Сөзбен салынған сурет
14.02.2020
252
4

Әлібекті әріден, сонау сағымға айналған жетпісінші жылдардан білемін. Оралхан досымның үйінде өтетін отырыстарда жүздесіп жүретінбіз. Алматы көркемсурет училищесінде оқитын кезі. Ақсары өңді, орта бойлы, жүзі жылы, ағаларының дауласып дуылдаса айтқан әзіл-қалжыңдарына құлағын тігіп, жымия күліп отыратын, еліктің лағындай елгезек бозбаланың кісіге алабөтен үйірсектігі көңіліме қона кеткен. Одан бері арада қаншама жылдар өтті. Кешегі жасөспірім бүгінде жігіт ағасы жасында. Сол суретшінің оқуын бітірген бозбала қазір қазақтың қабырғалы қаламгері.

Жазушы Әлібек Асқаров

Талай дәрежелі қызметті абыроймен атқарған ел азаматы. Еңбек жолын «Білім және еңбек» журналында көркемдеушіден бастаған ол уақыт өте келе «Өнер» баспасының бас сарапшысы, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде департамент директоры, министрдің бірінші орынбасары, одан соң Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, бертін келе әуелі Нұр-Сұлтандағы академиялық, кейін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапхананың бас директоры қызметтерін атқарды. Бүгін де аттан түскен жоқ. Осынау басшылық және шығармашылық саласындағы ерекше еңбегі бағаланып, ҚР-ның «Еңбегі сіңген қайраткері», «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «Парасат» орденінің иегері атанды. Ол – он бес кітаптың авторы. Алайда Әлібек осылайша қызметі өсіп, абырой-беделі асып тұрса да, баяғы жасөспірім кезіндегі ашық-жарқын, жайдары мінезінен айныған жоқ.

Қара сөзбен жазылған поэма

Әлібектің әдебиеттегі жемісті жолын, көркемдік әлеміне қосылған роман, хикая, әңгімелеріне түгел тоқталып, талдап-таразылап ой толғасақ болар еді… Әйтсе де, менің мақсатым – бұған дейін пікір айтылмаған «Алтайда алтын күз еді» деп аталатын сырлы да мұңды лирикалық поэмасы хақында ой қозғау. Бұл өзі – қазақ әдебиетіндегі тақырыбы тосын әрі жазу мәнері, өрнегі өзгеше туынды.

Алдымен жазушының қара сөзбен жазылған шығармасының жанрын поэма деп қойғанының себебін түсіндіре кетейік. Алтайдың алтын күзінің – табиғатының қайталанбас, мамыражай мезгілін басқа емес, кәсіпқой суретшінің көзімен көріп, сөзімен сипаттап, этюдтерін сөйлету үшін әрбір көріністі әрлейтін бояудың түр-түрін қиыстырып, шүйгін тілден төгілген сырлы сөздермен айнытпай айшықтау шеберліктің шыңы. Жазушы соның кілтін тауып жазса ғана талантын таныта алады. Шынында да, әр сөйлемі өлеңдей ұйқаспаса да, сөйлемдерінің ырғағы, әуен-әуезі, суреттеуі үйлесе келе кәдімгі жырдай оқылады. Ендеше, жанры дәл табылған шырайлы шығарманың поэма екендігі талассыз шындық.

Ұзақ жылдар ұшыраспай, бір-бірінен көз жазып қалған сол бала күнгі достар Алматының бір көшесінде кездейсоқ жолы­ғысып қалған. Аудандағы басшы­лықтың бір тізгінін ұстап жүрген Ералы Жәнімқанды елге келіп, демалып қайтуға шақырған.

Содан белгілі суретші Жәнімқан атамекен Алтайына араға жиырма жыл салып келген. Тау қойнауындағы оңаша үйге жайғасқан соң, қаланың тымырсық ауасынан арылып, Алтайдың салқын саумал самалы бойын сергітсе де, бәрібір ұйқы басып, өзін зеріге бастағандай сезінген. Жәнімқанның ойынша, арада өткен бастапқы бес күн бекер, мәнсіз өткендей, бойын бір беймәлім өкініш билеген. Сол ойын қасындағы серігі, қызмет көрсетуші Мұнарбекке айтқан. Сондағы ауылдың қарапайым жігітінің уәжі: «Неге мәнсіз… Туған жер сіздің анаңыз. Сіз анаңыздың құшағында сағынып кіріп, еркелеп жатырсыз. Бұл күндер сіздің ең мәнді, мағыналы күндеріңіз деп қабылдаңыз», – деп сондай бір салиқалы сөз айтып, суретшінің көңіл түкпіріндегі кілтипанды тауып, жан сарайын жарқыратып жіберді. Міне, жазушының кейіпкер бейнесін сомдауының соны үлгісі, шынайы шеберлігі осы бір ауыз сөзбен жүрегімізге жетіп тұр емес пе?!. Сөз арасында әшейін айтыла салса да сіздің жүрегіңіздегі тылсым сырдың қылын шертіп жіберген аталы сөз деген осы болса керек. Ел ішінде жүрген аңшы жігіттің алғыр ақылгөйлігі адамның кісілігі қызметімен емес, іс-әркет, жандүниесінің байлығымен өлшенетінінің мысалы. Кейіпкерді бейнелеудің, одан тәлім алудың әдемі әдеби тәсілі бұл.

Өмірге қайта оралған суретші бейнесі

Рухани күйзеліске ұшырап, не істерін білмей, ой-санасы арпалысқа түскен, бір кездері атағы шығып, есімі жалпақ жұртқа жайылған Жәнімқан суретшінің жандүниесін сілкінтіп, қайыра қатарға қосылуының амалын іздеп, жазушы Әлібек кейіпкер бейнесін сомдаудың жаңа жолын сәтті тапқан. Әуел баста әшейін демалып, бой сергітіп, ел аралап, жер көріп, кәсіби суретші ретінде туған жері − таулы өңірдің табиғатын тамашалап қайтуды ойлаған Жәнімқан бұл сапардың өміріне түбірлі өзгеріс әкелерін білмеген. Алайда жазушы суретшіні рухани дағдарыстан құтқарудың әдеби тәсілін дәл тапқан. Жәнімқанның өнердегі өз жолын табуға талпынған тынымсыз қарекетін, оның туған жерден кіндігін үзіп алуын әңгімелей отырып, суретшінің «Құдай берген талантын тұншықтырып, кәсібін де тәрк етіп… шығармашылық дәуреннің жалыны түгіл, шоғы да сөне» бастауының басты бір себебінің сырын ашады. Осы орайда сөзімді тірілту үшін бір мысалға жүгіне кетейін: «Бұл жылдар… әрі-сәрі сүреңсіз күндер айларға, айлар баянсыз, бәтуасыз жылдарға жалғасып, көңілі түскір көкнәр ішкендей сеңделдім… шығармашылығым… тоқырай бастады… Әйтеуір, көкірегім кепкен кеуектей күңгірлеп бос қалғанын сеземін… Сеземін де тығырықтан шығар жол таба алмай аласұрамын, жанымды жеймін, баз кешемін… Шақша басым шарадай болып, бір нәрсені шарқ ұрып іздегендеймін. Бірақ нені іздеп, нені аңсайтынымды өзім де білмей дал болам». Мінеки, Әлібек бас кейіпкеріне осындай ой салып, сөйлету арқылы (ішкі монолог) оны рухани тоқыраудан арылу үшін кіндік кескен киелі Алтайға аттандыруының сыры бұл. Әдеби кейіпкердің ойда қалар бейнесін кестелеудің табылған тәсілі. Ұзақ жылдар бойы қапас қалада қамалып, қиялға беріліп, құса болған суретшіні тығырықтан шығарудың жөнін тапқан, жазушының көшелілігіне куә боласың.

Шығармашылығы суретшіліктен басталған жазушының сөз саптасы суретті: осы жерде Жәнімқанның жазған этюдін қалай сипаттағанын оқып көрейік: «Түр мен түстің ырғақты үйлесімі, жарық пен көлеңкенің құбылуы арқылы табиғаттың күзгі тұнжыр күйін жақсы ұстадым. Алдыңғы пландағы сарыжағал жазық жұмсара келіп, шыршалы-самырсынды күлгін жасылға ауысады. Оның соңы ала бұлтты аспанмен астаса ағарған тауларға барып тірелуі…. Ең бастысы, этюдтегі алуан бояу… қоңыр күздің сабыр күтіп, саябырлаған тыныш қалпын қапысыз көрсетіп тұр. Оллағи, табиғаттың тұнжыр шағын, күздегі бояуын мен бұған дейін дәл осылай ұқсатып жасай алғаным жоқ». Суретті сөйлетіп, сипаттауы қандай керемет. Бұл жерде оқырман көңіліне екі түрлі ой түйеді. Біріншісі, Алтай күзінің көз арбап, жан толқытқан ғажайып көрінісін жанында тұрып, жанарың сүйсініп тамашалап жүргендей әсерге бөлейтіні болса, ал бұл – суретшінің дарындылығының дәлелі. Екіншіден, суретшінің туындысын бағалай отырып, кейіпкерінің қандай адам екендігін өзін емес, салған суреті арқылы көкейімізге қондырып отыр. Этюдтің сәтті шыққанына іштей сүйсінген Жәнімқанның «жас кезінде туған жерінің осынау ғажайып сұлулығын неғып байқамағанмын?» деп қуана тұра қапалануы да оқырманын ойға батыратын астарлы сөз… Көптен бері айналыспаған шаруасының сәтті басталғаны жөнінде «көкірегінде өлеусіреген шабыттың шоғы маздай бастағандай» деген суретшінің ойынан да көп сыр ұққандай боламыз…

Жәнімқан Алтай тауының алтын күзін, төңірегіндегі тұнып тұрған табиғаттың алуан түске боялып, құбылған көріністеріне құмарлана көз тастап, көңіліне тоқи берген. Түнгі қаракөк аспан, жалт-жұлт етіп жақұттай жарқыраған, көзін бір ашып, бір жұмған жұлдыздар, жер-көкті ақ күміс сәулесімен жарқыратып тұрған толған Ай, алтын шапағы шуақ шаша оянған Күн, атқан таң мен батқан күннің арай-ажары, самырсын, шырша, балқарағай, қайың жапырақтарының бір-бірімен жарыса, алуан түспен түрленіп, көздің жауын алуы – бәрі-бәрін жадына жаза берген. Өр Алтайдың асқар шыңдары мен құлама құздарының бұлт бүркеніп, қар жамылған, мұз құрсанған сәттерінің суреттері, орман-тоғайлар мекендеген құстардың сан әуенде сайрауы мен бұғы, киік, таутекелердің тау жаңғырған дауыстары, әсіресе, өзен-көлдердің толқыны біресе тулап, біресе тынып,моп-момақан қалыпқа түсіп, ағысы баяулаған кезін,алқына, асыға аққан бұлақтың сыңғыры да жанын арбап алған суретшінің көңіл күйінің толқынысы мен тебіренісі ерекше екпінмен, елжірей егілтіп суреттеген. Суретшінің осынау қайталанбас, ғажайып көрікті көріністерден ләззат алып, көңілі тасып, бұрынғы еңсесін басып, санасын сансыратып, жанын жегідей жеген күйгек ойларынан құтылып, қайта туғандай ерекше күй кешуі тегін емес. Кейіпкерінің өмір-тіршілігін осылайша жаңғыртып, жасантып, жаңа арнаға түсірген туған жермен табысуы деген ойға жүгіндірген жазушының қаламы қарымды, танымы алымды, түйсігі тереңде.

Жәнімқанның асқар Алтайды, исі түріктің атажұрты, қалың қазақтың қасиетті мекенінің көз тоймас көркін көзімен көріп, жан-жүрегімен сезінген сәттегі ет-жүрегі елжіреп, көмейіне лықсып өксік тірелгенін, толқыныс-тебіренісін суреттеу арқылы жазушы өз кейіпкерінің жаны жайсаң, сезімі сергек жаратылысына оқырмандарын сүйсіндіріп, ойда жоқта бізді бір жақсы адаммен достастырып отыр. Қандай ғанибет!

Әлібек кейіпкерінің болмысын ашып көрсету үшін сырттай сыпырта мақтай жөнелмей, оны нақты бір мысалға жүгіне жеткізе білген. Осы жерде бірер дерек келтірсем, бұл пікірімнің бекер еместігіне көзіңізді жеткізесіз. Бір жолы өзен жағасындағы қойтастың үстінде күнге қыздырынып жатқан кесірткені көрген суретші оны аяп кетеді: «егер құс болса бүйтіп тоңып-жаурамай жылы жаққа ұшып кетер еді-ау» деген ойға беріліп, оның мына тіршілігін өзінше пайымдаған. Бұл өмірде қанаты жоқтар, қанаты қайрылғандар жалғыз осы кесіртке деймісің?! Жазушы, жол-жөнекей болса да кейіпкерінің өмірдің мән-мағынасын салыстыра саралай алатын санасы сара, осындай бір болмашы көріністен сабақ алып, толымды ой түйетін парасатты адам екендігін мегзеп отыр емес пе?!. Жалпы, Жәнімқанның зиялы азаматтық қасиетін: оның тәлімді сөзінен, тағылымды ойынан, терең түсінігінен, болмысынан танисың. Сонымен біз Жәнімқанды сұлулыққа жаны құштар, Алтайдың алтын күзінің кескін-келбетін жазбай таныған нағыз талантты суретші ғана емес, жаны нәзік, сезімі мөлдір, ақыл-парасаты толысқан, кісесіне қарап кісі танитын сұңғыла жігіт ретінде жанымызға жақын тартамыз. Жазушы кейіпкерінің осындай арда қасиеттерін құрғақ сөзбен баяндамай, оның әлеуметтік ортадағы адамдармен арақатынасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, өмір құбылыстарына көзқарасы, пайым-парасаты арқылы жеткізуге асық. Ұдайы ой үстінде жүретін көкірегі қазыналы кейіпкерінің көрген-білгенінен түйін түйетін әдеті де кісі қызығарлық мінез. Тау аралап келе жатқанда қасына ерген Мұратбектің қар бетіне түскен баданадай ізді көрсеткен сәтте ойына не түсті дейсіз ғой. «Япырмау, мынау шынымен асқар тауларды ғана мекен ететін барыстың ізі ме?! Бұл шынымен ұшар биікте ғана жүретін ғаламшардағы аса сирек аң. Бұла күш пен ептіліктің, еркіндік пен тәуелсіздіктің баламасы. Біздің жас мемлекетіміз өзінің символы етіп алған барысың осы!» Жазушы кейіпкерінің аяулы атамекенін қалай жақсы көріп, елдігімізді мақтан ете білетін азаматтық болмысын осындай бір ауыз сөзбен жеткізген-ақ қой. Әр қазақ баласының бойында осындай отансүйгіштік сезім болуын мегзеген суретшінің ойына қалай сүйсінбессің?!

Бұралаң жол, тұмса махаббат

Ал енді Жәлімқан сынды жігіттің төресінің қырықтың қырқасына шыққанша үйленбей жүргеніне жол болсын. Сөйтсе, себепсіз емес екен. Алғашқы махаббаты Сәлимаға өліп-өшіп ғашық болса да, қосылуларына тағдыр жазбапты және оған кінәлі қыз емес, Жәнімқанның өзі. Қанша ыңғай беріп тұрса да, құшақтап сүймек түгіл, қарадай қысылып, тілегін айта алмаған ынжықтығына ыза болған Сәлима қыздан айдың күні аманда айырылып қалған. Өмір-бақи ұмыттырмай, өзегін өртеген өкініші осы еді. Сондай-ақ ол отбасын да құрған екен. Көңілдері жарасып қосылған Тотыгүл үйлене сала ұл туған. Кейін оның басқа жігіттен жүкті болғанын жасырып, алдағаны аян болып, ақыры ажырасып кетіпті.

Осылайша, махаббат, үйлену мәселе­сінде жолы болмаған Жәнімқанның ойда жоқта кездескен Гүлзинаға бір көргеннен аңсары ауып, ғашық болуы, бір қарағанда, бозбала мен бойжеткенге жарасар сезім сияқты көрінуі ықтимал. Алайда ол екеуінің өмір кешулерін санамызда сараласақ, көңіліміздегі күпті ойымыздан арыламыз. Институт бітіре сала жолдамамен ауылға келген мектеп мұғалімін Сейсенғали есімді жігіт алып қашып үйленіпті. Әрине, еркінен тыс, зорлықпен. Амалы құрыған Гүлзина тағдыр ісіне көнген. Сәлімғали тоқсаныншы жылдардың басындағы өтпелі кезеңнің тұсында жас босанған келіншегі, жаңа туған ұлы мен кәрі шешесін қараусыз қалдырып, қалаға кетіп, содан жеті жыл бойы хабарсыз кеткен. Жәнімқанмен танысып, табысып, отбасын құрмаққа уәделескен кездегі Гүлзинаның жағдайы осындай болатын. Ерлі-зайыптылық ғұмырдың қызығын көрмеген қос мұңлықтың таныса сала көңілдері жараса кетуінің түпкі сыры осы еді. Жігіт алданып, қыз қорланып ғашықтықтың бал-шырынын татпай жүріп, кешігіп кездескен сәтте сүйіспеншілік сезіміне бөленуі табиғи заңдылық. Әйтсе де, олар армандарына жете алмаған. Жәлімқан үй-жайын дұрыстап, енді келеді деп жүргенде Гүлзинадан хат келген. Көкірегі қарс айрылып, жылап отырып жан сырын жазыпты. Басына қонған бағынан, жаны сүйген жігіттің жары болудан бас тарту себебін түсіндіріпті. Есейіп қалған ұлын өгей бала атандырғысы келмейтінін, анасындай болған кәрі енесін жылатып тастап кетуге Құдайдан қорқатынын, әрі қаңғыбас күйеуінің оралғанын айтып, ұзақ ойлап-толғанып қабылдаған байламын хабарлапты. Адалдық пен арлылықтың үлгісіндей кейіптегі кейіпкерлер − Жәнімқан мен Гүлзинаның тағдыры − махаббат хикаясы оқырмандар жүрегін сыздатып, аялаған армандарына жете алмағандары жандарын ауыртып, өзектерін өкініш оты өртері хақ. Бұл – сөз қуаты мен құдіретін жетік меңгерген жазушы шеберлігінің айғағы.

Кітапта өнер адамының қилы тағдырына қоса, қаламгердің еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты толғақты ойлары да орын алған. Қазіргі ауылдан қалаға қоныс аударған жастардың жұмыс таппай тентіреп кеткендері, ата-аналарының балаларын оқытуға тырысып, қолдарындағы барын жұмсаса да, олардың білім алып, білікті маман болып шығудың орнына, қызық қыдырымпаздыққа салынып, күткен үміттерін ақтамай жүргендерін қынжыла әңгімелей отырып жазушы Әлібектің жаңарған қоғамдағы өзгерістерді, соған сай адамдардың да жаңаша ғұмыр кешуге көшіп жатқандығын еске салуы да жарасып тұр.

Кітаптың алғашқы бетін ашқаннан қашан аяқталғанша бір деммен оқып шығасың. Оның сан түрлі себебі бар. Ең негізгісі – оқиғасының тосындығы, басты кейіпкерінің − зиялы адамның боямасыз бейнесін сомдап, оқырмандарын ойлантып, адамтанудың үздік үлгісі іспетті шуақты шығарма екендігі.

Иә, солай, қылықты қыздай күніне қырық құбылған суретшінің көзімен, жазушының сөзімен өрнектелген, өр Алтайдың балбырап бабында тұрған күзгі келбетіне қанша қадала қарасаң да көзің тояр емес. Қылқалам құдіретімен салынған кең тынысты, қиялыңды қиырға шалқытып, философиялық ой-толғаныстарға бастау болатын этюд, суреттерді көргенде алабөтен айшуақты картиналар қарсы алдыңда тұрғандай әрқилы әсерге бөленесің. Бұл – жазушының сөздік қоры мен тіл байлығының нәтижесі. Бас кейіпкерлері Жәлімқан мен Гүлзинаның болмысындағы сезім сұлулығын, таным тереңдігін,толғам тазалығын шырайын келтіріп, сара сөз, қалыпты сөз тіркестерін қиыннан қиыстырып, мөлдірете моншақтай түзіп суреттеуі ғажап-ақ. «Алтайда алтын күз едінің» бағасын биіктетіп тұрған да осы төгілген тілі.

Әңгімемді аяқтай келе ел таныған та­лантты жазушылардың бел ортасында маңдайы жарқырап, оқшау тұрған Әлібек Асқаровтың өнер жолындағы өз соқпағын сәтті әрі ұзағынан жалғастыра беруіне тілек қосамын.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,

 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 15.02.2020 | 07:33

Әлібек деген алаяқ, қызметтің бәрін басына пайдаланған жемқор. Өтірікші, жазғаны да өзі сияқты жып-жылтыр. Бетінде ұяты жоқ, трактордың балоны сияқты екі беті шиқандай…

Аноним 15.02.2020 | 07:35

Құрманғали деген өтірікші, жалған сыншымақ. Боямалап, сырнап-қырнап, бірдеңе айтқансып жүреді. Ақын бола алмаған соң әлеуләйға қөшкен қырт. Қыртылдат өстіп, алаяқ.

Аноним 19.02.2020 | 16:06

Әлібек Асқаровтың адамгершілігі мен азаматтық бейнесі шығармаларында көрініс тапқан. Тілі саф алтындай таза, мөлдір қарымды қаламгер Алтайда туып, қазақтың маңдайына біткен бақ жұлдызы!

Аноним 23.02.2020 | 10:11

Әлібек жемқор сүмелек. Көт жалағыш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір