Абай елінің Азаматы
01.04.2020
1725
0

Төбеден сөз пайғамбары – Абай төніп тұрған осынау қасиетті топырақта дүниеге келіп, киелі жердің сөз мәйегін сарқып ішкен жақсы Ұстаз туралы жүрекжарды ойды жеткізу біз үшін әрі қиын, әрі мәртебелі болмақ!

Әуелде әдебиеттің қағбасы атанған жерде кіндігі кесіліп қана қоймай, тағдыры тамыр жайған, Ұстаздықтың, Ғалымдықтың, Басшылықтың ерен үлгісін көрсете білген Арап Еспенбетовтің биігіне бүгінгі замандасы тамсанар, ағайыны шаттанар, соңынан ерген мың сан шәкірті марқаяр.

Қасиеті мен қасіреті бір басына жетерлік Семей топырағы талай дарынды туғызды, қаншама жүйрікті түлетті, бабы келіскені көмбені көрді, шаршаулысы шаң қапты. Семей, соның ішінде Абай елінде дүниеге келіп, көп пенденің бірі боп, жер басып ғұмыр кешу бар да, «Абай елінің азаматы» деген салмақты да, асқақ атты абыроймен алып жүру бар. Арап Еспенбетовтің бағына соңғысы бұйырды.

Халықты қан қақсатқан зұлмат соғыстың іргесі сөгіліп, жеңіс иісі шыққан тұста Қарауылдың етегінде дүниеге келген ұлға Сіләм ақсақал пайғамбардың атын берген-ді. Бала Араптың жастық шағын сол кездегі ер азаматы сиреген қазақ ауылының тірлігінен бөліп қарай алмаймыз. Соғыстан кейін туғандар енді ес жия бастаған ел ішінде балалықпен ерте қоштасып, тез есейді. Бүгінде қымызымен аты жер шарлап кеткен Саржал елді мекенінде соғыстан оралмаған ағалардың ізін басып, еңбекке араласты.

Алыстағы фашизмді жеңіп, мамыражай отырған ауыл іргесінде дүркін-дүркін жұмбақ саңырауқұлақтардың көтерілуі, артынша соққан аңызақ дауыл, ауыл үйді көшірген әскерилер… Ақиқаты қырық жылдан кейін ашылған бұл ядролық сынақ қасіреті саналы жастың жүрегіне сонау бала кезден-ақ сызат салған-ды.

Арап Еспенбетовтің әдебиетке құштарлығы мектеп қабырғасынан қалыптасқан еді. Әсілі, мектепте қай пән мұғалімінің бәсі биік болса, сол сабаққа оқушының ынтасы ауады. Алашқа белгілі азамат, ол кезде жас маман Бәтташ Сыдықұлының Саржалға келуімен ауылдың, дәлірек айтқанда мектептің әдеби тынысы ашылып сала берді. Түрлі әдеби үйірмелер, альманах, мектеп радиосы болашақ әдебиетшінің тынысын кеңейтті.

Арап Сіләмұлы 1961 жылы Семей педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақтың жарқын сәттері аса қадірлі есімдермен байланысты. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедханов, Жұмағали Шәкенов, Травников, Перелыгин сияқты шебер педагогтардың ұстаханасынан өтті. Он алты жасында студент атанған Еспенбетовтің бүгінгі күнге дейінгі өмірі, 1965-66 жылдардағы қиыр солтүстіктегі әскер қатарын қоспағанда, дәл осы әр жылдары атауы өзгерген Шәкәрім университетімен тікелей байланысты болды.

1967 жылдан басталған оқытушылық қызметі декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, ректорлық лауазымдарға сатылай көтеріліп, жоғары мектептің білгір басшысын қалыптастырды.

Осынау өмір баспалдақтарын жеке-жеке әңгіме қылуға тұрарлық… Дегенмен соның бір парасына ғана назар аударғым келеді. Қасында жүргенде ұстазы Қайым туралы көп әңгіме еститінбіз. Соның бірі 1970 жылы Крупская атындағы педагогикалық институттағы жалғыз қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын жабу туралы жоғарыдан пәрмен келгенде, Қайым ағамыз табандап жүріп кафедраны құтқарып қалған екен. Көп адам біле бермейтін осы оқиғаны Арекең естелігінде де жазды. Кейін өзі басшылық еткен тұста қазақ филологиясы факультетін жеке шаңырақ етіп, қазақ әдебиеті кафедрасының өзін «Қазақ әдебиетінің тарихы» және «Қазіргі қазақ әдебиеті» кафедрасы деп екі бөлек отау тігіп берген де сол кісі еді… Алматыдан маман әкеліп «Арап тілі» мамандығын ашты. Бұл сонау қызыл империя тұсындағы Қайымдар аңсарының бір өтеуі болатын.

Нарық заманында жекеменшік университеттің басшылығына келіп, 500 студенттен 5000 студентке жеткен Семейдегі ордалы оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Семей университетінің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірді.

Ұстаздығынан бірер сөз. Арап Сіләмұлының сабақ беру тәсілі де бөлекше болды. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері туралы Қазан, Петербор, Мәскеу, Алматы архивтеріндегі қол жете бермейтін құжаттар, фотосуреттер мен түрлі анықтамаларды дәріс кезінде кеңінен пайдаланып, тыңдаушысын ынтықтыра түсетін Еспенбетовтің емтиханынан «екі» алды деген адамды кездестірмейсіз. Әлі де солай шығар?! Емтихан басталғанда: «Үш» деген баға керектерің зачеткаларыңды әкеліңдер», – деп былай-ақ қойып беретін. Бірақ «беске» аса сараң еді. «Бала, сен түгіл осы тақырыпты «беске» мен де білмеуім мүмкін», – деп аса сақтықпен баратын. «Бес» қойғандарын кейін шәкірті етіп баулыды…

Қазақтың рухани орталығы Семейде білім алу, ұлттық ғылым мен білімнің қара шаңырағында ғалым ретінде қалыптасу, қазақ ғылымының жарық жұлдыздары Қайым Мұхаметханов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов сынды ғұламаларға шәкірт болу бақыты табиғатынан дарынды жастың мерейіне мерей, бағына бақ үстегені де шындық.

«Тақырыбын тапқан ғалым бақытты» демекші, қазақ поэзиясының көгіндегі тұлға Сұлтанмахмұт Торайғыров тақырыбы жас ғалымның қадамын бағдарлап берді. Ғылымның әліппесін ежіктетіп, тың тақырыпқа түрен салғызған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті атанды. Кеңестік кезеңде онсыз да селдіреп қалған қазақ әдебиетінің тарихында Сұлтанмахмұт туралы тың ойлардың сұранып тұрғанын қырағы ұстаз әріден сезіп, осы тақырыпты Еспенбетовке еншіледі. Бейсенбай Кенжебаев сынды ұстазының ақ батасымен берілген тақырып оның өмірлік тақырыбына айналды. Жиырма жеті жыл ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұтты зерттеу мен насихаттауға елу жылға жуық уақытын жұмсады.

Ал енді аудиториядағы ұстаздық пен ғылымдағы ұстаздық екі бөлек дүние екенін Арекеңе шәкірт боп ерген күннен бастап білдік.

Менің ұстазым сөз құдіреті тамыр жайған Шығыс өңірінде «Еспенбетовтің ғылыми мектебін» қалыптастырды. Мұндай бақ бұған дейін Семейде ешкімнің пешенесіне жазылған жоқ. 1999 жылы Айбар Қадыров екеуімізді ертіп Алматыға апарды. Кандидаттық диссертация қорғамақпыз. Арекеңнің ұстазы академик Зейнолла Қабдолов аман-сәлемнен соң диссертациялық кеңес мүшелеріне қарап былай деген еді: «Еу, қазақтар, менің Арабым докторлығын қорғап, профессор болып алғаннан кейін арқаны кеңге салып Семейдің сүр қазысынан кертіп жеп жатыр ма десем, жоқ, шалғайда жүріп шәкірт тәрбиелеп, кандидаттар дайындауға кірісіп кетіпті. Қуанамын, сүйсінемін», – деп еді. Міне, абыз-академиктің осы сөзі баталы болып Еспенбетов мектебінің қанаты қатайып жүре берді.

Ғалымның жетекшілігімен 2 докторлық, 40-тан аса кандидаттық және магистрлік диссертациялар, ал оның оппоненттігімен 50-ден аса докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Ғалым «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Уақыт бедері», «Ақындары Алаштың» монографияларының авторы атанып, С.Торайғыровтың екі томдық академиялық жинағын құрастырды.

Сондай-ақ оның редакторлығымен «Абайдың әдеби ортасы», «Ақындық әлем», «Әріп ақын», «Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын», «Т.Көбдіковтің әдеби мұрасы» сияқты қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелеріне тың пайым енгізген монографиялар жарық көрді. Арап Сіләмұлы басшылығымен «Шәкәрім мұрасы: жариялану тарихы және текстологиясы» атты ғылыми жоба аясында Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Дубровский» шығармаларының факсимилелік нұсқасы жарыққа шықты. Ақын шығармаларының факсимилелік нұсқасы шәкәрімтану бағыты бойынша жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашатыны анық.

Орыс әдебиетінде әуелден-ақ дұрыс жолға қойылған әдеби өлкетану (литературное краеведение) мәселесі ғалым Еспенбетовті толғандырған тақырып еді. Туған жердің тарихын, әдебиетін, ақыны мен жазушысын алдымен сол елден шыққан, сол жерде өскен ғалым зерттеу керек деген қағиданы ұстанған ұстаз осы түренге шәкірттерін салды. Кеңестік кезеңде Мұхтарды, Қайым ағамызды әуре-сарсаңға салған Абайдың ақын шәкірттері, әдеби ортасы сияқты жабық тақырыптармен қоса ғылыми айналымға түсе қоймаған Семей өңірінің ақын-жазушылары ақтаңдақ беттерден арыла бастады. Нәтижесінде кезінде «ескішіл ақындар» деп айыпталған Көкбай, Әріп, Әсет, Уәйіс сынды Абай шәкірттері жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдалып, Тайыр Жомартбайұлы, Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов, Нұрлыбек Баймұратов, Мақыш Қалтайұлы, Имашхан Байбатырұлы сынды тұлғалар монографиялық деңгейде зерттелді, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы әр қырынан қарастырылды. Бірақ оның басқалардан айырмашылығы – ғылыми ізденістерінде саясат жетегінде кетпеді, саяси ортаға бейімделмеді, сондықтан ғалымның зерттеулері уақытынан озып, бүгінгі ғылыми ойдың темірқазығына айналып отыр.

А.Еспенбетовтің ұстаздық, ғалымдық, қоғамдық қызметтері бір-бірімен ұштасып, үнемі лауазым сатыларымен жоғары өрлеп отырды. Атап айтсақ, 1987 жылы ғалым «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісімен, 2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. 2004 жылы «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері» атағы берілсе, 2010 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2010» мемлекеттік грантының иегері атанды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ғалымға 2011 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі табыс етілді. 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы иеленіп, 2015 жылы Абай ауданының, 2017 жылы Семей қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Ал 2019 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Ғылымда ұстаз болу ол жазған диссертацияны түзеп, күзеп, соған жетекшілік жасау деген мәселемен шектеледі дегендер қателеседі. Қаламсап ұстағанның дені базар жағалап, ала сөмке арқалап кеткен 90-жылдарда жастарды ғалымдық жолға бұрып, соңынан ерту, әр шәкіртін өз өресіне сай жеткен жеріне дейін өсіру, барлық ісінде қамқор болу ұстаз Еспенбетовтің міндеті болды. Петербор мен Қазан тұрмақ, Алматының архивіне баруға сол кездегі қалтаның жұқалығы қиын тиген біздерге архив те, кітапхана да, қолжазбалар қоры да Арекеңнің шаңырағы еді. Жасыратын несі бар, шанышқыны қалай ұстап, галстукті қай кәстөммен кию керектігіне дейін тәптіштеп тәрбиелеген Арап Сіләмұлы біздерге, шәкірттеріне, ғылыми жетекші дегеннен әлдеқайда жақын, ыстық, үлкен әріппен жазылар Ұстаз, рухани әкемізге айналды.

Ұстаздық, ғалымдық, басшылық сияқты үш қасиеттің қанатын қайырмай, бір басына қондырып, ерен еңбегінің арқасында бүгінгі биігіне жетті десек те, асыл азаматтың биік тұғырдан көрінуіне адал жар мен өрелі ұрпағының да рөлі зор. Еспенбетовтер әулеті – көпке үлгі болар ғалымдар шаңырағы. Сұңғақ бойлы, ақылы мен көркі астасқан Арекең жасында спорттың да шаңын біраз шығарған екен. Облыстық деңгейдегі баскетбол құрамасында, одан қалды ойлы спорт – шахмат ойындарында көзге түседі. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, әлемге аты әйгілі дәрігер-ғалым, талай адамның дертіне дауа тауып жүрген абзал жан – Майра Жақсиманқызымен Арап ағамыз осы шахмат жарысында танысқан екен. Қазіргі таңда өмір баспалдақтарын ғалымдықпен жарастыра білген өнегелі шаңырақтан өрген ұрпақ егеменді елде абыройлы қызмет етуде…

Биылғы жылы 175 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатқан қара өлеңнің киесі – Абайдың туған топырағында дүниеге келген Арап Еспенбетов жетпістің бесеуін тақымдап отыр. Абай Елінің Азаматы деген осынау бір абыройлы атаққа қылау түсірмей келе жатқан Ұстазыма асқаралы ақиық асулар тілеймін!

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология  ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір