Мемлекеттікті ұйыстыратын фактор – мемлекеттік тіл
19.02.2020
765
0

Қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерде сырттан пана іздеп келген өзге ұлт өкілдеріне кең құшағын жайып, қонақжай пейіл таныта білді. Бүгінде бәрі бір мемлекет аясында, ортақ елдік мүддеге қызмет етіп, тату-тәтті өмір сүруде. Бұл орайда сан ұлтты Қазақстан халқын бір шаңырақ астына ұйыстыратын басты фактор не болмақ? Ынтымақ пен бірлікті одан әрі нығайту үшін не істемек керек? Біз саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлеріне осы сауалды қойған едік. Бәрінің де жауабы «мемлекетті ұйыстыратын фактор – мемлекеттік тіл» деген ортақ пікірге тоқайласты.

Ерлан САЙЫРОВ, саясаттанушы:

– Қазақстандағы ұлтаралық қақтығыстарға тоқтау болу үшін  басқа диаспоралар Қазақстан мемлекетін жанымен сезінуі керек. Яғни, бүгінгі таңда қазақ тілін білу, қазақ тілін меңгеру ісі – маңызды ұстындардың бірі. Ұлтаралық қатынасты сақтаудың ең негізгі құралы – тіл. Сондықтан басқа диаспоралардың басшылары қазақ тіліне баса назар аударуы қажет.

Абдурашид МУМАДИ, ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері:

– Ассамблея ұлттар бір шаңырақтың астында өмір сүрсін, бір-бірінің ұлттық болмысын танысын, тілін білсін, дінін, ділін танысын, мәдениеті мен тарихын білсін деген мақсатпен құрылған ғой. Соған сай өзге ұлттар да қазақ тілін игеруі керек. Өзара түсінісетін ортақ тіл – мемлекеттік тіл болғаны жөн. Уақыт өте келе ол күнге де жетеміз.

   Мен «Ассамблея – достық пен бейбітшіліктің бесігі» дер едім. Ниеті қаралар шағын дауды дардай қылады. Облыста біздің ұлттың тарапынан бұзақылық жасалса, әкім маған хабарласады. Мен сол жерде істің мәніне, байыбына барып, кінәлілер үшін кешірім сұрап, оны тәртіпке салып, дұрыс қарым-қатынас орнатамыз. Ұлтаралық татулық ақсақалдардың, ел ағаларының данышпандығының арқасында тұрақтайды. Меніңше, ұлттарды  біріктіретін іс-шараларды жиі ұйымдастыру керек. Ақсақалдар жастарға ақылын айтып, өнегелі істерді көбірек жасау қажет. Кейбіреулер Ассамблея той тойлап, би билеп, ән салатын ұйым деп ойлайды. Иә, мәдениетімізді жандандырамыз. Бұл жасырын емес. Бұл үшін Елбасына мың алғыс! Ғасырлардан келе жатқан бабаларымыздың мәдени мұрасын сақтап, оны көбейтеміз. Бірақ көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен берекесі тарқамасын,  шаңырағы шайқалмасын деп барша қазақстандықтар ел ішіндегі маңызды оқиғаларға қатысып, қай-қайсысы да ел татулығына өз үлесін қосып жүр. Оны елдің хал-ахуалына мән бермеген түсіне қоймас. Қазір Достық үйінде әр демалыс күндерінде этномәдени орталықтар есептік концерттерін береді. Алғашында  қызығушылық танытушылардың, көрермендердің қарасы аз еді. Қазір қала тұрғындары өздері іздеп келеді. Яғни, адамдарға қызықты. Мәдениет арқылы адам ұлтты таниды. Мысалы, «барлық шешендер бұзақы» деп ойлаудан қашқанымыз жөн, олардың мәдениетін біліп, көріп, сосын қорытынды шығару керек. Қылмыста ұлт болмайды. Әр ұлттың ішінде түрлі пенде болады.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

– Қазақилықты, қазақ мүддесін биліктен талап ету – әбден негізді де қажет дүние. Алайда бұлай етіп қана қою жеткіліксіз. 70 пайыздан асқан қазақтың өзі бірлесе тірлік етсе, талай түйткілді еңсеруге қабілетті. Санды сапаға аударар кез келді. Оның жолдары көп. Соның бір ғана көрінісі ретінде, мәселен, өз басым дүкенде тек қазақша сөйлеймін. Сатушы басқа тілде жауап берсе, онымен ұрыспаймын, керіспеймін. Тек басқа дүкенге кетемін. Бүгін он, ертең мың, ал бүрсігүні миллион қазақ дәл осылай жасаса, сөзсіз, нәтиже болады. Мемлекеттік тілге қатысты мәселенің шешімін жоғарыдан күтпей, өзімізден бастасақ, көп нәрсені заңды жолмен шешуге болады.

Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері:

– Мемлекеттік тілге қатты алаңдаймын. Ахмет Байтұрсыновтың «байтақ жер де, бай тіл де қазақтікі» деген сөзі бар. Тәуелсіздігіміз мәңгі ғұмырлы, тіліміз тұғырлы болсын деп тілеймін. Қазақтың тілін ешбір тілмен салыстырмаймын. Қазақтың тілінің байлығын да, шұрайлылығын да, мәңгіліктігін де бәрінен жоғары қоямын. Мен тіл деп шырылдағанда, «қазақ тілі құрып бара жатыр» деп шырылдамаймын. Қазақ VІІ ғасырда алып арабқа да, ХІІІі ғасырда тегеурінді моңғолға да, ХІХ-ХХ ғасырларда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзінің тәуелсіздігін сақтап, осы кезге жетті. Қанша тіл білсең, сонша ұлттың өкілісің. Қазақ артта қалғанды ілгері сүйрейді, жығылғанды тұрғызады, қиналғанға сүйеу болады. Менің тілге деген сүйіспеншілігім де қазақтың өзінің бойына біткен қайырымдылығының арқасы.

Атсалим ИДИГОВ, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы:

– Шынында да, түрлі халықтарды ортақтастырып тұратын және оларды жақындастыратын дүниелер болады. Өйткені барлығына тән жалпыадамзаттық құндылықтар бар. Бұл – Жаратушының ақыл-ой, сенім және ар-ождан арқылы адамдарға берген қасиеттері: мейірімділік, жанашырлық, аяушылық, ұят, ар-ождан, көмекке келуге дайын болу, моральдық және адамгершілік нормаларды ұстануға ұмтылу. Дей тұрғанмен бұл қасиеттер әр этностарда әртүрлі сипатта болуы мүмкін: біреуінде – күштірек, енді бірінде – әлсіздеу. Сонымен қатар сіз жөнімен атап өткендей, әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Мысалы, Қазақстанда тұратын халықтардың ұлттық құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасқан.

Жалпы, олардың мазмұнды бөлігіне бірқатар факторлар әсер етті, соның ішінде әлеуметтік-тарихи дамудың өзіндік ерекшелігі, өмір сүру ортасы, өмір салты, өркениеттілік деңгейі және тағы басқа да факторлар бар. Мысалы, Солтүстік Кавказ халықтары өткен ғасырдың ортасына дейін  таулы жердің қатал  табиғатына бейімделіп өмір сүрді. Олар үшін әр күн ерлік жасағанмен бірдей еді. Әрі жеріне көз тіккен жаумен үнемі соғысуға тура келді. Осы жерде ерекше, қайталанбас менталдық: жауынгерлік, еркіндік үшін жан беруге дайындық, кейде қатаңдықпен шектесетін заңдар мен әдет-ғұрыптар жатыр.

Орысша болса да осы тұста Михаил Лермонтовтың мына өлең жолдарын мысалға келтіріп кеткім келеді: «И дики тех ущелий племена, Им бог – свобода, их закон – война… Там поразить врага не преступленье, Верна там дружба, но вернее мщенье…». Бұл кавказдықтарды сипаттауы: қанша уақыт өтіп, із суыса да, таулықтардың санасында көп дүние өзгерсе де, бабаларымыздың үні мәңгі сақталады.

Қазақ халқы туралы айтар болсам, қазақтардың ата-бабалары Ұлы даланың жаужүрек және еркін халқы болған. Олар ғасырлар бойы ат тұяғын тоздырып, Қытайдан Мысырға дейін үлкен кеңістікті шарлаған. Қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстана отырып, еркін қозғалатын ерекше өмір сүру ортасы болды. Әрі ол ортаға ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ еді. Сондықтан олар бөтен басқыншыларға батыл қарсылық көрсететін. Бәріміз білетіндей, қазақтар ең ауыр қатерлі кезеңді XVIII ғасырда олардың жеріне қатігез және жеңілмейтіндей көрінетін жоңғарлар басып кіргенде бастан кешірді. Бұл – өмір мен өлімнің нағыз шайқасы еді. Халық оны «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атауы тегін емес. Қазақ батырлары өжеттілігі мен батылдығының арқасында жауға қарсы тойтарыс беріп, дұшпанын Аңырақай даласында тізе бүктірді.

Қазақтардың сан жылдық тарихында түрлі кезеңдер болды, қырғын қантөгіс бейбітшілік пен тыныштыққа ұласты. Осы факторлардың әсерінен олардың ұлттық құндылықтары қалыптасты. Бүгінде қазақ халқы – толерантты, ақ пейілді, қонақжай халық. Бірақ сырттан қауіп төніп, қоқан-лоққы көрсетілсе, қайсар бабаларының рухы оянып, ерлігін танытады. Бұл тарихта талай мәрте дәлелденген.

Осы дала халқына әрдайым басқа тайпалармен ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортамен бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылу тән. Қазаққа берілген нышанды таңбалардың бірі – шеңбер. Ол ғаламның шексіздігі мен ұлылығын, өмір сүру кеңістігімен үйлесімде болу қажеттігін білдіреді. Бұл ең жақсы адами қасиеттердің барын байқатады.

Қазақтарға тән қасиеттерді ұзақ атауға болады, бірақ мен сонау балалық шағымда естіген қазақ жеріне жер аударылған бір ақылгөй шешеннің сөзімен жеткізгім келеді: «Мен қазақ халқы дәйім жұмаққа барады деп есептеймін. Олай айтуыма Құранда айтылған үш негіз бар: асқан шыдамдылық, асқан төзімділік және асқан берекелі дастархан». Міне, осы үш негізгі қағидат бірегей дала этносының ұлттық құндылықтарының негізінде жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір