Такаши ХАЯСАКА: ӘДЕБИЕТТЕ ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ
09.04.2020
1395
0

Такаши Хаясака – 1973 жылы 2 қыркүйекте Жапониядағы Тойота шаһарының Аити бөлігінде туған жапон жазушысы. Оның 30-ға жуық кітабы жарық көрген. Қаламгер ана тілінен бөлек ағылшын, румын тілдерін меңгерген. Т.Хаясака 2001 жылы Румынияға барып, кәріз құдықтарында тұратын балалардан сауалнама жинап, зерттеу жүргізген. Олар жайлы жазған мақаласы «Weekly Friday Reportage Award for Excellence» жүлдесіне лайық деп танылған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бейсболшылар туралы кітабы үшін «Mizuno Sports Writer Award» және «Samurai Japan Baseball Literature Award» деген екі әдеби сыйлық алған.

ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҚАТТЫ ҰҚСАЙТЫНЫНА ТАҢҒАЛДЫМ

– Такаши Хаясака мырза, былтыр Қа­зақ­стан астанасында өткен «Азия қалам­герлерінің форумы» көңіліңізден шықты ма?

– Азия қаламгерлерінің форумы ірі көлемде ұйымдастырылған мән-маңызы зор шара болды. Көптеген ақын-жазушымен танысып, пікір алмастық. Рухани қазына жинап, шабыттандық. Моральдық құндылықтарға кенелуге мүмкіндік берген қазақ халқына алғыс айтамын. Негізі, Азиядағы әр халықтың мәдениеті мен өркениеті әртүрлі. Бірақ барлық қаламгердің жақсы кітап жазсам деген ортақ мұраты бар. Әдебиетте шекара болмайтыны да рас. Сол себепті әдеби-мәдени байланыстар нығая береді деп ойлаймын.

– Елімізде қандай әсерге бөлендіңіз?

– Қазақстанға алғаш рет барған едім. Қазақтар мен жапондардың сырт келбеті қатты ұқсайтынына таңғалдым. Бәлкім, мыңдаған жыл бұрын біз бір атадан тараған шығармыз. Жалпы, жапондардың көбі қазақ тарихы мен мәдениетіне қызығады.

– Қазақ сөз зергерлерінің кітаптарын оқыдыңыз ба?

– Жапониядағы кітап дүкендерінде әлемнің көптеген елінен әкелінген кітап­тар сатылғанмен, өкінішке қарай, қазақ әдебиеті үлгілері жоқтың қасы. Азия қаламгерлері форумында қазақ поэзиясы өте жоғары деңгейде екенін естіп-білдім. Алдағы уақытта қазақ әдебиеті Жапонияда оқылады деп үміттенемін.

– Неше тіл білесіз?

– Жапон, ағылшын және румын тілдерін меңгергенмін. Шығыс Еуро­падағы Румынияда екі жыл тұрып, сонда румынша үйренген едім.

Такаши мен Алпамыс

ӨМІРІ КӘРІЗ ҚҰДЫҚТАРЫНДА ӨТІП ЖАТҚАН БҮЛДІРШІНДЕР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗДІМ

– Өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.

– 1973 жылы 2 қыркүйекте Жапония­дағы Тойота шаһарының Аити бөлігінде тудым. Машина жасайтын әйгілі «Toyota Motor Corporation» компаниясы біздің қаламызда орналасқан. Менің әкем де осы өндіріс орнында инженер болып жұмыс істеген еді. Өзім Токиодағы Тейкио университетінде психология саласына мамандандым. Жоғары білім алған соң, журналистика арнайы мектебінде оқыдым. Содан кейін бірнеше жыл баспада қызмет еттім де, бұл жұмысты қойған соң, нон-фикшн жанрында қаламақыға жазатын жазушыға айналдым. 2001 жылы Румынияға барып, кәріз құдықтарында тұратын балалардан сауалнама жинап, зерттеу жүргіздім. Ол кезде аталған өлкеде өмірі кәріз құдықтарында өтіп жатқан бүлдіршіндер көп еді. Олар жайлы жазған мақалам «Weekly Friday Reportage Award for Excellence» жүлдесіне лайық деп танылды. Бұдан бөлек менің шығармашылығым Таяу Шығыс, атап айтқанда, Палестина, Ирак елдеріндегі жағдайларды да қамтиды. Арада екі жыл өткен соң, мен Жапонияға қайтып келдім де, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы қалам тербей бастадым. Жапон милитаризмі (жаппай қарулануға, соғысқа әзірленуге, ішкі және сыртқы мәселелерді қарулы күшпен шешуге бағытталған саясат) және Хиросима мен Нагасаки қалаларының бомбалануы жөнінде зерттеуге кірістім. Жапон әскерінің ардагерлері мен атом бомбасы жарылғанда, зардап шеккендердің әңгімесін тыңдап, біраз дерек жинадым. Кейін олар менің шығармаларымның кейіпкерлеріне айналды. Соғыс кезіндегі бейсболшылар жайында да кітап жаздым. Бұл еңбегім үшін «Mizuno Sports Writer Award» және «Samurai Japan Baseball Literature Award» деген екі әдеби сыйлық алдым. Сонымен қатар жапон ұлттық телеарнасы аталған туындымның желісімен телебағдарлама түсірді. Жалпы, соңғы жылдары Жапонияда Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеп-зерделеуге деген қызығушылық байқалады. Біздің тарихымыздың бір бөлігі болғандықтан, бұл кезеңді есте сақтау, ұмытпау маңызды. Сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінде айтылған әзіл әңгімелерді жинақтап, бірнеше том қылып басып шығардым. Бұл көптомдықтың миллион данадан астамы Жапониядан бөлек, Корея, Қытай және Тайваньда сатылды. Жалпы, 30 шақты кітабым жарық көрді. Қазір порт-шаһар Иокогамаға жуық жерде, теңіз жағасындағы шағын қалада тұрамын.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?

– Юкио Мисиманы сыйлаймын. Өйткені ол көркем жазады және жапон халқының жан дүниесіндегі әсемдікті жеткізе біледі. Харуки Муракамиді күллі әлем танып, кітаптары дүниежүзіне кең таралғанмен, маған оның шығар­ма­шылығы ұнамайды. Меніңше, Х.Мура­ками ұғымы – тым абстрактылы.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМЫ ҮШІН ЕҢ МАҢЫЗДЫ ДҮНИЕ – ЖҮРЕК ТЫНЫШТЫҒЫ

 – Күн тәртібіңізді айтып берсеңіз.

– Жазуға күн сайын уақыт арнаймын. Бірақ қатып қалған күн тәртібім жоқ. Шығармашылық адамы үшін жүрек тыныштығы болуы өте маңызды. Ал жапон халқы жан дүние сұлулығын табиғаттан табуға тырысады. Сонымен қатар менің екі балам бар. Отбасыма да көңіл бөлемін. Жапондардың өте еңбекқор екенін өзіңіз де білетін шығарсыз. Әр күнім тынымсыз еңбекпен өтеді.

– Еліңізде кітап оқыла ма? Қай бағыт­тағы шығармаларға сұраныс жоғары?

– Жапонияда жастар қазір баспадан шыққан кітаптардан гөрі смартфондарына жүктеген электронды кітаптарды оқуға құмар. Кейінгі буын манганы (жапон комиксі) және көне шедеврлерге жасалған анимелерді (жапондық анимация) жөн көреді. Ал шығармашылық қабілеті бар балалар өскенде, романист немесе журналист болуды емес, манга және аниме жазуды қалайды.

– Газетіміздің оқырмандарына ақ тілегіңізді білдірсеңіз.

– Жапондардың көбі Қазақстанды тарихы терең мемлекет ретінде білетіні болмаса, егжей-тегжейлі хабардар емес. Қазастан мен Жапония арасында әдебиет арқылы көпір орнатуыңызды өтінемін. Биыл Токиода жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Көптеген қазақ елімізге келгенін қалаймын. Сіздерді Токиода күтемін!

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір