Абайды тану – өзіңді тану
Табан аттаған тышқан жылының бірінші он күндігінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы «Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі мен ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде» рухани, мәдени дербес даму жолындағы Қазақстан халқына тағы да бір тың серпіліс туғызды.
Руда ЗАЙКЕНОВА, филология ғылымының докторы
Мақалада көрсетілгендей, расында, «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес». Әлемдік деңгейде өрелі ой айтқан қазақ халқының ұлы ақыны, философ, аудармашы, сазгер, хакім Абай даналығына жаңа заман биігінен қарауға, «оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы», яғни, «Абай әлемі деген бірегей құбылысқа» баса назар аудартады.
Президент Қ.Ж.Тоқаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық болмыстың үлгісі» тұрғысынан оның Абайтану тарихын жаңаша талдағаны «мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын» орынды көрсеткен. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ… Абай сөзінің дұрыс емес, қате айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді… Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек!» – деп жазған сөзіне бүгінгі күні ұлттық мүдде тұрғысынан баға беру – заман талабы.
1943 жылы М.Әуезов тұңғыш рет Абайтану курсын қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға енгізді. 1944 жылы ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтында «Абайтану» бөлімін ашты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Тіл және әдебиет институттарының өрескел саяси-идеялық қателіктері» деген қаулысынан кейін бөлім ресми жабылды. М.Әуезов сияқты ұлт зиялылары жаппай қудалауға ұшырап, алды 25 жылға сотталды. Десе де, «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген А.Байтұрсынұлы өсиеті толық жүзеге аспағанымен, қазақта ең көп зерттелген – Абай болды.
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Абай жайында төрт томдық эпопея, қаншама зерттеу мақалаларын жазған М.Әуезов те ұлы ақынның дүниетанымын түгел қамтып, көрсете алған жоқ. Білігі жетпегендіктен, не болмаса ықыласы аумағандықтан емес, заманның тарлығынан, айтуды қажет деп таппағандықтан. Мәселен, Абайдың діни көзқарасы, өмір мен өлім жайындағы пәлсапалары, толық адам туралы тұжырымдары, тіпті оның орыс отаршылдарына қарсы күресі де жабулы күйінде қала берді. Егер ондай қиын жағалауға жақындаса, өз кемесінің жартасқа соғыларын Әуезов жақсы білді. Олай еткенде, сол заманда жазушы өзін ғана оққа жығып қоймай, Абайға да көлеңке түсіріп, тіпті залал келтіруі мүмкін еді. Сондықтан ол неғұрлым қауіпсіз жолдарды басып, діттеген жағалауға аман жеткенше асықты. Осыған дейін «бай-шонжардың тұқымы» деп, Абайға жағылған күйе де аз емес-ті. Жазушының көп күш-жігері Абайды жан-жақты танытудан гөрі, оны ақтап алуға жұмсалды», – деген сөзінің астары Президент мақаласында кеңінен айғақталды. «М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек», – деп Ел Президенті нақтылы шешім айтты.

Абайды ұлттық мүдде тұрғысынан тану 1990 жылдардан басталды, дей тұрғанмен басты мәселе – өкімет тарапынан Абай даналығының қолдау табуында. Абайды тану, дәлірек айтқанда, «Адамзаттың Абайы» деңгейіне көтерілу кезеңі 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде өткен ақынның туғанына 150 жыл толған мерейтойымен орайлас келеді. Осы жиында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз бұның бәрі үшін де бір жарым ғасыр бұрын эстетикалық ойдың тың жазирасына батыл аттаған Абайдың қайсар талантына қарыздармыз», – дей келіп, хакімнің «барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылгөйі» болып көтерілгенін атап көрсетті.
Қ.Ж.Тоқаев мақаласындағы «Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек», – деген деген сөзі мен былтырғы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы қоғам дамуына зор ықпал етті.
Мен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған жалпы білім беретін мектептің 9-10-11 сыныптарға арналған «Абайтану» оқулығы мен әдістемелік «Мұғалім кітабы» оқу құралының авторы ретінде Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Абайтану курсын жүргізем. Әрі Қыздар университетінің баспаханасынан студенттердің таным-түсінігіне лайықтап, «Абайтану» оқулығын шығардым.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілуі нұр үстіне нұр болды.
Абайтану курсы Қыздар университетінде арнайы пән ретінде 1993 жылдан бастау алып, лекциясын академик Зәки Ахметов, семинарын тәжірибелі педагог Жәния Мусина жүргізді. Міне, содан бері Абайтану білім ордасының филология факультетінде үзбей оқытылып келеді. 2018-2019 оқу жылында қазақ әдебиеті кафедрасының барлық факультет көлемінде жасаған оқу бағдарламасы университет ректоры Гауһар Төремұратқызы Алдамбергенова тарапынан қолдау тауып, қазір басқа мамандықтарға да енгізіле бастады.
Абайдың «толық адам» туралы ілімі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алатындығын алғаш айтқан ғалымдар – М.Мырзахметұлы мен А.Машани. Әйтпесе, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген өлең жолдары «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінен алынған.
Президент Абай қарасөздеріне де ерекше назар аударып, француз ойшылы Монтеньнің жазбаларын еске алады. «Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек», – деп Абай ғақлиясының биік деңгейін дәл көрсетеді.
Абайтану ғылымына сүбелі үлес болып қосылған «Абай және Сократ» (Б.Ғабдуллин), «Абай және Гете» (Г.Бельгер) деген сияқты көрнекті ғалымдардың Абайды Батыс, Шығыс және орыс тұлғаларымен салыстырып зерттеген мақалалары баршылық. Президент мақаласынан түйгеніміз «Абай және Монтень» тақырыбы да арнайы зерттеуге сұранып тұр. Жаппай эссе жазу мәселесі туындағанда Мишель Монтень туралы оқушыларды хабардар еткенбіз. Монтень мен Абайды байланыстыратын – «мен» және «мен» деген ұғымдар. Себебі Монтеньде тек «мен» бар, ал Абай ғақлиясында «мен» және «мен» деген формула бар. Өзіңді-өзің тануға жетектейтін осы формула анықталған жағдайда Абай қарасөзінің деңгейі биіктей түседі.
Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөліскен Қ.Ж.Тоқаев олардың Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктерін жақсы білгенмен, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс еместігі туралы айта келіп: «Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?» деген сұрақ туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – дейді.
Мақалада Алла тағаланың 99 көркем есімі мен тұрақты сегіз сипатын танып-білуге арналған «Кәміл иман» ұғымы туралы да ерекше ой айтылған. Отыз сегізінші қара сөзінде Абайдың Аллаға деген көзқарасын толық білдіретіндігі, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» екендігі, Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін және орыс әдебиетін терең зерделегені, «Кәміл мұсылман» ұғымының бүкіл мұсылман әлеміне қатыстылығы туралы айта келіп: «Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға», – деп түйіндейді.
Абай Отыз сегізінші қара сөзінде «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық – хақ жолы және адамдық жолы», – дей келе, «Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады… Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді», – деген пікір білдірген еді. Бұл жерде Абай нақтылы атамағанмен, біржақты бағыт ұстанған дін иелерінің ғалымдарға тигізген зардабын білетіндігін байқатады.
Мақаланың маңыздылығы сонда – мұнда Абай діні туралы дұрыс байлам жасалуында. Себебі Абай дінін өз мақсаттарына қарай икемдеп, оны кришнайт етіп көрсетуге тырысатын кітаптар да бар. Десе де М.Әуезов: «Абайдың діні – ақылдың, адамгершіліктің діні» деп баяғыда-ақ баға беріп кеткен.
Орайы келгенде айта кететін тағы бір мәселе – «ОҚМУ ғалымдары Абайдың тасада қалған туындыларын зерттеп жүр», – деген сөз қазір ғаламтор желісін кезіп жүр. Ол қандай сөз? Жауап таба алмадым. Осы орайда «Жас Алаш» (2019, 6 тамыз) газетіне жарияланған «Абайтанудағы ақаулықтар» деген мақаламдағы М.Әуезовтің: «Абай сөзі бір-ақ сөз болса да, Абайша шықса жарасар. Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп көбік етіп алмайық», – деген сөзін қайталағым келеді. Герольд Бельгер «Асылға абай болайық» (Қазақ әдебиеті, 1985, 9 май) деген мақаласында 1976 жылы «Жазушы» баспасынан, 1977 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан Абай жинақтары бойынша ақынның он өлеңін салыстырып, «99 сәйкессіздікке» көз жеткізгенін атап көрсетеді. Міне, осы мақалаға қолдау білдірген Қ.Мұхамедханов «Асыл мұраны таза сақтайтын болайық» деген мақаласында осы сәйкессіздіктерге ғылыми тұрғыдан түсінік береді («Семей таңы», 1985, 26 маусым. Кітапта: 2-том, 2005). «Екі жинақта «99 түрлі» қателік бар», – деген Г.Бельгер «егер бар шыққан жинақты салыстырса, 999 түрлі қате шығатынын» тегін астарламаса керек. Мұнда «99» деген деген санның астарында қандай кекесін тұрғаны кез-келген адамға түсінікті емес пе?» – деп жазған едім. Әлбетте өкімет пен халық арасындағы байланыс жақсы, бірақ Президент мақаласында атап көрсетілгендей: ««Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды» дегенге мән беруіміз абзал.
Сондықтан Абайтану сауда-саттықтың, халықты алдап, ақша тауып жүрген кейбір жалған маркетингтердің қолжаулығына айналып кетпеуі керек. Данышпан хакім «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп бекерге қобалжыған жоқ. Міне, осы тұрғыда Қ.Ж.Тоқаев көтеріп отырған мәселенің өзектілігі айқындала түседі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ЮНЕСКО көлемінде жасаған «Абай туралы сөз» атты баяндамасында «Қазір бізге өршелене өшігіп жүрген алтын моншақты саяси қырғилар мен құр айтаққа ерген әулекілердің жаңа бағдарламалары қай кездегі «саяси макулатура» екендігін осыдан-ақ айыра беруге болады», – дегені сияқты «ғылым» мен «макулатураны» да айыра білу керек, – Осыдан-ақ Президенттің «Ендігі мәселе – біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?» – деген сұрақты тегін қойып отырмағаны айдан-анық.
«Адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылгөйі» атанған «Абайдың миссионермен (өз дінін уағыздаушы) кездесуі» деген бір ғана тарихи оқиғаны алайық. Осыған байланысты Семей өлкесіндегі қожа-молда, имамдардың өтініші бойынша Ресейден арнайы келген Сергей деген христиан дін өкілімен Абай пікірталасқа түсіп, христианның кейбір нанымдарына қарсы шығып, бір-бірімен салыстыра келіп, тарихи сыннан мүдірмей өтеді. Миссионердің: «Сіздердің, Дүние бір тарының хауызына сияды дегендеріңіз ақылға сыймайтын нәрсе ғой» деген сұрағына Абай: «Сіз бен біз мынау жарық дүниені көріп отырмыз. Аспандағы ай мен күнді, жұлдыздарды көреміз. Осы көруде көздің қарашық қылауы тарының хауызымен мөлшерлес деуге болады. Демек көздің зәредей қарашығына осынша әлемді сыйғызған Тәңірім ісіне шек келтіруге бола ма?» – деп жауап берген. Әл-Фарабидің жарық сәуле жөніндегі қағидасын жақсы білген Абай миссионердің басқа сұрақтарына Лев Толстойдың да пікірін көлденең тарту арқылы миссионерді мойындатқан. Абайдың миссионермен кездесуі жайлы оқиға сол кездегі қазақ халқының алдына қойылған бір тарихы сын болатын. Ислам дінінің абыройын сақтап қалғанына риза болған қожа-молдалар мешітке жиылып, мінәжат қылып, Абайға бата береді. Ал 1885 жылы патша өкіметінің Семейдегі өкілдері де қатысқан Қарамолада өткен төтенше құрылтайда Абай төбе би болып, «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелерін» өзі жазып, ислам діні бекіткен заң нормалары бойынша қабылдатқызған.
«Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық» деп ағынан жарылған Президент сөзі Елбасының тағылымы, азаматтық тұлғасы, кең тынысты білімдарлығы, халқының ғажайып қасиетін, салт-дәстүрін, мұң-мұқтажын жетік білетіндігі, бір сөзбен айтқанда, кең ауқымдағы таным мектебінің салтанат құруынан деп білеміз.
Түйіндеп айтқанда, М.Әуезовтің «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген сөзіне мән бере қарасақ, өзіңді тануың үшін алдымен Абайды тану шарт.
ПІКІРЛЕР1