БІЗ ҚАШАН «1986» ДЕГЕН РОМАН ЖАЗАМЫЗ?
10.04.2020
1424
5

Карантиннің алғашқы үш күнінде көптен бері сөремде «мызғып» жатқан Нобель сыйлығының иегері, қытайдың танымал жазушысы Мо Янның «Усарымсақ жыры» атты романын оқып бітірдім. Бес жүз беттен тұратын бұл роман күні бүгінге дейін жақсы оқылатын шығармалардың қатарында. «Роман деген – алып кит. Терең теңіздерде жападан-жалғыз шайқап жүреді; дүрілдетіп, зіл-батпан күшпен тыныс алады. Толқын-толқын суларды үйірілтіп, қанды көбік ойнатып балалайды. Тобымен жүзетін акулалармен белгілі бір аралық сақтап жүйткиді», – деп ұлы әңгімеге ерекше баға берген Мо Янның бұл туындысы Гау Яң, Гау Ма, Жинжүй сияқты кейіпкерлер арқылы адамгершілікті ту етіп, Қытайдың әйгілі бір ауданындағы қарапайым адамдардың өмірін, үмітін, сенімін нанымды түрде  суреттейді. 

Шығарманың басты оқиғасы – аудандық әкімдіктің үндеуімен усарымсақ еккен диқандардың сатылмай қалған өнімдерін шірітіп алып, аудандық әкімдікке басып кіруі, ашынған халықтың аудан басшысынан есеп алуға үн қосуы, соның салдарынан «Усарымсақ оқиғасы» туып, айналаны дүрліктіруі. Мо Янның айтуынша, бұл оқиға өмірде шынайы болған екен. Романның соңғы сөзінде ол: «Он тоғыз жылдың алдында, реал өмірде мынадай бір сұмдық болды. Мыңдаған дихандар өз мүдделерінің қыспаққа ұшырағандығы үшін өз беттерімен топтасып, аудан әкімдігіне басып кіріп, кеңсе құрылғыларын шағып, өртеді. Сөйтіп, бүкіл елді дүрліктірген «Усарымсақ оқиғасы» орын алды. Мен қатты толқыдым, оқиғадан тыс қала алмадым. Ақыры «Әулет» атты желілес туындымды жазуды доғара тұрып, 35 күн еңбектеніп, осы романды жазып шықтым», – дейді.  

Романда бас кейіпкерлердің қиын тағдыры арқылы махаббат, ғадауат, ізгілік пен жауыздық, үміт пен үрей параллельді түрде суреттеліп, шебер баяндалады. Жемқор басшының езгісіне қарсы күрескен ауыл дихандарының өз күштеріне сенімі еш сейілмейді.

«Усарымсақ жыры» романы

«Усарымсақ жыры» – бұл икемсіз және бейтарап үкіметтің халық алдындағы жауапсыздығын әшкерелеген шығарма. Сонымен қатар ер мен әйел, әке мен бала, достар арасындағы сүйіспеншіліктің жыры.

Мо Янның кейіпкерлері кездескен сан түрлі тосқауылдарға қарамастан, сүйіспеншілікті сақтауға күреседі, ұмтылыс жасайды.    

Басты кейіпкерлер – соқыр қызы және жаңа туған баласы бар Гао Яң және махаббат торына шырмалған Гао Ма, Жинжүй мен оның қайшылыққа толы отбасы.  Әрине, басты тақырып – үкіметтің қабілетсіздігі мен сыбайлас жемқорлық және оның халыққа тұрмысына тигізген зардаптары туралы. Егер осы романды бір ауыз сөзге жинақтауға тура келсе, «Маңдай тер», «Көз жасы» және «Қан» дер едік. Романдағы оқиғаның тұтас құрылымы осыған саяды. Еңбекшіл дихандардың табан ет, маңдай тері көз жасына ұласып, шығарма соңы «қанмен» аяқталады. Кейіпкер Гао Яң қаншама азап көрсе де, «Мен жылап жатқан жоқпын…»  – деп өзін-өзі сендіреді.

Мо Янның шеберлігі сонда, әр оқиғаны кішкентай бөлшектерге бөліп айтып береді, оқырманды аяғына дейін ұстайды.   Кір-қожалақ саясаттың иісі мүңкіп, ашу мен ащы айқайдың артында кіршіксіз махаббат және отбасылық бақытты өмір күтіп тұрғанын айтқысы келген бұл роман бізге кішкентай адамдар өміріне, жоспарлы некеге, махаббатқа, егіншілікке қатысты ақпараттарды да бере алады.   Мо Ян – қоғамның ешкім назар сала бермейтін қалтарысындағы оқиғаларды, жағымсыз және жиіркенішті көріністерді сөзбен бейнелеуге аса шебер қаламгер.

  Некесіз жүкті болған кейіпкер Жинжүй басына ауыр күн түскенде іштегі нәрестесімен «тілдеседі».

Ана, сыртқа шығайыншы, мен дөп-дөңгелек от шарды көрдім.

 Балам, ол күн ғой.

 Онда мен сол күнді көремін.

 Балам, оған қарауға болмайды, ол жанып тұрған от, анаңның еті мен терісін күйдіріп жібереді.

Жазушы міне, осылай өмірге келмеген адам мен өмір сүріп жүргенмен, қиындық кешкен тағдырлы адамның арасына диалог тастайды. Өткеннің және бүгінгі күннің зұлымдығына қарсы әділет үшін күрестің айқын көріністері осы шығармада кеңінен  айтылады.

Роман ең соңында «Усарымсақ оқиғасына» қатысқан кейіпкердің еңбекпен өзгерту лагерінен қашып бара жатқан жолда жонынан оқ тиіп, жантәсілім болғанымен аяқталады. Бір адамның тағдыры – мың адамның өмірімен бірдей екенін айтқысы келген автор: «Бұл шығармада жазғаным өзіме таныс кейіпкерлер, өзіме таныс орта. Романдағы төрешіл ауыл бастығының көлігі басып өлтірген төртінші ағайдың прототипі – менің төртінші ағайым еді. Бәлкім, кейіпкерлер мен орта өзіме таныс болғандықтан, бұл туынды деректі әдебиет арнасына қосылудан аулақ болды. Бұл – бір хикаят. Ондағы оқиғалар тек шығармадағы кейіпкерлерді матастырған көген ғана. Жылдар жылжып өтті, «Усарымсақ оқиғасы» ұмыт бола бастады. Бірақ ондағы кейіпкерлер өмірден әлі де көшіп кеткені жоқ», – дейді.

Осы сүйекті шығарманы оқып болған соң, алуан түрлі ойға қалдым. Мо Ян тек аядай ауданда ғана болған қарапайым оқиғаны арқау етіп, осындай керемет туынды жазып, қытай халқының ауыр тағдыр мен қиын-қыстау кездерді бастан өткізгенін әр елдің оқырманына жеткізе алды. Басты назар аударатынымыз, романды небәрі отыз бес күнде жазып шығуы. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» біз үшін – тас тарих. Ал біз әлі күнге дейін осы Желтоқсан оқиғасы туралы жібі түзу көлемді роман жаза алмай келеміз. Тек Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы», Нұржан Қуантайдың «Қара өзек» романдарынан басқа осы оқиғаны кеңінен суреттеген, шынайы деректер арқылы сөйлететін көркем шығарманы оқи алмадық.

Мо Янның шығармасындағы «Усарымсақ оқиғасына» қарағанда біздің елде болған «Желтоқсан оқиғасының» ауқымы кең, зардабы ауыр болды емес пе? Оның артында алып державаның кішкентай халықты езгіге салғаны, қорлыққа көндіргісі келгені, арманшыл елдің жастарының лаулаған үміті мен жігері тұр емес пе? Ал отыз жылдан астам уақыт бойы осындай оқиғаны арқау етіп, роман жаза алмай келе жатқанымызға не кедергі? Мо Ян өзі Қытай елінде тұрып жатса да, осы шығармасында Қытайдың саяси партиясының кейбір ұнамсыз тұстарын, атап айтқанда, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық саясатын аямай сынға алады. Реал оқиғаны реал түрде жазады. Ал біз ше? Менде қазір «Біз қашан «1986» деген роман жазамыз?» деген сұрақ бар. Жауабын кім берерін Құдай білсін!

  Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі

 

 

ПІКІРЛЕР5
Аноним 10.04.2020 | 15:02

Бекежан Тілегеновтың «Сексен алтыншы жыл», Тұрысбек Сәукетаевтың «Бұлағай» атты тамаша романдар бар

Аноним 10.04.2020 | 19:03

«реал» деген сөзді өгейсінбедім. Дұрыс.

Аноним 11.04.2020 | 17:31

Советтік қазақтарды 1986 жылдың желтоқсанына дейінгі қазақ жəне сол көтерілістен кейінгі қазақ деп екігеб бөлуге болады.

Аноним 14.04.2020 | 14:34

Өте орынды ұсыныс. У сарымсақ хикаясынан да хабарым бар. Фильм де бар сияқты. Ал, Желтоқсан ғаламдық ауқымды тақырып. Менің Жалын баспасынан шыққан»Жаралы Желтоксан» 1995жыл. Жыр жинағым қазақ поэзиядағы осы тақырыпты қамтыған алғашқы кітап екен. Кейін «Желтоқсан жыры», «Желтоқсан сүргінді (деректі) , «Батыр Қайраттың балалық шағы» кітаптарын шығардым. Оның бәрі үлкен роман емес. Сәттілік тілеймін!

Аноним 14.04.2020 | 14:35

Мен Аманғазы Кәріпжан әулеті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір