МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҰЛТ ӨРКЕНИЕТІНЕ ҚҰРМЕТІ
Халқымыздың ұлы ойшылы, Кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор үкімет жарлығы қолында бар кісі керек… екіншісі – ол адам есепсіз бай болу керек», – деген дана сөзін айтқан еді. Хакімнің осы айтқан алтын сөзінде терең мән жатыр.
Жалпы, өмірдің қай саласында да
Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек,
ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев
ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ТҰЛҒА
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күллі дүниеге ерте танылған ірі саяси тұлға һәм дипломат. Ол 2019 жылы 9 маусымда Мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін әлемнің БАҚ-тарында, газет-журналдарда, радио-телевидениясында, әлемдік веб-сайттарда ірі саяси тұлға туралы көптеген хабар-мақала жариялады. Президент болмай тұрып-ақ аты әлемге танылған тұлғаның ой-тұжырымдары, салиқалы пікірлері жұрт назарын өзіне аударды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сонау 1970 жылдардың ортасынан бастап ел басқару ісіне белсенді түрде араласа бастаған. Осыдан кейінгі жылдарда ол Қазақстан Сыртқы істер министрі, Үкіметбасы, Парламент сенатының төрағасы, т.б. лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғашқы таныстығы туралы: «1984 жылы Қытайға бардым. Қытай тілінен аударма жасауға көмектескен жас жігіт болды. Ол – Қасым Жомарт Тоқаев еді. Қасым-Жомартпен алғашқы кездесуім осылай болып еді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне білікті маман қажет болды, Қасым-Жомарт Кемелұлын Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне шақырдым. Сол кезден бері бірге жұмыс жасап келеміз. Сіздерге мұның барлығын менің бұл адамды қаншалықты жақын танитынымды түсінсін деп айтып отырмын. Адамды барынша жақын тани түсу үшін, оны жан-жақты зерттеу қажет, дос ретінде, жолдас ретінде тани келе неге қызығатынын білу керек», – деген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев тоқыраған жылдардың қиын өткелінен сүрінбей өткен саяси тұлға. Ол Президент болғаннан кейін АҚШ, Қытай, Ресей, Германия секілді көптеген ірі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда белсенділік танытып, көрнекті рөл ойнады. Әсіресе, 2019 жылы қыркүйек айының 11-і күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс-сапармен барған Тоқаевты өте ыстық ықыласпен қабылдады. Қабылдаудан соң екі елдің бірлескен мәлімдемесіне ел басшылары жеке-жеке қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы мемлекеттік сапарын Қытайдың ақпарат құралдары «Қазақстанның жаңа Президенті – Қытай халқының көне досы», «Қазақстан Президенті қытай және қазақ тілінде сұхбат беріп, дүниені таңғалдырды», «Қытай тілін жатық сөйлейтін Мемлекет басшысы», т.б. деген атаулармен бас беттеріне басып, «парасаты биік саяси тұлға» деп сипаттады. Бұл Қазақ Президентінің шетелде беделі жоғары екенінің дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағаннан кейін қыруар нақты жұмыстар тындырды. Мысалы: кепілсіз несиеге алған тұрмысы төмен Қазақстан азаматтарының қарызы кешірілді. Ұстаздар мен медицина қызметкерлерінің, әлеуметтік сала мамандарының жалақысы жоғарылады. Микро және шағын бизнес үш жылға дейін табыс салығынан босатылды, Ұлттық сенім кеңесі құрылып, оның алғашқы жиындарына өзі қатысып, қоғамның әр тобынан құралған кеңес мүшелерінің пікір-ұсыныстарын тыңдады, әйелдерге, балаларға зорлық-зомбылық көрсету, есірткі тарату, мал ұрлығы және өзге де ауыр қылмыстардың жазасы қатаңдастырылды, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы тіпті жанданды.
Мен бұл шағын мақаламда Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тереңдету барысындағы елеулі еңбектері туралы аз-кем ой тарқатуды жөн көріп отырмын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Нұр-Сұлтан Қаласында өткен Азия жазушыларының тұңғыш форумында мінберде отыр
АЗИЯ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жанының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген керемет сөзін айтқан еді.
Мемлекет басшысы Тоқаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаны терең зерттеп, ұлттық өркениеттің дамуына тікелей басшылық етіп, аса көрегендік танытып отыр. Өйткені «рухани жаңғырудың» ұлт өркениетін дамыту мен гүлдендіруде маңызы өте зор.
2019 жылы 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Азия қаламгерлерінің 1 форумы» зор салтанатпен өтті. Бұл форумға 38 елден делегаттар келген.
Бұл – одақ тарихындағы Азия-Африка жазушыларының басқосуынан кейінгі ең үлкен шараның бірі ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Нақтылап айтқанда, бұл кемелді шара қазақ әдебиетінің дамуына үлкен бұрылыс әкелетіні даусыз. Форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы келіп, құттықтау сөзін сөйлеуі қазақ қаламгерлеріне биік мәртебе әкелді. Міне, бұл Мемлекет басшысының адамзат өркениетіне көрсеткен ұлы құрметі мен ыстық ықыласы еді. Тоқаев форумдағы сөйлеген сөзінде: «Ұлы дала елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Бұл ретте, Сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді», – деп тебірене тіл қатты.
Елін сүйген Мемлекет басшысының кемелділігі мен кемеңгерлігін туған халқының тіліне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, мәдениетіне, тарихына, өркениетіне қолдау көрсетуінен байқауға болады. Мен қазақтың киелі тарихи отаны – Қазақстан еліне келгеннен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт руханиятына үлкен қолдау көрсеткен асыл қасиетін байқадым.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумдағы сөйлеген сөзінде тағы да «Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», – деген салмақты көзқарасы қаламгерлер қауымына қайталай ой салумен бірге, оларға рухани жақтан шабыт сыйлады. Бір мемлекеттің рухани өркениетінің дамыған, дамымағандығы сол елдің жалпы мемлекеттік сапасымен тікелей қатысты болады.

АБАЙ ЖОЛЫНА АДАЛДЫҚ
Мен «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылы қаңтардың басындағы жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бірнеше рет қайталай оқып шығып қатты қайран қалдым. Оның себебі – Абай идеясын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен сабақтастырып баяндаған парасатты ойлары болды. Содан Мемлекет басшысының мол біліміне, ұлт өркениетіне талдау жасаған кемеңгерлігіне тәнті болып, құштарлығым артты. Президент мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихына өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», – деген парасатты ойын айтады. Абай сынды ғұлама, ойшыл, ақын дәл бүгінгі жаңа замандағы, XXI ғасырдағы Қазақ елінің ең биік алтын төрінде малдас құрып отыр, әне сол ұлы Абай күллі әлемге қазақ болып тіл қатып, алыс болашаққа мәңгілік керуен тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақаласында қара ормандай қалың халыққа: «Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор», – деген үндеу тастайды.
Мемлекет басшысы Тоқаев осы мақаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойында істелетін маңызды жобалардың бірі ретінде Абай шығармаларын ағылшын, араб, жапон, испан, италиян, қытай, орыс, түрік, неміс, француз тілдеріне аударып, әлемге насихаттауды айтады. Биылғы мерейтойға орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара болатыны да мақалада тілге тиек етіледі.
Абай – қазақ халқынан шыққан ең ұлы, ең бақытты ақын. Өйткені ол қазақтың төрінен әлемге танылып, өз халқының баға жетпес рухани кемеңгеріне айналды. Мемлекет басшысы мақаласының ең соңында: «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», – деген философиялық қорытындысын жасайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының мазмұны бай, көп жақтылы. Мақаланың кемелдігі мен тереңдігін мына негіздерге сүйеніп аңғаруға болады.
- Мақалада абайтану барысы жан-жақтылы зерттелген, тың көзқарас айтылған, ғылыми-танымдық қуаты ерекше.
- Мақалада отаншылдық тәрбие, тіл, салт-дәстүр, ұлттық өркениет Абай шығармаларының жауһарымен тоғыса баяндалған.
- Мақаладағы тіл саптау шеберлігі оқырмандарын иландыру қуатына ие. Әрі бұл мақала – Абай арқылы XXI ғасырдағы өмір сүріп жатқан Қазақстан халқына бағдар көрсетіп беретін құнды дүние.
- Әсіресе өнер адамдарын Абай шығармаларынан үлгі-өнеге алып, сара туынды жаратуға жігерлендіреді.
- Мақалада Абайдың «Толық адам» болу идеясын жан-жақты зерттеу алға қойылған.
Жинақтап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел басқару ісінде өзіндік сара жол салған, дүниедегі озық мәдениеттен хабары мол, Абай сынды ұлы даланың ғұламаларынан үлгі-өнеге алған, ұлт өркениетіне аса құрметпен қарайтын көрегенді, білімді, парасатты Мемлекет басшысы.
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы
ПІКІРЛЕР5