Жамбыл филармониясы «Өнер ONLINE» жобасын жалғастыруда
12.04.2020
915
0

Еліміздегі карантин режимі көптеген мәдени мекемелердің жұмысын тоқтатты, алайда, халықтың өнерден қол үзіп қалмауы үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Өнер ONLINE» жобасы аясында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы өзінің тыңдармандары үшін онлайн концерттер қоюда.

Әлеуметтік желідегі ұйымның ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Игорь Благодарныйдың, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ержан Алимбетовтың «Күй сөйлесін» концерті, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің солисі Береке Енкебаеваның және Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капеласының артистері Жігер Сатханов пен Жаннат Рақметованың концерттері өтіп, «online» тамашалаған көрерменнің жүрекжарды лебіздері мен жағымды пікірлеріне, қолдау-қошеметіне бөленді.

Алдағы күндері, атап айтқанда, 17 — сәуір күні халықаралық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжанның, 19-сәуір Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Игорь Благодарныйдың, 21-сәуір Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капеласының артистері Хамит Отарбаев пен Әсем Әубәкірованың, 22-сәуір халықаралық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Мақпал Тоқтағанованың концертін қою жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, көптеген көркем шығармаларымен Қазақ өнеріне орасан үлес қосқан бірегей тұлға КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің 95 жылдығына орай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бастамасымен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының солистері Нұрағаның әндерін орындаудан өнердегі әріптестеріне эстефета жолдады.

Ал, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Ұлы тұлғаның «Ата толғауы» шығармасын, сонымен қатар,  Қазақстан Республикасының академиялық симфониялық оркестрінің артистері Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, Ұлы тұлғаның халыққа кеңінен танымал «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын үй жағдайында «online» орындап, тыңдармандарына әлеуметтік желі арқылы ұсынды.

«Филармонияның ресми әлеуметтік желілері арқылы ұсынылған «online» концерттер мен эстафета-челлендждер қаралымының көптігі және қалдырған жағымды пікірлері бойынша халықтың көңілінен шыққанын аңғартады. Қазіргі үй жағдайында каратинте отырған отандастарымыз үшін барынша қарқынды жұмыс жасаудамыз. Негізгі мақсатымыз — халықтың рухани өресін, өнерге ықыласын өшірмей, қиын уақытты бірге еңсеріп, көңілдеріне демеу болу», — дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының баспасөз хатшысы Манар Алиева.   

Алдағы күндері Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі мен Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының ұжымы өз тыңдармандарына тың дүние тарту етпек.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір