ЛЕБІЗ КҮТКЕН ШЫҒАРМА
30.10.2015
3606
0

OkYecNbO-web

Балалық шағы елуінші жылдарға тап келген қазіргі өлі-тірі қаламгерлердің барлығына  «жазушылықтың шапанын кигізген» әйгілі Бердібек Соқпақбаев туралы «Аңыз-адамда» жинақталған пікірлер мен деректерді оқып отырып, жиырма бес жыл бұрын айтуыма тиісті, сан оқталып оңтайын таба алмаған бір шымшым ойымды кезінде білдірмегеніме өкініп, қолыма қалам алып отырмын. Жұрттың бәрі тамсанып, таңырқап, өкініп, «жазбай кеткен жазушы» атандырған Бердібектің ең соңғы хикаятының жариялануына себепкер өзім болғандықтан да, бұл шындықты жазуға қымсына беріп едім. Міне, шығарма жарияланғаннан бері де ширек ғасыр өтіп кетіпті. Ал ол шығарма  содан жиырма бес жыл бұрын жазылып  еді.


 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Үнсіздіктің арасы тура жарты ғасырға созылып отыр. «Ергежейлі еліне саяхатты» ешкім білмейді, демек, ешкім оқымаған. Себебі, осы жарты ғасырдың ішінде хикаят кейіпкері Қалмұқан Исабаев ағамыз бен жазушы Тұрлыбек Мәмесейітовтен басқа бір пенде бір ауыз емеурін білдірмеген. Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай шаһзадасының» үлгісіндегі сол бір арманды туын­дының аты Бердібектің туғанына тоқсан жыл толуына арналған толайым тұ­сында да баспасөздер мен басылым­дар­дың бетінде аталған жоқ. Жинақтарына да енгізілмеді. «Бүкіл әлемдік зар заманның» сарынын бала қиялына бейімдеп шап-шағын ертегімен жеткізген «Кішкентай шаһзада» – әлемдік лирикалық ша­ғын прозаның мәңгілік ұстыны болып танылды. Ал соған пара-пар өз за­манының, яғни социалистік қоғамның барлық қоясын әш­керелеп берген, менің Күнікейімнің айтуынша «ергежейлі еліне» саяхат шеккен «балкондағы шалдың» басынан кешкен «хикметтеріндегі» көркем ойды ол кезде ешбір қазақ қа­лам­гері қиялдап көрген емес еді.
Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер жинағы мен «Аңыз-адам» журналына топ­тас­тырылған естеліктер мен пікірлердің денінде: Бердібек саяқ өмір сүрді, қазақ жазушыларының ішіндегі диссидент сол адам еді, «Өлгендер қайтып келмейді» романынан соң қолына қалам алмады, өлімі оқыс, жұмбақ болды, оны ешкім көзіне ілмеді, – деген сарын басым. Әрине, мұнда шындықтың қылауы бар. Бірақ өмір сүрудің сондай ыңғайын көңіл күйі етіп алғаны үшін Бердібектің шығармашылық тағдыры жө­нін­де біржақты қорытынды шығаруға бола ма? Шынымен, осы қазақтың әдеби қауымы ол шығарманы оқымағаны ма? Назарына ілмегені ме? Ендеше, Бердібек жазарын жазбады, айтарын айтпай кетті, – деп екіле­не неге өзеурейді. Соған таңмын.

10001 10002

Өйткені, Сэлинджер сияқты сэрлерге сүйенбей, өзіміздің қаламгер қауы­мы­ның а­ра­сында өмірінің соңында қолына қалам алмаған Ғабиден Мұстафин, Қуандық Шаң­ғыт­баев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов, Сайын Мұ­рат­бековті еске түсірсек те жетпей ме? Тек Бердібекпен бірге қыз­мет істеген Қа­дыр Мырза-Әлі ағамыз ғана: «Мен білсем, Құдай біледі, ол кісі сөзсіз бір нәрсе жа­зып, сөресіне сақтап отыр», – деп­ті. «Қазаққа ақыл кірмейді» деген роман жа­зыпты-мыс дегенді Тұрлыбек Мәмесейі­тов айтып қалыпты. Оның анық-қа­нығы нақты емес. Ағамыздың отбасы қаншалық­ты тұйық өмір сүрді дегенмен де, ол кісінің қолжазбаларының күресінде қалды деге­ніне сенбеймін. Бекеңнің туын­дыларына ұқыпты қарап, жинақы ұстайтынын  ол кісі­нің 1966 жылы жа­зылған соңғы шығар­масын жарты сағаттың ішінде  қолы­ма­ тигізге­нінен  байқап қалып едім.
1965-1966 жылдары жазылған, Кеңес өкіметінің саясаты мен эко­но­ми­калық бағытына қарсы, швейцария­лық капи­та­лизм­ді насихаттаған, атом сы­нағы мен ға­­рышты игеруге қарсы, нарықтық құн баға­сын жақтайды, бас­па­сөз үгітін жоққа шығарады, ең бастысы жүргізіліп отырған саясатты «ер­гежейлі елі» арқылы мансұқтау пиғылы анық байқалады, – деген желеу тағы­лып, тездетіле жабылып тасталған «Ергежейлі еліне саяхат» атты бұл шағын хикаят менің қолыма оқыстан түсті.
Аңысыма аңыз боп кіріп, санама аңыз боп сіңіп, өміріме аңыздың елесіндей боп араласып, ақыры өмірі «жұмбақ емес», жұм­бақталған аңызбен аяқталған Бердібек ағамызбен кейінгі он-он бес жылда жеңіл ғана амандасып, атүсті әңгімелесіп жүрдім.  Дегенмен де, Жарасқан айтқандай, «Дулатты Төленмен, Төленді Дулатпен шатастырып жүретін» жаңғалақ Бердібек ағамыз бұл үш кездесуді, әсіресе, алғашқы «сырттай кездесуімізді»  ұмыта қоймап еді. «Ерге­жейлі­лер еліндегіні» маған табыс­тауына да сол алғашқы екі кездесу ілдебебайлық еткендіктен де, оны да қағаберіс қалдырмай айта кетейін.
Әлі есімде, 1971 жылдың күзі болатын. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев Несіпбек екеумізге: «Бүгін Бердібек ағаларыңның жалғыз өзін қонаққа шақырдым. Екеуің келіп күтісіңдер», – деді. Кешқұрым Бекеңді қазіргі Әйтеке би мен Төлебаев көшесінің қиылысынан үшеуміз күтіп алдық.  Кілем  жайылған кең бөлменің төріне көрпе  салынды, Бекеңнің шынтағына жастық төселді, дастархан  жерге жайылды. Ләпәң (Ләтипа апайымыз) ас қамында. «Арнайы тапсырма» алған Несіпбек құрақ ұшып «сы­ра» құйып жүр, ара-тұра Бекең күтуші­сіне қарап: «Өй, мынаның дәмі қышқылдау ғой», – деп қояды. Жасымнан аңызға бергісіз бейне ретінде елестеген Бекеңнен көз алмай отырып қалсам керек: «– Сен  неге томсарып отырсың, балдыз?», – деді. «Балдыз» деген сөзіне емексіп: «– Сіз мені қат­ты өкпелеткенсіз. Бір ай бойы сізге кектен­генім әлі есімде. Сол өкпем есіме түсіп отыр»,– дедім.
«– Не дейсің, мен сені қай жер­де ренжіттім екен, ә! Ондай иттігім бар. Бірақ есімде қалмапты. Қашан? Айтшы, есіме түсірейін», – деді.
– Сіз мені бесінші класс оқып жүргенде, қараша айында қатты өкпелеттіңіз.
– Қалай?
– Жәңгір мұғалім шығармама ерекше риза болып: «Сен, Құдакелдин, болашақ­та сөз­сіз жазушы боласың», – деді. Ал кітап­хана­шы апай: – Жазушы болатын адам мы­на кітапты сөзсіз оқу керек, – деді. Содан әлгі кітапты бас алмай оқып болған соң, жатып кеп ашуланайын. Мына Берді­бек Соқпақбаев деген жазушы менің өмірімді қайдан біледі. Түгін қалдырмай жазып қойыпты. Жаңыл­дың атын Жанар деп өзгертіпті, «Қара Тұрсын» дегенді «Қара Қожа» деп өзгертіпті. Тіпті, «Менің бастан кешкен­дерім» деген атын «Өзім туралы повесть» деп алыпты. Енді мен не жазамын, қа­лай жазушы боламын? – деп жатып ашу­лан­ғаным сізді көріп есіме түсіп отыр, – дедім.
Қиқылдап күліп алды да:
– Е, онда өкпеңнің тарқамайтын жөні бар екен. Тіпті, Жанарды да қалдырмаппын, ә. Обал болған екен, қиянат жасаған екем. Содан өлең жазып кеттім дейсің бе? Е, мен де өлеңнен бастағам. Апыр-ай, ә! Өкпеңді бір жазып беретін жөнім бар екен. Есте бол­сын. Екеуміз тым ерте кездескен еке­нбіз. Мен ұмыта беремін, көргенде амандасып, есіме салып  тұр, – деді.
Түн ортасына жақын Желтоқсан мен Төле бидің қиылысындағы үйіне Несіпбек екеуміз шығарып салдық. (Айтпақшы, ес­теліктің бірінде: Бұл үйде бұрын Әнуәр Әлімжанов тұрды деп жаңсақ айтылыпты. Ол үйде бұрын Әлжекең – Әлжаппар Әбішев тұрған. Елуінші жылдардың соңында Әлжекеңнен «кек қайтарғысы келген»  тентектер терезе алдындағы ағаштың басына шығып, мылтықпен көздеп тұрып атқан. Оқ басынан жанап өтіп, қабырғаға тиген. Бер­дібек ағамыз: қонақ бөлменің төргі қабыр­ғасындағы оқтың ізін кілеммен жауып қойғанын, ол іздің  кейінгі жылдарға дейін­ сақталғанын   Бекеңнің өзі Әлжекеңе айтып беріп, орынын көрсеткен). Содан көрген сайын Бекең маған: – Өкпеңді бір жазамын, – деп қоятын. Ол кісінің мені өзгемен шатастырмауына сол «Қара Қожа» себепкер болса керек.
Тоқсаныншы жылдың аяғын ала «Жұл­дыз­дың» проза бөліміне сағат онның мөл­шерінде келе қалды. Шашын тарай бас­та­ғанда:
– Беке! «Өлгендер қайтып келмейдінің» қысқарған тарауларын толықтырып беріңіз. Басамыз, – дедім. Көзін тіке қадап:
– Шынымен басасың ба? Онда іздес­тіріп көрейін. Әй, осы сенің өкпеңді қайтару­дың орайын таптым. Менің алпыс бес-алпыс алтыншы жылы жазылып бітіп, тура осы «Жұлдызға» ұсынғанымда үрейленіп кетіп, жабылып жүріп жаптырып тастаған шағын повесім бар. Батыр болсаң соны бас. Әй, баспайсың ғой, – деді.
– Басамыз! Дәл қазір әкеліңіз. Әйтпесе сіз тағы да таптырмай кетерсіз, – дедім.
– Сен мені үнемі іздеп жүрген адам сияқты сөйледің ғой. Әй, жарайды, айтып қалдым ғой. Қазір әкеп берейін, – деді.
Сол екі ортада бас редактор Мұхтар Мағауинге кіріп, түсіндіріп, келісіп қойдым. –Нендей қиқымет болса да басамыз, – деді бастығым. Жарты сағаттың ішінде Бекең қайтып оралды. Шығарманың көлемі шағын екен. Бірден оқуға кірістім. Қызығып та, сүйініп те тез оқып шықтым. Социализмді, атом сынағын, ғарыштың тауқыметін, экономиканы құртқан «жасасынның» кесірін ертегі формасында білдірмей тілген екен.
Хикаят Бердібек Соқпақбаевтың барлық шығармасы сияқты өте қарапайым әрі бол­машы нәрседен басталады.  «Менің атым – Қожадағы» кейіпкердің өзін-өзі таныстыруын еске салады. Тіпті, мұндағы кейіпкердің аты – Бердібек, яғни жазушының өзі. Балконда  ұйқыға кеткен кейіпкердің тура кіндік тұсына  бір нәрсе «топ етіп құлап түседі.   Селк етіп шошып оянады. Қараса,  әлгі зат мысық та, ештеңе де емес, титімдей қуыршақ… жанды қуыршақ болып шы­ғады… Бір кезде ол бетіндегі скафандрды ашып, қақпағы томпақ әйнекті екі қолымен жоғары қарай сырғытып жібереді. …Иә, иә қуыршақ емес,  кәдімгі өзіміз тәрізді жаны бар адам. Бойының ұзындығы шамамен, бір сүйемнен аспайды».
Жазушы қуыршақтың іс-әрекетін ғана емес, оның сыртқы түр-тұлғасын да шегіне жеткізе суреттейді. Адамдардың іс-әре­кет­тері мен мінез-құлықтарындағы қитұр­қы­ларды қуыршақ кейіпкеріне түсіндіреді.
Кейіпкердің аты – Елдесер. Ол өзінің қандай тапсырмамен келгенін, жазу­шы­мыз­дың үйіне қалай тап болғанын бастан-аяқ баяндап береді. Кезегінде Ергежейлі де өз елін таныстырады. Айтуынша дамып-ақ кеткен екен. Бізше айтқанда, капи­тализмнің дамыған шыңы – «швейцариялық со­циализм» көрінеді.
Жазушы енді Елдесерді портфеліне са­лып алып, онымен «социализмнің кеңестік үлгісін» таныстырады. Көшедегі көріністер арқылы  ана тілі,  салт-дәстүр, бұзылған мен­талитет, ұлттың бұлдыр болашағы көр­кем штрихтармен тұспалданады. Тәуелсіз  азат ел болсақ қайтеді деп  те армандап қояды.
Енді ергежейлілер еліне саяхатқа аттанады. Онда да ең алдымен қаламгерлер ғимаратымен танысады.
«Өзім жазушы болғандықтан бұндағы жазушылардың өміріне баса назар аударуым заңды шығар. Сол тарапынан азырақ әңгімелеп берейін. Ергежейлі елінде бүкіл жазушыны бір орталыққа бағындыратын ұйым жоқ. Әр түрлі бағытта, әр түрлі сыпатта көптеген газет-журналдар шығып тұрады. Ақын-жазушылар, міне, солардың төңіре­гіне топталады. Кім не жазам десе, еркі. Қаламақы сол кітапты сатудан түскен пай­даның мөлшеріне қарай төленеді. Қандай кітап болмасын әуелі аз ғана тиражбен шы­ғарылады. Жұрт ұнатып, талап алып жатса, үстін-үстін шығарыла береді. Жұрт алмаса, еселеп басылмайды».
Дәл қазір басымнан кешіп отырған бұл көрініс ол кезде бәрімізге таңсық әрі жат еді. Енді сол елдің мемлекеттік саяси жүйесімен танысады. Кілтипан осы арадан басталады. Өйткені…
«Партия бұл елде жоқ. Басқару қыз­метіндегі адамдардың барлығы тек сайланып қойылады», – екен.
Шығарманы оқып отырған мен: «Ас­тафир-алла!» – деп дауыстап жібердім.
Бұдан кейін автордың атом бомбасына деген ішкі қарсылығы, кеңестік саясат­тың зардабы, эксперименттің кесірінен қырылған адамдардың жан күйзелісі, қураған дала мен тартылған өзендер, сиқы кеткен қала суреттеледі. Бұл күйзеліс шығармада:
«Президенттің жүзі бір қуарып, бір сұр­ла­нады… Президенттің не айтып жатқанын білуге мен де ынтызар болдым. Сөйтсем, Блефуску елінен хабар келген екен. Онда елді бақытсыздыққа ұшырат­қан апаттың неден болғаны жазылған. Соңғы уақытта Блефуску империясының басшылары астана тұрған жердің астынан атом бомбасын жасайтын зор құрылыс – завод салған көрінеді. Сол заводта, әйтеуір, бір себеппен жарылу болған. Үш миллион халқы бар үлкен қаладан ешқандай тамтық қалма­ған», – деп баяндалады.
Сонымен, кейіпкер еліне қайтып оралады. Жалпы, шығарманың желісі фантас­тикалық сипатқа құрылғанымен, жазушы өз елінің сол кезде басынан өткеріп жатқан  жағдайын салыстыра түйсінуге мүмкіндік бере отырып аяқталады. Алпыс-алпыс алтыншы жылдары мұндай батыл пікір айту орыс жазушыларының өзінің де қолынан келмеген тәуекел.
Дереу үйіне телефон шалып, қысқа ал­ғысөз жазып беруін,  әйтпесе менің өзім алғысөз жазатынымды айттым: – Өй, шынымен оқып тастадың ба, шынымен ұнады ма? Ендеше, жұрт саған сенбес. Өзім жазайын. Дәл қазір ме. Жарайды, – деп тез келісті. Тағы да жарты сағат өткенде шағын алғысөзді әкелді. Онда:
«Мен бұл повесті бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім. Шағын үзіндісі «Қазақс­тан пионері» газетінде (1966, № 24) жарияланды. «Жұлдыз» журналына бердім, баспады. Сол кездегі Бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «Баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттан­дыр­майды. Қайдағы бір ерге­жейлі елін біздің социалистік елден артық көрсетесіз. Осы жарай ма?», – деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жату­дан пайда жоғын білемін, билік кімде болса, соның сөзі дұрыс.
Міне, ана заман өзгерді, шығар­мам­ды бір сөзін өзгертпестен «Жұлдызға» қайта беріп отырмын. Заман да, журналдың аппараты да өзгерген кез. Нағыз үлкен өзге­ріс, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім кәміл»,  –  деп жазыпты.
Көзінше шығарманың шекесіне қолымды қойдым да, бас редакторға кіріп, оқыт­пай қолын қойдырып, бірден теруге жіберт­тім. Мұның бәрін сырттан көріп тұрған Бекең үнсіз басын шайқады да, баспал­дақ­тан төмен түсе берді.
Сонымен, «Жұлдыз» журналының 1991 жылғы №4 санында – сәуір айында повесть жарияланды. «Қазақ әдебиетінің» сын бөліміне арнайы шағын мақала дайындармын деп жүргенімде қызмет ауыстырдым. Қазақ прозасында кезінде идеологиялық қысымнан жарияланбаған шығармалар аз. Оның үстіне Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы. Үнсіз қал­мас деп те үміттендім. Сондай бір лебізді Бекеңнің де күтіп жүр­гені анық еді:
– Біреу-міреу оқып па екен. Тыныштық қой, – деп қалғаны бар бірде.
Сол тыныштық, міне, тура жиырма бес жылға созылыпты. Араға тура бір жыл салып Бекеңнің өзі де бұ дүниемен қош айтысты. Сабыры тозған дедексіз жүй­кеге бұл да жүк. Кім білсін, ол да бір тал  тамырын шүй­келеген шығар. Қалай дегенмен де, енді Бердібек те қайтып келмейді.
Оның соңғы  шығармасы туралы ешкім­нің білмейтініне, екі томдық жинақтарына енбегеніне, сыншылардың, әдебиет тарихшыларының назарына ілінбегеніне, қайталап айтамын, таң қаламын. Таң қала жүріп, шәкіртім Диана Ермағановаға ғылыми  тақырып ретінде ұсынып, реферат жаздырдым.  Енді осы пікірімді Бердібектің төл газеті «Қазақ әдебиетіне» ұсына отырып, оның жариялану тарихына байланысты  жоғарыдағы жайды оқырмандар назарына іліндіре кеткім келеді. Үмітім, осы «ертегі» жазушы­­ның қызы Самал Соқпақ­бае­ва­ның көзіне түсіп, орысша аударылса екен деп тілеймін.
Демек, Бердібек Соқпақбаев – «жазуды қойып кеткен жазушы» емес, айтарын айтып өлген жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір