Қазақ өнерінің Рахат-Биі
28.02.2020
1445
2

Рахат-Би Әбдісағиннің 13 жасында мектеп, 17 жасында үш жоғарғы оқу орнын  үш түрлі тілде бітіруін, 18 жасында композитор әрі пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, докторант атануын, 100-ден астам классикалық музыкалық туындыны жазып, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» құрмет белгісінің иегері, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық конкурс лауреаттары ассоциациясының мүшесі дәрежесінде танылуын, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» Ұлттық жобасының жеңімпазы атанып, шет мемлекеттерде қазақ баласының  бірнеше рет концерт беруін  көбі мүмкін емес құбылыс ретінде қабылдап, таңданыстарын жасырмайтынына талай рет куә болғанмын.

Бұл «мүмкін емес» құбылыстың сырын Рахат-Бидің Абай атындағы опера және балет театрындағы жеке шығармашылық кешінен кейін түсінгендей болдым.

Бұл оның елімізде өткен үшінші шығармашылық кеші  екен. Өткен жылы «Астана Опера» театрында Р.Әбдісағинның «Бег времени» атты симфониялық бір музыка кеші өтсе, Алматыдағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында да симфониялық музыка туындылары арқылы өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген. Ерекше дарын иесі Анна Ахматованың өткен ғасырда осы атпен берілген шығармалары елді бір дүрліктірсе, осы ғасырда дәл сол «Бег времени» атауымен елді бір сүйсінткен Рахат-Бидің бұл кеші ғаламтор желісінде аса бір үлкен сүйіспеншілікке толы алқауға ие болыпты.

Ал енді бұл ән бұрынғыдан өзгерек… Қазақтың біртуар тұлғасы Темірбек Жүргенов ағасының Ленинград қаласынан жүрегімен көшіріп әкеліп, Алматы қаласында өзі ұйытқы болып салдырған, талай саңлақтың табаны тиген қасиетті Абай атындағы опера және балет театрында кеш өткізуге Рахат-Бидің үлкен тебіреніспен дайындалғаны анық байқалды. Әр шығармасына эпиграф ретінде алынған сөздің өзі көрермен қауымға үлкен ой салды деп айта аламын. Эпиграф сөздер оқылған кезде, тыңдарман қауымның күбірлей қайталап, өзара пікір алмасып отырғанын байқадым… Әбден жауыр болған, жаттанды, жасанды, жоспарлы сөз олай қайталанбас еді. Ойлы, әсерлі сөз маржанын теру үшін де терең білім мен көп ізденістің қажеттігін өте жақсы білеміз.

Әр туындының ойналу шеберлігі, құрылысы, музыкалық сауаттылығы жөнінде әңгіме қозғайтындай маман емеспін. Тыңдап отырып,  қасымдағылардың «мурашки по коже» деп тамсанған лебіздерін естідім. Қазақтар «денем тітіркенді» дегенді жағымсыз пікірде айтады.  Біз денемізді шымырлатты немесе Абай атамыз  айтқандай, «құлақтан кіріп, бойды алды» деп суреттейік. Бір ысып, бір суып, әр шығарманы ерекше ықылыспен тыңдадық. Бұл да Рахат-Бидің шеберлігі еді.

Ерекше атағым келген «Өмірге құштарлық» туындысын да автор небір  қиын тағдырды басынан кешірсе де,  әр сәтте үстем мерейге ие болған қазақ тарихына арнаған екен. Бірақ мен оны басқаша қабылдадым.Маған ерекше әсер еткен «Өмірге құштарлықты» автор ойнаған кезде, мен музыканы тыңдап қана қоймай, оны көруге де болатынын алғаш білдім. Жас кезімдегі өзімді көрдім. Қызыққа тоймайтын, ұйқыға уақытын қыймайтын, күрестен жеңілмейтін, жеңілсе де – өзін жеңімпазға балайтын, елдің бәрін дос көретін, екпіні тауды құлатқан жиырма жасымды менің алдыма әкеліп, «сен осындай едің ғой» деп көзіме көрсеткенде, сол шақтарымды сағындым. Жиырма жасыңдағы жарқын болашағыңа  деген  ұлы сенімді, өмірге деген алапат құлшынысыңды, күндей жарқыраған таза көңіліңді, ештеңеден қорықпайтын жасын мінезіңді дәл суреттеп бере алған керемет туынды екен. Мүмкін қазақ халқын небір сұрапыл кезеңнен аман алып келе жатқан жиырма жасар адамның көңіліндей таза, аңғал, адал сенімі, қайсар мінезі  мен қайтпас қара күші шығар…

Мұнан басқа «Романтизм жаңғырығы», «Қазақ рапсодиясы» атты шығармалары да тыңдаушылардың ерекше ықыласына бөленді. Ал енді Рахат-Бидің пианинода ойнап отырған бейнесі, қимылы, тұлғасы  көз алдымнан кетер емес. Ол суретті толғауы тоқсан қызыл тілім жеткізе алмас еді, ол күйді сол жерде отырған көрермен ғана түсінетін шығар. Рахат-Бидің сол отырысына «Шексіздік» деп ат беру керек болар… Ол – өнердің шексіздігі, ол – махаббаттың шексіздігі, ол – адам баласының мүмкіндігінің шексіздігі, ол – Рахат-Бидің музыкаға  деген сезімі мен шеберлігінің шексіздігі және, ең бастысы, Алланың құдіретінің шексіздігі… Қаршадай балаға осынша дарын мен өнерге деген ғаламат  құштарлықты берген Жаратушының мейірімінің шексіздігі…

Рахат-Биге алғаш әріп танытқан ұстазы Гүлзина Үржігітованың: «Рахат-Би өзге әлемнен келгендей бала еді. Бәрін тез үйренетін, ерекше зерек ол тыныш отыра алмайтын. Жаңа  ойын мен жаңа  тақырыпты, бөлек бір тапсырманы талап етіп тұратын. Кішкене кезінен дара болатын», – деп айтқан естелігі есіме түсті. Ән патшасы Шәмші Қалдаяқов кішкене кезінде ауылдың шетіне шығып алып, өз-өзінен еңіреп жылап отырады екен. Көпті көрген дана қариялар: «Бұл баланы өнер қысып отыр, бұдан бір үлкен адам шығады», –  деп айтыпты. Дара тұлғаны танып, ерекшелігіне бас иіп, Рахат-Бидей шәкіртінің бойындағы саф өнерін дамыта білген көреген ұстаздарына да іштей алғысымызды білдірдік.

Атасының аяғы баспаған елдің бәрін көріп, атасы «қолын кеш сермеп» меңгере алмаған білімнің нәрімен сусындап, атасы армандаған «Толық Адам» дәрежесіне жетуге асыққан Рахат-Би Абай атасының «Көзімнің қарасы» әнімен өз шығармашылық кешін аяқтады. Текті ата-ананың саналы тәрбиесін көрген, «XXI ғасырдың Моцарты» атанған Рахат-Би өз Абайына тағзым етуімен елді тағы бір сүйсінтті.

Жиырмаға енді жеткен жас жігіттің  санамалап айтудың өзі біраз уақыт алатын жемісті жетістігінің сыры – Рахат-Бидің өмірге деген ұлан-ғайыр құлшынысының және музыкаға деген шексіз махаббатының ұлылығында  екенін түсіндім.

Нұргүл БЕКТҰРҒАНОВА

Сапар Байжанов атындағы №162

мектеп-гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі

ПІКІРЛЕР2
Аноним 21.03.2020 | 21:14

*Өнер қысып,ауылдың сыртында жылап отыратын бала*-ол-болашақта атақты актер және кинорежиссер болған ағамыз -Шәкен Айманов.
Бұл мәліметті оның туған ағасы, белгілі әнші және актер Кәукен Кенжатаевтың теледидар арқылы берген сұхбатында айтқанын өз көзіммен көріп ,құлағыммен естігенмін.

Аноним 21.03.2020 | 21:16

Бұл пікірді жазған ҚАНАТ ТӨРЕБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір