атындағы төсбелгісі бар. Оның басшысы Нұрмат Қапалбек деген іскер жігіт. Әрі баспагер. Қазақ тарихы мен әлемге аты әйгілі шетелдік тұлғалардың өнегелі өмірлеріне арналға кітаптар да шығарады». Жанр түрлерін жетік меңгерген қарымды қаламгер, бұл сиықсыздықты публицистика тілімен, құқық қорғау органдарына түсінікті дәрежеде ашық ақпарат қып бергені – табылмас тәсіл және өзінің жүрегінің түгі бар екенін білдіреді. Сөйтсек, бұл алдын ала жоспарланған жоба екен. «Былтыр бір өтінішін орындап, Қазақ радиосына баспасы жайлы бағдарлама ұйымдастырып бергенмін» дейді соның дәлелі ретінде. Ары қарай оқиға шиеленісе түседі:

«Жұмыс үстелінің тартпасын ашты да, алдыма жарқыратып медальдардың түр-түрін қойды. «Қазақстанның қоғам қайраткері», «Алаш ізбасары», «Ұлт мақтанышы», «Айтыстың ақмылтық ақыны», «Жыл әншісі», «Театр майталманы», бітпейтін бірінен-бірі өткен әдемі медальдар. Менің іздегенім көзіме түсер емес. Әйтеуір, арасынан «Мәртебелі мұғалім» және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальдар шықты. Қайсысын таңдарымды білмей біраз әбігерге түстім. Көмекке Нұрекеңнің өзі келді. «Досым, «Мәртебелі мұғалім» мектеп мұғалімдеріне арналған. «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі колледж, университет оқытушыларына беріледі. Дұрысы – соңғысы. Атына да жақсы ғой», – деді. Таңдауым «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальға түсті. Нұрекең менімен бірге сапарлас болуға да келісті. Айтпақшы, медаль құны отыз мың теңге екен. Маған едәуір жеңілдік жасап бергенін айта кетпесек болмас». «Қалауын тапса, қар жанады» деген осы емес пе! «Қазақ әдебиетінің детектив жанры кемшін деген сөзді жоққа шығарған шытырмандық оқиға өріс алайын деген сияқты. Азын-аулақ ақша да үнемдедік.

Содан әлгі Нұрматпен қоса Қақабай өзінің біраз достарын да ауылға ерте кетеді. Менің білуімше автордың бұндағы ойы – ауылдағы жұрттың даңғойлығына олар да куә болсын деген пиғыл сияқтанды. Бәрі сол рейтингке тіреледі. Оған да бұлтартпас дәлел бар: «- Облыстық газетке шықсақ деп едік. Аудандағы басшылар бірден көрер еді» деген бірде дарақылау Гүлсім апайы.

Сонымен ат-көліктері аман жолаушы-қонақтар діттеген ауылдарына да жетті-ау…

«Қол соғып қошемет көрсетіп, бізді төрге жайғастырды. Жастар өлең оқып, ән салды. Менің бір әңгімемнің желісімен қойылым көрсетіліп, кітабым жайлы қазақ әдебиетінен сабақ беретін бізден жастау келген келіншек баяндама жасады. Сабақ берген мұғалімдерім бірінен соң бірі сөз алып, менің оқушы кезім жайлы естеліктерімен бөлісті. Жастар тарапынан сұрақтар да қойылды. Алматыда өз басым осындай кештердің талайына куә болғанмын. Бірақ ылғи да ішім пысып, мазам кететін. Менің кешім өзіме өзгешелеу сияқты. Өзгешелеу емес-ау, ерекше! Қасымдағы қаламдастарым өлеңдерін оқып, менің талантыма да тоқтала кетуді ұмытпай барын салды. Ақыры сөз маған жетті».

Қыбыр еткенді қалт жібермейтін Қақабай бәрін байқап отыр. Мына жиын, жасалып жатқан дүрмектің барлығы жалпы қоғамды жайлаған көзбояушылық екенін білсе де сездірер емес. Сонымен беті шылп етпестен:  

— Құрметті ұстаздар, ауылдастарым! Мені қаламгер достарыммен шақырғандарыңызға рақмет. Ықылас-пейілдеріңізге разымын» деп біразға созылған ыстық леп білдірді. (Толық мәтінін әңгіме текстінен оқыңыздар). Оны Нұрмат та аса жасырын мысқылмен орынды қолдады:

 «– Көкталдық бауырлар! Бізге деген қошеметтеріңізге Алла разы болсын! Қайрекеңдей қазақ әдебиетіне жазушы сыйлаған сіздерге алғыстан басқа не айтуға болады?! Алматыда мүйізі қарағайдай жазушылар ұлдарыңыздың жазғандарына оң бағасын беріп үлгерді. Қайрекеңнің алда талай сүбелі шығармалары жазылатынына сеніміміз мол» деп ағылды. Бір-бірін жорта мақтаған жұртқа медаль үлестірудің де кезі келді.

«Бұл жобаның ақылдастар алқасында елімізге белгілі педагогтар, ақын-жазушылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. (Арасындағы бір-екі сөйлемді алып тастадым. Жоба Алматыда «Қазақ қоғамы» дегендікі.) Сол азаматтардың ұйғарымымен мектептеріңіздің басшысы Байдәулетов Еркінбек Момынұлы мен біздің Қайрекеңнің сынып жетекшісі Манатбекова Гүлсім Қайымқызын марапаттауға рұқсат етіңіздер».

 Жарықтық Абай атамыз осындайларды бір-ақ ауыз сөзбен сұлатқан ғой: «Өсек, өтірік, мақтаншақ» деп. Ал пенденің жарыместігінде мүлдем шек жоқ екен. Осы суретті жазушы Қанат Тілеухан аса шебер келтірген:  

«Алматыдан мың шақырым жердегі шалғай ауылдағы ұстаздарымның жүздері бал-бұл жанып мәз. Кеуделеріне қадалған медальмен бірге жүздері де жарқырап, балаша қуанып тұр. Ауылда күтпеген жерден шығармашылық кештің соңы тойға ұласты. Мектеп пен құрдастардың дастарханынан бөлек, медаль иелерінің шаңырағында бір-бір малдың басын мұжып, Көкталда үш-төрт күн аялдап қалдық» дейді Қақабай. Баяғыда арғыбеттен келген бір ағайын : «Сендер қызық халық екенсіңдер? Нәскей алсаңдар да той жасап жуасыңдар!?» деп ішегін тартқаны бар-тын. Оған қарағанда бұл омырауға тағатын сөлкебай ғой!

Бұлар әңгі-тәңгі болып жүргенде Еркінбек деген ағалары келіп бұйымтайын айтады. Сөйтсе, ол өзі алғанын азсынып, енді аудан басшысына бір медаль сұрап өтініп тұр екен. Ақысына өз қалтасынан бір мал атады. Міне, қоғамның азып-тозуы деген осы емес пе? Сақалы сапсиған ақсақалдың өзі аудан басшысына жағымпаздық жасап жатыр. Қайтсін, оқу бітірген немересі немесе сол ауданда қақты-соқты жұмыста жүрген баласы бар ма екен? Осындай жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты жазушы аяусыз тағы сынға алады.

Ұзын сөздің қысқасы – жалған жазушы Қақабай, олай деуге негіз: пышақтың қырындай кітабы шыға салып жер-көкке аты дүркіреп кетуі күдік тудырады. Осыны да қаламгер жіті байқаған. Біздегі марапат пен мансап үлестірудің барлығы жасандылық екенін жасқанбай ашты. Бір өкініштісі, Қақабай мен ақша табуды мақсат еткен Нұрматтың медаль сату бизнесін даңғыл жолға қойып үлгергені. Демек, біздің қоғамда бәрі таза, адал емес дегенді аңғартады. Ақыл-парасаты мол адамдардан гөрі мансапқой, көркеуделердің көптігін аңғартады.  Егер ғылым мен білімнің тірегі деп отырған академиктің өзі сол медальге көзін сатса, қалғанына не жорық?

Осындай шынайы көркемдік тәсілдермен қазіргі қазақ қоғамының бет пердесі ашылды.

Бұл өмірде ешқандай таза кәсіптің жоқтығын айғақтайтын тағы бір айырықша детальді жазушының тапқырлығы мен көрегендігі деп ерекше атап өткім келеді. Лақап аты – «Көк ту» деген бір журналист туралы. Жазушы бұл сәтті естен кетпестей, ұтымды бейнелейді. «Бір заматта біздің оң жағымызда бос тұрған үстелге жасы бізбен шамалас, басы қазандай, бұғақты жігіт келіп жайғасты. Денесі зор болғанымен, өзін ұстауы біртүрлі. Шылымын қос саусағының ұшына қыстырып тартады екен».       

Нұрмат болса осы журналисті көре сала «Көк тудың желбірегені» деген әнге басқан еді. Бір қызығы екі аысықтың да бір-бірін жақтырмайтынын осыдан байқадық. Олардың отаншылдық қасиеттері де арам термен тапқан табыстарына қарай әртүрлі болатынын қаламгер жақсы келтірген.  

«Нұрматты масайып қалғанға жорып, жейтін бір нәрсе алдырайын деп көзіммен даяшы қызды іздей бастадым.

–  Қайрат, ол менің ескі танысым. Бұрын 17-телеарнаның жаңалықтар қызметінде бірге жұмыс істегенбіз. Мектеп, ауруханалардың төбесіндегі өңін күн жеп қойған туларды іздеп жүріп түсіретін. Сосын, «мемлекеттік рәмізді қорладыңдар» деп, қорқытып ақша бопсалайтын. Сөйтіп, жағдайын жасап алған арсыз. Қазір шығарушы редактор болып алған, – деді тістеніп.

– …

–  Байқадың ба, «көк тудың желбірегені» десең, орнынан тайып тұрады. Нұрмат тағы да қарқ-қарқ күлді. Көк тудың әңгімесін түсінетін менде жағдай жоқ. Тек сыраға ақты бекер араластырып жібергеніме іштей өкіне бастадым.

–  Көк тудың арқасында ақшаның астында қалды бұл ит, – көзі шатынап кеткен Нұрмат үстелді бір қойды.

–  Айтпақшы, ақша демекші, өткендегі медальдардың ақшасын ала келгенмін, – деп, қалтамнан конвертке салынған ақшаны алып, досыма ұсындым.

Әңгіменің ауаны медальға ауысқаны жақсы болды. Көк тудың тақырыбы лезде жабылды. Досым ықылық атып отырып конвертті ашты да, ондағы ақшаны көзімен санап шығып, төс қалтасына сүңгітіп жіберді. Қунақ қимылдап келесі қалтасынан темекісін шығарып, бір талын тұтатты.

–  Жарайсың, Қайрат! Осы сенің жолың жеңіл-ей. Менің медалімді  медреседегі молдаларға өткізіп жібердің.

–  Олар медресе ұстаздары. Ал медальді медресе түлектері өздері іздеп келіп алды, – деп оның сөзін түзетіп қойдым».

Мынау күллі әлемді жаулаған коронавирус тәрізді «медаль» дерті зайырлы қоғамды ғана жайлап қоймай, Алланың жердегі үйіне де кіріп кеткені жағаны ұстатты. Құдайдың кәрі мен молданың үшкірігінен сескенбей оны да әшкерелеген жазушы алдында қалай шляпаңды шешпейсің!

Жазушы Қанат Тілеухан өзіне тән стильдік ерекшелігі мен қатар әртүрлі жанрдың басын қосып,  «қойыртпақты»  эксперимент жасаудан жасқанбайтын қаламгер екенін айқын танытты. Кезінде орыс қоғамының шиқанын соқтасымен суырып алған Гогольдің құдіретінен кем түспеді. Қазақ сатирасының туын желбіреткен «көшбасшы шығарма» осы болар деп үміттенемін.

Бұл туындыны әңгіме деп қабылдау әсте қателік секілді. Себебі, композициялық шешімі новеллаға іш тартып тұр. Новелла жанры  –  сонау  Джова́нни Бокка́ччоның Декамеронынан бастау алып, американдық жазушы О Генридің соңы күтпеген финалмен түйінделетін шығармаларына ұласып жатқан жоқ па… Осы орайда Қанат Тілеуханның финалы да адамды есеңгірететін  ересен күшке ие екенін атап өткен жөн.

«Саптыаяқтарымызды көтеріп соғыстырмақ болғанда, босап қалғанын бір-ақ аңғардық. Екеуміз жарыса «даяшы» деп айқай салғанымызбен, даңғырлаған музыкадан даусымыз сыра тасып жүрген сары қыздың құлағына жетпеді. Сырахананың жеке кабинасынан шыққан бағанағы бұғақты жігіт бізге қарай ыржалақтап келе жатты. Қолында бір бөтелке арағы бар. Нұрмат бұл жолы «Көк тудың желбірегені» деп ән бастаған жоқ».

Астын сызған соңғы жолдар ғажап түйіндеу емес пе?

Ал енді алдында берген уәдеме оралайын. Бір сөзіне тиіспеуді ұйғардым. Текосы арада ескерте кететін бір жайт: бұл жиында бірнеше баяндама жасалды. Оны келесі бір мақалада зерделеп көруге тырысам. Сонымен қатар  телефон арқылы сөйлесудің де мән-маңыздылығын зерттеймін. Бұл да диалог орнына кеңінен қолдануға болатын тың әдіс екен! Трафик шыдаса болды.

Ұмытып бара жатыр екенмін, «Көк тудың желбірегені» деген әннің текстке түскен сөзі  –  шығармаға айырықша өң беріп тұр. Енді оның қасына нотасын да қосқанда тіптен құлпырып кетер ме еді!?.  

Қақабай  –  Майлинның Мырқымбайынан кем түспейтін айшықты образ болса, Қанат Тілеухан  –  қазақ әдебиетіндегі елеулі құбылыс.

Заһар Сұрмерген

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір