Тағы бір нақты қадам
Тағы бір нақты қадам
Лиссабон қаласында өткен Еуропаның ұлттық инженерлік қоғамының бас Ассамблеясы «FEANI» отырысында инженерлік білім беретін қазақстандық Ассоциация (KazSEE) жоғарыда аталған ұйымға толық құқылы мүше болып қабылданды. «KazSEE» Қазақстанда 2007 жылы құрылған болатын. «KazSEE» қазақстандық инженерлік білім беру ассоциациясының президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов: «KazSEE»-дің «FEANI»-ге толық құқылы мүше болуы келесідей мүмкіндіктерге: жаратылыстану, инжиниринг және технология саласындағы мамандарға біліктілігін арттыруға, инженерлік карта (Engineering Card) мен еуропалық сертификат алуға және де ең бастысы еуропалық инженерлер реестріне (EurEng) қосылуға жол ашады. Бұл отандық инженерлерге Еуроодаққа мүше елдерде еркін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», – деді.
Қазақстандық инженерлік білім берудегі әлемдік қауымдастыққа қарай жасалған тағы бір нақты қадам халықаралық сертификаттарға ие инженерлік білім беруде және заманауи техникалық мамандар дайындауда Елбасының «Қазақстан–2050» стратегиясын жүзеге асыруда оң нәтиже береді деп сенеміз. 1951 жылы құрылған «FEANI» қазіргі таңда Еуропадағы беделді кәсіби бірлестіктердің бірі. «FEANI» Дүниежүзілік Инженерлік Ұйымдар Федерациясының (WFEO) негізін қалаушы ретінде еуропалық білім берудегі сарапшылармен ресми мойындалған. Оның UNESCO-да, БҰҰ жанынан құрылған өндірісті дамыту жөніндегі ұйымда және Еуропа кеңесінде консультациялық беделі бар. Кәсіби бірлестікке әр елден бір ғана ұйым мүше бола алады. Ол сол елдің барлық инженерлік бірлестіктерінің мүддесіне жұмыс жасауы шарт. «FEANI» бүгінде 350-ге жуық ғылыми және инженерлік ұйымдарды, Еуропаның 32 елінен 4 млн. кәсіби инженерлерді біріктіріп отыр.
ҚазҰУ-да Korea Sanhak Foundation стипендиясын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Іс-шара қонақтардың “Smart Health” медициналық орталығына баруымен басталды. Содан соң әріптестік жөніндегі келіссөздер жүргізілді. Мерекелік шараның шымылдығын түре отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым және денсаулық сақтау саласын дамытудағы әріптестіктегі еңбектің нәтижелі екенін атап өтті.
Korea Sanhak Foundation қорының бас хатшысы Ким Му Хан мырза стипендия сертификаттарын табыстай отырып, студенттерді еңбектерінің жоғары бағаланғанымен құттықтап, алдағы уақытқа сәттілік тіледі. «Бүгінгі таңда екі ел арасында әріптестікті ары қарай дамыта түсу үшін корейтану саласында білікті маман дайындау өте маңызды. Сондықтан қор басшылығы ҚазҰУ-дың үздік студенттерін ынталандыруға мүдделі», – екенін Ким Му Хан мырза ерекше айтты. Қор 1974 жылы құрылған болатын. Мақсаты – техникалық білім беру мен ғылыми зерттеулерге, кіші және орта ғылыми өнеркәсіпке және университеттерге қолдау көрсету. ҚазҰУ-дың шығыстану, химия және химиялық технология, биология және биотехнология, физика-техникалық және халықаралық қатынастар факультетінен 10 студент стипендия иегері атанды.
Стипендия сертификаттарын GPA көрсеткіштері жоғары кәріс студенттер, оқу озаттары мен корей тілін үйреніп жүрген және сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген студенттер алды.
Стипендияны салтанатты табыстау рәсіміне ҚазҰУ-ға Оңтүстік Кореядан Хван Ен Сам және Пак Ли Бан профессорлар, Кореяның бейбітшілік және демократиялық бірлестік кеңесінің төрағасы Ли Дже Ван мырза арнайы келді.