Зуфар Сейітжанұлы. ДҮНИЕНІҢ БОЯУЫ ҚАНДАЙ ҚАНЫҚ…
26.02.2020
850
0

Зуфар Сейітжанұлы

* * *

Жұпар аңқып сиреннің шырын-балы,

Ағаш біткен сілкініп бүрін жарды.

Жер-әженің құрысы жазылғандай

Өңі жылы,

Төсектен тұрып алды.

 

Жұлқып,

Шапшып, асаудай басы қатты,

Арынды өзен арнадан асып ақты.

Көктем – жеңге

Күлімдеп сылаң қаққан

Қайың-қызды қыпша бел қасына апты.

 

Сағындырып келетін көктемім ең,

Қымсынады бұла гүл шеттерінен.

Үлбіреген еріні қызғалдақтың

Самал – сері

Сүйеді беттерінен.

 

Төмендеді қойнауға сұғынып күн,

Шуақ шашты,

Нұр септі құбылып мың.

Ажары ашық мезгілдің әсем шағы –

Ғұмыры ұзақ болса ғой сұлулықтың.

 

* * *

Қош келіпсің!

Тотыдай ару айым,

Жасылыңды құндыздай жамылайын.

Шомылдырып әлемді ақ шуаққа,

Жібердің бе құлпыртып ауа райын?

 

Көзайым боп,

Мамырым, қауышайын,

Жыл құстарым, жеттің бе, табысайын.

Жаратқанға шүкірлік етемін де,

Бір беліңнен біріне ауысайын.

 

Дүниенің бояуы қандай қанық,

Бал ауаны

Жұтамын қанбай-қанып.

Көк өзеннің көпірген көк жалдары

Құлап, тұрып барады таңдайланып.

 

Қош келіпсің!

Тотыдай ару айым,

Жасылыңды құндыздай жамылайын.

Шомылдырып әлемді ақ шуаққа,

Жібердің бе құлпыртып ауа райын?

Күміс тау

Ырыс-бағым–

Айбыным, күміс тауым,

Саған қарап еңсемді тік ұстадым.

Жасыл шырша жамылған шапанындай

Шөкім бұлтын үлпілдек уыстадым.

 

Қожыр-қожыр

Келбеті мүлде бөлек,

Тау – батырды қойғандай гүлге бөлеп.

Тік заңғардан алыстап ұзай алмай,

Айналады қызыл күн шыр көбелек.

 

Асқақтайды,

Аспандап сұстанады,

Қаһары жоқ түйілген қыс қабағы.

Ерте тұрып қараймын келбетіне,

Көтерілді қызыл күн – мыс табағы.

 

Қандырады шөлімді шырын үміт,

Бас көтерді көлеңке жатқан бұғып.

Жаламадан секірген сарқырама

Ақ күмістен қойғандай құрық іліп.

 

Ырыс-бағым –

Айбыным, күміс тауым

Саған қарап еңсемді тік ұстадым!

 

 Киіктер

Маңдайынан аймалайды сүйіп күн,

Қасиетті киесі бар киіктің.

Ен далада жарысады желменен,

Қоңыр аңды атады екен қиып кім?!

 

Лапылдаған желді күнгі жалындай,

Қырдан-қырға зуылдайды сағымдай,

Сұр жебедей суырылған киіктер –

Кең даланың асылы еді лағылдай.

 

Сауырынан сипап таудың самалы,

Жаудыраған мөлдір тұнық жанары.

Еркін жүрген еркесі еді өңірдің,

Жосылады дүбірлетіп даланы.

 

Қара жерді айырмаңдар көркінен,

Сақта, Құдай, қатігездік дертінен.

Жарқ-жұрқ еткен киіктерді көргенде

Қанаттанып –

Қызығамын, желпінем.

 

Бауырына басып дала сүйіпті,

Атпа, атпа!

Киесі бар киікті!

Көз сұғыңды қадамашы, ей, пенде

Еске сақта имандылық – биікті!

Әл-Фараби ескерткіші

Өнер сырын зерделедің, байқадың,

Мұнша терең болар ма еді ой-таным.

«Поэзия падишасы», кешір сен

Қолда кітап,

Бар ма бізге айтарың?

 

Білім отын алаулатқан бұл ара,

Тастұғырда ойланған ба ғұлама?

Қанаттанып ұшып жатыр көп өрен,

Арман-үміт жетелейді қуана.

 

Жөн сілтейді талаптыға ілімің,

Өтеуіндей оймен өткен түніңнің.

Шет өңірге шекпен үшін кетпедің,

Даналықтың бірі – шуақ,

Бірі – мұң.

 

Байлыққа да көз салмадың,

Кем көрдің,

Жомарттықты парасатпен теңгердің.

Есіміңді әлем білді, кемеңгер,

Көп ойынан биік тұрдың пенденің…

 

Аласа деп айта алмаймын тұғырың,

Жарық жұлдыз –

Өлмес сенің ғұмырың.

Талайларды таңдандырған данышпан –

Бейнесі ғой бұл атақты ұлының.

 

Алакөл кеші

Қызыл күлгін тартты торғын пердені,

Ғажап сурет таңдандырар пендені.

Соңғы нұрмен боялғанда төңірек,

Мың құбылды

Сәуле-сағым көлдегі.

 

Кешкі мезгіл,

Қызыл арай іреңі,

Алаулайды, көкжиекке сіңеді.

Шипалы көл мөп-мөлдір боп тербелген

Ажарланып жадырайды, күледі.

 

Құм-қоламта қыздырады жағасын,

Нұр сәуле-қыз құшақтайды анасын.

Кәусарына жудым көңіл наласын,

Көгілдір көл,

Ынтық етіп барасың.

 

Барқытбелдің ақ моншақтай сәні еді,

Барқытбелдің зәмзамындай нәрі еді.

Қызғылт жібек орамалмен бүркеген

Күн-суретші.

Бөлек екен мәнері.

 

Қайран жылдар

Қайран жылдар,

Арман жылдар, қалдың ба,

Жүрілмеген жолдар жатты алдымда.

Өткенімді тапсам ба деп талпынған,

Жан сырымның сағынышы бар мұнда.

 

Керегі не өкініш пен өкпенің,

Сағындырып жүреді ылғи өткенім.

Көз ұшында көлбеңдейді мұнардай,

Сайран күнім,

Жайған бүрін – көктемім.

 

Ұшқыр жылдар,

Түсінбеймін әлі мен,

Айырдың ба қазынамның бәрінен?

Жас дәуренім көшкен бұлттай ұзап бір

Өтіп кетті қу тірліктің қамымен.

 

Даңғыл қайда?

Таусылмайды бұраңы,

Кескестейді, көз алдымда тұрады.

Қалмады ма,

Қалды ма із, кім білсін?

Бұл өмірдің қатал, қиын сұрағы.

 

Қайтарайын жарық күннің өтеуін,

Өмір – майдан,

Өткізбедім бекер күн.

Бір кәдеңе жараса деп жыр жазып,

Адам, сені асқақтата көтердім.

 

* * *

Сетінеген моншақтары бұлақтың,

Тау сыртына алаулады құлап күн.

Үлбіреген қып-қызыл гүл майысып

Сіміреді ыстық демін шуақтың.

 

Жота-жонды

Бояп жатыр шашып нұр,

Құлын жорға

Есті самал асып қыр.

Күміс толқын жамырайды төменге,

Арнасынан асатындай тасып бір.

 

Қимайтындай,

Күн қарады қиылып,

Ауысқандай

Бір күдік пен бір үміт.

Қызыл күрең шымылдығын тартты да,

Көк күмбезі биіктеді түріліп.

 

Ән

Көкіректің аһ ұрған жалынындай,

Қыздырады адамның қанын ұдай.

Аққу құстың–

Сұңқылы айдындағы,

Сағыныш сазы емес пе «Сарыбидай».

Қимас сезім жүрегін тілімдеген,

Әлде күн бе –

Биіктен күлімдеген.

Қандай сиқыр баурайды адам жанын

Көпті өзіне тартады үні немен?

 

Ән-арманды тыңдасам жеңілденем,

Жеңілденем –

Толқимын, тебіренем.

Ешкімнің де бетіне қарамайтын

Аямапты өткінші өмір деген.

 

Биікке де көтердің,

Алып ұштың.

От тастайды өзекке жанып ішім.

Көп пернесін көңілдің басады дөп,

Басылады сол сәтте сағынышым.

 

Қадір түнгі тілек

Қадір түннен көп шарапат тіледім,

(Ең болмаса орындар деп біреуін).

Жаратқанға жалбарындым түнімен

Шаншып-шаншып мазалама, жүрегім.

 

Бүтіндігін тіледім мен жерімнің,

Тыныштығын тіледім мен елімнің,

Аман болса төрт құбылам, Жаратқан

Ешнәрсеге алаңы жоқ көңілдің.

 

Асқақтаса деп тіледім тауымды,

Қалай ұмытам берекелі ауылды?

Тағдырыма тап келтірме, Жаратқан,

Қайғы дейтін қара тастай ауырды.

 

Толқын атып жатса деймін көлдерім,

Таусылмайды арманы да пенденің.

Жетім болып жыламасын сәбиім

Аранынан сақтаса екен өңгенің.

 

Ұғым басқа, күнім басқа, жаңардым,

(Неге шалыс басылады қадамым?)

Мінәжатпен көз ілмейін бұл түнде

Тарылғанын көрмейінші заманның.

 

Қасиет түн.

Шапағат нұр себелер,

Жақсы ниет Жаратқанға еленер.

Бейбіт күнді,

Тыныш түнді тілейін,

Қадір түнгі тілегімді бере гөр!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір