Бірлік байрағы
07.02.2020
755
0

Ежелден қонақжайлық салт қазақ халқының қанында бар екені даусыз. Ұлтымыз тарихтың сан қилы сахнасында шет елден келген өзге ұлт өкілдерін өз туғанындай бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич өзінің «Қазақ даласына саяхаттан хаттар мен күнделіктер» атты жазбасында қазақтың текті, шешен халық екенін, кейбір кісілер шешіле сөз сөйлегенде Демосфен мен Анаксимондр секілді көрінетіні хақында жазған болатын. Шығыстың ежелгі даналық кітабы «Кабуснамада»: «Адамның адамшылығы –өзгелерге қарым-қатынасы арқылы білінеді» десе, Конфуций адам арасындағы сүйіспеншілікті мәдениеттің шыңына жатқызады. Ал қазақтың төл перзентіне айналған Герольд Бельгер: «Өмірімнің 43 жылында қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем», – деп ағынан жарылады. Еліміздегі бірлік пен берекенің іргетасы ұлтымыздың осы мінезінде жатса керек. Бүгінгі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан жайында не ойлайды? Қазақтың қандай мінезін жақсы көреді? Осы сұрақтар төңірегінде қаны басқа болса да, жаны қазақ кісілермен өзара пікір алмасқан едік.

Шерзод ПУЛАТОВ: Өзбек этномәдени орталығының төрағасы:

«Қазақ халқы өте бауырмал, дәстүрі бай халық»

– 1978 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Мен туғанда ата-анам студент болғандықтан шығар, осы жасқа жеткенше ізденуден жалыққан емеспін. Ал балалық шағым Тараз қаласында өтті. Тоғыз жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Қазақ тілін бала күннен үйрендім. Мектепте қазақ тілі сабағы өтетін. Өзбек тіліне жақын болған соң қызығушылығым артты. Орыс мектебінде оқысам да мұғалімдердің қолдауымен қазақ тілін меңгеруіме мол мүмкіндік туды. Кейіннен шетелге оқуға да тек қазақ жігіттермен бардым. Солармен араласу арқылы қазақша еркін сөйлей бастадым. Қазір үйде анам, әйелім бала-шағам бәріміз қазақша сөйлесеміз. Мемлекеттік тілді жақсы көреміз, құрметтейміз. Тіл үйренуден өз басым қиындық көрген жоқпын. Тілді үйрену кім үшін қиын? Әрине, ынтасы жоқтар үшін. Мен сегіз тілді меңгергенмін. Ең бірінші, ол тілді адам жақсы көруі керек. Сонан соң ғана үйренеді. Елге, жеріне, ұлтына деген махаббат болса, күнделікті жаттықса, тілді үш айда еркін меңгеріп алуға болады. Күн сайын уақыт бөліп, үйренуден жалықпау керек. Ал достарымның, әріптестерімнің қазақ тіліне деген құрметі зор. Қазір мемлекеттік тілге қызығатындар қатары артуда. Біз де үнемі балаларға: «Осы ел – біздің болашағымыз, келешекте Қазақстанда қызмет етесіңдер, сондықтан тілін толық меңгеру қажет», – деп айтып отырамыз. Елбасымыз өзге ұлт өкілдерінің тілді еркін игеруіне толық мүмкіндік берді. Болашақта халқымыз тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын елге айналады деп ойлаймын. Бәрімізді біріктіретін бір тіл болса, ол – қазақ тілі. Мен осы тілді нығайту үшін қолымнан келгенше өз үлесімді қоса беремін. Менен тарихи отаным жайлы сұрайтындар көп. «Онда көшу жайлы ниетің бар ма?» дегендей сауалдар да жиі қойылады. Егер көшер болсам, тек Таразға барып тұрар едім. Себебі, өскен ортам, қара шаңырағым сонда. Онда әкем бар, туыстарым да сол қалада. Астанаға алғаш 2006 жылы келгенмін, содан бері осындамын. Қазір Америкаға, Ресейге, Өзбекстанға барып қызмет істеуге мүмкіндігім бар. Бірақ Қазақстаннан өзге ешбір елге барғым келмейді. Қазақ халқы – өте бауырмал, пейілі кең, тарихы терең, дәстүрі бай халық. Сондықтан да бұл елге Алла Тағала тыныштық пен мамыражай тірлікті нәсіп етіп тұр. Ал Өзбекстанға тек бауырлас ел ретінде Қазақстан атынан көмек, қолдау көрсетуге баруым мүмкін. Менің елім, Отаным – Қазақстан.

 

Асылы Осман, филология ғылымдарының докторы:

«Басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті»

– Қазақтың Ұлы Даласындай дархан, арамдықтан ада, қиянаттан шет, қонақжайлығы мен бауырмалдығы зор, пейілі кең қазақ деген ұлттың арқасында қанша ұлт пен ұлыстар Қазақстан деген мемлекетті паналап, мекен етті. Сол бір зұлматты кезеңдерде бір үзім нанын бөліп беріп, алақандай баспанасынан орын беріп, жартыны жарып, бүтінді бөліп бізді паналатты əәрі бауырына басты. Сөйтіп, өзге елді, басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті.

 Надежда ЛУШНИКОВА: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

«Әр үйдің қазанынан кезектесіп үйіне ас апарып беретінбіз…»

– Егер қазақы ауылда, шалқар далаға тамсанып, бойыма құнарлы топырақ дарытып өспесем, қазақ тілін, қазақ ұлтын мұнша сүйе алмас едім. Мен туған Шамалған ауылында Қара Омар, Сары Омар деген екі шал болып еді. Екі отбасынан аттанған арыстай төрт бала майданнан оралмай, келіндері артынша кетіп қалып, кемпірлері о дүниелік болған қарияларға, бір көшенің бойында тұрғандар қарасатынбыз. Әр үйдің қазанынан кезектесіп ас апарып беретінбіз. Менің бес-алты жастағы кезім, бір күні біздің үйдің кезегі келіп, анам Ирина Иосифовна борщ, көк-сөк қосылған орыстың басқа да дәмін әлгі кісілерге менен беріп жіберді. Біздің үйдің сәлемдеме-асын алған Қара Омар атам: «Қызым, алақаныңды жай, бата берейін!» деген соң, мен бүрсиген бір уыстай алақаныма қарадым да, беретін батасы сыймай қалатындай ұзынша келген көйлегімнің желбіреген етегінің бір шетін тосып едім, әлгі атамыз мәз болып күліп: «Етегіңе ел толсын!» – деп бетін сипады. Қазақтың сөзі білгенге – маржан емес пе, ақын болып, «Қазақтың Надеждасы» атанған сәтімнен бастап, сол қадірлі қарияның ақ батасы ойыма жиі оралады.

Мария ШТРОШЕР, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті:

«Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы білемін»

– Мен Алматы облысы Қарасай ауданы Қайнар ауылында өмірге келдім. Қазақ ауылында туып-өстім. Сондықтан туғаннан қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін әрі қазақы ортада тәрбие алдым. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы білемін. Мемлекеттік тілді үйрену қиын деген пікірмен келіспеймін. Себебі, қазір қазақша еркін сөйлейтін басқа ұлт өкілдері өте көп. Соларға қиындық тудырмаған қазақ тілі, солар оңай меңгеріп жатқан қазақ тілі басқаға неге қиын болсын! Ең бастысы, өздерінде құлық болмай тұр ғой. Сондықтан сәл ынта болса, еркін сөйлеуге болады. Бір өкініштісі, әлі күнге қазақтардың өзі қазақша шала сөйлейді, ондай жағдайды жиі кездестіремін. Ұлтың қазақ болғаннан кейін, Қазақстанда туып, осы елде тұрып жатқан соң қалайша өзіңнің ана тіліңді білмейсің? Мен осыған таң қаламын. Ұлтым неміс болса да, өзімді қазақпын деп санаймын. Өзіңнің ана тіліңді сыйлап, қадірлейтін болсаң қазақ тілін үйрену қиын деп айтуға болмайды. Егер туғаннан бастап отбасында қазақша сөйлеп, баланы қазақша тәрбиелесе, әрине, ол бала өзінің ана тілін білетін болады. Мәселен, біз отбасымызда тек қана қазақша сөйлесеміз. Араласатын ортам да, достарым да қазақтар. Мен қазақтарға өте жақынмын. Төңірегімдегілердің бәрі жергілікті ұлт өкілдері болғасын мемлекеттік тілді құрметтейді. Бірақ сол қазақтардың ішінен өзінің ана тілінде сөйлегісі келмейтіндерді де кездестіріп қаламын. Оларға айтарым, өзінің ана тілін құрметтеп, ана тілін жетік меңгермесе, өзгеге өзін, өз ұлтын сыйлата алмайды! Осы елде туып, осы елде тәрбие алған соң, өз болашағымды тек Қазақстанмен байланыстырғым келеді. Туған еліме аз да болса пайдамды тигізсем деймін. Тарихи Отаныма бару ойымда бар. Бірақ онда біржола қалғым келмейді. Өйткені, менің Отаным – Қазақстан. Қазақ отбасына келін болғым келеді. Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққым келмейді.

Әзірлеген Батырхан Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір