Мырзан Кенжебай. Дүние үнсіз, алғандай нала жұтып…
15.02.2020
1054
0

КӨКТЕМГЕ БІР АЙ ҚАЛДЫ

 Келуіне көктемнің бір ай қалды,

Мына қыс та енді көп тұра алмайды.

Өрекпіген жүрекпен қарсы ап тұрмын

Қыр жағалап жүгірген құмай таңды.

Қарсы ап тұрмын алқынып әлденеге,

Көз алдымда дүние шыр айналды.

 

Мына таңда тірі ұйықтап жата ма адам:

Көктемді аңсап көңілің қаталаған.

Алтын нұрға аптатып сәукелесін,

Таулар жатыр ақ мамық опалаған,–

Мына таңда тірі ұйықтап жата ма адам?!

 

Кеп қалғандай үрзада үкілі үміт, –

Ақ тиіндер көктемнің құтын ұғып,

Ойнақтаса терек-қыз шешінеді

Ақ көйлек боп ақша қар сыпырылып.

 

Бір жыбыр бар… ұғынба, ұғын мейлің,

Ақын емес адамға білінбейді,

Бүлкілдетіп бауырын жел иіскесе,

Мұздың өзі майысып күлімдейді.

 

Сырлы әуенге әлдебір сиқырланып,

Аңсап ертең билейтін биді ырғалып,

Мұз астында ақ бұлақ алқынады,

Құс келер деп бір ұлы қиқуды алып.

 

Сен жоқсың ғой!

Бар болсаң келер едің…

Уһ, шаншиды жүрегім неге менің?

Көктем қыздың көп сырын білсем дағы,

Білмей тұрмын не алып, не берерін.

 

Келуіне көктемнің бір ай қалды,

Арылғай да көңілден тұман-қайғы.

Енді қанша көктемім қалды дейсің,

Күнде ертемен күтейін құмай таңды…

 

АЛМАТЫ. «НИКОЛЬСКИЙ» СКВЕРІНДЕГІ КӨКТЕМ

 Мына көктем қайтеді, мына көктем,

Қылаң еткен алдымнан сылаң еткен.

Меңдуана жегендей, мына баққа

Тағы келдім,

Бақ бар ма бұдан өткен?!

 

Жапырағында ойнатып Күн-арайын,

Әлі тұр ғой әппақ боп мына қайың.

Куәсі еді дәмі бал, балғын шақтың,

Оны көріп қалайша жыламайын?!

 

Осы жерде қалқамды, осы шақта

Шығарып сап жүргенмін, тосып ап та.

Менен басқа тірі жан сала алмайтын

Бір Қорлан ән көмілді осы бақта.

 

Қол бұлғаған беймәлім арман елі,

Бұл бақ бізге бақ та еді, бағбан еді.

Есіме алсам, ішімде ит ұлытқан

Бір тәтті мұң осында қалған еді.

 

Біз екеуміз көктемге көрімдік боп

Көк шалғынды көрпе қып көмілдік кеп…

Әне қара! Мұңаяды маған қарап

Біз отырған баяғы орындық тек.

 

Мұңымды айтсам, – өткен шақ жайлы бұлай,

Күлсең күл, жұрт, деп: «Мұның қайғысын-ай»

Жалғыз бұлбұл бар еді мен тыңдайтын

Ол да жоқ қой, қайда екен байғұсым-ай?

 

Көктем-дүние, көңілі қош айналам,

(Жоқ бақытты жалғанда жасай ма адам?!)

Неге келдім бұл баққа,

Кілең қарға

Өз үніне мәз болып масайраған?!

 

Есіңді жи, ей, көңілім, көресің бе?

Келді ғой ол, келді әне, сенесің бе?

Неге ғана жылап тұр маған қарап,

Сенсің бе бұл, әлде тек елесің бе?

 

ҚҰМАРЛЫҚ

 Қақсап бір қасаң, қанжылым әнді,

Жүйкеңді жеумен қайта да қайта,

Жүрекке көмген жаңғырықтарды

Ығыр қылдым-ау, айта да айта.

 

Құбылып өткен қырғауыл қанат, –

Қызыққа толы ғұмыр сүріппін.

Маған, мен жазған жырға бір қарап,

Ұқтың ба мені, қыңыр қылықтым.

 

Түсінбейтіндер кінәласын тек,

Қыңырсың, жаным, еркесің-ақ тым.

Саңылаулы жан ғой, сығаласын деп,

Көмулі көңілдің көрпесін аштым.

 

Тартып ең бір сәт сәл ысып құшақ,

Аспаннан түскен Айға баладым.

Сен аңсап жаттың ақ мысық құсап,

Басқа бір жанның аймалағанын.

 

Өзіңді алдап бекерден-бекер,

Кеткен соң өтіп әнді ұғар жас бір.

Оралмай мәңгі өтер де кетер

Махаббат деген Алдияр тақсыр.

 

Ақ тәнің асыл құндыз да болса,

Тартқанын талай жармасып қасқыр, –

Білсем де басты игізді-ау сонша

Құмарлық деген албасты басқыр.

 

АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН

 Дүние үнсіз, алғандай нала жұтып,

Жым-жырт жатқан ақ таңын дала күтіп,

Ақша бетке қорасан дақ түскендей

Кетті кенет Ай жүзі қарауытып.

 

Шаршатқанда тірліктің күйкілігі, –

Адам-пенде болады-ау ұйқы құлы.

Ел ұйқыда, алтын Ай соған ғана

Керектей-ақ зар илеп ит ұлыды.

 

Мұңға орап сай-сайды, қыр, қыратты,

Жанды мүжіп, сүйекті сырқыратты.

Ұлығанда үздігіп Айға қарап

Тұлабойы тоңазып дір-дір қақты.

 

Шырылдаған әлгінде жырадағы

Шегіртке де тым-тырыс тына қалды.

Жан түршігіп селк еттім,

Шайқап еді

Сұп-суық бір жел соғып құба талды.

 

…Мықты еді ғой, тағдырдың жүгі жеңді –

Ол қимайтын қалған жоқ түгі де енді.

Жалғыз ұлы апаттан опат болған

Жарымжан шал сәкіде күңіренді.

 

Сұрар жан жоқ көңіл мен өмір жайын

(Өлгің келсе, әрине, өлім дайын).

Сен қайдасың, Батиха-ау,

Құлазыдым

Тұтылды ма ол жақта сенің де Айың?

 

КӨКТЕМ. СЕНI КҮТКЕН КҮН

Қ-ға

Дүние жым-жырт, дым шығармай күрсінген,

Таулар түгел – меңірейген құр сүлде.

Тар бөлмеде сандаламын,

Бір самал

Сыбырлайды: «Сорлы-ау, не іздеп жүрсің?» – деп.

 

Күнге тосып қыртыс-қыртыс желкесін,

Оймен шолып өткен шақтың өлкесін,

Настя кемпір күншуақта мүлгиді,

Ақтық күні кеп қалғанын сезгесін.

 

Настя әже! Ренжімегін өлем деп,

Қазір келем, түсем мен де төменге.

Сенің алпыс жыл бұрынғы шағыңды

Жаңа ғана сиғыздым мен өлеңге.

 

Жалғыз шымшық… Боп кеттің бе сайрауық,

Шырылдайсың шарбақты шыр айналып.

«Орнына бар, – деп жүрсің бе –

Настяның»,–

Отыратын өлім күтіп жайланып.

 

Барсам, барам, қорқам бүгін неге одан,

Бүгінгі күн бар қимасты тонаған.

Армандаған көктеміме жете алмай,

Қайтпай қалған бір құс болып жоғалам.

 

Еске түссе бүгінгі азап шеккенім,

Көктемей-ақ өтетіндей көктемім.

Ей, дүние! Құлпырсаң да қаншама,

Көріктімнің күлкісіне жетпедің.

 

О, Жаратқан! Кешір шерлі жүректі,

Әне, әне, сұр телефон шыр етті.

Келді, келді, көктеді ғой көктемім,

Түріп тастап төбемдегі түнекті.

 

 Өзімді бабаммен салыстыру

 Қазы-қарта тегене, шарасымен,

«Сарық басып» сары қымыз сабасымен, –

Талтаң басып баратсаң «түзге шығып»,

Сол тұрқыңмен заманға жарасым ең.

 

Бүгінгілер күлкі етсе «мешкейлікті»,

Ол кез ешкім сол үшін сөкпей тіпті,

Сайын дала, сабат жай, салқын үйде,

Бабыңды іздеп, бағлан, бектей күтті.

 

Еділ бойы – ен тоғай, қарадай мал,

Жайық бойы – жарлауыт, жағалай тал,

Жарлауытқа шығады: «Жау жоқ па?» – деп,

Орақ, Мамай, Ер Шора, Тарағайлар,

 

Тілек тілеп тек қана бір Алладан,

Ұрпақ үшін, ұлт үшін, ұрандаған, –

Қалың беріп қалмақтан қатын алдың,

Көккөз қызға көз салмай сылаңдаған.

 

Біліп кәпір келерін сұм ажал боп,

Имансызға иба қып шыдаған жоқ.

Сүндеттеп боп: «Ты резан», – депті ер Мамай,

Аталады сол мекен Рязань деп.

 

Тауға өрлетіп, қойсаң да тасқа ойнатып,

Дос болмайды ешқашан қаскөй халық,

Қорқам бүгін айтуға әлдекімнен,

Ту тіккенін Тоқтамыс Мәскеуді алып.

 

Құмар болып у құйған шөлмегіне,

Шыны-аяқтың емінем ернеуіне.

Қос қатын ба? Ол түгіл бір қатынның

Ем таппаймыз кей-кейде, «шөлдеуіне».

 

Тәнімді улап отты су, шоқ боп демім,

Аласұрдым еңбектеп, етпеттедім.

Қымыз, шұбат орнына «кола» ішіп,

Амлет пен котлет, хотдог жедім.

 

Базарбайлар бас тартса сүре, аяттан,

Күнәм жоқ қой, дейтіндей «Құдай атқан».

Қазақ емес, «жаңа ұлт» боп, беймәлімге

 Ағып барам құбырмен мұнай аққан.

 

БЕЙІТ БАСЫНДА АТА-АНАМА АҚТАЛУ

 Өксулі өмір деген көш-кіренің –
Мұңы мол, қоңырау үнді қос күйі едің.
Кеп тұрмын, білем сезіп жатырсыңдар,
Оу, менің қос әулием, қос киелім!


Алысып жылдарыммен асау кілең,
Қатайғам, қасаң боп та босай білем.
Егілем «менен онша қызық көрмей
өтті-ау, – деп, – мына жатқан қос әулием».

Жоқ кезде келінің мен бала-шаға,
Жан таппай жан-дертіме арашаға, –
Оу, менің қос мұңлығым, сендерді ойлап,
Аңырап жылаймын кеп оңашада.

«Айтпайды айтшы десең мән-жайыңды,

Ішіп ап күрсінгені қандай мұңды?!!» –
деп сендер отырдыңдар,
мен естіп қап,-
қос қолдап ұрғыладым маңдайымды.

Жылдарым жылжығанын ызғарменен
Ойласам, мұздап жаным, сыздар денем.

Жоламай жолы болғыш жайсаңдарға,
Бір жүрдім бүкіл бақытсыздарменен.

Серік қып септігі жоқ көп сезімді,
Өткізіп алғаннан соң от кезімді,
Кеш білдім, сендер атын атамайтын
«Суды» ішіп тастаппын-ау өртке өзімді.

Мен үшін тас-түнек боп айдын шалқар
Үрзада үмітімнен айрылғанда әр,
Ішкенмін, қойдым, міне, 17 жыл
Ұйықтаңдар, қос байғұсым, қайғырмаңдар!

Бір кезде арман түгел құрбан болса,
«Өкпем жоқ» дей алам ба жылдарға онша?!
Ішпеймін, қорықпаңдар, енді ішпеймін,
Бар бақыт соған қарап тұрған болса.

Мен түгіл жинауда жұрт есін жаңа,
Мақтанам жетілдім деп несін ғана?!
Жыласа, ата-анасын еске ап жылар
Мен де бір сақалы бар жетім бала.

Атса да әр алтын таң алаулап та,
Оның да жақсылығы санаулы-ақ па?!
Талай жыл тұтқындады тұман-тағдыр
Екеуің кеткеннен сол анау жаққа.

Аралас жылау, күлу, қауышу да,
Күндерім – алмағайып ауысуда.
Мінекей, жер бетінде сапарымды
Жақындап қалдым мен де тауысуға.

 

Кемсітіп кім көрінген күлгенде аяп, –
Шыдаса – шыдай алар, ер мендей-ақ.
Сенделіп келем әлі жер бетінде
Жазамды өтеу үшін келгендей-ақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір