Жыраулық поэзияның ұлы тұлғасы
Арғы атам аруақты ер Қарасай,
Теңселген дүбірінен тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.
Жамбыл.
Рафат Әбдіғұлов
Жыраулық дәстүр, жыраулық тұлға, жыраулық таным, жыраулық поэтика туралы түсінік қалыптастырам деген ізденуші әдебиет тарихын қарастырған кітаптарды, энциклопедиялық еңбектерді, әдебиеттану сөздіктерін, т.б. жұмыстарды парақтағанда таза теориялық бір бет – жарым бет көлемінде ғана мазмұндық дерек, ой, пікір бар екенін байқайды. Сондағы жыраулық поэзияға қатысты ойларды бірнеше пункттерге бөлсек:
1. Жырау – ауыз әдебиетінің ежелгі өкілі.
2. Шығармаларында ірі қоғамдық мәселелерді көтерген көркемдік тұлға.
3. Елдік, ерлік тақырыптарын көтерген өлең, толғау жырлардың авторы, айтушысы.
4. Өз кезі үшін алдыңғы қатарлы ойшыл, ақылшы, танымдық деңгейі жоғары тұлға.
5. ХV–ХІХ ғ.ғ. өмір сүрген шығармашылық тұлға.
6. Қоғам қайраткері, дипломат, ел қорғау, мемлекеттік істерге қатысқан ақылшы.
7. Халық ауыз әдебиетінің идеялық, эстетикалық деңгейінің артуына әсер етуші.
Қысқаша, шақтап алғандағы осы шарттарға салып қарағанда алдыңғы қатарда, бірінші орында Бұқар жырау тұр. Жыраулар қатарында аталып жүрген тұлғалардың кейбірі Абылай сияқты ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғалардың тұсында болса, кейбірі ру-тайпалық, өлкелік аймақта көрінеді. Соңғы топқа негізінде Абылай хан өмірден өткен кезеңдегі, орталық хандық билік жойылған кездегі шығармашылық тұлғалар жатады. Жыраулық мазмұн ерлік поэзиясымен (рыцарлық поэзия), зар-заман ағымы сарынымен кірігіп келе жатты. Осы үрдісті басқа ұлттардың ертеректегі әдебиетінен, европалық рыцарлық поэзиядан, Батыс Европадағы ең соңғы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан ұлт венгр-мадьярлардың әдебиетінен, солтүстік Кавказ халықтарындағы қазақ жырларынан (жанр) түркмен, қырғыз, т.б. ұлттар әдебиеттерінен кездестіруге болады.
Ұзақ өмір сүріп ХІХ ғасырдың соңына қарай өмірден өткен Сүйінбай Аронұлын мезгілдік есебіне қарап көбіне жыраулар легіне жатқыза бермейді. ХІХ ғасырдың ортасында дүниеге келгенмен, мұнда
ХХ ғасырдың ортасында өмірден өткен Жамбылдың ұстазы ретінде де Сүйінбайды заманауиландыру үрдісі болды.
ХІХ ғасырдың басында туған Сүйінбай Дулат, Махамбет, Шортанбайлардың замандасы. Сүйінбай өмірінің сапалы, ақындық қуаты шарықтаған кезінде Жетісу қазақтарының әлі орнығып болмаған, солтүстігінен Ресей әскері жылжып келе жатқан, шығысынан қытайлар көз алартып, қалмақтардың қалдықтарының әлі де оқтын-оқтын барымта шабуылдары болып тұратын, оңтүстігінен Қоқан хандығы да бекіністерін салып, зеңбіректі гарнизондарына сүйеніп отаршылдық әрекеттерін жасап жатты. Сонымен қатар, қазақ ру-тайпаларының арасындағы жер даулары да өршіп тұрды. Жыраулық дәстүр тарихи категория болса, Сүйінбай өмір сүрген кездегі Жетісудағы тарихи ситуация жыраулық мазмұнның, жыраулық поэтиканың өмірге келуіне әсер етті.
Жыр алыбы Жамбыл:
Жетісуда қазақтың
Күлген күні кем еді.
Жан-жағынан күнде жау,
Елге тыныштық бермеді.
Бір жағында қалмақтың,
Ұрылары бар еді.
Бір жағынан қырғыздың,
Орман ханы анталап,
Күнде мазаны алады, –
деп сол кездегі ел жағдайын, тарихи ситуацияны қысқа штрихтармен атап өтеді. Бұл Ресейдің отарлық әрекеттері Іленің күншығыс бетіне келген кезі. «Қаратал мен Көксудан, ел бері қарай ауғанда», – деген жолдардың ар жағында қазақ тарихында көп ізі қалған неше түрлі сойқан оқиғалар жатыр.
П.П.Румянцевтің 1913 жылы С-Петербургте шыққан көптомдық «Материалы по облседованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреческой области» атты жұмысында «Киргизы населяющие ныне Верненский уезд, в большинстве своем, живут здесь не больше 50-60 лет. Представители всех крупных родовых групп Албан, Дулат, Чапрашты, Сты и Сарыюсюнь рассказывают, что они пришли сравнительно недавно из-за Или, где вес они кочевали в предгорьях и песках между Караталом и Или», – деген деректер берілген. Дәл осыған келетін деректер Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де айтылады («О киргиз-кайсацкой Большой орде», Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, 1 том, 180-181 б.б.).
П.П.Румянцевтің аталған еңбегінде Шапыраштыларды Қапал, Лепсі өңіріне Қараш батырдың бастап келгені жайында бірнеше рет айтылады. Бұл жоңғар қалмақтарының қазақ жерінен толық аласталған кезі болуы керек. Шамамен 1760-1780 жылдар. Тарихшылардың бір анықтайтын жайы осы. Тарихи деректерге қарағанда Жетісуды мекендеген қазақ тайпалары жоңғар шапқыншылығынан үріккенде оңтүстікке қарай, Сыр бойына ауған. «Ақтабан шұбырынды» кезінде, 1723 жылдары Шапырашты тайпасы Бұхара маңында болып, әрі қарай Сырды өрлеп, Солтүстікке қарай ойысып, Ырғыз, Торғайды басып, қазіргі Ақмоладан шығады. Қалмақтар шегініп, қазақ жері босай бастағанда Балқаштың батысындағы далада аялдап, Іледен өтіп, Қапал, Лепсі өңіріне келген болуы керек. Қазір тарихшылардың алдына өкімет тарапынан қойылып жатқан талаптар еліміздің осы сипаттағы тарихи жолын анықтау.
Біз ел тарихындағы осы «Ақтабан шұбырынды» жолдарын көбіне ұлы Абайдың елі Тобықты тайпасының өткен жолы арқылы білеміз. Бұл жолды Кеңгірбай, Ырғызбай аталары арқылы мөлшерлеп, тобықтыларды Шыңғысқа Мамай батыр бастап келгені белгілі. Одан кейінгі Кеңгірбай мен Құнанбай кезіндегі жер даулары, аламан шабыстар әріде архив деректерінен, беріде
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан оқимыз.
Бұл әңгіме айтыстағы Саурық жыры мәтініндегі «Қаратал мен Көксудан ел бері ауғанда» деген жолдарға қатысты. Тыныштық кезде де қазақ ру-тайпаларының, елдерінің арасында жер дауы, барымта-сырымта болып отырғаны белгілі.
Ал жоңғардан кейін елдің жерлерге орналаса бастаған кезінде мұндай жағдайлар ушығып, соғысқа ұласып кеткендігі тарихи фактілерден аян.
Ілияс Жансүгіров «Жетісу» (1730-1916) атты шығармасында (А., 2001 ж. 178-б.) Жетісуды орыс алардың алдында осы күнгі Садыр, Матай жүрген жер (Лепсі, Талдықорған уезі) түгелімен Ұлы жүздің жері еді. Лепсі, Алтынарық, Ақсу, Мақаншы бойларында Шапырашты, Сарыүйсін деген елдер қоныстап, Матай Ұлы жүздің жаңағы руларымен өрістес еді. Күркілдектің (Аягөз) құйғанынан осы күнгі қонысына шейін Қаратал, Көксу бойында Жалайыр жүруші еді. Осы күні Іле көпірден өрге қарай Құлжаға шейін беті ашық – өзеннің екі жағын өрістеп Ұлы жүздің Албан-Суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса Дулат қоныстанушы еді», – деп, дәл деректер берген. Бұл схема сол кездегі орыс деректерінде де, кейінгі тарихшылар жұмыстарында да осыған дәл келеді.
ХІХ ғасырдың басы Жетісуға Шығыстан Ресей империясының отарлаушы әкімшілігі мен әскері қару күшімен де, айлалы аяр саясатымен де сұғынып келе жатқан кез. Қазақстанның оңтүстігін елден аяусыз салық жинайтын, осының негізінде тұрақты әскер ұстайтын, жеткен жерлерінде бекіністер салып, зеңбіректі гарнизон ұстайтын Қоқан хандығы да ентелеп келіп, елді ығыр ғып тұрды. Бұл кез Жанкісі жырау айтқандай, «әкімі жоқ» қазақ тарихындағы ауыр, аласапыран кез. Екі жақтан екі отарлаушы ел де қазақ жерін қарпып қалуға барынша әрекет етіп жатты.
Тарихшылар зерттеулерінде Ресей отарлау саясатының бір әдісі – өзіне бағынған ру-тайпаларға күш-көмек, қару беріп, өзіне әлі бағынбаған немесе Қоқан хандығы ықпалындағы ру-тайпаларға айдап салып, тұрған жерлерінен ығыстыруға мүмкіндік беретіні тарихи деректер негізінде көрсетілген. Ресей әкімшілігі өздерінің ықпалына бұрынырақ өткен уақ, керей, арғындарды айдап салып наймандарды ығыстырса, кейін Ресей қарамағына өткен наймандарды қаруландырып, үйсін ру-тайпалары мекендеп отырған жерлерді басып алуға айғақтап, қағаз ұстатып мүмкіндік берген. Бұл кезде жері тарылған үйсіндер Іленің сол жағына қарай ығысып, Қоқан хандығының ықпалына түсуге мәжбүр бола бастайды.
Шоқан Уәлиханов «Большая орда киргиз-кайсаков» атты жұмысында Ұлы жүз ру-тайпаларының орналасуы жайлы айта келіп: «Хотя появление русских войск в этой части степи Большая орда и считалась под покровительством России// с 1824 года, но китайцы не переставали посылать в Заилийский край свой отряды для сбора ничтожной дани до 1840 г., в который они потерпели горнестное и плачевное поражение от здешних чапраштов при урочище Терен-Узек.
Отряд состоял из трех тысяч китайцев и, собирая ясак, намеревался пробраться к ташкентскому аксакалу для переговоров. Еще до сих пор китайцы не могут забыть этого поражения и с глубоким негодование отзываются о всяком кайсаке чапраштинского поколения», – деп жазған.
Шоқан Уәлихановтың келтірген деректері де сол кездегі Сүйінбай өмір сүрген уақыттың, тарихи жағдайдың сырын аша түседі.
Сүйінбай Аронұлының атасы Күсеп туралы ел арасында сақталған әңгімелерде оның жоңғар қалмақтарымен болған жойқын соғыстардың кезінде жорық жыршысы болғаны жайлы айтылады. Күсеп жайында алғаш 1980 жылдардың алғашқы жартысында Жамбыл Жабаев музейінде жұмыс істеген кезімде Тезекбай Жамбылұлынан естіген едім. Әкесі Жамбыл сияқты іштарлықтан ада Тезекбай аға Күсеп айтты деген бірер шумақ сөздерді де айтушы еді. Өкінішке орай жазып алмаппыз.
Сүйінбайдың атасы Күсеп жоңғар қалмақтарымен ұзақ жылдарға созылған соғыстарда, жорықтарда үнемі туыстары, ағайындары шапырашты Наурызбайдың, Дәулет, Қаумен, Жәпектің, Сатай, Бөлектің жанында болған.
Атадан келе жатқан жыраулық дәстүрді, елдік, ерлік тақырыбын жырлау үрдісін Сүйінбай да өмір бойы ұстанған. Сүйінбайдың да, Сүйінбайдың шәкірті Жамбылдың да ұзақ жылғы ақындық жолдарындағы үзілмейтін тақырып – Қарасай тақырыбы.
Сүйінбайдың елдік, ерлік тақырыбын жеке бастық идеядан, ру-тайпалық намыстан, тіпті ұлттық идеядан да кеңге шығып, елдік пен ерліктің әлемдік деңгейінде сөйлеген «Бөрілі менің байрағым» толғауында:
«…Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза аламыз.
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз…», –
десе, «Ту алып жауға шықсаң сен» өлеңінде Дулат елінің Тілеуқабыл руының Қоқан қолының астында қалғаны жайында хабар келгенде:
Ей, Сұраншы, Саурық!
Қоқанның қолы мықты деп,
Жатырмысың жабығып?!
Тілеуқабылдың қос шалы
Жылап келді сабылып.
Дулат елі қалыпты
Сарыкемерде шабылып.
Батыр елден шығады –
Ұрандап жауға шабатын,
Жауыңа ойран салатын.
Ақын елден шығады –
Айтыста жығып, шалатын.
Жеңіп бәйге алатын.
Ей, Сұраншы, Саурық,
Қоқанның қолы қаптады,
Қасиетті жерімді
Тозаң қылып таптады…
десе, әрі қарай батырларды қайрап:
Кешегі өткен Қарасай
Сансыз мың дұшпан келсе де,
Ұрандап жауға шапқанда,
Тамам қалмақ жабылып,
Қазаққа қайта батпады.
Сол Қарасай бабамыз
Еменнен найза алатын,
Қорамсаққа қол салатын,
Қырық мың дұшпан келсе де,
Тайсалмай қарсы алатын… –
деп суреттеп, әрі қарай:
Қызыл қырғын қан көрсе,
Тайсалмай барып кіретін.
Еңіреген ерлер қайда екен?! –
деп армандайды. «Ақтұяқ атқа мінесің, Бүгін маған ересің», – деп, әрі қарай «Қаншама халқың ереді, Оны да көресің», – деп діттейді.
Өлеңді сөзді:
Ту алып жауға шықсаң сен,
Іледе жатқан Жалайыр,
Шапырашты, көп Дулат
Олар да атқа мінеді.
Өздеріндей болған соң,
Сұраншы – Саурық тірегі… –
деп аяқтайды. Жыраулық поэзияның асыл үлгілерінің бірі осы емес пе? Тек халқы кейде қолдап, кейде бұғып қала бергені болмаса.
Сүйінбайдың бізге жеткен «Қарасай батыр» жыры кезінде кең-мол айтылған көлемді жыр болғаны анық. Жырдың мәтініне барлай қарағанда кейбір мағыналық бөліктердің дараланып, қиыспай тұрғаны байқалады. Бұл кезінде үлкен көлемде жырланған шығарманың кейінге толық жетпегеннің әсерінен болу керек.
«Ерлердің жақсылығы ұмытылмайды,
Шындықты дұрыс айтса ел тыңдайды.
Ертеде өткен екен Ер Қарасай,
Айтайын тыңдаушыма сол туралы.
Ер есімін шалқыған көл айтады,
Еркін өскен самалды жел айтады.
Батырға ескерткішке халық қойған,
Өзен, сай, тау мен сазды жері айтады.
Ерлігін, батырлығын құрметтеген,
Қалың жұрты – ұрпағы, елі айтады.
«Қарасай – қасиетті бабамыз» деп,
Мен білетін қазақтың көбі айтады…» –
деген жолдар жырдың ақындық экспозициясы болса:
«…Қалың Жоңғар Шығыстан қаптап келген,
Болыпты ел күйзелген бір қиын кез.
Қыл бұрау сап қинады батырларды,
Қорлады жас қыздар мен қатындарды.
Жақсының жағасына қолын салып,
Алдына сап айдады ақындарды.
Жазықсыз жас сәбиді найзаға іліп,
Арсыз жау шімірікпей жүріп кетті… –
деген жолдар жырдың оқиғалық экспозициясы.
«Үйсіннің бір руы – Шапырашты,
Жауына жаны ашымас қаны қасты.
Соларда бір ұл өсті – Ер Қарасай,
Қақ жарған атқан оғы қара тасты…» –
деген шумақпен басталатын жырдың негізгі оқиғалық бөлігінде Қарасайдың бір соғысын ғана суреттейді. Оқиғалық бөлік Қарасай батырдың өмірінде болған көптеген ерлік істерінің типтендірілген көркемдік баяны.
Қарасай Алтынайұлы (1598–1671) өмірі ел қорғаумен жорықта өткен, Еңсегей бойлы Есім хан қазақтың Қарасай батыры деп марапаттаған, ұрпағы өсіп-өнген, бір тайпа елдің ұранына айналған хан батыр. Батырдың төрт ұлы туралы ел арасында әдемі аңыз, әңгіме сақталған. Қарасай батыр бірде өзінің төрт ұлын сынамақ болады. Әуез, Түрікпен, Өтеп, Көшек деген төрт ұлы атқа мініп, жауға шабатындай жасқа келіп қалса керек. Қаңтардың аязды кештерінің бірінде төртеуіне төрт ішік беріп:
– Сендер батырдың ұрпағысыңдар! Анау жылқының шетіне барып ішікке оранып түнеп шығыңдар. Суық қар мен сары аяз кеуде сарайларыңды ашып, күш-қуаттарыңды тасытады, қара жер қасиет береді, – деп бұйырады да, өзі жылқышылармен қоста қалады. Таңға жуық аяз күшіне әбден мінген кезде балаларым қалай жатыр екен деп сынауға шығады. Төртеуіне жақындай берсе, Әуез ұйықтамай ояу жатыр екен.
– Әуез, сен өмірі ел ішінен ұзап шықпай, ортада ғана отыратын ел болады екенсің, – депті батыр әкесі.
Түрікпен ішікті айқара ашып тастап, кеудесі көріктей көтеріліп, үстінен буы бұрқырап, екі қолын екі жаққа керіп, кіжініп ұйықтап жатыр екен.
– Түрікпен балам-ау, қолың жетер жерді сұрайсың-ау. Сенен жаужүрек батырлар көп шығып, қара ормандай көбейіп, еліңе қорған боларсың түптің түбінде, – депті.
Өтеп екі жұдырығын түйіп ұйықтап жатыр екен.
– Өтеп балам есесін ешкімге бергізбейтін, ішіне бөтен жанды кіргізбейтін ақ адал малыңмен күн көреді екенсің, – деп сынапты.
Кенжесі Көшек ішікті түгел қымтай оранып, басын ішке бүгіп, пысылдай ұйықтап жатқанын көріп:
– Көшек ұя бұзбас, еңбегі бойына даритын бай, сөзі ісіне сай, атағы күн мен ай болады екенсің, – деп Қарасай батыр Көшегіне баға беріпті.
Баспасөз бетінен американдық ғалымдардың аса қуатты компьютерлердің көмегімен Шыңғыс ханның жер бетіндегі қазіргі ұрпағының саны бірнеше миллион екені жайлы оқыған едік.
Қазір Әуез, Өтеп, Көшектің ұрпақтары бір-бір үлкен рулы ел болып өсіп кетті. Түрікпеннің ұрпақтары да қарқынды өсіп бірнеше рулы ел болып кетті.
Қарасайдың тікелей ұрпақтарынан Қаумен, Дәулет, Жәпек, Қараш, Қастек, Кәшке, Атығай, Саурық, Сұраншы, Атамқұл, т.б. да көптеген батырлар шыққан.
Сүйінбайдың жыраулық тұлғасын аша түсетін бір дәлел Саурық батырға қатысты. Ақынның Саурық туралы жеке жыры бізге жетпегенмен, «Руы Шапырашты – Саурық батыр», «Батырларды жоқтау», «Батырлар жаудан қайтқанда», «Ту алып жауға шықсаң сен» өлең-толғауларында, айтыстарында үнемі Саурық Ыстанбекұлының ерлігі жырланады.
«Батырларды жоқтау өлеңінде:
Әуелі баста келіп Керімді алды,
Жас батыр Қырбастайын өрімді алды.
Сұраншы, Саурықпенен қабат өліп,
Опасыз дүние, сенен көңілім қалды!
Жеріме жау шапқыны келген шақта,
Қорған болған халқына асыл жанды;
Еліне қамқор болған туғанынан,
Дейсіңіз кім жоқтамас осыларды…» –
деп таусыла толғайды.
Сүйінбай мен Саурық батырдың қатынасы жайында ерекше тоқталатын бір оқиға – қырғыз-қазақтың арасындағы жер дауы. Қырғыз-қазақтың арасында үлкен жортуыл, шабуылға айналып кете беретін соғыстардың көбі барымта, мал алу мақсатында болған. Бір-бірін түбегейлі басып алу, отарлау мақсаты болған емес. Бірақ қазақтың шапырашты тайпасы мен қырғыздың солты саяқ, сарбағыш тайпаларын бөліп тұрған таудың үсті жүріп тұруға, жаз жайлауға өте қауіпті болған. Қырғыз-қазақ кездессе көбіне шатаққа ұласып кететін. Сүйінбайдың, Жамбылдың Саурық, Сұраншыға қатысты шығармаларында «Асулы жерді күзеткен», «Кезеңді жерді күзеткен» деп жиі айтылатыны осыдан.
1846–1847 жылдары қазақ пен қырғыздың арасында осы қиын жердің басын ашып анықтап алу үшін, елді қинап зәрезеп қылып жіберген барымтаны тию үшін келіссөздер жүреді. Шапырашты жағын Саурық батыр бастап барған. Бұл топта сөзге алғыр, табанды жігіт ретінде Сүйінбай да болған. Осыған қатысты әңгімелерді 1980 жылдары Смақов Қойкел (1906–2003), Жылқыбаев Мұқаметжан (1911–2001), Сүлейменұлы Әділбек (1919–2004) деген кісілердің айтуынан жазып алыппын. Аталған кісілердің сондағы қырғыз-қазақ арасындағы шекарасын белгілеуге қатысты айтқан деректері бірдей дерлік. Сол шекара негізінде қазіргі шекара сызығына өте жақын.
Сүйінбайдың Қатаған – Арыстанбекпен айтысы нұсқаларының бірінде «Саурықтай батырыңды Күрпік құлым өлтірген. Кәне қайсы кегіңді алғаның» деген жолдар бар.
Жамбылдың «Саурық батыр» жырында:
Қырғыз Жантай жіберген,
Ақ найзалы бәрі де,
Қабақтары түнерген.
Жылқыны тиіп айдады…
Әйелі сонда сөйледі:
«Асықпа, батыр, сабыр қыл,
Жетерсің қиып кезеңнен.
Күтініп келген жау екен,
Садағын жауға безенген.
Сауытыңды ки», – деді…
Оған Саурық қарамай,
Қойторымен жөнелді…
Қарақыстақ өзенді.
Қасмойнаққа жеткенде,
Артынан қуып Саурық ер,
Айқасып жауға кез келді.
Оншақтысы жылқы айдап,
Ілгері қарай жөнеді.
Қалғандары жол тосып,
Тобымен алды кезеңді.
Найзаларын салысты,
Ат үстінен алысты.
Ақылдасып барлығы,
Істелік дейді әдісті.
Саурықтың кеп жан-жағын,
Қауғалады найзамен,
Бәрі бірдей шанышты.
Қойторы сонда сүрініп,
Жығылып тасқа қалысты.
Жерге атынан түскен соң,
Шаншыды Күрпек бүйректен…
Бұл үзінді Саурық өмірінің соңына қатысты ел есінде сақталған әңгімелерді дәл қайталайды, өмір шындығына өте жақын. Кенесарының қырғызға келуінен көп жылдар бұрын Алатаудың теріскейінде жатқан қазақ рулары мен күнгейіндегі қырғыздардың арасында екі елді де титықтатып жіберген барымталар, өлім-жітімді соғыстар болып жататын. Кенесары әскері қырғызға келердің алдында қырғыз бен қазақ арасында келіссөздер өтіп, екі жақ бір-бірінен кепілге ақ үйлі етіп адамдар алған. Қырғыздан кепілге келгендер бір аңыздарда Жаманқара батыр дейді, бір әңгімелерде Жаманқара, Болат бастаған 12, 13, 15 адам деп айтады. Осының ішінде дұрысы 12 адам болу керек. Сол кездегі көшпелі қазақ, қырғыздың халықтық заңы, этикасы бойынша қарсыласы келісімді бұзбаған жағдайда кепілге тиіспеуі керек, олардың өмірі үшін жауапты. Өлтіріп алса, кепілді ұстаушы құныкер болған.
Кенесары әскері тұтқиылдан келіп басып қалып, Жаманқара, Болат бастаған 12 кепіл адамды өлтіреді. Сол кездегі әдет бойынша өлтірген Саурық деп есептеледі.
(Жалғасы келесі нөмірде).
Сүйінбай дәстүрін жалғап…
Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты ақындар айтысы – жер жаннаты Жетісу аспанын ән-жырға бөлеп тұрды. Алматы облысы әкімшілігінің тікелей қолдауы арқасында өткен сөз сайысы жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Еларалық мәнге ие болған шараның меймандары Қытай, Қырғыз, Моңғол және еліміздің бірқатар облыстарынан келген ақындар жыр көрігін заманауи талаптарға сай қыздыра түсті.
От ауызды Оразәліден, Балғынбек пен Айнұрдан кейін жаңа бағытқа бет алған қазақ айтысының тағы бір толқынының өнері жұртшылықты зор ризашылық сезімге бөледі. Алматы облысының ақыны Жандарбек Бұлғақов бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орын астаналық Сырым Әуезханға бұйырды. Сыпыра жыраудан Сүйінбай ақынға дейінгі жыраулық поэзиясының үлгісін жалғайтын ақындар қазақ өлеңінің жаңа толқыны өсіп келе жатқанына көзімізді жеткізіп, көңілімізді марқайтты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.