Қытай халқы Абайды тани ма?
16.02.2020
1385
0

Егер жолыңыз түсіп, Қытай астанасы Бейжіңнің төріндегі Тьянанмынь алаңының батыс жақ шетін жанай орналасқан, халық ең көп баратын, Шауяң саябағына барсаңыз, алдыңыздан ұлы Абайдың ескерткіші кезігеді. Қытай мемлекетінің арғы-бергі тарихында ірі тұлғаларға көше атын беру, белгітас, мүсін орнату ұлттық салтында қалыптаспаған дәстүр. Осы орайда, «Олар Абайға не үшін ескерткіш орнатты?» деген сұрақ тумай қоймайды. Біздіңше, мұның мәні миллиардтар елі Абай Құнанбайұлын қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани көсемдерінің бірі деп танитындығында жатыр.

Нұрмұхан Жанұзақұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшес


Мен бұл сөзімді 2015 жылы шілде айын­да қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Ұлттық академиялық кітапхана ішінен Абайға арналған бөлімнің ашылу салтанатында да айтқан болатынмын. Кітапхана жетекшісі, белгілі ғалым Үмітқан Дәуренбекқызының айтуынша, Англия астанасы Лондон қаласындағы әлемдегі ең үлкен кітапханада Абай бөлімі бар екен. Мұны көрген Үмітқан қарындасымыз хакімнің туған елінде арнайы Абай бөлімі ашылмағанына ыңғайсызданғанын Мә­дениет министрлігіне мәлімдепті. Министрліктің қолдауымен кітапханадан Абай бөлімін ашу рәсімінде жиналған қауым Қытайдағы Абайтану мәселесі жөнінде білген-түйгенім мен көргенімді айтып беруімді өтінді. Қуана қабыл алдым. Тыңдарманым Қазақстандағы жас ғалымдар болса керек. Белгілі ғалымдар, Абай мұрасын зерттеушілер және жас филологтар жиналған ортада өз ойымды мына бағыт бойынша жеткіздім.

Абайдың Қытайда жарық көрген кітаптары

 

Бірінші, мен Қытайдан көшіп келген, сол жақта ұзақ уақыт бойы руханият саласында қызмет еткен адаммын. Ата­мекенге оралғанға дейінгі қызмет істеген елу жылымда қытай халқымен аралас-құ­ралас, қызметтес болдық. Қытай тілін үйреніп, өзім өмір сүрген ауданның идео­­логия бөлімін басқардым. Осы кезде қытайлардың Абай туралы көзқарастарына жіті көңіл аудардым. Мұңғұлкүре ауданында Парткомның рұқсатымен әр ұлт өкілдерінің кадрларын жиып, Абай өмірі мен шығармашылығын таныстырғаным бар. Қытайдағы қазақ зиялыларының ең алғаш Абай өлеңдерімен танысқаны рас. Ғақлияларын (қара сөздер) ес білгенде оқыды. Хакімнің кітабын өз үйлерінде киелі жәдігердей сақтау ол жақтағы әр қазақ отбасы үшін міндет саналды. Ұлтымыздың рухани кемелдену, толысу жолындағы негізгі бағдары – Абай шуағы. Біз бала кезімізден ақынның:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, –

деген өлеңін өмір өлшеміне салып өс­тік. Бұл, жалпы, Қытайдағы қазақ зия­лыларының оқуға, білімге деген құш­тарлығын арттырған, көп білуге ұмтылдырған шуақты жолдар дер едім. Абай сөзі – білген адамға «әке» сөзімен бірдей. Ақындық өнердің сыншы ұстазы да – Абай. Біздер, мүмкіндігінше, Абай жаратқан өлең өлшемімен ақын болуға ұмтылдық.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы.

Біз осы Абай айтқан өлшемді игеруге тырыстық. Қаншалықты көп үйренсек, поэзиямыздың сапасы соғұрлым құнарлана түсті. Санасы отаршылдық илеуінде қамалған кейбір кеудемсоқ ақындар Абайды түсінбестен «Бас ақын емес» деп мұрын шүйірсе де, біз Абай салған әдеби жолға адал болдық. Осы жолды өзіндік үнімен жоғары деңгейге көтерген Мұқағали Мақа­таев секілді ақындар болды десек, қателесе қоймаймыз. Екі ғасырда жасаған екі ұлы ақынымыз – барша халықтың көңілінен ойып тұрып орын алған, әр буын өкілдері жатсынбай қабылдаған поэзия қырандары.

Екінші, Қытайдағы қазақтардың баршасы, қарапайым еңбек адамдарының сауаттысы да, сауатсызы да Абай есімімен жақсы таныс. Абай өлеңдерін екінің бірі жатқа айтады. Бір ғана мысал айтайын. Менің әкем Жанұзақ өз талабымен қара таныған адам. Мектеп бітірмеген. Бірақ мен 2 сыныпта оқыған жылы Абайдың жыр жинағын сатып алып, маған жаттатты. Кейін сол кітапты ұйғыр саудагерлерден сатып алғанын естідім. Ал өзі болса, үнемі ақынның «Болыс болдым, мінеки» өлеңін жатқа айтып отыратын да, өз-өзінен суық күліп, басын шайқап отыратын. Мен ол кезде неге бұлай ететінін түсінбейтін едім. Енді ойлап көрсем, әкем адамның мансапқұмарлығын, даңғазалыққа үйір­лігін Абайдың қалай дөп басып айтқанына таңданған екен ғой. Бұдан біз Абайдың Қытайдағы қазақтардың бәріне, үлкен-кішісіне, оқыған-оқымағанына дейін ерекше құрмет тұтар пір болғанын анық байқаймыз.

 Үшінші, Абай шығармалары Қытай еліндегі елу беске жуық аз санды ұлттың ішіндегі жеке баспасы, ақпарат құралдары бар ұлттардың тіліне түгел аударылған. Сондай-ақ Шыңжаңдағы барлық ұлттың тілінде кітап боп басылып, көп өтпей кітап сөрелерінен сатылып кеткеніне де өз басым куәмін. Өзге ұлт басылымдары Абай туралы мақалаларды, ғұламаның өлеңдері мен ғақлияларын үздіксіз басып, пікір білдіріп жатқанын көргенде кеудемізді мақтаныш кернейтін. Әсіресе, 1,5 миллиард халқы бар қытай тіліне аударылып таратылуы арғы беттегі қазақтар үшін айрықша қуаныш болды. Бұл игілікті іс ұлтымыздың әлемге ақыл-оймен танылуына кең жол ашты десек те болады. 1980 жылдардың басында, Қытай мемлекетіне танымал аудармашы, жастық шағын қазақтар арасында өткізген сібе ұлтының азаматы Қабай аудармасы арқылы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері толығымен тәржімаланған болатын. Қытай ұлты бұл жаңалықты өте жылы қабылдады.

2000 жылы Қытай елінің атақты түр­кологі, түрік тілдерінің білгірі, ғалым-про­фессор әрі ақын Су Жоуши мен Қазақ­тың әйгілі әлем таныған жазушысы Әкбар Мәжитұлының аударуымен ҚХР-ның Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің бірлесуімен «Абай ақлиялары» деген кітап жарық көрді. Бұл кітап 2012 жылға дейін үш рет 10000 тиражбен қайта басылды. Кітапты шығару жұмыстары Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басталған болуы керек, бірақ сәл кешігіп шыққан. Кітапқа Қытайдағы ең үлкен баспаның бірі саналатын «Ұлттар баспасының» редакциясы арнайы анықтама берген. Біз содан азырақ үзінді келтірейік: «Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, әйгілі философы, танымал ағартушы, Қазақтың таяу заманғы жазба әдебиетінің іргетасын қалаушы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай, «Абай ақлияларының» ханзу тіліндегі және Қазақ тіліндегі нұсқаларын қалың оқырманға ұсынамыз… Бұл кітапты алдымен Дұң ұлтының жазу­шысы, аудармашы Соу Жоушиоң орыс тілінен аударды. Еліміздің әйгілі жазушысы, аудармашы Әкбар Мәжитұлы мырза қазақша түпнұсқасына сай қытай тіліне аударып бекітті және түсіндірмелер берді…»

Одан ары: «Еліміздің әйгілі аудармашысы, ақын, суретші Гаумаң мырза қарбалас болса да, қымбат уақытын қиып, осы кітапқа арнап Абай Құнанбайұлының суретін сызып берді және Абайға арнап өлең жазды», – деген. Редакция алқасы Абайдың өміріне терең үңіліп, оның қазақ ұлтының рухани дамуына қосқан үлесін өте жоғары бағалады.

Қытай жұртының атақты суретшісі, аудармашы ақыны Гау Маңның Абайдың суретін сыза отырып жазған арнау өлеңін сәл ықшамдап ұсынып отырмын. Бұл – Абайды пір тұтқан жат жұрттықтардың көп екендігінің бір айғағы. Меніңше, қазақ өзін-өзі тану үшін Абайды терең зерделеу керек. Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің әлі де Абайдан аларымыз, үйренеріміз мол.

 

Гау МЫҢ (Қытай ақыны)

 

Айналаң тастай қараңғы.

Сейілер қашан қайғыңыз?!

Қазақстанда жаралды,

Сөнбейтін жарық ай, жұлдыз.

Жанын жеп, таусып көз майын,

У ұрттап жаны алысқан,

Арнады ақыл, ойларын

Тау тұлғалы данышпан.

Өлеңде кеңінен өрілген,

Қараша қамы тізіліп.

Құшағың күн боп керілген,

Жаныңды жүрміз біз ұғып.

Ел бастап, жырмен аттаңдап,,

О, ұлы ақын, шаршадың.

Адамзатта толды ақтаңдақ,

Абайлар туды қанша мың.

Хас сұлулық жасадың,

Сондықтан жұрттан аса алдың.

Жартастарды жаңғырттың.

Көз жасың жуды жағаны.

Саңылау ашып санадан,

Қазақтың тұрды Абайы.

Ақыл мен жырың ұрпаққа,

Әлемді шарлап таралды.

Ай аунап, жылдар көшкенде,

Ұстаз боп Абай саналды.

Бозторғай әні емес бұл,

Салатын тағы қайталап.

Жердің шарын ояту,

Құмары жердің тарқамақ…

Өтеуі қайтты еңбектің,

Сылдырап ақты тас бұлақ.

Самалды жайлау, саумал көл,

Билейді жаңа жас құрақ.

Гуілдеп желі ғасырдың,

Ғарышты өбіп жатады.

Әлемге әйдік әділет,

Бырт-бырт үзді матауды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір