«ЖАҚСЫ ҮМІТТІҢ СӘУЛЕСІ…»
05.04.2020
1618
0

Сәуле ДОСЖАН,  жазушы

Кез келген ақын-жазушы үшін аса қастерлі ұғымдардың бірі – ұрпақтар сабақтастығы. Алдыңғы буынның шығармашылық шеберханасы кейінгі толқынның рухани кемелденуіне серпін береді. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жазушы Сәуле Досжан прозадағы ұстазы – қабырғалы қаламгер Мұхтар Мағауин жөнінде шәкірттік ақжарма лебізін былайша жеткізеді…

Алпысыншы жылдардың ортасында Әуезов, Айтматовтардай ұлылардың ойсы­рап қалған орнын толтыру үшін про­заға ерекше бір толқын келді. Олар бүгінде классик атанып үлгерген Ілияс Есенберлин бастаған Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжан, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, тағы басқалар еді. Мен бұл кісілердің кітаптарын бала кезімнен бастап, күні бүгінге дейін сүйсіне оқып келемін.

Араға уақыт салып, кітапты қайта­лап оқығанды жаным жақсы көреді. «Талғам-таразының» сұрауы бойынша, басқаларынан бөліп-жарып бір қабыр­ғалы талант иесін атағым келеді, ол – өзім ерекше пір тұтатын, прозадағы ұстазым Мұхтар Мағауин.

Мұқаң – ұлттың классик жазушысы ғана емес, қазақ әдебиетінің тарихын үш ғасырға жылжытып, «жарылыс жасаған» ғалым-әдебиетші. Менің Мағауин шы­ғар­маларына деген ықыласым «Әуелгі әңгімелерінен» бастап, «Тазының өлімі», «Бір атаның балалары», «Қарақыз» хи­каяты, «Көк мұнар» романына жалғасып кете барады. «Шақан шері» мен әйгілі «Аласапыранның» жан-дүниеме әсері ерекше болды. «Жармақты» да оқыдым.

«Кейін ересек тартқан, бірақ әлі де бала кезімде Жаратушыға жалбарынған едім: иә, Тәңірім, мені жазушы қыла гөр, осы көргенімнің бәрін сол қалпында қағазға түсірейін», – деген Мұхтар ағаның арманы – менің де өмірлік мақсатым болды.

Мектеп қабырғасында мақала жазып, өлең шығарып жүргеніммен, бар арманым жазушы болу еді. Мұхтар ағаның өз шығармаларын қаламұшты қара сиялы дәуітке малып жазатынына дейін үлгі тұттым. Әлі күнге дейін шығармамды алдымен қара сиялы қаламсаппен бастай­мын, ырымым сондай. Содан кейін ба­рып компьютермен жалғастырамын. Тек дәл Мұхтар ағаныкіндей жұмыс үсте­лімнің алдына қоятын аю мүсінін таппай жүрмін. Неше түрлі аю мүсіні кездеседі ғой, бірақ дәл сол кісінің жазу үстелінде қонжиып отырған аю әлі кез­деспей жүр. Бұл енді жазушыға деген оқыр­ман ықы­ласының көрінісі болса керек.

Мұхтар аға өзіне деген оқырман махаббатын жақсы білетін болар. «Қазақ әдебиеті» газеті ұлы жазушының 80 жылдық мерейтойына: «Мағауинді оқымай, ұлт руханияты майданында биікке шығандап, көкке самғаймын деу әбестік болар еді. Мағауин – қазақтың рухани тарихында аттап өтуге, қайыра соқпауға болмайтын суреткердің бірі, һәм бірегейі», – деп, қолына қалам ұстаған Мұқаңның іні-қарындастарына бағыт-жөн сілтепті. Бұндай насихаттың да кейінгілердің Мұқаңды оқи түсуіне үлкен ықпалы болары анық.

Мұхтар ағаның өзі де ізін басып келе жатқан қаламгерлерге: «Ғылым мен өнер адамы үшін фәниден бақиға барар жол біреу-ақ – жұмыс істеу, басқаның бәрі алдамшы. Осыны жадыңа тұт», – дейді емес пе?! «Өзін әлденеге бағыштамаған, мақсатсыз адамдардың ішіп, жеп, қалай тыныш өмір сүре беретініне әдебиетші Едігенің миы жетпейді», – деп отырған Мұхтар Мағауин маған сол Едігенің өзі сияқты. «Осының бәрі не үшін, осы тырбаныс, осы бейнет еңбегінің ақырдағы нәтижесіне тати ма – ол жағы жас жігітке әзір қараңғы», – деген екен «Көк мұнарында». Біз, оқырмандар, қазақ халқы биыл Мұхтар Мағауин 80 деген ардақты жасқа келгенінде, оның бейнетінің ақырғы нәтижесін көріп, ұлтына ұланғайыр еңбек жасағанына ризашылықпен қарап, мақтанышпен ауызға алып отырмыз есім-сойын. Мұхтар аға ҚазМУ-да ұстаздық етті. Ортамыздағы қаламгерлерге дәріс оқыды, сабақ берді. Өзінің ерекше жаратылысымен үлгі болды. Ал менің бағыма ол кісінің шәкірт болу бақыты бұйырмапты. Кейіннен «Жазушы» баспасында бас редактор болып қызмет атқарғанында, қарамағында корректор болып жұмыс істедім. Шығармаларын оқып, пір тұтатын мен, ол кісінің өзін күнде көріп жүргеніме қуанатынмын.

Тағдырдың жазмышымен Дүкенбай Досжанмен бірге тұрғанда, Мұхтар аға мен жары Бақыт апаймен отбасылық араластығымыз да болды. Қасиетті Түркістан қаласына да бірге сапарлап, тәу етіп қайтқанымыз бар Дүкеңнің 50 жылдық мерейтойында.

2002 жылы Мұхтар аға 13 томдығын түгелдей сыйға тартып, 1-томына: «Дүкеш! Сәуле! Жазу болсын! Той болсын! Қызық болсын! Достық, туыстық көңілден!» – деп қолтаңба жазып берген. Сол 13 том еңбек бүгінде Нұр-Сұлтандағы Ұлттық Академиялық кітапханадағы Дүкенбай Досжанның мұражайында сақтаулы.

«Адамның жаны сірі, адам бәріне де шыдайды. Бұл ғажайып төзім, керемет шыдамға көрік беретін нәрсе – үміт сәулесі. Адам осы азапты күндердің аяқталатынына сенсін, жаңа, жарқын күндер туады деген үміттің алдамшы болса да, азғана болса да жақсы үміттің сәулесі санасында тұрсын. Сонда ол тозаққа да шыдайды», – дейді «Қарақыз» хикаятында. Сол айтқандай, мен де күндердің күнінде прозалық еңбектерімнің жарыққа шығатынына сендім. Талай мылтықсыз майдандардан прозамды қорғап, небір ақымақтардың табасына сабырымды қару етіп осы күнге жеттім. Мені сындырмаған үміт сәулесі – кітап деген қасиетті қаруым еді. Соны қайталап оқып, өзім де жүз қайтара жазып осы күнге жеттім.  Рақмет сізге, Мұхтар аға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір